Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 46, 416-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басшылары бекітілетін Қағидаларға сәйкес ұсынылатын ақпараттың және ұсыныстардың анықтығы, сапасы мен уақтылығы үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастары мен мемлекеттік мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша өздерінің көпшілік алдындағы сөздері мен мәлімдемелері Қазақстан Республикасының ресми ұстанымына сәйкес келуіне дербес жауапты болады деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жарты жылда бір рет Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүдделерін қозғайтын өзекті халықаралық мәселелер жөніндегі Қазақстан Республикасының ресми ұстанымы туралы хабардар етсін.";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру қағидаларында:
23, 24, 25, 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар сұрау салу келіп түскен кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде немесе Президент Әкімшілігі белгілеген өзге де мерзімдерде алдағы іс-шараларға және Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобасына қажетті ақпарат пен ұсыныстарды дайындауды және СІМ-ге ұсынуды қамтамасыз етеді.
СІМ-ге жолданатын Мемлекет басшысының келіссөздеріне арналған тезистердің жобасына мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы немесе басшының жетекшілік ететін орынбасары әр параққа бұрыштама қол қояды.
Сапасыз ақпарат ұсынылған жағдайда, СІМ ұсынылған ақпаратты мемлекеттік органға немесе ұйымға пысықтау үшін қайтаруға құқылы, олар үш жұмыс күні ішінде алдағы іс-шараларға және Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобасына пысықталған ақпарат пен ұсыныстарды жібереді.
24. СІМ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің қойылған қолымен іс-шара тұжырымдамасын Қазақстан Республикасы Президентінің атына Президент Әкімшілігіне іс-шараның өткізілуінен кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын енгізеді. Бұл ретте тұжырымдаманы дайындау кезіне қарай жобалары Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен, Әділет министрлігімен, СІМ-мен және контрагенттермен келісілген, қол қою (жасасу) жоспарланған халықаралық шарттар тұжырымдамаға енгізіледі.
25. Іс-шара тұжырымдамасының жобасын пысықтау және шағын әрі кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге тезистерді қоса алғанда, іс-шараның мазмұндық бөлігін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі іс-шара тұжырымдамасын Президент Әкімшілігіне енгізгенге дейін бір жұмыс күні бұрын мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (басшысы орынбасарының деңгейінен төмен емес), Премьер-Министр Кеңсесі мен Президент Әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізеді.
Ақпараттық-талдау материалдары пакетін түпкілікті пысықтау, оның ішінде делегация құрамының жобасын бекіту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ақпараттық-талдау материалдары пакетін Президент Әкімшілігіне енгізгенге дейін екі жұмыс күні бұрын мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (басшылары орынбасарларының деңгейінен төмен емес), Премьер-Министр Кеңсесі мен Президент Әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізеді.
Осы тармақта көрсетілген кеңестер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің не оның тапсырмасы бойынша оның орынбасарларының бірінің төрағалығымен өтеді.
СІМ кеңеске жоғары деңгейдегі іс-шараны дайындау барысы туралы жиынтық ақпаратты қалыптастырады, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қажетті ақпаратты ұсынуының уақтылығы мен сапасы туралы хабарлайды.
Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпаратты уақтылы бермеген немесе сапасыз дайындаған жағдайда, СІМ бұл факт туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін хабардар етеді.
26. СІМ осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген ақпараттық-талдау материалдары пакетін жоғары деңгейдегі іс-шараның өткізілуінен кемінде он бес жұмыс күні бұрын Президент Әкімшілігіне енгізеді.
СІМ өзекті сипат берілген деректерді ескере отырып, пысықталған ақпараттық-талдау материалдары пакетін жоғары деңгейдегі іс-шараның өткізілуінен кемінде жеті жұмыс күні бұрын Президент Әкімшілігіне енгізе алады.
Президент Әкімшілігі ақпараттық-талдау материалдары пакетіне сараптама және қажеттілігіне қарай пысықтау жүргізіп, оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізеді.";
мынадай мазмұндағы 26-1-тармақпен толықтырылсын:
"26-1. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар немесе ұйымдар ақпараттық-талдау материалдарын осы Қағидалардың 26-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде Президент Әкімшілігіне дербес өзі енгізеді.";
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізу барысында СІМ қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркеуді қамтамасыз етеді.
СІМ Мемлекет басшысы сұхбатының жазбаларын іс-шара өткізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Президент Әкімшілігіне ұсынады.";
мынадай мазмұндағы 29-1-тармақпен толықтырылсын:
"29-1. Тиісті халықаралық іс-шара өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде СІМ жоғары деңгейде өткізілген халықаралық іс-шаралардың қорытындылары бойынша Президент Әкімшілігіне:
1) шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының шолуын;
2) шетелдік сарапшылар топтарының пікірлерін;
3) ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен қол жеткізілген уағдаластықтарды көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарымен келісілген Мемлекет басшысының алғыс хатының жобасын ұсынады.";
33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негізінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды және тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының алдындағы айдың 25-күніне дейін СІМ-ге Президент тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы есеп береді.
Инвестициялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалар арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады және тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының 25-күніне дейін СІМ-ге жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі есепті жолдайды.
34. СІМ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынған, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы есепті жинақтап, қорытады және талдайды, әрбір тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының 5-күніне дейін жиынтық есепті Премьер-Министр Кеңсесіне жібереді.
СІМ әрбір тоқсан сайын, есеп беретін тоқсаннан кейінгі айдың 5-күніне дейін инвестициялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған, Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалар арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын мониторингтеудің нәтижелері туралы есепті Премьер-Министр Кеңсесіне жібереді.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Орталық мемлекеттік органдардың Дүниежүзілік сауда ұйымымен ресми хат алмасуын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар мен шетелдік мемлекеттік органдар, дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ресми хат алмасу, егер заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінде немесе күшіне енген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, СІМ арқылы жүзеге асырылады.
Мәселелерді шетел тарапымен таяу арадағы бес күн ішінде пысықтау қажет болған жағдайда, жіберілген хаттар мен олардың мазмұны туралы кейіннен СІМ-ді хабардар ете отырып, орталық мемлекеттік органдардың шетелдік мемлекеттік органдарға, дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдарға хаттар жіберуіне жол беріледі."
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н.Назарбаев |