Осы қаулы отандық тауар өндірушілерді қолдау, республикамызда өндірілмейтін жабдықтарды және шикізатты әкелуді ынталандыру, импорттық тауарларды кедендік рәсімдеу кезіндегі ресімдердің ашықтығын күшейту, сыртқы сауда статистикасын толыққанды жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ЕурАзЭҚ-қа қатысу шеңберінде кедендік тарифтерді біріздендіру жөніндегі міндеттемелерді орындау мақсатында әзірленді.
1. Қаулымен Қазақстан Республикасының Кедендік тарифінің және Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының жаңартылған нұсқалары бекітілді.
Тауарларды сипаттау халықаралық үйлестірілген жүйесі (ҮЖ) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (ҚР СЭҚ ТН) негізі болғандықтан 2007 жылғы ҮЖ енгізілген өзгерістерге сәйкес ҚР СЭҚ ТН кодтары өзгертілген.
2. Біртекті тауарларға кедендік баждың әртүрлі деңгейде болуына байланысты импорттық тауарларды кедендік рәсімдеу кезінде кедендік кодтардың құнын төмендету мақсатында манипуляциялауға мүмкіндік бергендіктен, өзінің техникалық және тұтыну сипаттамаларына ұқсас тауарларға бірдей кедендік баж ставкалары белгіленді.
Негізінен республикамызда өндірілмейтін шикізатқа (ағаш материалдары, химиялық материалдары) және жабдықтарға (машина жасау жабдықтарына, ұшу аппараттарына және т.б.) кедендік баж ставкалары біріздендірілді.
Осындай жолмен, Қазақстанның бекітілген Кедендік тарифі толық көлемде мемлекетіміздің бюджетіне төлемдерді және салықтарды төлеуден жалтару мүмкіндігін азайтады.
3. Өндірілмейтін жабдықтардың және өнеркәсіптік тауарларды өндіруге арналған шикізат импортына, оның ішінде химиялық өндіруге арналған материалдар, машина жасау, жеңіл өнеркәсіптік тауарлар және құрылыс материалдар импортына кедендік баж ставкалары төмендетілді.
4. Қолдану мерзімі 2007 жылғы 1 мамырда аяқталған, бұдан бұрын уақытша негізде қолданылған тауарлардың жекелеген түрлерінің импортына, оның ішінде жұмыртқа ұнтағы, сыра ашыту уыты, шырын өндіруге арналған шикізат және т.б. сияқты азық-түлік тауарларына, сондай-ақ жиһаз өнімін өндіруге арналған және ағаш өндіру саласындағы өнеркәсіпте пайдаланылатын шикізатқа тұрақты негізде кедендік баж ставкалары белгіленді.
Осы шара халықтық тұтыну тауарларын өндіруге арналған қажетті шикізатпен отандық өндірушілерді қамтамасыз етеді.
Осындай жолмен, Кедендік тариф отандық өндірушілердің және тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жауап береді, сондай-ақ, жалпы мемлекетіміздің кедендік-тарифтік саясатына сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының
Индустрия және сауда министрлігі