Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 14) тармақшасының екінші бөлігіне сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 25 сәуірдегі
№ 240 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы

      Осы Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы (бұдан әрі - Жарғы) Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің құқықтық негіздерін, Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Осы Жарғыда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі (бұдан әрі - консулдық мекеме) - белгілі бір консулдық округтің шегінде Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі;

      2) консулдық мекеменің сыныбы - Қазақстан Республикасы болу мемлекетімен келісу бойынша оның болу мемлекетіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызына және орналасқан жеріне байланысты айқындайтын консулдық мекеменің мәртебесі;

      3) консулдық мекеменің басшысы - консулдық мекемені басқаратын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкері;

      4) Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамы (бұдан әрі - консул) - Қазақстан Республикасының атынан консулдық округтің шегінде консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкері;

      5) Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулы (бұдан әрі - құрметті консул) - Қазақстан Республикасының құрметті консулдығын (бұдан әрі - құрметті консулдық) басқаратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде тұрмайтын, Қазақстан Республикасы атынан шет мемлекеттің аумағында консулдық округтің шегінде жекелеген консулдық функцияларды орындау тапсырылған адам;

      6) консулдық округ - консулдық функцияларды орындау үшін консулдық мекемеге бөлініп берілген аумақ;

      7) консулдық архив - құжаттар, хат-хабарлар, аудио және бейне- материалдар, ақпаратты электрондық жеткізгіштер, кітаптар, журналдар, тізілімдер, картотекалар, шифрлар, кодтар, мөрлер, мөртаңбалар және консулдық функцияларды орындауға арналған өзге де заттар;

      8) болу мемлекеті — аумағында Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі орналасқан шет мемлекет.

      2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі – дипломатиялық қызметтің қызметі халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға және экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-мәдени байланыстарды және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге бағытталған бір бөлігі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі өз жұмысын Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, осы Жарғыға, болу мемлекетінің заңнамасын ескере отырып, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер (бұдан әрі - дипломатиялық өкілдік) жоқ мемлекеттерде, болу мемлекетінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) консулдық мекеменің басшысына дипломатиялық функцияларды жүктеуі мүмкін.

      5. Консулдық мекемелердің ғимараттарында міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі және Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      6. Консулдық мекеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мекеменің атауы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және болу мемлекетінің ресми тілінде жазылған мөрі болады.

      7. Консулдық мекеменің орналасқан жері, оның сыныбы мен консулдық округі болу мемлекетімен келісу бойынша айқындалады.

2-тарау. Консулдық мекемелердің қызметін ұйымдастыру

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      8. Консулдық мекемелер мынадай сыныптарға бөлінеді: бас консулдықтар, консулдықтар, вице-консулдықтар және консулдық агенттіктер.

      Дипломатиялық өкілдіктер жанында консулдық функцияларды орындайтын консулдық бөлімдер жұмыс істейді.

      Дипломатиялық өкілдіктің басшысы болу мемлекетінің аумағында немесе дипломатиялық өкілдік қоса атқарушы болып аккредиттелген басқа мемлекеттің аумағында дипломатиялық өкілдіктің консулдық бөлімін құрады.

      9. Консулдық мекеме болу мемлекетінің аумағында сол мемлекеттің келісімі бойынша ғана ашылады.

      10. Консулдық мекемелер Министрліктің және болу мемлекетіндегі дипломатиялық өкілдіктің (бар болған жағдайда) басшылығымен немесе Министрліктің тапсырмасы бойынша басқа мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктің басшылығымен жұмыс істейді.

      11. Консулдық мекемелер Министрлікке консулдық қызметі туралы есептер ұсынады.

      12. Консулдық мекемелер:

      1) бас консулдықтар - Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының;

      2) консулдықтар, вице-консулдықтар және консулдық агенттіктер - Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өз қызметтерін тоқтатады.

      13. Консулдық мекеменің орналасқан жерін болу мемлекеті шегінде өзгерту консулдық мекемені ашу үшін көзделген қосымша актіні қабылдауды талап етпейді және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі - Министр) шешімімен жүзеге асырылады.

      14. Консулдық мекемелер және олардың персоналы болу мемлекетінде болу мемлекетінің заңнамасына, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      15. Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен консулдық қарым-қатынастар орнатуы өзара келісім бойынша жүзеге асырылады. Дипломатиялық қатынастар орнатуға келісім, егер өзгеше ескертілмесе, консулдық қарым-қатынастар орнатуға келісімді білдіреді.

