2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес және 2011 - 2012 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау, Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының көшіру мен бітіру емтихандарын өткізу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Оқу жылын аяқтау және бітіруші сыныптардың оқушыларының қорытынды аттестаттауын өткізу мынадай тәртіпте белгіленсін:
1) барлық типтегі жалпы білім беретін күндізгі және кешкі (кезекті) оқу орындарындағы мектепалды, 1-11 (12)-сыныптарда оқу сабақтары 2012 жылғы 25 мамырда аяқталады;
2) 9 (10)-сынып оқушыларын негізгі орта білім курсы бойынша қорытынды аттестаттау 2012 жылғы 30 мамыр - 16 маусым күндерінде, 11-сынып оқушыларын жалпы орта білім курсы бойынша қорытынды аттестаттау 2012 жылғы 31 мамыр - 20 маусым күндерінде өткізіледі;
3) 9 (10)-сынып бітірушілері негізгі орта білім курсы бойынша үш міндетті емтихан тапсырады:
ана тілі мен әдебиетінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан - 30 мамырда (гуманитарлық пәндерді тереңдете оқытатын мектептердің және гимназиялардың оқушылары - шығарма, қалғандары - диктант жазады);
алгебрадан жазбаша емтихан - 2 маусымда;
орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі мемлекеттік тілден ауызша емтихан - 6 маусымда;
қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 6 маусымда;
Негізгі орта білім беру ұйымы бітірушісінің таңдауына кез келген пәннен ауызша емтихан тапсыру ұсынылады, бірақ 2 пәннен артық болмауы қажет.
4) ағымдағы оқу жылында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына оқуға түскісі келетін жалпы орта білім беру ұйымдарының 11 (12)-сыныптарын бітірушілер мемлекеттік қорытынды аттестаттауды ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) нысанында тапсырады.
Оқу бітірген жылы республиканың жоғары оқу орындарына оқуға түсуді және ҰБТ-ге қатысуды қаламайтын жалпы орта білім беру ұйымдарының 11 (12) сынып бітірушілері төрт міндетті емтихандарды мына мерзімдерде тапсырады:
орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі мемлекеттік тілден ауызша емтихан - 31 мамырда;
қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 31 мамырда;
ана тілі мен әдебиетінен (мектептегі оқыту тілі) шығарма түрінде жазбаша емтихан (кешкі жалпы білім беретін мектептер үшін - диктант) - 4 маусымда;
алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан - 8 маусымда;
Қазақстан тарихынан ауызша емтихан - 11 маусымда.
Бітірушінің таңдауына кез келген, 2-ден артық емес пәндерден ауызша емтихан тапсыру ұсынылады.
2. Облыстық, Алматы және Астана қалаларының білім басқармалары жалпы орта білім беру ұйымдарында 2011 - 2012 оқу жылын осы бұйрықтың талаптарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген (2008 жылғы 21 сәуірде нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5191-мен тіркелген, «Заң газеті» газетінің 2008 жылғы 30 мамырдағы № 81 (1481) санында жарияланған) Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесіне сәйкес аяқтауды қамтамасыз етсін.
3. Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қаласының білім басқармалары өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін жазбаша бітіру емтихандарын өткізуге арналған емтихандық материалдарды уақытында дайындасын.
4. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):
1) республикалық білім беру ұйымдарының 9 (10) және 11(12)-сыныптарын бітірушілері үшін қазақ тілі мен әдебиетінен, орыс тілі мен әдебиетінен, алгебрадан, алгебра және анализ бастамаларынан емтихандық тапсырмалар пакеттерін дайындасын;
2) қазақ тілі мен әдебиетінен шығарма тақырыптарын ТМД елдерінің және Моңғолияның Білім министрліктеріне жеткізсін;
3) шығарма тақырыптарын жариялау үшін «Қазақстан мұғалімі» және «Учитель Казахстана» газеттерінің редакцияларына ұсынсын;
4) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
5) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткізілгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Н. Сарыбековке жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғанынан он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Жұмағұлов