Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2015 жылдың сәуір – маусымында және қазан – желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.
2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жиырма жеті жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген азаматтар 2015 жылдың сәуір – маусымында және қазан – желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.
3. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2015 жылдың сәуір – маусымында және қазан – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді босатуды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.
5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев