Мұнайды және мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған Мұнайды (газ конденсатын қоса алғанда) Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару үшiн Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары, мұнай өнiмдерi жүйелерi мен терминалды пайдаланудың тәртiбi (бұдан әрi - Тәртiп) бекiтiлсiн және ол 1997 жылдың 1 тамызынан бастап қолдануға енгiзiлсiн. Қазақстан Республикасы Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгiнiң Мұнай және газ департаментi "ҚазТрансОйл" мұнай тасымалдау жөнiндегi ұлттық компаниясымен өндiрiстiк келiсiм-шарттар жасасқан кезде Тәртiпте көзделген талаптардың сақталуын, сондай-ақ мұнайды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару үшiн Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары, мұнай өнiмдерi жүйелерi мен терминалға рұқсат ету құқығын жүзеге асыруға бақылау жасауды қамтамасыз етсiн.<*>
ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1997.09.21. N 1357 қаулысымен .
2. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi ұсынатын мұнайды арналы мұнай құбырларының жүйесi бойынша Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары тасымалдаудың көлемдерi мен кестелерiн келiседi және оларды бекiту үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары жолдайды деп белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi Экономика және сауда министрлiгiмен бiрлесiп отын-энергетикалық ресурстардың негiзгi түрлерiнiң тасымалдануына бақылау жасауды қамтамасыз ету мақсатында тоқсан сайын мұнай бойынша сұраныс пен ұсыныстардың болжамды және есептi балансын жасасын.
4. Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi Ұлттық Банктiң (келiсiм бойынша), Қаржы министрлiгiнiң, Экономика және сауда министрлiгiнiң және басқа да мүдделi талаптардың қатысуымен бiр айлық мерзiмде шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң мұнайды, мұнай өнiмдерiн, табиғи және сұйытылған газды шығару (оның iшiнде Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары) туралы, сондай-ақ отын-энергетикалық ресурстармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асырудың нәтижесiнде алынған валюталық қаражаттар туралы есеп берушiлiктi әзiрлесiн және белгiлесiн.
5. "Құбырлы көлiкпен мұнай экспорттауды реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 қыркүйектегi N 1182 қаулысының 2-тармағының үшiншi абзацының күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң
бiрiншi орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 24 шiлдедегi
N 1177 қаулысымен
бекiтiлген
Мұнайды (газ конденсатын қоса алғанда) Қазақстан
Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару
үшiн Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары,
мұнай өнiмдерi құбырлары жүйелерi мен
терминалды пайдаланудың
ТӘРТIБI
Осы Тәртiп "Құбырлы көлiкпен мұнай экспорттауды реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 қыркүйектегi N 1182 қаулысын дамыту үшiн жасалды және Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi Мұнай және газ департаментiнiң (бұдан әрi - Департамент) "ҚазТрансОйл" мұнай тасымалдау жөнiндегi ұлттық компаниясы" (бұдан әрi - Компания) жабық акционерлiк қоғамымен келiсiм-шарттарында көзделген мұнай (газ конденсатын қоса алғанда) мен мұнай өнiмдерiн Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару үшiн Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырларын, мұнай өнiмдерi құбырларын және терминалды пайдалану жөнiндегi талаптарды айқындайды.<*>
ЕСКЕРТУ. Кiрiспе өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1997.09.21. N 1357
қаулысымен.
1. Мұнайды және мұнай өнiмдерiн Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару мақсатында Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары, мұнай өнiмдерi құбырлары жүйелерi мен терминалды пайдалану олардың өткiзу қабiлетi мен мұнайды өндiрудiң (өңдеудiң) көлемiне сайма-сай бiрдей қол жеткiзу принципiн негiзге алу арқылы iшкi рынокқа шығаруды қамтамасыз ету ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Мұнайды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару үшiн Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары, мұнай өнiмдерi құбырлары жүйелерi мен терминалға рұқсат етiлуi құқығының iске асырылуына бақылау жасауды Департамент жүзеге асырады.
3. Арналы мұнай құбырлары жүйесi бойынша мұнай тасымалдаудың көлемi (кестелерi) әрбiр өндiрушi үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметi қабылдаған өнiмдердi бөлу туралы келiсiм-шарттар бойынша мiндеттемелер ескерiле отырып, ай сайын олар өндiрген мұнайдың көлемiне сайма-сай айқындалады.
Департамент көрсетiлген кестелердi Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгiмен келiседi және оларды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары бекiткеннен кейiн олар келесi тоқсанның басталуына дейiн 15 тәулiктен кешiктiрiлмей өндiрушiлер мен Компанияға жеткiзiледi.
4. Тоқсандық кестелердi жасауды қамтамасыз ету мақсатында мұнай өндiрушiлер Компанияға жылдың келесi тоқсаны басталғанға дейiн 45 тәулiктен кешiктiрмей алдағы кезеңдегi мұнай өндiрудiң көлемдерi туралы анықтамалармен қоса тұтынушыларға мұнай беру туралы ұсынысты табыс етедi.
Компания мұнай өндiрушiлерден ұсыныстарды алғаннан кейiнгi 5 тәулiктiң iшiнде Департаментке аталған жүйелердiң өткiзу қабiлетiн ескере отырып, сондай-ақ мұнай берушiлердi көрсету арқылы алдағы тоқсанға арналған Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары жүйелерi мен терминалды пайдалану туралы ұсынысты табыс етедi.
Департамент он күндiк мерзiм iшiнде Ресей Федерациясының транзиттiк квоталарын ескере отырып Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары жүйесi мен терминал бойынша мұнай тасымалдаудың тоқсандық кестесiн қарайды және бекiтедi, оларды Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгiне келiсуге ұсынады.
5. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi келесi тоқсан басталғанға дейiнгi 20 тәулiктен кешiктiрмей барлық мұнай өндiрушiлердiң көлемi бойынша да, бағыты бойынша да тең қол жеткiзуi принципiн негiзге ала отырып Департаментпен мұнайды тасымалдаудың тоқсандық кестесiн келiседi.
6. Арналы мұнай құбырлары жүйесi бойынша мұнай тасымалдау бекiтiлген кестелерге және Компаниямен не оның филиалдарымен жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мұнайдың Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары экспортын мұнай өндiру кәсiпорындарды дербес, сондай-ақ Компания жүзеге асырады.
8. Ақтау теңiз портындағы арналы мұнай құбырлары, мұнай өнiмдерi құбырлары жүйесi мен терминалға рұқсат етiлу құқығы бар мұнай өндiрушiлер мұнай мен мұнай өнiмдерiн Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары шығару кезiнде мұндай құқықты Компаниямен шартта көзделген кезеңге және талаптарда олардың арасында жасалған шарттың негiзiнде, мұнай мен мұнай өнiмдерiн тасымалдаудың тоқсандық кестелерiмен белгiленген көлемдердiң шегiнде көрсетiлген жүйеге рұқсат етiлуi құқығын беру туралы шарт жасалған күннен бастап 3 тәулiктiң iшiнде ол туралы Департаментке хабарлау арқылы беруге (сатуға) құқылы.