ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1004 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ
бұдан әрі "1998 жылғы Келісім" деп аталатын 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімнің 14-бабын назарға ала отырып,
жоғарыда аталған 1998 жылғы Келісімнің 2-бабын толық жүзеге асыруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Осы Қосымша келісімнің мақсаттары үшін:
a) "шетелден келген Католиктік Шіркеудің мүшелері" ретінде әрбір архиепископ, епископ, апостолдық әкімші, дін қызметшісі, Монастырлық өмір институтының және Апостолдық өмір қоғамының мүшесі, 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген Католиктік Шіркеу субъектілерінің қандай болмасын пасторлық және қайырымдылық қызметінде ынтымақтастық жасайтын Қазақстан азаматтығы жоқ лайықты түрде өкілетті діншіл адам түсініледі;
b) "Католиктік Шіркеудің субъектілері" ретінде 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген барлық заңды тұлғалар, олардан өзгелерін қоса алғанда: архиепархиялар, епархиялар, прелатуралар, экзархаттар, апостолдық әкімшіліктер, префектуралар, нақты миссиялар, приходтар, монастырлық қауымдастықтар (монастырлар), монастырлық өмір институттары, апостолдық өмір қоғамы, қауымдастықтар, семинариялар, колледждер, мектептер және басқа да діни, білім беру, әлеуметтік-мәдени мекемелер түсініледі;
c) "Католиктік Шіркеудің құзыретті органдары" ретінде Қазақстан Республикасының аумағында Католиктік Шіркеудің субъектілерін басқаратын архиепископтар, епископтар, апостолдық әкімшілер, прелаттар, экзархаттар және оларға теңестірілген басқа да шіркеу қызметшілері түсініледі.
2. Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Католиктік Шіркеудің шетелден келген, Католиктік Шіркеудің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға рұқсат береді.
3. Католиктік Шіркеудің шетелден келген Католиктік Шіркеудің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға арналған рұқсат алу үшін Католиктік Шіркеудің құзыретті органының жазбаша міндеттемелерімен ауыстырылатын төлем қабілеттілігін және тұрғылықты жерін растауды қоспағанда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажет.
4. Қазақстан Республикасындағы Католиктік Шіркеудің құзыретті органдары Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарын Католиктік Шіркеудің шетелден келген мүшесінің Қазақстан Республикасында қызмет етуінің тоқтатылғаны туралы күнтізбелік он күн ішінде хабардар етеді. Мұндай хабарлама Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою үшін негіз болады.
5. Осы Қосымша келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, ол автоматты түрде осындай кезеңдерге ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Қосымша келісім тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты айдан кейін өз қолданысын тоқтатады, егер Тараптар өзара келісуі бойынша өзгеше шешім қабылдамаса, бұл хабарлама тиісті рәсімдерді аяқтауға әсер етпейді.
6. Айрықша жағдайларда ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы дипломатиялық арналармен Қасиетті Таққа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Қосымша келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толығымен тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Қосымша келісімнің қолданысы осындай хабарламаны алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады.
Осы Қосымша келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес Католиктік Шіркеудің шетелден келген, ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған, тоқтата тұру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы мүшелерінің құқықтарын қозғамайды.
7. Осы Қосымша келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8. Осы Қосымша келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2022 жылғы _______________,_______________әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Қосымша келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасы үшін | Қасиетті Тақ үшін |