Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 1997 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Салық заңдарының сақталуы мәселелерi жөнiндегi ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келiсiм бекiтiлсiн. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметiнiң арасындағы салық заңдарын сақтаудың мәселелерi бойынша ынтымақтастық және өзара көмек туралы КЕЛIСIМ (ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 1999 ж., N 4, 83-құжат) (1998 жылғы 18 қыркүйекте күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 68 бет) Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi, бұдан әрi Тараптар деп аталады, салық заңдарын сақтаудың мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастық пен өзара көмектiң маңыздылығын, салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, оларды ашуға және болдырмауға байланысты мiндеттердi шешудi басшылыққа ала отырып; осы мақсатта бiр-бiрiне көмек көрсету ниетiмен төмендегiлер бойынша келiстi: 1-Бап Келiсiмнiң маңызы
Осы Келiсiмнiң маңызы салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашу, алдын алу және болдырмау жөнiнде пәрмендi күрес ұйымдастыру мақсатында Тараптардың құзыреттi органдарының ынтымақтасуы болып табылады.
Осы Келiсiмнiң ережелерi басқа халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қабылдаған мiндеттемелерге жұғыспайды. 2-Бап Құзыреттi органдар Осы Келiсiмнiң мақсаттарына арналған Тараптардың құзыреттi органдары мыналар болып саналады: Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi; Әзербайжан тарапынан - Әзербайжан Республикасының Қаржы министрлiгi мен Әзербайжан Республикасының Бас Мемлекеттiк Салық Инспекциясы. Тараптардың құзыреттi органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда олар тез арада дипломатиялық арна бойынша жазба түрде осы туралы бiрiн-бiрi хабардар етедi. 3-Бап Ынтымақтастықтың формалары Осы Келiсiмнiң шегiнде Тараптар ынтымақтастықтың мынандай формаларын пайдаланады: салық төлеушiлердiң салық заңдарын бұзушылықтары туралы ақпараттар алмасу;
салық заңдары бұзылуының алдын-алуға, оларды ашуға және болдырмауға бағытталған шараларды жүргiзудегi өзара iс-қимыл;
ұлттық салық жүйелерi туралы, салық заңдарындағы өзгерiстер мен толықтырулар туралы ақпараттар, сондай-ақ салық заңдары бұзылуының алдын-алу, оларды ашу және болдырмау жөнiндегi әдiстемелiк ұсыныстар алмасу;
Тараптардың ақпараттық жүйелерiн құруда және олардың жұмысын
жолға қоюда тәжiрибе алмасу және өзара көмек көрсету; жұмысшы топтарын құрумен, сарапшылар алмасумен қоса, ынтымақтастық барысында пайда болатын мәселелер жөнiндегi қызметтi үйлестiрiп отыру; кадрларды даярлау және қайта даярлау саласында өзара көмектесу; ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткiзу және бiрлескен әрекеттердi талап ететiн ынтымақтастықтың басқа да формалары. Осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша, Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей байланысып отырады. 4-Бап Салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы ақпараттар алмасу Тараптардың құзыреттi органдары мыналарға: салық төлеушiлердiң, бұл орайда пайдаланған тәсiлдерiн көрсете отырып, салық төлеуден жалтаруына;
тұрған орны, бағыныстылығы, меншiгiнiң формасы, тағы басқа деректерi туралы мәлiметтердi қоса, кәсiпорындарды (филиалдарды, өкiлдiктердi) тiркеуге;
салықтық құқық бұзушылықтар ашылған жағдайда, салық төлеушiлердiң мемлекеттiк және коммерциялық банктерде шоттар ашуына, сондай-ақ осы шоттар бойынша қолма-қол ақша мен қаражаттың қозғалуына;
салық салынатын кiрiстер мен нысандардың, төленген салықтардың немесе салық салуға байланысты басқа да ақпараттардың барлық түрлерiне;
Ақпаратты сұралған Тараптың құзыреттi органы сұраушы тараптың құзыреттi органының сұрауы негiзiнде, мұндай ақпарат сұралған Тараптың заңдарына қайшы келмеген жағдайда бередi.
Егер тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы оның қолындағы ақпарат басқа Тараптың құзыреттi органына қажеттi деп есептесе, бұл ақпаратты ол өз ынтасы бойынша бере алады.
5-Бап
Шараларды жүргiзу
Тараптардың құзыреттi органдары салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алу, оларды ашу және болдырмау жөнiнде осындай құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды жасаған немесе оларды, жоспарлауды, күштерi мен құралдарын пайдалануды қоса, жасады деген күдiк тудырған адамдарға қатысты шараларды жүргiзген кезде өзара көмектесу, мұндай шараларды жүргiзудiң барысы және нәтижелерi туралы ақпараттар алмасу.
Тараптардың құзыреттi органдары салық салуға қатысты тиiстi құжаттардың көшiрмелерiн сұрау бойынша бiрiне-бiрi бередi. Көшiрмелер өкiлеттi тұлғаның қолымен және сұралған құзыреттi органның мөрiмен расталады.
6-Бап
Құқықтық және ақпараттық сипаттағы
материалдарды алмасу
Тараптардың құқықтық органдары ұлттық салық жүйелерi, салықтық заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша қылмыстарды тергеудiң және iс қозғаудың құқықтық негiздерi туралы тұрақты түрде ақпарат алмасады, салықтық заңдардағы өзгерiстер туралы және қабылданған жаңа нормативтiк актiлер немесе қолданылып келген нормативтiк актiлерге өзгерiстер енгiзу туралы бiрiн-бiрi дер кезiнде хабардар етiп тұрады.
Салықтық заңдарды сақтаудың мәселелерi жөнiндегi ақпараттық жүйелердiң құрылуы, қамтамасыз етiлуi және жұмыс iстеуi туралы тәжiрибе, әдiстемелiк және ғылыми материалдар алмасады, осы Келiсiмге сәйкес олардың архивтерi мен банктерiнде сақталған ақпараттық деректердi бiрiне-бiрi ақысыз бередi. 7-Бап Көмек туралы сұраудың формасы мен мазмұны Ақпараттар алмасудағы өзара iс-қимыл туралы сұрау телетайп, факсимилдiк, компьютерлiк және басқа байланыс түрлерi арқылы жазбаша формада берiледi. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда телефон байланысы арқылы берiлетiн ауызша сұраудың қабылдануы мүмкiн, мұның өзi дереу жазбаша формада расталуға тиiс. Өзара iс-қимыл туралы сұрау мынадай мәлiметтердi көрсетуге тиiс: сұраушы құзыреттi органның атауы; сұралған құзыреттi органның атауы; сұраудың жасалуына қатысты салық төлеушiнiң деректерi; қаралатын кезең мен салықтардың нақты түрлерi және оны пайдалану үшiн қажеттi басқа да деректер көрсетiлген, салықтық заңдарға сiлтеме жасалған сұраудың қысқаша мазмұны; Қылмысты iстер бойынша, одан басқа, мыналар көрсетiледi: жасалған қылмыстың iс жүзiндегi толық жағдайы; жасалған қылмыстың сараптамасы; келтiрiлген зиянның көлемi. 8-Бап Көмек туралы сұрауды пайдалану
Сұрау қолма-қол орындауға қабылданады. Сұраудың орындалуы мүмкiн болмаған жағдайда сұралған құзыреттi орган бұл туралы тиiстi сұрау алынған күннен бастап бiр айдың iшiнде сұраған құзыреттi органды, бұл туралы бас тартудың себептерiн көрсете отырып, жазбаша хабардар етедi.
Егер мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне нұқсан келетiн болса немесе сұралған құзыреттi органның мемлекетiнiң заңдарына қайшы келетiн болса, сұрау орындауға қабылданбайды.
Сұралған құзыреттi орган көмек туралы сұрауды орындау үшiн қажеттi қосымша ақпаратты талап етуге құқықты.
Сұралған құзыреттi орган өз мемлекетiнiң аумағында көмек туралы сұрауды орындауға байланысты барлық шығындарды (оның iшiнде қосымша шығындарды) өзi көтередi.
Ақпарат алу туралы сұрау мен оған берiлетiн жауап Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген тiлде жазылады.
9-Бап
Сұрауды орындау кезiндегi өзара iс-қимыл
Тармақтардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне олардың ұлттық заңдарына сәйкес және өз құзыретiнiң шектерiнде көмек көрсетедi. Сұралған құзыреттi орган оның өтiнiшi бойынша көмек туралы сұрауды орындау үшiн iс-қимылдарды жүргiзетiн уақыт пен оның орыны туралы хабардар етiлуi мүмкiн.
Сұралған құзыреттi орган көмек туралы сұрауды орындау үшiн қажеттi нормативтiк актiлердi, құжаттардың расталған көшiрмелерiн, тағы басқа материалдарды бередi.
Расталған көшiрмелер тергеу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда құжаттардың түпнұсқалары мен басқа да материалдардың берiлуi мүмкiн.
Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру және қолдану кезiнде пайда болатын даулы мәселелердi реттеуде өзара келiсiмге қол жеткiзуге ұмтылатын болады.
Тараптар қажет болған жағдайда осы Келiсiмнiң iске асырылу барысына баға беру үшiн және оған өзгерiстер енгiзу мақсатында кеңестер өткiзедi. Мұндай кеңестердiң өткiзiлетiн мерзiмiн Тараптар қосымша белгiлейдi.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптардың жекелеген мәселелер бойынша қосымша Келiсiмдер жасасуы мүмкiн.
Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған мiндеттемелерiне жұғыспайды.
10-Бап
Ақпараттарды пайдалану
Тараптардың құзыреттi органдары салықтық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуға, олардың алдын-алуға және болдырмауға байланысты ақпараттың құпиялылығына кепiлдiк бередi.
Алынған ақпаратты Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмде көзделген мақсаттарға, оның iшiнде әкiмшiлiк немесе соттық тергеулер үшiн пайдалануы мүмкiн.
Осы Келiсiмнiң шегiнде алынған ақпарат бұл ақпаратты берген құзыреттi органның жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа берiлмейдi.
11-Бап
Келiсiмнiң күшiне енуi және әрекетiн тоқтатуы
Осы Келiсiм Тараптардың олардың ұлттық заңдарында көзделген iшкi мемлекеттiк рәсiмдердi орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлары алынған уақыттан күшiне енедi.
Осы Келiсiм Тараптардың бiрi оның әрекетiн тоқтататын өз ниетi
туралы жазбаша хабарлаған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн өз әрекетiн тоқтатады. Алматы қаласында 1997 жылғы 10 маусымда әрқайсысы қазақ, әзербайжан, және орыс тiлдерiнде екi данадан жасалды. Бұл орайда барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Қазақ және әзербайжан тiлдерiндегi осы Келiсiмнiң мәтiнi бойынша Тараптардың арасында алауыздық туған жағдайда, орыс тiлдегi мәтiн негiзге алынады. Қазақстан Әзербайжан Республикасының Республикасының Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн