ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенция жобасы мақұлдансын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 11 маусымдағы
N 822 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясының жобасы
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, мемлекеттердің аумақтық тұтастығына, мемлекеттер арасындағы достастық қатынастардың дамуына, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға қауіп туғызатын терроризмнің ушығуына терең алаңдаушылық білдіре отырып;
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып;
Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы Шанхай Конвенциясының , Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі 2005 жылғы 5 шілдедегі ынтымақтастық конвенциясының ережелерін дамыта отырып;
осы Конвенция қамтитын қылмыстар ешбір жағдайда ақталмайтынын, ал осындай іс-әрекетті жасаған кінәлі және/немесе оларды жасауға қатысы бар жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілікке тартылуы тиіс екендігін мойындай отырып;
терроризмнің мазмұнындағы, террористік актілердің көлемдері мен сипатында болған өзгерістерді және ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын ескере отырып;
терроризмге қарсы күш-жігерді молайтудың қажеттілігін түсіне және терроризмнің алдын алу жөніндегі және оған қарсы күрестегі барлық шаралар құқықтың үстемділігін және демократиялық құндылықтарды, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын сақтаған кезде қолданылуы тиіс екендігін тағы да растай отырып;
тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана терроризмнің тиімді алдын алуға және оған қарсы күреске қол жеткізуге болатындығын мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Конвенция терроризмге қарсы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында жасалады.
2-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) Тарап - осы Конвенцияға қатысушы мемлекет;
2) терроризм - халыққа үрей туғызумен байланысты және жеке тұлғаға, қоғам мен мемлекетке зиян келтіруге бағытталған күш қолдану және/немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау не жасау жөнінде қорқыту жолымен билік органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауын туғызатын зорлық-зомбылық идеологиясы және ықпал ету практикасы;
3) террористік акт - халыққа үрей туғызумен байланысты және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, мүлікке айтарлықтай зиян келтіруге не экологиялық апат немесе өзге де ауыр салдар туғызуға бағытталған әрекет, сондай-ақ билік органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету жолымен саяси, діни, идеологиялық және өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін аталған әрекеттерді жасау жөнінде қорқыту;
4) террористік ұйым:
а) осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасау үшін құрылған және/немесе қылмыс жасайтын қылмыстық топ, заңсыз қаруланған құралым, банда, қылмыстық қоғамдастық;
б) оның атынан, нұсқауы бойынша немесе оның мүддесі үшін осы Конвенция қамтитын қылмыстардың қандай да бірін жоспарлау, дайындық және жасау жүзеге асырылатын заңды тұлға;
5) заңды тұлға - Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған және жұмыс істейтін ұйым.
2. Осы бапта қолданылатын терминдер мен ұғымдарды анағұрлым кең қолдану туралы ережелерді құрайтын немесе құрауы мүмкін қандай да бір халықаралық шартқа немесе Тараптардың кез келгенінің ұлттық заңнамасына осы бап зиян келтірмейді.
3-бап
Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды ашу, алдын алу және тергеу Тараптардың бірінің юрисдикциясына әсер еткен жағдайда осы Конвенция қолданылады.
4-бап
Тараптар өздерінің құқықтарын және міндеттерін егемендік теңдік, мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптеріне сәйкес осы Конвенцияға сай жүзеге асырады.
5-бап
1. Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысты өз юрисдикциясын белгілеу үшін, егер:
1) қылмыс осы Тараптың аумағында жасалса;
2) қылмыс осы Тараптың туы бар кеме бортында немесе осы Тараптың заңдарына сәйкес тіркелген әуе кемесі бортында жасалса;
3) қылмысты осы Тараптың азаматы жасаса, қажетті шаралар қабылдайды.
2. Сонымен қатар әрбір Тарап, егер:
1) қылмыс осы Тараптың аумағында немесе азаматына қатысты террористік акті жасауға бағытталса немесе жасауға әкеп соқтырса;
2) қылмыс осы Тараптың шетелдегі объектісіне, дипломатиялық өкілдіктердің орын-жайлары мен консулдық мекемелерге қатысты террористік акт жасауға бағытталса немесе жасауға әкеп соқтырса;
3) қылмыс осы Тарапты қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасамауға мәжбүрлеу мақсатында террористік акт жасауға бағытталса немесе әкеп соқтырса;
4) қылмысты осы Тараптың аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам жасаса;
5) қылмыс осы Тарап пайдаланатын кеме бортында жасалса, осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысты өз юрисдикциясын белгілей алады.
3. Егер болжамды қылмыскер оның аумағында болса және ол оны осы және өзге Тарапқа бермесе, әрбір Тарап осы Конвенция қамтитын қылмысқа қатысты өзінің юрисдикциясын белгілеу үшін талап етілетін шараларды қабылдайды.
4. Осы Конвенция Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген қылмыстық юрисдикцияны жүзеге асыруды жоққа шығармайды.
5. Егер Тараптардың бірі осы Конвенция қамтитын қылмысқа қатысты юрисдикцияны талап етпесе, тиісті Тараптар қажет болған кезде консультациялар өткізеді.
6-бап
1. Осы Конвенцияда көзделген ынтымақтастықты Тараптардың әрқайсысы анықтайтын құзыретті органдар жүзеге асырады.
2. Ратификациялау туралы құжатты немесе қосылу туралы хабарламаны тапсырған кезде Тарап осы Конвенцияны орындау үшін жауапты өзінің құзыретті органдарының тізімін депозитарийге ұсынады, депозитарий оны басқа Тараптарға жібереді. Тараптар депозитарийге өздерінің құзыретті органдарының тізбесіндегі барлық өзгерістер туралы дереу хабарлайды, ол жөнінде депозитарий басқа Тараптарға хабарлайды.
3. Тараптардың құзыретті органдары осы Конвенцияда көзделген мәселелер бойынша өздерінің өкілеттіктері шегінде бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Тараптардың аумақтық және өзге де құзыретті органдары осы Конвенцияны орындау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары анықтайтын тәртіппен тікелей байланыс орната алады.
4. Тараптардың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимыл екіжақты және көпжақты көлемдерде көмек көрсету жөніндегі сұрау салу негізінде, сондай-ақ Тараптардың бірінің құзыретті органының бастамасы бойынша хабардар ету жолымен жүзеге асырылады.
5. Өзара іс-қимыл процесінде дипломатиялық арналар, Қылмыстық полиция халықаралық ұйымдарының (Интерпол) немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің арналары пайдаланылуы мүмкін.
7-бап
1. Тараптар қажет болған жерде, осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға әкеп соқтыруы мүмкін шиеліністі жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті заңнамаларды сақтай отырып, дінаралық және мәдениетаралық диалогты, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның басқа да элементтерін көтермелейді.
2. Әрбір Тарап өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес терроризмге қарсы тұратын шараларды ұлттық деңгейде әзірлейді және жүзеге асырады, олар мыналарды қамтуы мүмкін:
1) терроризмге қарсы іс-қимылды реттейтін құқықтық құжаттарды және олардың тиімділігі тұрғысынан практикалық шараларды мерзімдік бағалау;
2) террористік актілердің жолын кесу бойынша оқу-жаттығуларды өткізуді қоса алғанда, терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруда тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
3) терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша Тараптардың тиісті органдарының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын органды немесе органдарды құру;
4) терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын құқық қорғау органдары мен өзге де органдар қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру, сондай-ақ осы органдардың қызметі мен олардың қызметкерлерін тиісті қаржылық, материалдық және өзге де қамтамасыз ету;
5) осы Конвенция қамтитын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде және осындай қылмыстарды дайындап жатқан немесе жасаған адамдарды анықтауға мемлекеттік органдарға көмек көрсететін адамдарға тиісті сыйақы төлеу;
6) террористік актілердің алдын алу мақсатында енгізуге рұқсат етілген шектеулерді заңнамалық анықтау;
7) құқық қорғау органдарының тиісті заңды тұлғалармен ынтымақтастық тиімділігін арттырудан тұратын жеке адамдар мен объектілерді қорғауды жақсарту, жеке адамдар мен объектілердің қорғалуын арттыруға арналған стандарттарды енгізу;
8) қылмыстық сот өндірісінің жәбірленушілерін, куәлерін және өзге де қатысушыларын, сондай-ақ қажет болған кезде терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге де адамдарды қорғау;
9) осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға қатысы бар жеке және заңды тұлғаларды бірдейлендіру өлшемдерін құру және енгізу;
10) осы Конвенция қамтитын, олардың объектілерінде дайындалып жатқан немесе жасаған қылмыстардың алдын алу мен ашуға мемлекетке көмек көрсету бойынша заңды тұлғаларды жеткілікті мүмкіндіктермен қамтамасыз ету;
11) үкіметтік емес ұйымдарға, жекелеген топтарға және адамдарға терроризмге қарсы іс-қимыл жасауға, қоғамда терроризмге төзбеушілікті қалыптастыруға қатысуы үшін көмек көрсету;
12) терроризмнің қауіптілігі мен оның жағымсыз салдарлары, сондай-ақ осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасағаны үшін жауапкершілік туралы жұртшылықты мағлұм ету;
13) осы Конвенция қамтитын қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін кез келген іс-әрекеттер туралы мемлекеттік органдарға, соның ішінде анонимді түрде халықтың хабардар ету мүмкіндігін қамтамасыз ету.
3. Тараптар осы Конвенцияда қарастырылғандардан біршама қатаң шараларды қолдана алады.
8-бап
Тараптар өздерінің құқықтық жүйелерінің түбегейлі принциптерін ескере отырып, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды, олар:
1) клиенттер, қаржылық операциялар туралы деректерді тіркеуден және осы мәліметтерді сақтаудан;
2) Тараптардың уәкілетті органдарына сезікті және экономикалық мақсатқа сай емес операциялар мен мәмілелер туралы мәліметтер ұсынудан;
3) құқық қорғау немесе Тараптар анықтаған өзге де органдардың нұсқауы бойынша заңсыз, сезікті немесе экономикалық мақсатқа сай емес сипаттағы қаржы операцияларын тоқтатудан;
4) сот, прокуратура органдарының, алдын ала тергеу және Тараптардың өзге де уәкілетті органдарының сұраулары бойынша мәліметтер мен құжаттарды ұсынудан тұрады.
9-бап
1. Тараптар мынадай қасақана іс-әрекеттерді қылмыстық жазалау ретінде тану үшін қажетті заңнамалық шараларды қабылдайды:
1) террористік акт;
2) қатысушылары барлық Тараптар болып табылатын, терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттардың бірінде қылмыс ретінде танылатын қандай да бір іс-әрекет;
3) осы тармақтың 1, 2, 4-10-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін ұйымдастыру, жоспарлау, дайындау, қаржыландыру және жасау үшін пайдалану мақсатында заңды тұлғаны құру немесе осындай мақсаттар үшін қылмыстық топ, заңсыз қаруланған құрылым, банда, қылмыстық қоғамдастық құру;
4) терроризмге ашық түрде шақыру немесе терроризмді ашық түрде ақтау, яғни осы тармақтың 1-3, 5-10-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін жасауға итермелеу мақсатында қандай да бір өтінішті жұртшылыққа тарату не болмаса терроризмді қолдауды және қолдау көрсетуді қажет етеді деп тану туралы ашық түрде мәлімдеу;
5) осы тармақтың 1-4, 6-10-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін дайындауға не болмаса жасауға қатысу үшін адамдарды азғыру немесе тартудың өзге де тәсілдері;
6) осы тармақтың 1-5, 7-10-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін жасауға немесе жасауға көмектесу үшін адамдарды даярлау;
7) террористік ұйымдарға қатысу;
8) терроризмді қаржыландыру, яғни осы тармақтың 1-7, 9, 10-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін ұйымдастыру, дайындау мен жасау жөніндегі іс-әрекетті қаржыландыру үшін әдейі тағайындалған қаражатты немесе қаржылық қызмет көрсетуді жинау не болмаса ұсыну, не болмаса террористік ұйымның іс-әрекетін қамтамасыз ету;
9) осы тармақтың 1-8, 10-тармақшаларында аталған қылмыстарды жасау үшін адамдарды қарумен, жарылғыш заттармен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету;
10) осы тармақтың 1-9-тармақшаларында аталған қылмыстардың бірін жасауға сезікті немесе айыпты адамдарға паналайтын жер, қаржылай көмек беру, қашуға көмек көрсету, сондай-ақ оларға қатысты жалған айғақ беру.
2. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы баптың 1-тармағында аталған қылмыстардың бірін жасауда сезікті болып көрінетін адамға немесе айыпталушыға тиесілі мүлікті қасақана жасыруды, тасымалдауды, сатып алуды немесе сатқан кезде делдал болуды қылмыстық жазалау іс-әрекеті ретінде тануы мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағының 3-10-тармақшаларында аталған іс-әрекеттер террористік актіні іс жүзінде жасағанына немесе террористік сипаттағы өзінің әрекеттерін азғырушы және/немесе оқып-үйретуші адамның түсінгеніне қарамастан, қылмыс болып табылады.
4. Тараптар сонымен қатар осы баптың 1-тармағына сәйкес танылған қылмыстық жазалау іс-әрекеті ретінде қандай да бір қылмысты жасауға бірлесіп қатысуды, дайындалуды және қастандық жасауды анықтау үшін қажетті заңнамалық шараларды қабылдауға міндетті.
10-бап
1. Тараптар өз аумақтарында заңды тұлғалардың осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірі болып табылатын әрекетке қатыстылығын болдырмау үшін өздерінің құқықтық қағидаларын ескере отырып, қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Тарап осы Конвенция қамтитын қылмыстардың біріне қатысы бар оқиға үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау үшін талап ететін шараларды қабылдайды.
3. Тараптардың құқықтық қағидалары сақталған жағдайда заңды тұлғалардың жауапкершілігі қылмыстық, азаматтық құқықтық немесе әкімшілік болуы мүмкін.
4. Заңды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау оның қызметіне қатысқан, осы Конвенция қамтитын қылмысты жасаған жеке тұлғаның қылмыстық жауапкершілігін жоққа шығармайды.
5. Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылатын заңды тұлғаларға қатысты мынадай шараларды қолдануды қамтамасыз етеді, атап айтқанда:
1) ескерту;
2) айыппұл;
3) заңды тұлғаның мүлкін тәркілеу;
4) заңды тұлғаның қызметін тоқтату;
5) заңды тұлға қызметінің жекелеген түрлеріне тыйым салу;
6) заңды тұлғаны тарату.
6. Заңды тұлға осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін
құрайтын әрекеттерді ұйымдастыруды, дайындау мен жасауды жүзеге
асырған кезде Тараптар заңды тұлғаны террористік деп тануға және оны сот шешімі бойынша немесе Тараптардың өзге де уәкілетті органының ұлттық заңнамасымен таратуға мүмкіндік беретін заңнамалық шараларды қабылдайды. Егер осы Конвенция қамтитын қылмысты ұйымдастыруды, дайындау мен жасауды оның құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаның іске асыруын бақылаушы адам жүзеге асырған жағдайда осындай шаралар қолданылуы мүмкін.
7. Осы баптың ережелері осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы болған кезде Тараптардың аумақтарында әрекет ететін шетелдік заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне (өкілдеріне, филиалдарына) таратылады.
11-бап
1. Тараптар ұстап беруге, сондай-ақ сотталғандарды беруге әкеп соқтыратын және құқықтық көмек көрсету әрекеттерін осы Конвенция қамтитын қылмыстар ретінде қарастырады.
2. Кез келген Тараптар арасында ұстап беру туралы қолданыстағы кез келген шартта, осы Конвенция қамтитын қылмыс ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретінде қарастырылады. Тараптар осындай қылмыстарды нәтижесінде олардың арасында ұстап беру туралы жасалатын барлық шарттарда ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретінде тануға міндеттенеді.
3. Егер ұстап беруді шарттың болуымен келісетін Тарап ұстап беру туралы шарты жоқ басқа Тараптан ұстап беру туралы сұрау алса, сұрау салынушы Тарап осы Конвенция қамтитын қылмыстарға байланысты ұстап беру үшін құқықтық негіз ретінде осы Конвенцияны қарастырады. Ұстап беру сұрау салынған Тараптың заңнамасында көзделген басқа да шарттарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
4. Ұстап беруді шарттың болуымен келістірмейтін Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарды өздерінің арасында, сұрау салынған Тараптың заңнамасында қарастырылған шарттарды сақтай отырып, ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретінде қарастырады.
5. Ұстап беру және құқықтық көмек мәселесіне келген кезде тиісті іс-әрекетті екі жақты қылмыс деп тану қағидасын сақтау талап етілсе, сұрау салынған Тараптың заңнамасына сол санаттағы қылмыстардың тиісті іс-әрекетіне қосатынына немесе ол оның көмегімен осындай терминдерді сұрау салушы Тарап ретінде сипаттайтынына қарамастан, осы қағида сақталған болып табылады, егер осы іс-әрекет құқықтық көмек көрсету мен ұстап беруге байланысты болса, Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмыстық жазалау ретінде танылады.
6. Осы Конвенция қамтитын қылмыс ұстап беру мақсаты үшін осы Конвенцияның 5-бабына сәйкес белгіленген, осы Тараптың юрисдикциясы шегінде осы қылмыстарды іс жүзінде жасау орнына қарамастан, тиісті Тараптың аумағында жасалған болып қарастырылады.
7. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды анықтау және оларды жасауға қатысы бар заңды тұлғалардың жауапкершілік негіздері Тараптардың ішкі заңнамасының саласына кіреді.
8. Үкім шығарған Тараптың сұрау салуы бойынша немесе осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірі үшін сотталған адам азаматы болып табылатын Тарап, оның келісімімен қолданыстағы шарттар негізінде немесе өзара уағдаластықпен ол азаматы болып табылатын Тарапқа жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін.
9. Егер осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін жасаған адам аумағында жүрген сұрау салынған Тарап ол оның азаматы болуы негізінде ұстап бермесе, онда ол қолда бар материалдар, соның ішінде сұрау салушы Тарап берген қылмыстық іс материалдарының негізінде өзінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы адамның қылмыстық қудалануын жүзеге асырады.
12-бап
1. Терроризмнің алдын алу және онымен күресу мақсатында Тараптардың құзыретті органдары сұрау салуы бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша бір-біріне осы Конвенция қамтитын мәселелер туралы ақпарат (құжаттар, материалдар, өзге де деректер) береді.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпарат сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрау салуы бойынша, ол тек сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз ешкімге берілмейтін жағдайда ғана ұсынылады.
3. Тараптардың құзыретті органдары сұрау салу фактісін және оның мазмұнын жарияламайды және оны тек сұрауды орындау мақсатында пайдаланады, егер бұл сұрау салушы Тараптың құзыретті органымен ескертілсе; сұрау салынған Тарап берген мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және оларды тергеуді, сот талқылауын жүзеге асыру үшін немесе сұраумен көзделген рәсімдерді орындау үшін пайдаланады.
13-бап
1. Сұрауды орындау осы Конвенция және сұрау салынған Тараптың заңнамасы негізінде жүзеге асырылады.
2. Егер сұрау салынған Тараптың заңнамасында өзгелері белгіленбесе, сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрауы бойынша оны орындау кезінде осы Тарап заңнамасының қолданылуы мүмкін. Сұрау салушы Тарап заңнамасының қолданылуы сұрау салынған Тараптың егемендігіне және ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс.
14-бап
1. Сұрау жазбаша түрде жасалады және ол:
1) сұрау салушы және сұрау салынған Тараптардың құзыретті органдарының атауынан;
2) сұраудың мәні мен негізінен;
3) жедел іздестіру іс-шаралары, тергеу немесе сот талқылауы жүргізіліп жатқан іске қатысты фактілерді қоса есептегендегі (күні, қылмыстың орны және жағдайы) істің мәнінен;
4) тиісті нормативтік құқықтық актілердің мәтіні немесе бұл мүмкін болмаса олардың жағдайын атап көрсету, сондай-ақ ұлттық заңнамаларына сәйкес сұрау салушы Тараптың аумағында осыған ұқсас нәтижелерге жеткізетін сұралатын шара немесе кез келген басқа шара туралы өтініштен;
5) егер қажет болса оның рұқсатын шектеу дәрежесі туралы нұсқаудан тұруы тиіс.
2. Заңды тұлғаға қатысты жауапкершілік шарасын қолдану туралы сұрауда аталғандардан басқа:
1) заңды тұлғаның атауы, оның орналасқан жері туралы ақпарат, заңды мекен жайы, басшылары туралы деректерді;
2) жауапкершілік шараларын;
3) сұрау салушы Тараптың сұрауы бойынша мүмкіндігінше жасалуы тиіс нақты рәсімдер туралы деректерді;
4) тұтқындалуға немесе тәркіленуге ұшырауы мүмкін мүлік (тиісті қылмысқа байланысты оның орналасқан жері, сондай-ақ осы мүлікке басқа адамдардың құқығы туралы кез келген қолда бар мәліметтер) жөніндегі ақпаратты;
5) сот немесе сұрау салушы Тараптың өзге де құзыретті органы шешімінің куәландырылған көшірмесі және осы шешім үшін негіздемені;
6) сұрау салушы Тарап негіздейтін және өзінің заңнамасын орындау үшін сұрау салушы Тарап шешім қабылдау туралы мәселені қою үшін жеткілікті фактілерді атап көрсету тиіс.
3. Егер тұлғаны сезікті немесе айыпты ретінде жауап өткізу туралы сұрау салынса, оған қылмыстық істің куәландырылған қажетті құжаттары қосымша беріледі.
4. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше келісілмесе, сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау түскен күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей:
1) сұрау бойынша қабылданған іс-қимылдар және олардың нәтижелері туралы;
2) сұрауды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындалуын айтарлықтай кідіртетін кез келген жағдайлар туралы хабардар етеді.
5. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа кідіріссіз:
1) заңды тұлғаға қатысты шара қолдану туралы шешім толық немесе ішінара күшін жоғалтуға байланысты шешімді немесе басқа да жағдайларды қайта қарау туралы;
2) осы Конвенцияға сәйкес қолданыс күшінің ақталмауына байланысты өзгерістер туралы хабарлайды.
6. Бірнеше Тараптар алдында заңды тұлғаға қатысты сол бір шешім негізінде жауапкершілік шарасын қолдану туралы өтініш беруші Тарап бұл жөнінде осы шешімді орындауға мүдделі барлық Тараптарға хабарлайды.
15-бап
1. Тараптардың құзыретті органдары:
1) қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру туралы;
2) жедел іздестіру іс-шараларын өткізу туралы;
3) жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізу туралы, соның ішінде:
а) сараптамалар;
б) сезіктілерден, айыпталушылардан, куәлерден, жәбірленушілерден және басқа да адамдардан жауап алулар;
в) тінтулер, алулар;
г) заттай дәлелдемелерді беру;
д) мүлікке тыйым салу;
е) құжаттарды тапсыру және жөнелту;
ж) олардың құзыреттілігіне қатысты басқа да іс-қимылдар;
4) дәлелдемелерді қамтамасыз ету жөнінде;
5) заңды тұлғаларға қатысты жауапкершілік шараларын қолдану туралы;
6) осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін жасауға сезікті жеке тұлғалардың орналасқан жерін анықтау;
7) тәркіленуге жататын мүліктің орналасқан жерін анықтау;
8) осы Конвенцияның қолдану аясына кіретін басқа да жағдайлар мен мәселелер бойынша сұрау салуларды орындайды.
16-бап
1. Сұрауға, сұрау салушы Тараптың құзыретті органының басшысы немесе олардың орнын ауыстыратын адамдар қол қояды және/немесе елтаңбалы мөрмен бекітіледі.
2. Кідіртілмейтін жағдайларда сұрау салу ауызша берілуі мүмкін, бірақ 72 сағаттан кешіктірілмей сұрау және қосымша құжаттар, қажет болған кезде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы жазбаша расталуы тиіс.
3. Сұраудың тұпнұсқасына немесе оның мазмұнына күдік туындаған жағдайда олардың қосымша растауының немесе түсіндірмесінің сұратылуы мүмкін.
4. Осы Конвенцияға сәйкес келіп түскен және бірдей мәселелерді қозғайтын сұраулар көп болған жағдайда сұрау салынатын Тарап қандай сұрау бірінші кезекте орындалатынын дербес анықтайды.
5. Егер сұрауды орындау сұрау салынатын құзыретті органның құзыретіне кірмесе, ол сұрауды кідіртпей өз мемлекетінің оны орындауға құзыретті басқа органына береді және бұл жөнінде сұрау салушы тарапқа дереу хабарлайды.
6. Сұрау салынған құзыретті орган оның пікірі бойынша сұрауды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұрата алады.
17-бап
1. Егер осы шаралар сұрау салынған Тараптың құзыретті органдары жүзеге асыратын жедел іздестіру шараларын өткізуге, тергеуге немесе сот талқылауына зиян келтіруі мүмкін болса, сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрау бойынша шара қабылдауды кейінге қалдыруы мүмкін.
2. Егер бұл сұрау салынған Тараптың егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіретін болса немесе ұлттық заңнамасына қайшы келсе, сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрауды орындаудан бас тартуы мүмкін.
3. Сұрауды орындаудан бас тартпастан немесе кейінге қалдырудан
бұрын сұрау салынған Тараптың құзыретті органы қажет болған кезде
сұрауды жолдаған сұрау салушы Тараптың құзыретті органымен кеңеседі.
4. Сұрауды орындауды кейінге қалдырған немесе бас тартқан жағдайда сұрау салынған Тараптың құзыретті органы бұл жөнінде осындай шешімнің себебін көрсетіп, сұрау иесіне кідіртпестен хабарлайды.
18-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасаған сезіктілер немесе айыпталушыларды қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын және олардың басқа Тараптың аумағында орналасқанын анықтаған Тарап осы Тараптың құзыретті органдарының рұқсатын алғаннан кейін өзінің қызметкерлерін тиісті жедел іздестіру шараларына және тергеу амалдарына қатысу үшін сұрау салушы Тарапқа жібереді.
2. Сұрау салушы Тараптың жіберілген құзыретті органдарының
қызметкерлері сұрау салынған Тараптың аумағында сұрау салынған
Тараптың заңнамасына және қатысушысы Тараптар болып табылатын
халықаралық шарттарға сәйкес жедел іздестіру шараларына және тергеу
амалдарына қатыса алады.
3. Сұрау салынған Тарап осы Конвецияның 14-18-баптарына сәйкес ресімделген сұрау негізінде басқа Тарап қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларына және тергеу амалдарына қатысуы үшін рұқсат беру тәртібін анықтайды.
4. Жедел іздестіру шараларына және тергеу амалдарына қатысуы үшін құзыретті органдардың қызметкерлерін жіберген кезде жіберу туралы сұрауға қосымша мыналар көрсетілуі тиіс:
1) жіберілген қызметкерлер туралы деректер;
2) іссапарға жіберу мақсаты, жедел іздестіру шараларының және тергеу іс-қимылдарының тізімі, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері;
3) көлік құралын пайдаланған жағдайда ол жөніндегі мәліметтер, көлік құралының түрі, олардың саны, тіркеу нөмірлері;
4) басқа да қажетті ақпарат.
5. Сұрау бойынша шешімді сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрау түскен сәттен бастап 5 күннен кешіктірмей қабылдайды, ол туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу хабарланады. Осындай шешім сұрау салынған Тараптың құзыретті органы белгілеген шарттарымен ескертілуі мүмкін.
6. Егер рұқсат алуға сұрау жоғарыда аталған талаптарды ескермей жасалса немесе ақпарат толық емес көлемде берілсе, онда сұрау салынған Тараптың құзыретті органы қосымша деректер сұрауға құқылы.
7. Белгіленген тәртіппен сұрау салынған Тараптың аумағына келген Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін келген Тараптың заңнамаларына және олардың келу және тапсырманы орындау шарттарына сәйкес орындайды.
8. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері өткізетін сұрау салынған Тараптың аумағында жедел іздестіру шараларына және тергеу әрекеттеріне қатысушы Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері:
1) өздері болған аумақтағы Тараптың заңнамаларын сақтауға, сондай-ақ келген Тарап органдарының заңды талаптарына бағынуға;
2) сұрау салынған Тарапқа өздері алған ақпаратты ұсынуға міндетті.
9. Жедел іздестіру шараларына және тергеу амалдарына қатысу олар жүргізіліп жатқан аумақтағы Тараптың құзыретті органы бұл жөнінде талап қойса қысқартылады.
10. Осы бапта баяндалған мәселелер бойынша Тараптар өз арасында жеке келісімдерді жасай алады.
19-бап
Сұрауды орындау нәтижесінде сұрау салынған Тараптардың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдары алған дәлелдемелер сұрау салушы Тарапта да дәлелдеу мәнін жоғалтпайды.
20-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға қатысы бар жеке тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың мүлкін тәркілеу туралы шешімді орындау кезінде сұрау салынған Тарап үшінші тұлғаға қатысты сұрау салған Тараптың сот шешімін мойындайды.
2. Осындай мойындауда:
1) егер үшінші тұлғаның өз құқықтары туралы өтініш беруге жеткілікті мүмкіндіктері болмаған;
2) егер үшінші тұлға өзінің құқықтары туралы бір мағыналы және негізді өтініш берген;
3) егер шешім осы мәселе бойынша сұрау салынған Тарап шығарған шешімге қайшы келген;
4) егер шешім сұрау салынған Тараптың заңнамасына қайшы келген;
5) егер шешім сұрау салынған Тараптың заңнамасымен көзделген ерекше юрисдикциясына қатысты ережелерге қарамастан шығарылған жағдайлардың бірінде бас тартылуы мүмкін.
21-бап
1. Осы Конвенцияға сәйкес жолданатын құжаттар оларды заңдастыру жөніндегі барлық формальдылықтан босатылады.
2. Бір Тараптың аумағында құзыретті орган не болмаса оған арнайы уәкілетті тұлғаның оның құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша берілген немесе куәландырылған, сондай-ақ елтаңбалы мөрмен бекітілген құжаттар қандай да бір арнайы куәліксіз барлық басқа Тараптар аумағында қабылданады.
3. Тараптардың бірінің аумағында ресми құжат ретінде қаралатын құжаттар басқа Тараптар аумағында ресми құжаттардың дәлелдеушілік күшіне ие болады.
22-бап
1. Осы Конвенцияның аясына кіретін мәселелер бойынша Тараптардың құзыретті органдары басқа Тараптың аумағында орналасқан жеке және заңды тұлғалар бойынша ресми құжаттарды дипломатиялық арналар бойынша не болмаса өзге де тәсілдермен, сондай-ақ басқа Тараптың құзыретті органдары арқылы жолдай алады.
2. Осы Конвенцияның аясына кіретін мәселелер бойынша Тараптардың құзыретті органдары жеке және заңды тұлғаларға ресми құжаттарды беру жөнінде бір-біріне көмек көрсетеді.
23-бап
Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысты адамдарға босқын мәртебесін ұсынуды және оның растайтын құжаттарын беруді болдырмау жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды.
24-бап
1. Тараптар басқа Тараптың сұрауы бойынша осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы бар заңды тұлғаның жауапкершілігін қамтамасыз етудің қажетті шараларын қабылдайды, соның ішінде:
1) нәтижесінде тәркілеу объектісі болуы мүмкін мүлікке тыйым салу;
2) қаржы операцияларын тоқтата тұру (тоқтатып қою);
3) заңды тұлға қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру (радио және телекөрсетілімдерді, бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды, соның ішінде электрондыларын да).
2. Осындай шаралар сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамаларына және осы Конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Конвенцияға сәйкес жүзеге асырылатын осындай шараларды болдырмаудан бұрын сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапқа осы шаралардың орындалу пайдасына өз дәлелдемелерін баяндау құқығын ұсынады.
25-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін жасауға қатысы бар және мүлкі орналасқан немесе бар немесе оның аумағында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаға (оның құрылымдық бөлімшесіне) қатысты жауапкершілік шарасын қолдануға байланысты сұрауды алған Тарап:
1) не сұралатын жауапкершілік шарасын қолдану туралы сұрау салушы Тараптың сот немесе өзге де құзыретті органының шешімін орындайды;
2) не сұрау салушы Тараптың шешіміне ұсынылған фактілер мен қорытындылар негізінде сұрау салынған жауапкершілік шарасын қолдану туралы өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес сот талқылауын жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаға қатысты жауапкершілік шарасы сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес қолданылады.
26-бап
Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қылмыс жасау (немесе қолданылған) қаруы ретінде пайдалануға арналған немесе осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін қаржыландыру үшін ақша қаражатына, бағалы қағаздарға, бағалы заттарға, қару жараққа, оның (қосалқы) бөліктеріне, оқ-дәрілерге, жарылғыш заттарға және өзге де мүлікке тыйым салу үшін;
2. Егер осы баптың 1-бөлігінде аталған мүлікке тыйым салу мүмкін болмаса осындай мүліктің құнына сәйкес ақша сомасын алуды қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
27-бап
1. Осы Конвенцияға сәйкес жеке немесе заңды тұлғаның мүлкін тәркілеуге байланысты жіберілген сұрау салынған Тараптың осы жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты өзінің шешімін орындау құқығын бұзбайды.
2. Сұрау бойынша тәркіленетін мүліктің жалпы сомасы тәркілеу туралы шешімде көзделген сомадан аспауы тиіс. Егер сол немесе өзге Тарап осылай болады деген қорытындыға келсе, онда Тараптар осындай салдарларды болдырмау мақсатында консультациялар өткізеді.
3. Несие берушілердің талаптарын қанағаттандырған соң осы Конвенцияда көзделген негіздер бойынша таратылатын заңды тұлғаның қалған мүлкі де тәркіленеді.
4. Сұрау бойынша мүлікті тәркілеген Тарап өзінің ұлттық заңнамаларына сәйкес оның сақталуын қамтамасыз етеді және тәркіленген мүлікке билік етеді.
5. Осындай мүліктің құнына сәйкес тәркіленген мүлік немесе ақша сомасы тиісті Тараптардың келісімі бойынша тәркілеу туралы шешім шығарған Тарапқа толық немесе ішінара берілуі мүмкін.
28-бап
Егер өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Конвенцияны орындауға байланысты шығыстарды дербес өтейді.
29-бап
1. Егер осы Конвенцияға сәйкес ынтымақтастыққа байланысты заңсыз әрекетпен немесе әрекетсіздікпен келтірілген зиянды өндіріп алу туралы талап арыз берілсе, Тараптар осы зиянды өтеу есебіне төлеуге жатқызылатын соманы бөлу туралы уағдаласу мақсатында бір-бірімен консультациялар өткізу мүмкіндігін қарастырады.
2. Зиянды өндіріп алу туралы талап-арыз берілген Тарап бұл жөнінде басқа мүдделі Тараптарға хабарлайды.
30-бап
Осы Конвенция Тараптардың осы Конвенцияның мәні болып табылатын және оның мақсаты мен объектісіне қайшы келмейтін мәселелер бойынша басқа халықаралық шарттарды жасау құқықтарын шектемейді, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
31-бап
1. Осы Конвенция белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер оны ратификациялайды. Ратификациялық грамоталар депозитарийдің сақтауына тапсырылады. Конвенция төртінші ратификациялық грамотаны депозитарийдің сақтауына тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
3. Осы Конвенцияны ратификациялаған Тарап үшін төртінші ратификациялық грамотаны депозитарийге сақтауға тапсырған соң ол өзінің ратификациялық грамотасын депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
4. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Конвенцияның депозитарийі болып табылады.
32-бап
1. ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің келісімімен оның ережелерін бөліп қарайтын басқа мемлекеттер қосылу үшін осы Конвенция осындай қосылу туралы депозитарийді хабардар ету арқылы ашық.
2. Осы Конвенция қосылатын мемлекет үшін қосылу туралы хабарламаны депозитарийдің сақтауына тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
33-бап
Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркеледі.
34-бап
Осы Конвенцияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар оларды қарау үшін басқа Тараптарға дереу жолдайтын депозитарийге тиісті хабарламаны беру жолымен Тараптардың кез келгені ұсынуы мүмкін.
35-бап
Әрбір Тарап шығудың болжанған күнінен кемінде алты ай бұрын бұл жөнінде депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп, осы Конвенциядан шыға алады. Шығу туралы хабарламаны алған уақыттан бастап отыз күн ішінде депозитарий бұл жөнінде басқа Тараптарға хабарлайды.
36-бап
Осы Конвенцияның ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда мүдделі Тараптар оларды консультациялар өткізу және келіссөздер жүргізу жолымен шешеді.
37-бап
1. Тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асыру кезінде осы Конвенция шеңберінде жұмыс тілі қытай және орыс тілдері болып табылады.
2. Осы Конвенцияның түпнұсқасы осы Конвенцияның куәландырылған көшірмелерін оған қол қойған мемлекеттердің барлығына тарататын депозитарийдің сақтауына тапсырылады.
________________ қаласында 200__ жылғы ____________ бір данада орыс және қытай тілдерінде жасалды, екі мәтіннің де заңдық күші бірдей.
Қазақстан Республикасы үшін
Қытай Халық Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін