Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында жариялануға тиiс |
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысында:
108, 109 және 110-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"108. Қарауылдық қызметті атқару үшін қарауылдар тағайындалады.
Әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндетті орындау үшін тағайындалған қаруланған бөлімше қарауыл деп аталады.
Қарауылдық қызметті атқару жөніндегі міндет әскери бөлімшелерге жүктелмеген әскери бөлімдерде объектілерді күзетуді ведомстволық күзет бөлімшелері жүзеге асыруы мүмкін.
Жауынгерлік кезекшілік атқаратын күштер мен құралдарды күзету мен қорғау әскери қарауылдарға немесе қаруланған патрульдерге, ал жауынгерлік туларды – әскери қарауылдарға немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының, сондай-ақ басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бірінші басшыларының шешімі бойынша тәуліктік нарядтың басқа да адамдарына жүктеледі.
Қарауылдар гарнизондық және ішкі (корабльдік) болады, олар тұрақты және уақытша болуы мүмкін.
Гарнизондық қарауыл жалпыгарнизондық мақсаттағы объектілерді және бір-біріне тікелей жақын орналасқан бірнеше әскери бөлімнің объектілерін күзету үшін тағайындалады.
Ішкі (корабльдік) қарауыл бір әскери бөлімнің (корабльдің) объектілерін күзету мен қорғау үшін тағайындалады. Әуеайлақтағы авиациялық бөлімнің ұшақтары (тікұшақтары) мен басқа да объектілерін ішкі қарауыл күзетеді және қорғайды.
Тұрақты қарауылдар қарауылдар кестесінде көзделеді.
Уақытша қарауылдар қарауылдар кестесіне енгізілмейді; олар әскери мүлікті тиеу (түсіру) немесе қоймаларға уақытша қою кезінде, әскери жүкті алып жүру кезінде күзету мен қорғау үшін гарнизон бастығының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады.
109. Гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығына, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне бағынады.
Ішкі (корабльдік) қарауылдар әскери бөлім командиріне (корабль командиріне), әскери бөлім (корабль) бойынша кезекшіге және егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі офицер болса, оның көмекшісіне бағынады. Әскери бөлімнің қалған бөлімшелерінен бөлек орналасқан батальонның (дивизионның) объектілерін күзететін ішкі қарауыл, одан басқа осы батальон (дивизион) командиріне және әскери атағы қарауыл бастығымен тең немесе атағы бойынша одан жоғары батальон (дивизион) бойынша кезекшіге бағынады.
Сержанттар (старшиналар) қатарынан тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бастығы офицер емес қарауылдар бағынады.
Қарауылдар таралым уақытында қарауылдар (әскери бөлім, корабль) бойынша кезекшіні қарсы алу үшін "ТІК ТҰР" командасы берілген сәттен бастап осы адамдардың бағынысына кіреді, ал қарауыл бастығы ауысымнан кейін өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) қарай жүру үшін "Адым – БАС" командасын берген сәттен бастап олардың бағынысынан шығады.
110. Қарауыл құрамына: қарауыл бастығы, бекеттер мен ауысымдар саны бойынша қарауылдар, таратушылар, ал қажет болған кезде қарауыл бастығының көмекшісі, техникалық күзет құралдары бойынша операторлар ауысымы (ауысымдағы операторлар саны күзетілетін объектінің маңыздылығына, оның периметрінің ұзындығына, орнатылған бейнебақылау жүйесінің санына байланысты айқындалады, бірақ кемінде екі әскери қызметші болуға тиіс, олардың біреуі қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі болып тағайындалуы мүмкін), қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі және көлік құралдарының жүргізушілері (жауынгерлік машина экипаждары) тағайындалады.
Аталған адамдардан басқа, штабтар мен басқару пункттерін күзету бойынша бірлестіктен және одан жоғары, сондай-ақ мекемелерді күзету бойынша қарауылға бақылау-өткізу пунктінің қарауылдары тағайындалады.";
157-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"157. Қарауылды ауыстырған кезде жаңа қарауыл бастығы ауысатын қарауыл бастығымен бірге қарауыл бастығына арналған нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, оларға жарық берудің ақаусыздығын, қоршаудың және жертасалардың дұрыстығын, қарауылдық үй-жайдың жай-күйін аралап және сыртынан қарап-тексеру жолымен тексереді, бұдан кейін одан тізімдеме бойынша құжаттарды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді, олардың мөрлерін және кілттерін, ашылған күзетілетін объектілерге арналған рұқсатнаманы, сондай-ақ байланыс және өрт сөндіру құралдарын қабылдайды.";
165-тармақтың жетінші бөлігі алып тасталсын;
179-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) қарауыл бастығына – нұсқаулықта айқындалған күндізгі уақытта 4 сағат;";
190-тармақта 5) тармақшадағы "ақаусыздығы;" деген сөз "ақаусыздығы тексеріледі." деген сөздермен ауыстырылып, 6) тармақша алып тасталсын;
"Гауптвахтада қарауылдық қызметті ұйымдастыру және оны атқару ерекшелігі" деген кіші бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Гауптвахтада қызметті ұйымдастыру және оны атқару ерекшелігі";
207 және 208-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"207. Гауптвахта – әскери полиция органдарының жанынан жабдықталған арнаулы үй-жай, онда:
әкімшілік қамаққа алынған;
қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған, сондай-ақ өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған, қылмыс жасады деп күдік келтірілген, айыпталған, сотталушы;
қамаққа алуға сотталған;
бас бостандығынан айыруға сотталған әскери қызметшілерді – соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенге дейін және оларды жазаны орындау органдарына жібергенге дейін қоғамнан заңды негізде уақытша оқшаулау қамтамасыз етіледі.
208. Гауптвахта жанындағы кезекші ауысым құрамына ауысым бастығы, бақылаушы және айдауылдаушылар тағайындалады. Гауптвахта жанындағы кезекші ауысымдар жасақ (бөлім) бастығына, гауптвахта бастығына және әскери полиция органы бойынша кезекшіге бағынады.
Гауптвахта бақылаушысына қызметке түскен кезде сақшының құқықтары мен міндеттері беріледі.
Ауысым құрамы арнайы құралдармен, ал сотталғандар, күдіктілер мен айыпталушылар ұсталған жағдайда штаттық атыс қаруымен қаруланады.
Сыртқы және ішкі күзет бекеттерінің саны мен орналасуы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери полициясы органдарының бастықтары бекітетін бекеттер табельдерінде белгіленеді.
Қызмет атқару және қаруды қолдану тәртібі осы Жарғының және Ішкі қызмет жарғысының 10-11-тармақтарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";
210-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"210. Ұсталған әскери қызметшілер ұстау хаттамасының көшірмесімен гауптвахтаға жіберіледі.
Оларға қатысты әкімшілік қамаққа алу қолданылған әскери қызметшілер гауптвахтаға әкімшілік қамаққа алуды қолдану туралы сот қаулысымен жіберіледі.
Оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған әскери қызметшілер гауптвахтаға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес шығарылған қаулымен жіберіледі.
Гауптвахтада ұсталатын қамаққа алуға сотталған әскери қызметшілер гауптвахтаға үкімнің көшірмесімен, оны орындау туралы өкіммен жіберіледі.
Бас бостандығынан айыруға сотталған әскери қызметшілер гауптвахтаға үкім заңды күшіне енгенге және оларды жазаны орындау органдарына жібергенге дейін сот үкімінің көшірмесімен жіберіледі.";
214, 215 және 216-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"214. Әскери қызметшілерді гауптвахтаға гауптвахта бастығы, ал ол болмағанда осы Жарғының 210-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде, сондай-ақ әскери қызметшінің жеке басын куәландыратын құжаттар болған кезде кезекші ауысым бастығы қабылдайды.
215. Гауптвахта бастығы, ал ол болмағанда ауысым бастығы әскери қызметшілерді қабылдаған кезде қажетті құжаттардың бар болуын және олардың дұрыс ресімделуін, оларға тиесілі заттарды тексереді, жеке өзін тексеріп-қарайды, белдікті, бауды, камерада ұстауға тыйым салынған заттарды, құндылық пен басқа да нәрселерді сақтау үшін алып қояды. Гауптвахта бастығы, ал ол болмағанда ауысым бастығы гауптвахтаға қабылдау үшін негіз болып табылатын құжаттардағы мәліметтерді, сондай-ақ алып қойылған және қабылданған заттар, нәрселер, құжаттар тізбесін және ақша сомасын әскери қызметшінің қатысуымен гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді есепке алу журналына (18-қосымша) енгізеді және оған оларды қабылдағаны туралы қолхат (19-қосымша) береді, ол үш данада жасалады, одан кейін гауптвахта бастығы әскери қызметшіні камераға орналастыру үшін ауысым бастығына жібереді, гауптвахта бастығы болмаған жағдайда ауысым бастығы әскери қызметшіні камераға орналастырады.
Әскери қызметшіні гауптвахтаға қабылдаған кезде медицина қызметкері әскери қызметшіні қарап-тексереді, ол туралы гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді есепке алу журналына тиісті жазба жасайды.
Егер әскери қызметшіні гауптвахтаға ауысым бастығы қабылдаса, онда ол әскери қызметшіге одан құжаттар мен заттарды қабылдағаны туралы қолхат береді, кейін құжаттар мен заттарды олардың тізімдемесімен бірге гауптвахта бастығына береді.
216. Гауптвахта бастығы, ал ол болмағанда ауысым бастығы әскери қызметшіні қабылдап, құжаттарды өзіне қалдырады және әскери қызметшіні жеткізген адамға әскери қызметшіні қабылдағаны туралы үш данада жасалатын қолхаттың бірінші данасын береді, оны әскери полиция органының құпия емес іс жүргізуінде тіркейді және кейін әскери қызметшіні гауптвахтаға жіберген әскери бөлімге оны тіркеу және әскери қызметшіні гауптвахтада ұстау мерзімі аяқталғанға дейін есепке алу үшін тапсырады.
Гауптвахтаға жеткізілген әскери қызметшілерді тіркеу, жеке өзін тексеріп-қарауды, медициналық куәландыруды (қажет болған кезде дактилоскопия жасау және фотосуретке түсіру) жүргізу, сондай-ақ алып қоюға жататын заттардың тізбесі гауптвахтадағы ішкі тәртіп қағидаларында айқындалады.";
219-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"219. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер гауптвахтада белгіленген қағидаларды мүлтіксіз сақтауға, гауптвахта бастығының және кезекші ауысым жеке құрамының заңды талаптарын орындауға міндетті.";
221-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"221. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайлардағы уақытша ұсталған адамдардан басқа, әскери қызметшілер жұмыс істеу және серуендеу уақытын қоспағанда, тәулік бойы құлыппен жабылған камераларда болады.
Барлық камераның құлпы бірдей болуға және бірдей кілтпен құлыпталуға тиіс. Осындай екі кілт ауысым бастығының бөлмесінде және біреуі гауптвахта бастығының бөлмесінде сақталуға тиіс.";
223 және 224-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"223. Ортақ камераларда әскери қызметшілер арасынан камерадағы тазалық пен тәртіпке жауапты үлкендері тағайындалады. Олар әскери қызметшілерді таңертеңгі қарап-тексеру, кезекші ауысым ауысқан уақытта тегімен атап тексеру, әскери қызметшілердің бар болуын кешкі тексеру үшін сапқа тұрғызуға, сондай-ақ олардың ұстаудың белгіленген режимін сақтауын бақылауға міндетті.
224. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер күн сайын ұзақтығы қылмыстық-атқару заңнамасында және адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы заңнамада белгіленген серуенге шығады. Серуенге шығу күндізгі уақытта гауптвахтаның арнайы жабдықталған аумағында камера бойынша жүргізіледі. Сотталғанның серуенге шығуы ол белгіленген ішкі тәртіп қағидаларын бұзған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Әскери қызметшілер таңертең және кешке жуыну үшін айдауылдаушының бірге жүруімен: ортақ камерада ұсталатын әскери қызметшілер – камера бойынша; жеке камерада ұсталатын әскери қызметшілер – кезектілік тәртібімен бір-бірден камерадан шығарылады.
Әскери қызметші әйелдерге жеке гигиена қағидаларын сақтау үшін қосымша уақыт бөлінеді.
