Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2012.01.18 № 1/37 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңының 23 бабын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 3 наурыздағы № 1163 «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 наурыздағы № 250 «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 3 наурыздағы № 1163 Жарлығын іске асыру туралы» Қаулысын орындау үшін Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыруға және әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ, он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтарды 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтауға қажетті мөлшерде мерзімді әскери қызметке шақыру ұйымдастырылсын.
2. Алматы қаласының Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарының әкімдері азаматтарды 2011 жылдың сәуір-маусымы мен қазан-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңінде:
1) Алматы қаласының аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармалары арқылы әскерге шақыруды ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін;
2) Алматы қаласының Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі басқармаларын саны 10 (он) бірліктен техникалық қызметкерлермен қамтамасыз етсін;
3) осы қаулының 10 тармағының орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі азаматтарды 2010 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңінде:
1) Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының 2008 жылғы 25 қарашадағы № 102 «Алматы қаласы Алатау ауданының азаматтарын уақытша әскери есепке алуды ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес Алматы қаласы Алатау ауданының аумағында тұратын азаматтарды Алматы қаласы Әуезов ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы арқылы әскерге шақыруды ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін;
2) Алматы қаласы Әуезов ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасын жалпы саны 10 (он) бірлікті құрайтын техникалық қызметкерлермен және әскерге шақырылуға жататын азаматтарды хабардар ету үшін 1 (бір) бірлік автокөлікпен қамтамасыз етсін;
3) осы қаулының 11 тармағының орындалуын қамтамасыз етсін.
4. Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі азаматтарды 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңінде Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қалалық жиналу пунктін:
1) әскери билеттерді толтыру үшін техникалық қызметкерлермен – 4 бірлік;
2) әскерге шақырылушыларды тамақтануын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін іссапарға жіберілетін қызмет көрсетуші персоналдармен – 4 бірлік қамтамасыз етсін.
5. Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы:
1) азаматтарды әскери қызметке шақыру және әскери оқу орындарына түсу кезінде оларды медициналық куәландырудан өткізуді қамтамасыз етсін;
2) әскерге шақырылушыларды медициналық комиссиялардың жолдамалары бойынша тегін амбулаториялық және стационарлық тексеруден уақытылы өткізуді, сондай-ақ емдеуді қамтамасыз етсін;
3) медициналық комиссияларға амбулаториялық науқастың медициналық карталарын және жасөспірімнің медициналық картаға жасалған қосымша парағын, стационарлық науқастың медициналық картасынан алынған үзінді көшірмені және қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттарды беруді қамтамасыз етсін;
4) медициналық комиссияларды дәрі-дәрмектермен, медициналық аспаптармен және медициналық мүлікпен қамтамасыз етсін.
6. Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне (келісім бойынша) төмендегідей ұсынымдар жасалсын:
1) азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталғанға дейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған әскерге шақырылушылардың тізімін беру;
2) аудандық ішкі істер басқармаларында әскери қызметке шақырудан жалтарушыларды іздестіру және ұстау жөніндегі жұмылдыру топтарын құру;
3) әскери қызметке шақырудан жалтарушыларды жеткізуді, сондай-ақ әскерге шақырылушыларды әскери бөлімшелерге жөнелту кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету.
7. Алматы қаласының Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қалалық жиналу пунктінде әскерге шақырылғандар арасында жаппай спорттық жұмыстарды ұйымдастырсын.
8. Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне (келісім бойынша) төмендегідей ұсынымдар жасалсын:
1) әскерге шақырылушылардан әскери командалар жасақтау;
2) тамақтану пунктін, буфет ашу;
3) әскери командаларды қабылдауға және оларға еріп жүруге келген әскери бөлімшелердің өкілдеріне командаларды беру;
4) әскери командаларды белгіленген жерге дейінгі жүретін жолға қажетті мүлікпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету;
5) командаларды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына жөнелтуді ұйымдастыру;
6) осы қаулының орындалуы туралы Алматы қаласының әкімдігіне 2011 жылғы 15 шілдеде және 2012 жылғы 15 қаңтарда ақпарат беру.
9. Алматы қалалық Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы осы мақсаттарға бөлінген қаражат шегінде әскери міндеттілік пен әскери қызмет мәселелері жөніндегі заңнаманы орындауды ұйымдастырумен және қамтамасыз етумен байланысты шараларды қаржыландырсын.
10. Әскерге шақыру комиссиялары мүшелерінің, медициналық, техникалық қызметкерлердің, шақыру учаскелеріндегі және қалалық жиналу пунктіндегі жұмысқа іссапарға жіберілген қызметкерлерге қызмет көрсетуші тұлғалардың осы міндеттерді атқару уақытында жұмыс орны, атқарып отырған лауазымы және жалақысы сақталады.
11. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары М. Мұқашевқа жүктелсін.
12. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі А. Есімов