Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 257 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн реттейтін нормативтік құқықтық актiлердi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Агенттік Басқармасының "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4602 тіркелген, 2007 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында, 2007 жылғы 25 сәуірде "Заң газеті" газетінде № 62 (1091) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
аталған қаулымен бекітілген Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесінде:
2-1) тармақша алып тасталсын;
бесінші, алтыншы және жетінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
"Кредит беру туралы шартқа міндетті түрде қоса берілетін және кредит беру туралы шарттың тараптары қол қоятын кредитті өтеу кестесінде кредит беру туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні, кредит сомасы мен валютасы, өтеу күндері және негізгі борышты өтеу, сыйақы сомалары және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері, келесі өтеу күніндегі негізгі борыш қалдықтары, сондай-ақ төленуі тиіс кредит пен сыйақының жиынтық сомалары және олардың жиынтық мәні, кредитті өтеу кестесі жасалған күн көрсетіледі.
Сыйақы ставкасы өзгермелі банктік заем шарты бойынша кредитті өтеу кестесі кредиттің берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және кредит беру туралы шартта белгіленген тәртіпте заемшыға (тең заемшыға) мәлімет үшін жеткізіледі.
Жеке тұлға - заемшыға (тең заемшыға) кредит беру туралы шартты жасасқанға дейін кредитті өтеу әдісін таңдау үшін танысуға әр түрлі әдістермен есептелген алдын ала кредитті өтеу кестелерінің жобалары беріледі.";
мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктермен толықтырылсын:
"Егер заемшы (тең заемшы) жеке тұлға болған жағдайда кредит беру күніне жасалған кредитті өтеу кестесінде сондай-ақ заемшының (тең заемшының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Кредиттің кредитті өтеу кестесін өзгертуге алып келетін талаптары өзгерген кезде жаңа талаптар ескерілген жаңа кесте жасалады.
Осы тармақтың бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінің талаптары төлем карточкасы бойынша кредиттік желі аясында берілген кредитті, овердрафт кредитін қоспағанда, кредит беру туралы шартқа, сондай-ақ оның аясында кредит беру туралы шартты (шарттарды) жасасу қажет болатын кредитті алу үшін кредиттік желіні ашу туралы келісімдерге қолданылады.
Егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түсетін болса, онда заемшы сыйақыны немесе негізгі борышты төлеуді одан кейінгі жұмыс күні жүргізеді.".
2. Осы қаулы бірінші рет ресми жарияланған күннен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осы қаулының 1-тармағының төртінші абзацының қолданылуы Агенттік Басқармасының "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" 2010 жылғы 29 наурыздағы № 38 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6186 тіркелген) қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
3. Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті (Л.Е. Үсенбекова):
1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жеткізсін.
4. Агенттіктің Төрайым Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары М.Б. Байсыновқа жүктелсін.
Төрайым | Е. Бахмутова |