Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2009 жылғы 12 - 14 мамырда Астана қаласында Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес "1+6" (өзара қағидат бойынша) форматы бойынша Корея Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2009 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Корея Республикасының ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Корея Республикасының Президенті арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
6. Астана қаласының әкімдігі Корея Республикасының ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, болатын орындарда бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Корея Республикасының Президентін қарсы алу және шығарып салу ресми салтанаттарына қатыссын.
8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2009 жылғы 14 мамырдағы
N 69-ө өкіміне
қосымша
Корея Республикасы ресми делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету және қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
1. Корея Республикасы ресми делегациясының мүшелерін "1+6" форматы бойынша және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласының қонақ үйіне орналастыру.
2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
3. Корея Республикасы ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
4. Корея Республикасының ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
5. Астана қаласында Корея Республикасы Президентінің құрметіне қабылдаулар (таңертеңгілік, түскі және кешкі қонақасы) ұйымдастыру.
6. Іс-шаралар өтетін орындарды гүлмен безендіру.
7. Корея Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға көлік қызметін көрсету.
8. Корея Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.