Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімдігінің 2009.06.23 N 16/02 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 31 бабының 1-тармағының 13), 14) тармақшаларына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 18-1 бабының 4-тармағына сәйкес, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мақсатты топтардан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ұсыныс жасап отырған жұмыс берушілерді таңдау Ережелері қосымшаға сәйкес бекітілсін (бұдан әрі - Ереже).
2. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың еңбекақысын төлеуге жұмыс беруші шығыны өтемінің көлемі Қазақстан Республикасының "2008 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Заңымен белгіленген ең аз еңбекақы мөлшерінің 50 % көлемінде белгіленсін.
3. Бұқар жырау ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (Алексеева Надежда Григорьевна) мақсатты топтардан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды бекітілген Ережеге сәйкес жүзеге асырсын.
4. Аудандық қаржы бөлімі (Исабаев Мұрат Ойдашұлы) әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген мақсатты топ жұмыссыздарының еңбекақысын қаржыландыруды 2008 жылғы аудандық бюджетте қарастырылған қаржының есебінен қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Асхат Сағадиұлы Әлиге жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жарияланғаннан бастап күшіне енеді және осы қаулының бірінші тармағын қоспағанда 2008 жылдың 1 қаңтардан туындаған құқықтық қатынастарды қамтиды.
Аудан әкімі Е. Нашаров
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің
2008 жылғы 15 шілдедегі
N 17/03 қаулысымен
бекітілген
Мақсатты топтардан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ұсыныс жасап отырған жұмыс берушілерді таңдау Ережелері
1. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыруға өтінімді өкілетті орган "Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" Мемлекеттік мекемесіне береді (бұдан әрі - Өкілетті орган).
2. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыруға ұсыныс жасайтын жұмыс берушілерді таңдағанда Өкілетті орган келесі талаптарды ескереді:
кәсіпорынның төлем қабілеттілігі, еңбекақыны дер уақытында төлеу, жұмыс орнының қауіпсіздік техникасы нормаларына сәйкестігі, кәсіпорында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі нормаларының сақталуы, өкілетті органмен жасалған шарттың әрекет мерзімі өткеннен кейін жұмыссызға тұрақты жұмыс беру мүмкіндігі.
3. Жұмыс беруші Өкілетті органмен әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыруға шарт жасайды. Шартта тараптардың міндеттері, жұмыс көлемі, еңбекақы төлемі және шарттары, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру көздері, жұмысқа жіберілетін жұмыссыздар саны көрсетіледі. Жұмыс қысқа мерзімді болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары және бос орындар пайдаланылмайды.
4. Өкілетті орган мақсатты топтар тұрғындарына жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орына жұмысқа орналастыру үшін жолдама береді.
5. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орнына жолданған жұмыссызды қабылдайды, онымен еңбек шартын жасайды, қауіпсіздік техникасы нормаларына сәйкес жұмыс орнын береді. Жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орнында алты айға дейін ғана жұмыс істеуге жол беріледі.
6. Жұмыс берушілер еңбекақы шығынын аудандық бюджеттен өтеу үшін ағымдағы айдың 20-сы күніне дейін Өкілетті органға белгіленген тәртіпте төмендегі құжаттарды береді: жұмысқа қабылдау жөніндегі бұйрықтың көшірмесі, жұмыс уақыты есебінің табелі, әлеуметтік жұмыс орнына қабылданған жұмыскерлер жөнінде есеп және орындалған жұмыс актісі.
7. Мақсатты топтардан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ұсыныс жасап отырған жұмыс берушілерді таңдаудың осы Ережелерін орындау Өкілетті органға жүктеледі.