Ауысым бастығы бақылаушы арқылы шақыртылады.";
226-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"226. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер жұмыс орындаған кезде айдауылдаушы:
1) егер гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді күзету мен қадағалау қиындық туындатса, бір уақытта бірнеше жерде жұмыс жүргізуге жол бермеуге;
2) жұмыс уақытында немесе үзіліс уақытында гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің бөгде адамдармен сөйлеспеуін, темекі шекпеуін және жұмыс орнынан кетпеуін бақылауға міндетті.";
229 және 230-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"229. Камераларды, дәретханаларды күнделікті және жалпы (аптасына бір рет) жинауды, сондай-ақ гауптвахтада еден жууды (сүртуді) айдауылдаушының қадағалауымен онда ұсталатын әскери қызметшілер жүргізеді. Камераларда және дәлізде бейнебақылау жүйесі орнатылады.
Камералар күн сайын әскери қызметшілер серуенге шыққан немесе жұмыста болған уақытта тексеріледі.
Гауптвахта үй-жайларын және дәретханаларды дезинфекциялау аптасына бір рет жүргізіледі. Қараңғы түскенде камераға, дәліз бен дәретханаға жарық берілуге тиіс. Ұйықтау уақытында камераларға жарық берілуге тиіс.
Камерадағы температура Цельсий бойынша плюс он сегіз градустан төмен болмайды.
Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерге хат жазысуға және жазу керек-жарағын пайдалануға, газет, жалпыәскери жарғыларды, әскери және оқу әдебиетін оқуға және радиобағдарламалар тыңдауға рұқсат етіледі.
Темекі шегуге ол үшін бөлінген жерде рұқсат етіледі.
Әрбір гауптвахта жанында жалпыәскери жарғылардың, әскери және оқу әдебиетінің саны жеткілікті болуға тиіс. Гауптвахта күн сайын жаңа газеттермен қамтамасыз етілуге тиіс. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерге әдебиет пен газеттер беруді ауысым бастығы жүргізеді.
230. Әскери қызметшілерді гауптвахтада және оның орналасқан жерінен тыс жерде күзету және алып жүру (айдауылдау) уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен тәртіппен ұйымдастырылады, бұл ретте олардың гауптвахтадан тыс жерде жүру бағдары тергеушімен, алдын ала тергеу органымен, прокурормен не сотпен келісу бойынша жүзеге асырылады.";
233 және 234-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"233. Әскери қызметшіні гауптвахтадан босату үшін гауптвахта бастығы қамаққа алу мерзімінің аяқталуы қарсаңында оны алып кетуге өкіл жіберу үшін оның әскери бөлімінің командиріне әскери қызметшінің босатылатын уақыты туралы хабарлайды және кезекші ауысым бастығына босату туралы жазбахат (20-қосымша) береді, ол кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабымен бірге тапсырылады.
Гауптвахта бастығы босату құқығын беретін құжаттар негізінде әскери қызметшіні белгіленген мерзімде босатады, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді есепке алу журналында және гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің атаулы тізімінде гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшінің босатылатын уақыты туралы жазба жасайды, одан қолхат алып жеке заттарын, ақшасын және құжаттарын, сондай-ақ әскери бөлім командиріне ұсыну үшін оның босатылатын уақыты мен негіздемелері туралы әскери полиция органының бастығы қол қойған анықтама береді. Заттардың, ақша мен құжаттардың қабылданғаны туралы әскери қызметшіге бұрын берілген қолхат жойылады.
234. Гауптвахта әртүрлі негіздемелер бойынша гауптвахтаға қамауға алынған әскери қызметшілер, сондай-ақ әртүрлі санаттағы әскери қызметшілер (заңнамалық актілерге сәйкес құрамдағы) жынысына (ер, әйел) байланысты осы Жарғының 217-тармағының талаптарына сәйкес бөлек ұсталатындай етіп жабдықталады.
Уәкілетті орган бірінші басшысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы бастығының және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери полиция департаменті бастығының шешімі бойынша гауптвахталарда гауптвахтаның жабдықталуын, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің болуын және оларды ұстау тәртібін тексеру үшін әскери полиция органдарынан лауазымды адамдар тағайындалады.
Әскери полиция органдары аумақтық бөлімшелерінің бастықтары да оларға ведомстволық бағынысты гауптвахталарда тексеруді жүзеге асыруға құқылы.";
238-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"238. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің камераларындағы және ортақ пайдаланылатын орындардағы (жуыну бөлмесі) есіктер мен терезелер техникалық күзет құралдарымен жабдықталады. Осы үй-жайлардағы терезелерде одан басқа темір тор болуға, қажет болған кезде ішкі жағынан металл тор тартылуға тиіс. Камералардың есіктеріне қарайтын терезелер орнатылады. Гауптвахтаның дәліздерінде жуыну керек-жарағы мен аяқ киімді тазалауға арналған керек-жарақ үшін, сондай-ақ астары жылы күртешеге (шинельге) және бас киімге арналған құлыппен жабылатын шкафтар болуға тиіс. Шкафтардың кілттері кезекші ауысым бастығында сақталады.";
240-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"240. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жай – әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе әкімшілік іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілерді заңда белгіленген мерзімге мәжбүрлеп ұстауға арналған, арнайы бейімделген үй-жай.";
242, 243 және 244-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"242. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайда ұсталатын әскери қызметшілерді арнаулы бөлінген наряд күзетеді.
Әскери полиция органдарының гауптвахтасы жанындағы уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдағы наряд құрамына ауысым бастығы, бақылаушы және айдауылдаушы кіреді.
Әскери полиция органы бойынша кезекші жанындағы уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдағы наряд құрамына әскери полиция органы бойынша кезекші және оның көмекшісі кіреді.
Әскери полиция органдарының гауптвахтасы жанындағы уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдағы бақылаушы қызметке түскен кезде сақшының құқықтары мен міндеттері беріледі.
243. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға жеткізілген әскери қызметшілерді әскери полиция органы бойынша кезекші қабылдайды және уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға қамауға алынған әскери қызметшілерді есепке алу журналына жазады.
Әскери полиция органы бойынша кезекші ұсталған әскери қызметшілерді қабылдап, олардың заттары мен киім-кешегін тексеріп-қарайды, белдігін, бауларын, үй-жайда ұстауға тыйым салынған заттар мен құндылықты, сондай-ақ барлық қызметтік құжатын алып қояды. Қару мен оқ-дәрілерді, құжаттарды, тыйым салынған нәрселерді, заттар мен құндылықты алғаны туралы хаттама жасалады, оған әскери полиция органы бойынша кезекші және ұсталғанды жеткізген адамдар, сондай-ақ ұсталғанның өзі қол қояды.
Құжаттарды ресімдеу тәртібі әскери қызметшілерді гауптвахтаға қабылдау тәртібімен бірдей.
Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға алкогольдік масаң күйде жеткізілген әскери қызметшілер хаттамаға айыққан соң қол қояды.
Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға қабылдау кезінде медициналық қызметкер барлық әскери қызметшіні қарап-тексеруге тиіс, бұл туралы ұсталғандар кітабына тиісті жазба жасалады.
244. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдың есігі құлыппен жабылады және ұсталғандарды сенімді күзетуді және оларды ұдайы бақылап отыруды қамтамасыз етуге тиіс. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдың кілті әскери полиция органы бойынша кезекшіде, сондай-ақ ауысым бастығында сақталады.
Бөлмеде құлыппен жабылатын төсек-сәкілер, үстелдер, орындықтар мен түкіргіштер болуға тиіс.";
"Гауптвахта жанындағы қарауыл бастығының ерекше міндеттері" деген кіші бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Гауптвахта жанындағы ауысым бастығының міндеттері";
274-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, оларға жарық берудің ақаусыздығын, қоршаудың және жертасалардың дұрыстығын, сондай-ақ қарауылдық үй-жайдың жай-күйін ауысатын қарауыл бастығымен бірге өзі сыртынан қарап-тексеру арқылы, ал қалған күзетілетін объектілердің жай-күйін таратушылар немесе өзінің көмекшісі арқылы тексеруге; қарауылды қабылдау кезінде жойылуы мүмкін емес, бірақ объектілерді сапалы күзетуді қамтамасыз етуге әсер етпейтін, бекеттерде және күзетілетін объектілердің қоршауларында анықталған барлық ақаулар туралы бекеттік ведомосқа жазуға;";
278-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;
303, 304 және 305-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"303. Гауптвахта жанындағы ауысым бастығына осы Жарғының 272 – 286-тармақтарында көзделген қарауыл бастығының жалпы құқықтары мен міндеттері қолданылады.
Гауптвахта жанындағы ауысым бастығының ерекше міндеттері:
1) гауптвахта бастығының (әскери полиция органы бойынша кезекшінің) нұсқауы бойынша осы Жарғының 214-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде қылмыстық жазалауға сотталған немесе қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылған, оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған күдікті және айыпталушы әскери қызметшілерді күзетуге қабылдауға;
2) ауысымды қабылдаған кезде гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді гауптвахта бастығы (әскери полиция органы бойынша кезекші) қол қойған атаулы тізіммен (16-қосымша) камера бойынша жеке өзі қабылдауға;
3) кезекші ауысым түскен кезде және қызмет атқару уақытында камералардың (үй-жайлардың) жай-күйін тексеруге, бұл ретте қабырғаның, төбенің, терезенің, тордың бүтіндігіне, есіктегі бекітпе мен құлыптың беріктігіне, техникалық күзет құралдарының ақаусыздығына назар аударуға; гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер бар камерадағы техникалық күзет құралдарының рұқсатсыз іске қосылуы кезінде олардың іске қосылу себебін жеке өзі анықтауға;
4) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді камера бойынша таңертеңгі қарап-тексеруді және кешкі тексеруді жүргізуге, бұл ретте оларда тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруге; сырқаттанған адамдар туралы гауптвахта бастығына (әскери полиция органы бойынша кезекшіге) баяндауға;
5) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер үшін белгіленген күн тәртібінің, оларды ұстау тәртібінің дәлме-дәл сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
6) камералар кілттерінің сақталуын қамтамасыз етуге және оларды ешкімге бермеуге;
7) қажет болған жағдайда сергек ауысым құрамынан айдауылдаушыларды тағайындауға;
8) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді жұмысқа, моншаға және тергеуге әскери полиция органы бастығының жазбаша бұйырымы бойынша ғана жіберуге; гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер қайтып оралғаннан кейін олардың бар болуын, сондай-ақ оларда тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруге;
9) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерге тамақтың уақтылы жеткізілуін және таратылуын бақылауға;
10) төсек керек-жарағын, газетті, жалпыәскери жарғыларды, заңнамалық актілерді және оқу әдебиетін уақтылы беруге;
11) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерден өтініштерді қабылдауға және оларды гауптвахта бастығына (әскери полиция органы бойынша кезекшіге) беруге;
12) демалу уақытында өзінің орнына үлкенді тағайындауға міндетті.
304. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер арасында тәртіпсіздіктер туындаған кезде және олардың қашып кетуінің алдын алу үшін кезекші ауысым бастығы кезекші ауысымды "қаруға" шақырады, бұл туралы әскери полиция органы бойынша кезекшіге хабарлайды, қаруды немесе арнайы құралдарды қолдану мүмкіндігі туралы ескерту арқылы тәртіпсіздікті тоқтату шараларын қабылдайды.
305. Гауптвахтада өрт шыққан немесе гауптвахта ауданында басқа төтенше ахуал болған жағдайда кезекші ауысым бастығы кезекші ауысымды "қаруға" шақыруға, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді дереу қауіпсіз жерге шығаруға және оларды күзетуді ұйымдастыруға; болған оқиға туралы әскери полиция органы бойынша кезекшіге және гауптвахта бастығына хабарлауға, кейін олардың нұсқауы бойынша әрекет етуге міндетті.";
307-тармақ алып тасталсын;
"Шығарушы" деген кіші бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Айдауылдаушы";
311-тармақтың төртінші бөлігі алып тасталсын;
333 және 334-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"333. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді күзететін бақылаушы:
1) өзі күзететін гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің санын білуге;
2) сыртта камера есігінің тұсында тұруға, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің өздері үшін белгіленген қағидаларды бұзбауын қарау терезелері арқылы қадағалауға, олардың іс-қимылы мен өзін-өзі ұстауын бақылап қарауға, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің терезенің жақтауын, торды, еденді, қабырғаны және камерадағы басқа да жабдықты бүлдіруіне жол бермеуге;
3) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер бар камераларда тәуліктің қараңғы уақытында жарықты қосуға;
4) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді камерадан шығармауға және ауысым бастығының жеке рұқсатынсыз оларға ешкімді кіргізбеуге;
5) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілермен сөйлеспеуге, оларға ештеңе бермеуге және олардан ештеңе алмауға;
6) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің сырттан қандай да бір заттарды алуына, олардың терезе арқылы заттар мен хаттарды камера сыртына лақтыруына және бөгде адамдармен сөйлесуіне жол бермеуге;
7) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің өтініштері туралы ауысым бастығына баяндауға;
8) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер оның талаптарын орындамаған кезде ауысым бастығын шақыртуға;
9) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді камерадан шығарған уақытта шабуыл жасалуын және қарудың тартып алынуын болдырмау үшін қадағалау жүргізуді жалғастыра отырып, қауіпсіз орынға ауысуға;
10) қашып бара жатқан гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшіге: "ТОҚТА", ал бұл талапты орындамаған кезде "ТОҚТА", "АТАМЫН" деп дауыстап ескертуге және ескерту ретінде жоғары қарай оқ атуға, бұл талап та орындалмаған жағдайда оған қару қолдануға міндетті.
334. Гауптвахтаның кезекші ауысымы бөлмесіне кіреберістегі бақылаушы гауптвахтаның кезекші ауысымы бөлмесін күзетуге және қорғауға, оған, егер түр-келбетін танитын болса, өзі бағынатын адамдар мен олармен бірге келе жатқан адамдардан басқа ешкімді кіргізбеуге міндетті. Бақылаушы осы адамдардың жақындағаны туралы белгіленген сигналмен ауысым бастығына хабарлайды.
Гауптвахтаның кезекші ауысымы бөлмесіне жақындап келе жатқан барлық басқа адамдарды бақылаушы қашықта тоқтатады және ауысым бастығын шақыртады.
Бақылаушы кезекші ауысым бөлмесінің маңындағы барлық оқиғалар туралы және ауысымның өз міндетін атқаруына кедергі келтіруі мүмкін барлық байқалғаны туралы, сондай-ақ бекеттерден естілген сигналдар туралы дереу ауысым бастығына баяндайды.";
337 және 338-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"337. Айдауылдаушы гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді гауптвахта шегінде күзетуге және алып жүру кезінде олардың ұстау тәртібін сақтауына жауап береді. Ол ауысым бастығына бағынады.
Айдауылдаушы:
1) ауысым бастығының бұйрығы бойынша арнайы құралдарды қолдануға ұдайы әзірлікте ұстай отырып, таңертеңгі және кешкі жуыну, табиғи қажеттілігін орындау және серуендеу кезінде, сондай-ақ гауптвахта камералары мен үй-жайларын жинау кезінде гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді күзетуге;
2) гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеуіне, сондай-ақ басқа адамдармен сөйлесуіне жол бермеуге міндетті.
338. Айдауылдаушыға гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді күзету кезінде олармен әңгімелесуге, олардан бірдеңе алуға немесе беруге, сондай-ақ өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде өзге де тәсілдермен алаңдауға болмайды.
Айдауылдаушы гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді алып жүру үшін оларды бір лекке сапқа тұрғызады және гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің сол (оң) жағынан екі-үш адым артта жүріп, оларға команда береді.";
Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысына 9-қосымшаның 2-тармағының төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Әуе кемелерінің, оның ішінде пилотсыз әуе кемелерінің күзетілетін объектілердің аумағы үстінен ұшып өтуі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";
Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысына 16-қосымшаның ескертпесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Ескертпе: Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді қабылдау-тапсыру кезінде ауысатын кезекші ауысым бастығы тізімде гауптвахта бастығының (әскери полиция органы бойынша кезекшінің) қойылған қолынан төмен жазба жазады, мысалы: "2014 жылғы 29 қаңтарда 09.00-де осы тізім бойынша гауптвахтада ұсталатын 4 (төрт) әскери қызметшіні тапсырдым: кезекші ауысым бастығы, капитан (қолы) Р. Башқұлов". Жаңа кезекші ауысым бастығы гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді қабылдау туралы тиісті жазба жазады.";
Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысына 19-қосымшаның ескертпесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Ескертпе: Қолхат үш данада ресімделеді. Бірінші данасы әскери қызметшіні гауптвахтаға жеткізген адамға, екіншісі жеткізілген әскери қызметшіге беріледі, үшінші данасын кезекші ауысым бастығы кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабымен бірге тапсырады.";
Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысына 20-қосымшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Кезекші ауысым бастығы__________________________________________________
_________________________________________________________________________"
(әскери атағы, тегі, аты, әкесінің аты)
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |