Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2012.06.06 № 394 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексін іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Темекі бұйымдарын өндірушілердің, импорттаушылардың есеп беру ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (К.С.Оспанов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
4. "Темекі өнімдерін өндірушілердің есеп беру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2003 жылғы 15 мамырдағы N 377 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2356 болып тіркелген, "Ресми газеті" газетінде 2003 жылғы 28 маусымда N 26 жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Ж. Досқалиев
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің
2009 жылғы 23 қазандағы
N 569 бұйрығымен бекітілген
Темекі бұйымдарын өндірушілердің, импорттаушылардың есеп беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Темекі бұйымдарын өндірушілердің импорттаушылардың есеп беру ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулықты сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленді және темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының барлық таңбаларында никотиннің және шайырлы заттардың рұқсат етілетін шекті құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы, өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында темекі бұйымдарын өндірушілердің, импорттаушылардың шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы ақпарат жинауға арналған. Осы ақпарат темекі бұйымдарының уыттылығын және олардың тұтынушылардың денсаулығына зиянын анықтауға мүмкіндік береді.
Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы есептерді жыл сайын келесі жылдың 1 ақпанына дейін осы Ережемен белгіленген тәртіпте береді.
2. Әрбір өндіруші, импорттаушы стандартталған әдістер негізінде зерттеу жүргізген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертхананы көрсете отырып, мәліметтерді қамтитын жеке есепті ұсынады.
3. Ұсынылған есептер мынадай екі бөлікті қамтиды:
1) шайырлы заттар мен никотиннің құрамы туралы ақпаратты;
2) темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы ақпаратты;
4. Шайырлы заттар мен никотиннің құрамы туралы, темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы есеп жазбаша нұсқада беріледі.
2. Темекіде және темекі бұйымдарында шайырлы заттар мен никотиннің болуы туралы, темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы ақпараттарға қойылатын талаптар
5. Темекіде және темекі бұйымдарында шайырлы заттар мен никотиннің болуы туралы, темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы ақпаратты өндіруші, импорттаушы мынадай түрде ұсынады:
1) өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында темекі бұйымдарының өндірушілердің, импорттаушылардың шығарған немесе шығаруға ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының барлық түрлерінің жалпы тізімі. Бұл тізім әрбір ингредиенттің қолданылу мақсаты көрсетіле отырып, олардың темекідегі және темекі бұйымдарындағы құрамын азайту тәртібімен темекіге қосылатын барлық ингредиенттерді қамтиды.
2) Қазақстан Республикасында сатылуға арналған темекі бұйымдарының барлық түрлеріндегі басқа (темекі емес) ингредиенттердің жалпы парағы.
Темекі емес ингредиенттердің тізімі мынадай қосымша материалдарды қамтиды:
темекі қағазы;
бүйірдегі қағаз ізінің желімі (жапсырма желім);
сүзгіге арналған қағаз (сүзгі қағазы және жиектеме қағазы);
логотипті және/немесе темекідегі сауда маркасын жазу үшін пайдаланылатын сия.
Көрсетілген қосымша материалдар олардың құрамын азайту тәртібімен, әрбір ингредиенттердің саны мен қолданылу мақсатын көрсете отырып, санамаланады.
6. Өндіруші, импорттаушы темекінің ингредиенттері, оларды зерттеу әдістемесі бойынша адамның денсаулығы жай-күйіне уыттылық әсері туралы ақпаратты ұсынады.