      16. Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылды консулдық округте орналасқан олардың өкілдіктерін қоспағанда, Министрлік арқылы жүзеге асырады.

      17. Консулдық көрсетілетін қызметтерді алу үшін жеке және заңды тұлғалардан түсетін құжаттарды қабылдауды және өңдеуді Қазақстан Республикасы аумағында - Министрліктің және Министрлікке жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жәрдемдесетін Министрлікке ведомстволық бағынысты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлері, шет елдерде - Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері жүзеге асырады.

      Ескерту. 17-тармақтың орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      18. Қазақстан Республикасының аумағында консулдық функцияларды іске асыру кезінде материалдық-техникалық қамтамасыз етуді Министрлік және Министрлікке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін Министрлікке ведомстволық бағынысты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

3-тарау. Консулдық мекеменің басшысы және персоналы

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      19. Бас консулдықтарды, консулдықтарды, вице-консулдықтарды және консулдық агенттіктерді тиісінше бас консулдар, консулдар, вице-консулдар және консулдық агенттер басқарады.

      Дипломатиялық өкілдіктердің консулдық бөлімдерін консулдық бөлімдердің меңгерушілері басқарады.

      20. Консулдық мекеменің басшысына лауазымға тағайындалған кезде Министр немесе оның міндетін атқарушы өзге адам қол қоятын жазбаша өкілеттік - консулдық патент беріледі, онда басшының толық аты мен тегі, консулдық мекеменің сыныбы, консулдық округ және консулдық мекеменің болу мемлекетіндегі орналасқан жері көрсетіледі.

      Консулдық патентті құрметті консулға берген кезде қосымша оның азаматтығы көрсетіледі.

      21. Консулдық мекеменің басшысы өз міндеттерін атқаруға болу мемлекетінің рұқсатын - экзекватурасын алғаннан кейін кіріседі. Осы Жарғының 22-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, консулдық мекеменің басшысы экзекватура алғанға дейін өз міндеттерін атқаруға кірісе алмайды.

      22. Болу мемлекетінің келісімімен консулдық мекеменің басшысы өзіне экзекватура берілгенге дейін консулдық функцияларды орындауға уақытша жіберіледі.

      Егер консулдық мекеменің басшысы қандай да бір себепке орай өз функцияларын орындай алмаса немесе консулдық мекеменің басшысы лауазымы уақытша бос болса, оның міндеттерін уақытша атқаруды Министрліктің айқындауы бойынша осы немесе өзге консулдық мекеменің (дипломатиялық өкілдіктің) консулы жүзеге асырады.

      Егер консулдық мекеменің басшысы қызметтік қажеттілікке байланысты болу мемлекетінен тыс жерде немесе еңбек демалысында болса, оның міндеттерін уақытша атқаруды консулдық мекеменің басшысы айқындайтын осы консулдық мекеменің консулы жүзеге асырады.

      23. Консулдық мекеменің басшысы:

      1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін барлық заңды құралдармен және әдістермен қорғайды;

      2) консулдық округтегі ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша Министрлікті хабардар етеді;

      3) Қазақстан Республикасының болу мемлекетімен ынтымақтастығын дамытуды қамтамасыз етеді;

      4) болу мемлекетінде консулдық мекемеге, персоналға және олардың отбасы мүшелеріне халықаралық құқық нормалары мен болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді қамтамасыз ету жөнінде қажетті шараларды қабылдайды;

      5) консулдық округтен тыс жерге қысқа мерзімді қызметтік іссапарларға шығуды Министрлікпен келіседі;

      6) заңнамамен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен өз құзыретіне жатқызылған басқа да функцияларды орындайды.

      24. Консулдық мекеменің басшысы:

      1) Министрлікке болу мемлекетімен екіжақты қатынастар мәселелері жөнінде белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуге;

      2) консулдық мекеменің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан қажетті материалдар мен құжаттарды белгіленген тәртіппен алуға;

      3) Министрлікке консулдық мекеменің персоналын мемлекеттік наградалармен марапаттау, дәрежесі мен лауазымын көтеру, мерзімінен бұрын елге қайтару немесе шетелдегі жұмыс мерзімін ұзарту, тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізуге;

      4) консулдық мекемені қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың (шығыстың) лимитіне билік етуге;

      5) консулдық мекеменің қызметі мәселелері бойынша бұйрықтар шығаруға, Министрлікпен келісу бойынша қызмет көрсетуші персоналмен еңбек қатынастарына байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға, консулдық қызмет персоналының жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалыстарының кестесін бекітуге;

      6) жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысы берілген кездегі жол жүруді қоспағанда, болу мемлекетіндегі дипломатиялық өкілдік басшысымен (бар болған жағдайда) келісу бойынша консулдық мекеме персоналының және олардың отбасы мүшелерінің консулдық округтен тыс жерлерге қысқа мерзімді жол жүруіне рұқсат беруге;

      7) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен Министрдің бірлескен бұйрығында белгіленген тәртіппен болу мемлекетінде өзінің қызметкерлері жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша анықтау жүргізуге құқылы.

      25. Консулдық мекемелердің персоналы мен олардың отбасы мүшелері болу мемлекетінің заңдарын сақтауға, жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеуге және болу мемлекетінің ішкі істеріне араласу ретінде қарастырылуы мүмкін кез келген іс-әрекеттен тартынуға тиіс.

      26. Өз қызметін Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүзеге асыратын консулдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Қазақстан Республикасының шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары қолданылады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4-тарау. Консулдық функциялар және олардың орындалуы

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      27. Консулдық функцияларды Қазақстан Республикасы атынан:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында - Министрлік;

      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде:

      Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері;

      болу мемлекеті келіскен кезде Қазақстан Республикасы тиісті халықаралық шарт жасасқан басқа мемлекеттер орындайды.

      28. Консулдық мекеменің басшысы өзіне жүктелген функцияларды жеке өзі орындайды.

      Консулдық мекемеде жекелеген консулдық функцияларды орындау - консулдық мекеме басшысының, дипломатиялық өкілдікте - дипломатиялық өкілдік басшысының бұйрығы негізінде басқа консулға жүктелуі мүмкін.

      29. Консулдық мекемеде консулдық функцияларды орындау кезінде заңдылықтың сақталуына дербес жауаптылық консулдық мекеменің басшысына, дипломатиялық өкілдікте - дипломатиялық өкілдіктің басшысына және консулдық бөлімнің меңгерушісіне жүктеледі.

      30. Консул консулдық функцияларды консулдық округ шегінде орындайды. Консулдық функцияларды консулдық округтен тыс жерлерде орындау ерекше жағдайларда Министрліктің тапсырмасы бойынша болу мемлекетінің келісімімен жүзеге асырылады.

      31. Консулдың басқа мемлекеттің атынан консулдық функцияларды орындауы осы мемлекетпен уағдаластық бойынша және болу мемлекетінің келісімімен жүзеге асырылуы мүмкін.

      32. Консул жылына кемінде бір рет өз консулдық округін аралап шығады.

      33. Консул консулдық архивке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.

      34. Консул өз консулдық округінің шегінде консулдық мекеменің қызметіне байланысты барлық мәселелер бойынша болу мемлекетінің билік орындарына өтініш білдіруге құқылы.

      35. Консул өзінің консулдық қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдік жеке және заңды тұлғалардың жазбаша және ауызша өтініштерін қабылдайды.

      36. Консулдық функцияларды жүзеге асыратын адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымды консулдық мекеменің басшысы, дипломатиялық өкілдіктің басшысы немесе Министрлік, сондай-ақ өзге де тұлғалар және ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.

      37. Консулдық функцияларға:

      1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық есепке алу;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерін қарау;

      4) Қазақстан Республикасының визаларын беру, қалпына келтіру, жою, олардың қолданылу мерзімін ұзарту және қысқарту;

      5) жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және алып қою;

      6) Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін тіркеу;

      7) Қазақстан Республикасының шетелде жүрген азаматтарын асырап алу, қамқоршылыққа және қорғаншылыққа алу;

      8) Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдерде тұрақты тұруына рұқсатты ресімдеу;

      9) құжаттарды заңдастыру;

      10) нотариаттық іс-әрекеттер жасау;

      11) құжаттарды талап етіп алдыру;

      12) Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын іске асыру;

      13) санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласында шаралар қабылдау;

      14) Қазақстан Республикасының әуе кемелеріне, теңіз және өзен флоты кемелеріне, автомобиль және теміржол көлігі құралдарына жәрдемдесу;

      15) Қазақстан Республикасы азаматтарының мүлкін қорғауға қатысты шаралар қабылдау;

      16) болу мемлекетінде қиын жағдайға ұшыраған, оның ішінде форс-мажор жағдайлары салдарынан қиын жағдайға ұшыраған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты шаралар қабылдау;

      16-1) заңдық мәні бар өзге де құжаттар (анықтамалар) беру;

      17) қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетке алынған немесе ұсталған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты, сондай-ақ консулдық округ аумағында хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасының азаматтарын іздестіру шараларын қабылдау жатады.

      Ескерту. 37-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 09.03.2021 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      38. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес консулдық іс-әрекеттер жасағаны үшін консулдық алым алынады.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.03.2021 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      39. Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге де консулдық функциялар көзделу мүмкін.

5-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына қатысты функциялары

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      40. Консул Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының оларға болу мемлекетінің заңнамасы және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар ұсынған барлық құқықтарды толық көлемде пайдалануы үшін шаралар қабылдайды.

      41. Консул консулдық округ аумағындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының және болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету мақсатында жәрдем көрсетеді.

      42. Консул Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдайды.

      43. Консул өзінің консулдық округінде уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын болу мемлекетінің қолданыстағы заңнамасы, сондай-ақ жергілікті салт-дәстүрлер туралы хабардар етеді.

      44. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елде болуына қатысты мәселелер жөніндегі консул өкімдерінің олар үшін міндетті күші бар.

      45. Консул Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе қаржылық сипаттағы немесе науқастану себептеріне байланысты өздері қатыса алмаса әрі істің жүргізілуін қандай да бір адамға тапсырмаса немесе басқа да себептермен өз мүдделерін қорғай алмайтын болса, болу мемлекетінің мекемелерінде олардың атынан сенімхатсыз өкілдік етуге құқығы бар. Өкілдік етушілер өз уәкілетті адамдарын тағайындағанға дейін немесе өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды өздеріне алғанға дейін бұл өкілдік жалғасады.

6-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық есепке алу жөніндегі функциялар

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      46. Консул өзінің консулдық округінде тұрақты тұрып жатқан және уақытша жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргізеді.

7-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      47. Консул:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесі бойынша өтініштер қабылдайды және оларды қажетті құжаттармен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жолдайды;

      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуын тіркейді;

      3) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығына тиесілілігін айқындайды;

      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдарды Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтық мәселесі бойынша қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.

8-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының визаларын беру жөніндегі функциялары

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      48. Консул:

      1) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының визаларын береді, олардың күшін жояды, қалпына келтіреді, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзартады және қысқартады не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының визаларын беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;

      2) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне визалар беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат береді;

      4) Қазақстан Республикасына келу туралы өтініштер берген көшіп келушілердің, оның ішінде этностық қазақтардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді, оларды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін келуге арналған визаларды ресімдейді.

      Ескерту. 48-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 09.03.2021 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

9-тарау. Консулдың жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және алып қою мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 9-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      49. Консул:

      1) Қазақстан Республикасының шет елдердегі азаматтарына паспорттар дайындауға құжаттарды қабылдайды және жібереді әрі олардың паспорттарына қажетті жазбалар енгізеді;

      2) Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлікті береді;

      3) шетелде тұрақты тұру құқығына құжаттар алған Қазақстан Республикасының азаматтарынан - жеке куәліктерін, өзге мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда - Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алып қояды.

      50. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және алып қою "Жеке басты кәуландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

10-тарау. Консулдың азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі функциялары

      Ескерту. 10-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      51. Консул:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асырады;

      2) азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілері жазбалары органдарында тіркелген азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және жою жөнінде шаралар қабылдайды.

11-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының шетелде жүрген азаматтарын асырап алуға, қамқоршылыққа және қорғаншылыққа алуға қатысты функциялары

      Ескерту. 11-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      52. Консул Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес асырап алуға ниет білдірген шетелдіктердің есебін жүргізеді.

      53. Министрлік Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес шетелдіктерге асырап алуға берілген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды есепке қоюды жүзеге асырады.

      Шетелдіктерге асырап алуға берілген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде есепке қою және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің балаларды бақылауды жүзеге асыру тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

      54. Консул шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларды бақылауды консулдық округ шегінде жүзеге асырады.

      55. Консул консулдық округ аумағында тұрақты тұратын шетелдік азаматтар болып табылатын асырап алушылардың асырап алған балалардың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулығы туралы есеп беруін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      56. Консул өзінің консулдық округіндегі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына қамқоршылық және қорғаншылық белгілеу үшін шаралар қабылдайды.

      Консул денсаулық жағдайына байланысты өз құқықтарын өздігінен жүзеге асыра алмайтын және өз міндеттерін орындай алмайтын, кәмелетке толған Қазақстан Республикасының азаматтарына да қамқоршылық белгілеу үшін шаралар қабылдайды.

12-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтарына шетелде тұрақты тұруға рұқсат беруді ресімдеу мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 12-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      57. Консул Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша шыққан және шет мемлекетте тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарына шет елде тұрақты тұруға рұқсат беруді ресімдеу құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 57-тармақтың орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      58. Консул шет елге уақытша шыққан және онда тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елде тұрақты тұруы мәселелері жөніндегі шешімдерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының рұқсаттары негізінде қабылдайды.

      Ескерту. 58-тармақтың орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      59. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен шыққан және онда тұрақты тұру үшін қалуға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын қабылдау және жолдау тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

13-тарау. Консулдың құжаттарды заңдастыру мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 13-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      60. Консул консулдық округтің билігі, сондай-ақ консулдық округте аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жасаған немесе куәландырған құжаттар мен актілерді заңдастыруға қабылдайды.

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шет мемлекеттер билігінің қатысуымен жасалған немесе осы биліктен шығатын құжаттар мен актілерді заңдастырылған жағдайда ғана қарауына қабылдайды.

      61. Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің төлнұсқалығын белгілеу және куәландыру болып табылады.

      62. Құжаттарды заңдастыру тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

14-тарау. Консулдың нотариаттық іс-әрекеттер жасау мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 14-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      63. Консул мынадай нотариаттық іс-әрекеттер жасайды:

      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардан басқа мәмілелерді куәландырады;

      2) мұраға құқық туралы куәліктер береді;

      3) ерлі-зайыптылардың және ортақ бірлескен меншік құқығында мүлкі бар өзге адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер береді;

      4) құжаттардың көшірмелері мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын куәландырады;

      5) құжаттарға қойылған қолдың төлнұсқалығын куәландырады;

      6) құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын куәландырады;

      7) азаматтың тірі екендігі фактісін куәландырады;

      8) азаматтың белгілі бір жерде болу фактісін куәландырады;

      9) құжаттардың берілген уақытын куәландырады;

      10) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа жеке және заңды тұлғаларға береді;

      11) ақшаны депозитке қабылдайды;

      12) құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдайды;

      13) теңіз наразылықтарын жасайды;

      14) дәлелдемелерді қамтамасыз етеді.

      64. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде консул жасайтын өзге де нотариаттық іс-әрекеттер көзделуі мүмкін.

      65. Консул өз атына және өз атынан, өз жұбайының, оның және өз туыстарының (ата-аналары, балалары, аға-інілері, апа-сіңлілері, қарындастары, немерелері, атасы, әжесі) атына және олардың атынан нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.

15-тарау. Консулдың құжаттарды талап етіп алдыру мәселелері жөніндегі функциялары

      Ескерту. 15-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      66. Консул өзінің консулдық округінде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.

      Құжаттарды талап етіп алдыру Қазақстан Республикасынан немесе шет елдерден Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды салып жіберу (жеткізу, өткізу) болып табылады.

      67. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мекемелері арқылы Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды талап етіп алдыру тәртібі Министр мен Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бірлескен бұйрығымен белгіленеді.

16-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын іске асыру жөніндегі функциялары

      Ескерту. 16-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      68. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың сайлау құқықтарының іске асырылуына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сайлау құқығы қағидаттарының сақталуына жәрдем көрсетеді.

      69. Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды және республикалық референдумды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің үй-жайында сайлау учаскесі құрылған жағдайда, консулдық мекеме бұл туралы консулдық округтің билік органдарын ресми түрде хабардар етеді.

17-тарау. Қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының және сот органдарының тапсырмаларын орындау жөніндегі консулдың функциялары

      Ескерту. 17-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      70. Консул Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының және сот органдарының Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты тапсырмаларын орындайды.

      71. Консул консулдық округ шегіндегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдеріне қызметтік міндеттерін орындауға жәрдем көрсетеді.

18-тарау. Консулдың санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласында шаралар қабылдау жөніндегі функциялары

      Ескерту. 18-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      72. Консулдық округ аумағында карантиндік аурулар пайда болған кезде консул Қазақстан Республикасының санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласындағы уәкілетті органдарын ауру таралған ауданның атауын және шекарасын, ауруға шалдығу оқиғаларының санын және жергілікті биліктің індетке қарсы қабылдаған шараларын көрсетіп, хабардар етеді.

      Консул Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына барған кезде екпелер туралы халықаралық сертификат ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді.

      73. Консулдық округ шегінде ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің қауіпті аурулары немесе зиянкестері пайда болған, сондай-ақ мал мен құстар жаппай ауырған немесе адам мен жануарларға ортақ аурулардың таралу қаупі болған жағдайларда консул бұл туралы Қазақстан Республикасының санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласындағы уәкілетті органдарына хабарлайды.

      74. Консул Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына барған кезде малға, шикізатқа және жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринариялық сертификаттар ұсыну қажеттігі және Қазақстан Республикасына тұқымды, тірі өсімдіктерді, екпе материалды, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді әкелу қағидалары туралы хабардар етеді.

19-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының әуе кемелеріне, теңіз және өзен флоты кемелеріне, автомобиль және теміржол көлігі құралдарына қатысты функциялары

      Ескерту. 19-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      75. Консул болу мемлекетінің әуежайларында, өзінің консулдық округі шегінде Қазақстан Республикасы әуе кемесінің (бұдан әрі - әуе кемесі) командиріне, экипажы мен жолаушыларына болу мемлекетінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқықтар мен иммунитеттер толық көлемде берілуі үшін шаралар қабылдайды.

      76. Консул әуе кемесінің командиріне, экипажына және жолаушыларына болу мемлекетінің билігімен қатынас жасауда жәрдем көрсетеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда әуе кемесін, оның экипажы мен жолаушыларын Қазақстан Республикасына қайтаруға немесе ұшуды жалғастыруына қатысты шаралар қабылдайды.

      77. Әуе кемесі консулдық округтің шегінде аварияға ұшыраған, қонуға мәжбүр болған немесе басқа бір оқиғаға ұшыраған жағдайларда консул экипаж бен жолаушыларға қажетті көмек көрсетеді.

      78. Әуе кемесінің бортында қылмыс жасалған жағдайда консул әуе кемесінің командиріне Қазақстан Республикасының заңнамасынан және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан туындайтын міндеттерді орындауына жәрдем көрсетеді.

      79. Министрліктің Қазақстан Республикасының авиакомпанияларымен уағдаластығы бойынша консул дипломатиялық поштаны және дипломатиялық жүктерді Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерімен Министрлік пен Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының арасындағы келісілген тарифтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының қауіпсіздік қағидаларының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жібереді.

      80. Болу мемлекетінде әртүрлі себептерге немесе табиғи апаттарға байланысты төтенше жағдай жарияланған жағдайда консул Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерімен жіберу бойынша жәрдем көрсетеді.

      81. Осы тараудың 75-80-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері авиациясының ұшақтарына (тікұшақтарына), теңіз және өзен флоты кемелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының автомобиль және теміржол көлігі құралдарына да қолданылады.

      82. Теңіз кемесі шетелде сатып алынған жағдайда консул Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзу құқығына уақытша куәлік береді.

20-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының болу мемлекетінде қиын жағдайға ұшыраған, оның ішінде форс-мажор жағдайларының салдарынан қиын жағдайға ұшыраған азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қайтыс болған азаматтарына қатысты шаралар қабылдау жөніндегі функциялары

      Ескерту. 20-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      83. Егер Қазақстан Республикасының азаматы болу мемлекетінде форс-мажор жағдайлары салдарынан қиын жағдайға ұшыраған және өмір сүруге қаражаты болмаған, сондай-ақ қылмыстық құрылымдар әрекетінің және адам саудасының құрбаны болған және осы туралы консулдық мекемеге хабарлаған жағдайларда консул:

      1) осы азаматты шақырған адамның немесе ұйымның оның осы мемлекетте болуына байланысты шығыстарын өтеу міндеттемелерінің бар-жоғын белгілейді және олардың орындалуына жәрдемдеседі;

      2) осы азаматтың өзінің отбасы мүшелерімен, туыстарымен немесе өзге адамдармен байланыс орнатуына жәрдем көрсетеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қажетті, оның ішінде қаржылық көмек көрсетеді;

      4) осы жағдай туралы Министрлікті хабардар етеді.

      84. Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болған жағдайда консул оны тиісті жол-жоралғысымен жерлеу немесе қайтыс болған азаматтың мәйітін Қазақстан Республикасына жіберу шараларын қабылдайды.

      85. Болу мемлекетінде қиын жағдайға ұшыраған, оның ішінде форс-мажор жағдайлары салдарынан қиын жағдайға ұшыраған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарына қатысты шаралар қабылдау бойынша іс-шараларды іске асыру бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 85-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.03.2021 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

21-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының мүлкіне қатысты функциялары

      Ескерту. 21-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      86. Консул Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған мүлікті кейіннен мұрагерлерге беру үшін оны қорғау шараларын қабылдайды.

      87. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесілі ақшаны, бағалы заттарды, құнды қағаздарды және құжаттарды сақтауға қабылдайды.

      Сақтауға тапсырылған мүлік тиесілі адам қайтыс болған жағдайда, мұндай мүлікке осы Жарғының 86-тармағының ережелері қолданылады.

22-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетпен ұсталған не ұстап алынған азаматтарына, сондай-ақ консулдық округ аумағында Қазақстан Республикасының хабар-ошарсыз кеткен азаматтарын іздестіруге қатысты функциялары

      Ескерту. 22-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      88. Консул күзетпен қамауға алынған (тұтқындалған) немесе қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған, немесе бас бостандығын шектейтін басқа да шараларға ұшыраған, немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген, сол сияқты сот немесе әкімшілік ықпал етудің өзге шаралары қолданылатын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты болу мемлекетінің заңнамасы мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың сақталуы үшін шараларын қабылдайды.

      89. Консул мүдделі адамдардың өтініші және өз бастамасы бойынша қамау орындарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына барады және оларды ұстау жағдайларын анықтайды, болу мемлекетін Қазақстан Республикасының мұндай азаматтарының санитария мен гигиена талаптарына сай жағдайларда ұсталуы, олардың қатыгездікке ұшырамауы және адамдық қасиеттерінің қорланбауы қажеттілігі туралы хабардар ету үшін шаралар қабылдайды.

      90. Қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетке алынған не ұсталған Қазақстан Республикасының азаматының мұндай шаралардың қабылдануына қарсы жазбаша қарсылығы болған кезде, консул оның атынан кез келген шараларды қабылдаудан тартынады.

      91. Консул өз консулдық округі аумағында хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасы азаматтарын іздестіруге жәрдемдесу үшін болу мемлекетінің құзыретті органдарына жүгінеді.

23-тарау. Құрметті консулдықтардың қызметі

      Ескерту. 23-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.09.2021 № 661 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      92. Құрметті консулдардың Қазақстан Республикасы атынан жекелеген консулдық функцияларды орындауы Министрдің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.

      93. Құрметті консулдықтарды болу мемлекетінің келісімі бойынша Министр тағайындайтын құрметті консулдар басқарады.

      Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматы құрметті консул болып тағайындалады.

      94. Құрметті консулдықтар болу мемлекетінің келісімі бойынша Министрдің бұйрықтары негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өз қызметін тоқтатады.

      95. Құрметті консулдардың функциялары мен өкілеттіктері Министрдің бұйрығымен айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 25 сәуірдегі
№ 240 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 47, 430-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1503 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 51, 670-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 623 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 31, 308-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 260 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 27-28, 366-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады