Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) құрылсын.
Қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық Министрлік қызметінің негізгі бағыттары болып айқындалсын.
Жаңадан құрылған Министрлікке:
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы;
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін, Аэроғарыш комитетін және Мемлекеттік материалдық резервтер комитетін құруды;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:
"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;".
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.НАЗАРБАЕВ |