Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы 1999 жылдың 14 мамырындағы Алматы қаласында жасалған өтеусіз әскери көмек туралы Келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының
Үкiметi арасындағы өтеусiз әскери көмек көрсету туралы
Келісім
(1999 жылғы 24 тамызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi өздерiнiң бұрындағы достық қарым-қатынастарын қуаттай отырып,
1994 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Түрiк Республикасының Үкiметi арасындағы әскери ғылым, техника және бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы Шарт және 1996 жылғы 3 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлiгi арасындағы әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы Меморандум ережелерiн iске асыру маңыздылығын ескере отырып,
екi ел арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн реформалауды жүргiзуге жағдай жасауға ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер жөнiнде келiстi:
I-бап
Түрiк Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Үкiметiне 700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасында өтеусiз көмек көрсетедi. Осы көмектi беру 1999 жылдан басталатын болады.
II-бап
700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасындағы өтеусiз көмек Қазақстан Республикасы мен Түрiк Республикасының ұлттық заңдарына сәйкес жабдықтар мен көрсетiлетiн қызметтер түрiнде ұсынылатын болады.
ІІІ-бап
700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасындағы өтеусiз көмек осы Келiсiмге сәйкес Тараптардың ресми өкiлдерi қол қоятын Атқарушы хаттамаға сәйкес берiлетiн болады. Бұл хаттамаға 700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасында Түрiк Республикасы ұсынатын жабдықтар мен көрсетiлетiн қызметтер тiзiмi енгiзiлетiн болады және ол осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi осы Келiсiмге қол қойылғаннан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде Түрiк Республикасының Бас штабына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң қажеттiлiктерiнiң тiзiмiн жiбередi.
IV-бап
Қазақстан Республикасы жабдықтар мен қызмет көрсетулердi немесе оларға деген құқықты басқа елге немесе үшiншi тарапқа Түрiк Республикасының алдын-ала рұқсаты негiзiнде беруге келiстi.
V-бап
Осы Келiсiм:
Қазақстан Республикасы үшiн - Қазақстан Республикасының Үкiметi оны мақұлдаған кезеңнен бастап;
Түрiк Республикасы үшiн - Түрiк Республикасының Министрлер Кеңесi оны мақұлдаған кезеңнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм Түрiк Республикасының Атқарушы хаттамада көрсетiлген жабдықтар мен қызметтердi Қазақстан Республикасына беруi аяқталғанға дейiн күшiнде болады.
Осы Келiсiмдi iске асыру барысында туындауы мүмкiн барлық келiспеушiлiктер өзара талқылаулар мен консультациялар жолымен шешiлетiн болады.
Өтеусiз әскери көмек көрсету жөнiндегi Келiсiмдi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы iске асыратын болады.
Осы Келiсiм қазақ, орыс, түрiк және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiм ережелерiн түсiндiруге қатысты пiкiр алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.
Осы Келісім 1999 жылғы 14 мамыр Алматыда, Қазақстанда жасалды.
Қазақстан Республикасының Түрік Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Түрік Республикасы Бас штабы
Қорғаныс министрі басқармасының бастығы