Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. 1996 жылғы 27 мамырда Куала-Лумпур қаласында қол қойылған
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Малайзия Үкiметiнiң арасындағы
Сауда Келiсiмi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан
Республикасы Үкiметiнiң қабылдаған шешiмi туралы Малайзия Тарапын
белгiленген тәртiппен хабардар етсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң
бiрiншi орынбасары
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Малайзия
Үкiметi арасындағы сауда келiсiмi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Малайзия Үкiметi (бұдан
әрi қарай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын)
теңдiк және өзара тиiмдiлiк негiзiнде екi ел арасындағы сауда
және экономикалық байланыстарды дамыту мен нығайтуға тiлек бiлдiре
отырып,
мына төмендегiлер жөнiнде келiстi:
1-бап
Уағдаласушы Тараптар олардың елдерiнде қолданылатын заңдарға, ережелер мен процедураларға сәйкес екi ел арасындағы сауданы нығайтуға және жан-жақты дамытуға жәрдемдесу үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдайтын болады.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар сауда жөнiндегi қысқа мерзiмдiк және ұзақ мерзiмдiк уағдаластықтардың негiзiн зерттеу үшiн әрбiр елдiң тиiстi кәсiпорындары мен ұйымдарына қажеттi көмек көрсететiн және оны көтермелейтiн болады және қажеттiлiгiне қарай өзаралық келiсiм негiзiнде осындай келiсiм-шарттар жасасатын болады.
3-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы тауарлар импортына және/немесе экспортына байланысты кедендiк баж салықтары мен сыртқы сауданың формальдылықтарына жататын барлық мәселелер бойынша екiншi тарапқа барынша қолайлы жағдай режимiн жасайтын болады.
4-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi кез келген Уағдаласушы Тарап мыналарға берген немесе бере алатын артықшылықтарға, концессиялар мен босатуларға қолданылмайды:
а) шекара бойындағы тасымалдауларға жәрдемдесу үшiн қанаттас немесе көршiлес елдерге;
б) Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы қосылған немесе қосыла алатын Кеден Одағының немесе еркiн сауда аймағының мүшелерi болып табылатын елдерге;
с) экономикалық интеграцияға бағытталған көпжақты келiсiмдерге қатысудың салдарынан; және
д) үшiншi бiр елдермен баспа-бас сауда туралы келiсiмдердiң салдарына байланысты.
5-бап
Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiм шеңберiнде тауарларды транзиттiк тасымалдауды дамытуға жәрдемдесу үшiн барлық күш-жiгерiн жұмсайды және мыналарға келiседi:
а) Тараптардың бiреуiнiң елiнде басталған және үшiншi бiр тарап елiне апарылатын тауарлардың еркiн транзитiне жәрдемдесуге;
б) үшiншi бiр тарап елiнде басталған және Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң елiне апарылатын тауарлардың еркiн транзитiне жәрдемдесуге.
6-бап
Екi ел арасындағы сауданы одан әрi қарай дамыту мақсатында Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының аумағында өткiзiлетiн сауда жәрмеңкелерiне бiр-бiрiнiң қатысуын және екi елдiң құзыреттi органдары арасында келiсiлген Тараптар негiзiнде екiншi Тарап аумағында өткiзiлетiн Тараптардың әрқайсысының көрмесiн әзiрлеудi көтермелейтiн болады.
Жәрмеңкеге немесе көрмеге қойылған тауарлар мен үлгiлерден
алынатын кедендiк баж салықтары мен басқа да осындай алымдардан
босату, сондай-ақ оларды сату және жою осындай жәрмеңкелер мен
көрмелер өткiзiлiп жатқан елдiң заңдары, ережелерi мен ұйғарымдары
сақтала отырып, жүзеге асырылуға тиiс.
7-бап
Осы Келiсiмдi түсiндiруден туындайтын кез келген даулар
дипломатиялық арналар арқылы реттелуге тиiс.
8-бап
Екi ел арасындағы барлық төлемдер әрбiр елде қолданылатын валюталық заңдарға сәйкес Уағдаласушы Тараптар арасында келiсiлуi мүмкiн еркiн айналыстағы валютамен жүзеге асырылатын болады.
9-бап
Аталған шаралар еркiн таңдап алынған немесе кемсiтушiлiк тәртiпте қолданылмайтын талаптарды сақтай отырып, осы Келiсiмнiң ережелерi Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының мынадай шаралар қабылдау немесе қолдану құқығын шектемейдi:
а) денсаулық, мораль, қоғамдық тәртiп немесе қауiпсiздiктi
сақтауға байланысты;
б) өсiмдiктер мен жануарларды аурулар мен зиянкестерден қорғау
жөнiнде;
с) олардың сыртқы қаржы жағдайы мен төлем балансын қорғау
жөнiнде;
д) ұлттық көркем, тарихи немесе археологиялық құндылықтарды
қорғау жөнiнде.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар екi ел арасындағы тiкелей сауданы кеңейту жөнiндегi шараларды және осы Келiсiмнiң қолданылуынан туындауы мүмкiн мәселелердi талқылау үшiн Бiрлескен Сауда-экономикалық Комитет құруға келiседi. Бiрлескен Сауда-экономикалық Комитет осы Келiсiмнiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажеттi ұсыныстар енгiзе алады және өзара Келiсiм бойынша белгiленген кезеңде әрбiр елде алма-кезек мәжiлiс өткiзетiн болады.
11-бап
Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмдi үйлестiруге және орындауға жауапты органдар ретiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Өнеркәсiп және сауда министрлiгiн және Малайзия Үкiметi атынан Халықаралық сауда және өнеркәсiп министрлiгiн тағайындау туралы келiстi.
12-бап
Осы Келiсiм қолданысының кез келген кезеңiнде кез келген Тарап оған екiншi Тарап осындай жазбаша мәлiмдеме алған күннен бастап үш айдың iшiнде жауап беруге тиiстi толықтырулар енгiзу туралы жазбаша ұсыныс енгiзе алады. Осы Келiсiмнiң кез келген өзгеруi немесе түрiн өзгертуi осы құқықтар мен мiндеттемелер толық орындалмайынша осындай өзгертулер немесе түрiн өзгертулерi жасалған күнге дейiн осы Келiсiмнен туындайтын құқықтар мен мiндеттемелерге залал келтiрместен жүзеге асырылуға тиiстi.
13-бап
Осы Келiсiм екi Уағдаласушы Тарап та оған қол қойғанда және халықаралық шарттарды бекiту үшiн iшкi формальдылықтарды олардың аяқталғаны туралы бiр-бiрiне жазбаша хабарлаған кезде күшiне енедi және бес (5) жыл бойы қолданыста болады.
Бұдан кейiн егер оның қолданысының ағымдағы мерзiмiнiң аяқталуына дейiн кемiнде үш ай бұрын кез келген Уағдаласушы Тарап екiншi Тарапқа Келiсiмнiң қолданысын өзiнiң тоқтатқысы келетiнi туралы жазбаша мәлiмдеме жолдамайтын болса, онда ол тап сондай кезеңде өздiгiнен ұзартылатын болады.
14-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi осы Келiсiм қолданысының кезеңiнде жасалған, әйтсе де осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған күнге дейiн толық орындалмаған келiсiм-шарттарға қатысты Келiсiм қолданысы тоқтатылғаннан кейiн де қолданыла беретiн болады.
Куала-Лумпур қаласында 1996 жылғы 27 мамырда екi данада, әрқайсысы қазақ, малай, орыс және ағылшын тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiннiң де күшi бiрдей. Түсiндiру кезiнде кез келген пiкiр алшақтықтары туындаған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiн басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасының Малайзия
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн