Қорғаныс өнеркәсiбi жөнiндегi комитеттiң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң құрамына енгiзiлуi және қызмет аясының кеңеюiне байланысты, шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық жүйесiн жетiлдiру, қорғаныс-өнеркәсiп кешенi құрылымы мен оны басқаруды одан әрi қалыптастыру, әскери-техникалық мақсаттағы өнiмдердi, стратегиялық шикiзат пен материалдарды рынокқа тиiмдi ұсыну мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң қайта ұйымдастырылған "Қазвоентехимпекс" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Қорғаныс өнеркәсiбi жөнiндегi комитетiнiң "Ұлан" сыртқы сауда компаниясын бiрiктiру жолымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң шаруашылық жүргiзу құқығындағы "Қару-жарақ" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiнiң Кеңсесi мемлекеттiк басқарудың уәкiлеттi органы, сондай-ақ Кәсiпорынға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыратын орган деп белгiленсiн.
ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгердi - ҚРҮ-нiң 1999.03.19. N 278 қаулысымен.
P990278_
3. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi нысаны болып мыналар айқындалсын:
қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери-техникалық мақсаттағы, оның iшiнде қос мақсаттағы өнiмдердi, стратегиялық шикiзат пен материалдарды кәдеге жарату, әзiрлеу, өндiру, жөндеу, сатып алу және сату;
босаған әскери-техникалық құралдарды, әскери және ғарыштық мақсаттағы түстi және қара металдардың сынықтарын жинау, жою (құрту, кәдеге жарату, көму), ұқсату және оларды сату;
Қазақстан Республикасы мен шет елдердiң өнеркәсiбi қорғаныс салаларындағы кәсiпорындарының әскери-техникалық ынтымақтастығын ұйымдастыру.
4. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi заңмен белгiленген тәртiппен:
бiр апта мерзiм iшiнде Кәсiпорынның Жарғысын әзiрлеп, бекiтсiн және оның мемлекеттiк тiркеуден өтуiн қамтамасыз етсiн;
Кәсiпорынның жарғылық қорын қалыптастырсын.
5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi кәсiпорын мемлекеттiк тiркеудi заңмен белгiленген тәртiппен жүзеге асырсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi