2005 жылғы 3-4 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi кеңесінiң мәжiлiсiн дайындау және өткiзу жөнiндегi протоколдық-ұйымдастыру iс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі:
2005 жылғы 3-4 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлері кеңесiнiң мәжiлiсiн (бұдан әрi - мәжілiс) дайындау және өткiзу жөнiндегі протоколдық-ұйымдастыру iс-шараларын қамтамасыз етсiн;
Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжiкстан Республикасының, Өзбекстан Республикасы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының ресми делегациялары (бұдан әрi - ресми делегациялар) мүшелерiнiң 1+3 форматы бойынша қонақ үйде тұруына 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 006 "Өкiлдiк шығындар" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен 2159668 (екi миллион бiр жүз елу тоғыз мың алты жүз алпыс сегіз) теңге сомасында қаражат бөлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi (келiсiм бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (келiсiм бойынша) ресми делегациялар мүшелерiнiң әуежайдағы, тұратын және болатын орындарындағы қауiпсiздiгін, сондай-ақ жүретiн бағыттары бойынша бiрге жүрудi қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгі белгіленген тәртiппен:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiмен және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп, ресми делегациялардың басшылары арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстiнен ұшып өтуiн, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
Астана қаласының әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетудi, олардың тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi мәжілістiң бұқаралық ақпарат құралдарында жария етiлуiн қамтамасыз етсiн.
5. Астана қаласының әкiмi ресми делегацияларды қарсы алу және шығарып салу, Астана қаласының әуежайы мен көшелерiн безендiру, мәдени бағдарлама ұйымдастыру жөніндегі ұйымдастыру iс-шараларының орындалуын қамтамасыз етсiн.
6. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң атынан ресми қабылдауда концерттiк бағдарлама ұйымдастырсын.
7. Осы өкiмнiң iске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiне жүктелсін.
Премьер-Министр