"Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаражат жинауды қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 16 мамырдағы N 840 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаражат төлеудiң, оны есепке алудың және есептеудiң тәртiбi бекiтiлсiн және ол 1997 жылдың 1 тамызынан бастап қолдануға енгiзiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi 1997 жылдың 1 тамызына дейiн мерзiмде салық төлеушiлердiң тiркеу нөмiрлерi (СТН), бойынша Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына барлық сақтандыру жарналарын төлеушiлерге дербес шоттар ашсын.
3. Заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар үшiн 1997 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарының берешегiн өтеудiң мынадай тәртiбi енгiзiлсiн:
1997 жылғы 1 тамыздағы жай-күйi бойынша негiзгi борыштың сомасына 1997 жылдың 31 желтоқсанына дейiн мерзiмге өсiмақы есептеудi тоқтата тұру;
1997 жылғы 1 тамыздағы жай-күйi бойынша Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына төлеуге жататын өсiмақы сомаларын негiзгi борышты өтеу сомасына бара-бар есептен шығару.
4. Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң органдары мiндеттi зейнетақы жарналарының толық және уақтылы түсуiне бақылау орнатсын.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетiне 1997 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн бұрынғы Қазақ әлеуметтiк дамуды несиелендiру акционерлiк банкiне Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына мезгiлi өткен төлемдердiң есебi бойынша тексеру жүргiзу тапсырылсын.
6. "Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаржылары бойынша өзара есеп айырысу, есепке алу және жұмсау операцияларын жүргiзу тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 6 қазандағы N 1120 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 42, 455-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаржылары бойынша өзара есеп айырысу, есепке алу және жұмсау операцияларын жүргiзу тәртiбiне:
I бөлiмде:
4,5-тармақтардың күшi жойылған деп танылсын;
I бөлiмде:
11-тармақтың күшi жойылған деп танылсын;
III бөлiмде:
12, 13, 15-тармақтардың күшi жойылған деп танылсын;
17-тармақтың бiрiншi абзацы алынып тасталсын;
IV бөлiмде:
26, 28-тармақтардың күшi жойылған деп танылсын;
V бөлiмнiң күшi жойылған деп танылсын;
VI бөлiмде:
50-тармақтың бiрiншi абзацы алынып тасталсын;
51-тармақтың күшi жойылған деп танылсын;
VII бөлiмде:
54, 55, 56-тармақтардың күшi жойылған деп танылсын;
VIII бөлiмнiң күшi жойылған деп танылсын;
VI-VII бөлiмдер тиiсiнше V-VI бөлiмдер болып есептелсiн.
7-Мыналардың:
"Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорымен есеп айырысу жөнiндегi елеулi кемшiлiктер мен қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 5 қазандағы N 1306 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 32, 403-құжат);
"Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының 1996 жылға арналған бюджетiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 қаңтардағы N 100 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 31 шiлдедегi
N 1194 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаражат төлеудiң, оны есепке алудың және есептеудiң тәртiбi
1. Заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар (бұдан әрi - төлеушiлер) өздерiнiң орналасқан жерi бойынша Қазақстан Республикасының салық органдарында Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарын төлеушiлер ретiнде тiркелгенiн растайды. Жаңадан құрылған ұйымдар, олар дербес заңды тұлға ретiнде тiркелген күннен бастап салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрiн (СТН) алған соң 10 күн мерзiм iшiнде салық органдарына сақтандыру жарналарын төлеушiлер ретiнде тiркеледi.
2. Әрбiр сақтандыру жарнасын төлеушiге тiркелгеннен кейiн оларды төлеудiң мерзiмдерi туралы жазбаша хабарлама тапсырылады.
3. Заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарын айдың екiншi жартысына жалақы төлеу үшiн белгiленген мерзiмде ай сайын, бiрақ төлеушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетiмен келiсiм бойынша салық органдары сақтандыру жарналарын төлеудiң басқа мерзiмдерiн белгiлеген жағдайларды қоспағанда, келесi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей аударуға мiндеттi.
Заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарын тiркелген күнiнен бастап ай сайын республикалық бюджет туралы заң актiлерiнде белгiленген мөлшерлерде төлейдi.
4. Сақтандыру жарналарын төлеушiлер төлем құжаттарында:
атауын және оларға тiркелген жерi бойынша салық қызметi органдары берген тiркеу нөмiрiн (СТН);
N 829 "Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты" шотын;
төлеушi тiркелген алушы ретiндегi аудандық (қалалық) халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмiн;
аудандық (қалалық) халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмiнiң тiркеу нөмiрiн (СТН) көрсетуге мiндеттi.
5. Сақтандыру жарналарының төлемдерiне артық енгiзiлген сомаларды салық органдары алдағы төлемдердi төлеудiң есебiне есептейдi немесе олар қайтаруға жатады.
Сақтандыру жарналарын төлеушiлерге төлемдердiң артық енгiзiлген сомаларын қайтару одан жазбаша өтiнiш алынған күннен бастап 20 күндiк мерзiмде жүргiзiледi.
Төлемдердiң артық енгiзiлген сомаларын қайтаруға салық органдары ұсынған тiзiлiм мен сақтандыру жарналарын төлеушiнiң салық органдарының белгiсi бар анықтама-есебi негiз болып табылады.
Төлемдердiң артық енгiзiлген сомаларын қайтаруды Қазақстан Республикасы Бюджеттiк банкiнiң мекемелерi облыстық және Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау басқармаларының төлем тапсырмаларының негiзiнде N 829 "Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты" шотына жүргiзедi.
Облыстық және Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау басқармаларының төлемдердiң артық төленген сомаларын қайтарудың жүргiзiлгенi туралы ақпарат келесi айдың 15 күнiне дейiн салық органдарына ұсынылады.
6. Төлеушiлер салық органдарына тоқсан сайын есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнiне дейiн Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты бойынша есеп ведомосын ұсынады.
7. Заңды тұлға таратылған кезде ол туралы тiркелген жерi бойынша салық органына мәлiмдейдi және заңдарда өзгеше көзделмесе сақтандыру жарналарының Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына түсiмдер бойынша уақтылы, толық және түпкiлiктi есеп айырысу үшiн жауап бередi.
8. Сақтандыру жарналарының N 829 "Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты" шотына түсуiнiң есебiн жиынтық тiзiлiмдердiң, тiзiлiмдердiң, электронды төлем тапсырмаларының және банктердiң белгiсi бар бастапқы төлем тапсырмаларының негiзiнде салық органдары жүргiзедi.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен оның облыстық және Алматы қалалық басқармалары ағымдағы шот пен төлемдер тiзiлiмдерi бойынша банктiк көшiрмелердiң негiзiнде сақтандыру жарналарының түсуiнiң есебiн жүргiзедi.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Бюджеттiк банкi мен оның аумақтық бөлiмшелерi операциялық күннiң басында:
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi мен оның аумақтық органдарына ағымдағы шоттар бойынша банктiк көшiрмелердi, төлемдердiң тiзiлiмдерiн және жарна төлеушiлерден алынған төлемдiк тапсырмаларды;
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен оның облыстық және Алматы қалалық басқармаларына ағымдағы шот бойынша банктiк көшiрмелер мен төлемдердiң тiзiлiмдерiн бередi.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi мен оның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Бюджеттiк банкiнен алынған төлемдер тiзiлiмiнiң негiзiнде олармен қоса берiлген құжаттардың толықтығын тексередi, Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына аударымдардың белгiленген нормативтерiне сәйкес келiп түскен сомалардың Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының кiрiсiне есептелуiнiң дұрыстығын белгiлейдi.
10. Салық органдары төлеушiлер ұсынған Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты бойынша есеп ведомостарының негiзiнде жұмыс iстейтiн зейнеткерлерге есептi кезең үшiн зейнетақы төлеу сомаларын Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына төлемдердiң түсуi есебiне ескередi.
Жұмыс iстейтiн зейнеткерлерге есептi ай үшiн зейнетақы төлеуге арналған шығыстар Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарының осы кезеңге есептелген сомасынан артық болған жағдайларда, олардың арасындағы айырмашылық алдағы төлемдердi төлеудiң есебiне есептеледi немесе Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорынан қайтарылады.
Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналарын төлеушiге жұмыс iстейтiн зейнеткерлерге зейнетақы төлеуге арналған шығыстардың тиесiлi сақтандыру жарналарының сомасынан артық сомаларды өтеу салық органдары ұсынған тiзiлiмдердiң және сақтандыру жарналарын төлеушiнiң салық органдарының белгiсi бар анықтама-есебiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
Облыстық және Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау басқармалары салық қызметi органдарына келесi айдың 15-күнiне дейiн төлеушiлерге жүргiзiлген өтеулер туралы хабарлайды.
Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына сақтандыру жарналары бойынша ағымдағы төлемдер мен берешектердi өтеудiң есебiне:
вексельдер (мiндеттемелер, купондар, чектер және т.б.);
заттай нысандағы зейнетақы төлемдерi;
заңды тұлғалардың зейнетақы төлеу тәртiбi туралы заңдарды бұза отырып жүргiзiлген зейнетақы төлеу сомалары;
Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражаты бойынша есеп ведомсына iс жүзiнде төлем жүргiзiлген тоқсаннан басқа тоқсан үшiн кiргiзiлген зейнетақылар төлеу сомалары қабылданбайды.