Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының әкімдігінің 2011.04.06 N 205 (жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңының 31 бабы 1 тармағының 13), 14) тармақшаларына, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Заңының 5 бабының 2 тармағына және 7 бабының 2), 6) тармақшаларына, 18-1 бабының 3 тармағының 1) тармақшасына, «Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының нысаналы топтарға жататын адамдарының қосымша тізбесі туралы» Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 22 мамырдағы № 75 қаулысына сәйкес, еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып, жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатын іске асыру және жұмыспен қамту саласында косымша мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында, қала әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Семей өңірі аумағында тұратын нысаналы топтар белгіленсін, оларға мыналар:
1) табысы аз адамдар;
2) жиырма бір жасқа дейінгі жастар;
3) балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма үш жасқа дейінгі балалар;
4) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызілікті, көп балалы ата-аналар;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен асырауында тұрақты күтімді, көмекті немесе қадағалауды қажет етеді деп танылған адамдар бар азаматтар;
6) зейнеткерлік жас алдындағы адамдар (жасына байланысты зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған);
7) мүгедектер;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босаған адамдар;
9) бас бостандығынан айыру және (немесе) мәжбүрлеп емдеу орындарынан босатылған адамдар;
10) оралмандар;
11) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілер;
12) жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші - жеке тұлға қызметінің тоқтауына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған адамдар;
13) есірткіге тәуелді және АҚТҚ-инфекциясын жұқтырған азаматтар;
14) 50 жастан асқан адамдар;
15) мектептер мен кәсіптік оқу орындарының түлектері;
16) өндірісті ұйымдастырудың өзгеруіне, соның ішінде қайта ұйымдастыру және (немесе) жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты толық емес жұмыс күні режимінде жұмыс істейтіндер;
17) еңбекақысы сақталмайтын демалыстағы адамдар;
18) жазғы демалыс уақытындағы студенттер мен мектептер оқушылары;
19) ұзақ уақыт (бір жылдан астам) жұмыс істемейтін адамдар жатады.
2. «Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жөніндегі:
1) жұмысқа орналастыру;
2) кәсіптік оқуға жіберу;
3) ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) жастар тәжірибесіне қатыстыру;
5) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру шараларын қолданған кезде халықтың нысаналы топтарына басымдық берсін.
3. Қаулының орындалуын бақылау «Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жүктелсін.
4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Семей қаласының әкімі М. Айнабеков