Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.11.2023 № 168 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 32-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасының халқына офтальмологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқына офтальмологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереже бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының бастықтары (келісім бойынша) осы бұйрықты басшылыққа алсын және мыналарды қамтамасыз етсін:
1) Қазақстан Республикасының халқына (ересектер мен балаларға) офтальмологиялық көмекті ұйымдастырсын және көрсетсін;
2) мамандандырылған консультациялық-диагностикалық кабинеттердің: глаукома, тамырлық және көз онкопатологиясы, балалардың көруін сақтау, облыстық көз консультациялық-диагностикалық орталықтардың не көп бағдарлы ауруханалардың жанындағы көз амбулаториялық микрохирургиясы бөлімшелерінің және күндізгі көз стационарларының жұмысын;
3) балалар мен ересектердің офтальмологиялық патологиясын уақытылы диагностикалауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева) белгіленген заңнамалық тәртіпте осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаменті (Е.Р. Әмірғалиев) оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
6. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Денсаулық сақтау министрі | C. Қайырбекова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 120 бұйрығымен бекітілген |
Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдардың қызметін реттейді.
2. Халыққа мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары көру мүшелері ауыратын науқастарды анықтауға, емдеу мен медициналық оңалтуға бағытталған іс-шараларды уақтылы өткізу мақсатында құрылады.
3. Халыққа (ересектер мен балаларға) офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымның жұмысын штаттан тыс бас офтальмолог (республиканың, облыстық, қаланың) маман үйлестіреді.
4. Қазақстан Республикасында офтальмологиялық көмек аудандық, қалалық ауруханалардың бөлімшелерінде және емхананың көз кабинеттерінде, облыстық офтальмологиялық ауруханаларда (орталықтарда), облыстық көп бейінді ауруханаларда, республикалық деңгейдегі ұйымдарда ("Құрмет белгісі" орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында – ҚазКАҒЗИ) жүзеге асырылады.
5. Халыққа офтальмологиялық көмек амбулаториялық-емханалық, консультациялық-диагностикалық және стационарлық және стационарды алмастыратын көмек түрінде көрсетіледі.
6. Амбулаториялық-емханалық көмек қалалық, аудандық ауруханалар мен емханалардың, ведомстволық медициналық ұйымдардың және жеке меншік нысаны бар денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымында ұйымдастырылады.
7. Кеңес беру-диагностикалық және стационарлық және стационарды алмастыратын көмек облыстық офтальмологиялық ауруханаларда (орталықтарда), облыстық, қалалық көп бейінді ауруханаларда, республикалық деңгейдегі ұйымдарда көрсетіледі.
8. Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдардың штаттары "Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен бекітілген ("Егемен Қазақстан" газетінде 16.10.2010 ж., № 274-275 (26335-26336) жарияланған, нормативтік құқықтық актісінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген 2010 жылдың 15 сәуіріндегі № 6173) үлгі штаттар мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
9. Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, жоғары тұрған денсаулық сақтау органдарының бұйрықтары мен үкімдерін, Жарғыны және Ережені басшылыққа алады.
2. Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдардың негізгі
міндеттері мен функциялары
10. Ересектерді және (немесе) балаларды амбулаториялық-емханалық қабылдауды жүзеге асыратын офтальмолог кабинетінің негізгі міндеттері мен функциялары:
1) көру мүшесі ауруларының (бұдан әрі – офтальмологиялық бейін аурулары) профилактикасы, ерте диагностикалау және емдеу;
2) офтальмологиялық бейін науқастарын диспансерлеу және емдік-профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізу;
4) көзді протездеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қосқанда офтальмопатологиясы бар науқастарды медициналық оңалту;
5) көз ауруларының профилактикасы бойынша санитариялық-гигиеналық жұмыстар жүргізу.
11. Облыстық офтальмологиялық ауруханалардың (орталықтардың), облыстық көп бейінді ауруханалардың консультациялық-диагностикалық және көз бөлімшелерінің негізгі міндеттері мен функциялары:
1) әкімшілік аумақтағы халыққа тиімді медициналық технологияларды қолдана отырып, амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған консультациялық-диагностикалық және емдік-профилактикалық офтальмологиялық көмек көрсету;
2) офтальмологиялық бейін аурулары кезінде халыққа консультациялық, диагностикалық, емдік және профилактикалық көмек мәселелері бойынша медициналық ұйымдарға ұйымдастыру-әдістемелік және практикалық көмек көрсету;
3) қызмет көрсету аумағындағы офтальмологиялық көмектің жай-күйі мен оның медициналық көмек сапасын бағалау индикаторларына сәйкестігін талдау;
4) өңірдің офтальмологиялық қызметінің барлық түрлерінің нысаналы бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;
5) салауатты өмір салты қызметтерімен бірлесіп, офтальмологиялық бейін ауруларының профилактикасы бойынша іс-шараларды, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауды ұйымдастыру;
6) офтальмология мәселелері жөнінде ғылыми-практикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу;
7) есепке алу-есеп беру құжаттамасын жүргізу, статистикалық өңдеу мен басқа да құжаттардың негізінде қызмет туралы есеп беру.
3. Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдардың құрылымы
12. Аудандық, қалалық емханалардың, ведомстволық медициналық ұйымдардың және жеке меншік нысаны бар денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымында көз кабинеті, оптометрия және тонометрия кабинеттері, мамандандырылған балабақшалар мен мектеп-интернаттарда – көз кабинеттері ұйымдастырылады.
13. Облыстық офтальмологиялық ауруханалардың (орталықтардың), облыстық (қалалық) көп бейінді ауруханалардың, республикалық ауруханалардың, "Құрмет Белгісі" орденді Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институты" (бұдан әрі - ҚазКАҒЗИ) құрылымында:
1) консультациялық көз кабинетін, балалардың көзін қорғау, глаукома, тамыр және онкоофтальмопатология кабинеттерін қамтитын амбулаториялық-емханалық бөлімше, көздің амбулаториялық микрохирургиясы бөлімшесі; күндізгі стационар;
2) лазерлік офтальмология бөлімше (кабинет);
3) көз микрохирургиясы стационарлық бөлімшелері, оның ішінде шұғыл офтальмологиялық және офтальмотравматологиялық көмек орталығы бар балалар бөлімшелері;
4) көруді байланыстық түзету, көруді күрделі және арнайы түзету;
5) көзді жеке протездеу зертханасы;
6) ұйымдастыру-әдістемелік кабинет.
14. Тіндер трансплантологиясы зертханасы ҚазКАҒЗИ құрамында ұйымдастырылады.
Параграф 1. Емханалардағы көз кабинеті, оптометрия және
тонометрия кабинеттері (қалалық, аудандық),
мамандандырылған балабақшалар мен мектеп-интернаттардың
көз кабинеті (қалалық, аудандық)
15. Көз кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) балаларды профилактикалық зерттеп-қарау және мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің медицина қызметкерлерінің күшімен балалардың көру өткірлігін жыл сайын зерттеуді ұйымдастыру, көруі бұзылған балаларды балаларға арналған мамандандырылған мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріне жіберу;
2) қант диабетімен және гипертониялық аурумен ауыратын науқастарды жыл сайынғы профилактикалық зерттеп-қарау;
3) қалалық, аудандық емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың, фельдшерлік-акушериялық пункттердің, медициналық тармақтардың тонометрия кабинеттерін глаукома скринингі бойынша қызметін ұйымдастыру және мониторингі, қызметкерлер жіберген науқастардың глаукома диагнозын нақтылау (бұдан әрі - МСАК);
4) офтальмопатологиясы бар науқастарды тексеріп-қарау, емдеу және диспансерлік бақылау;
5) науқастарды іріктеу және облыстық (қалалық) кеңес беру-диагностикалық орталыққа және стационарлық емдеуге жіберу;
6) еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүзеге асыру, айғақтар болған кезде – науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жіберу;
7) офтальмопатологиясы бар науқастар профилактикасының, диагностикасының, емдеу мен оңалтудың жаңа әдістерін практикаға енгізу;
8) есепке алу-есеп беру құжаттамасын жүргізу, белгіленген тәртіппен қызметі туралы есеп беру.
16. Тонометрия кабинеті атқарады:
1) кез келген медициналық көмек үшін емханаға жүгінген 40 жастан асқан адамдарға көз іші қан қысымын өлшеуді және скрининг-тест бойынша сұрақ жүргізу;
2) глаукомаға күдікті адамдарды офтальмолог-дәрігерге жіберуді жүзеге асырады.
17. Оптометрия кабинеті атқарады:
1) көздің өткірлігін зерттеуді, аметропияны анықтау және түзету (балалар мен жасөспірімдерден басқалар үшін);
2) түзететін көзілдіріктер тағайындауды және көзілдірікке рецепт жазып беруі;
3) емдеуді немесе түзетудің арнайы түрлерін қажет ететіндерді офтальмолог-дәрігерге жіберуді;
4) көз іші қан қысымын өлшеуді жүзеге асырады.
18. Мамандандырылған балабақшалар мен мектеп-интернаттардың көз кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) көру функцияларының жай-күйін жүйелі бақылау, көру жүктемесін бағалау, көздің шаршауының алдын алу;
2) қалған көру функцияларын сақтау мен ішінара қалпына келтіру мақсатында балаларды емдеу, аурулар өршіген кезде стационарлық емге жіберу;
3) көздің қосалқы ауруларының асқынуларының одан әрі дамуының профилактикасы;
4) педагогикалық құрамның, ата-аналар мен балалар арасында әңгімелер, лекциялар өткізу, профбағдарлау жұмыстарын жүргізу;
5) тиісті құжаттаманы жүргізу, 16 жасқа толған соң балаларды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу;
19. Кабинеттің дәрігерлері балабақшалардың, мектептердің тәрбиешілерімен, педагогтарымен, тифлопедагогтарымен, педиатрларымен және әдіскерлерімен, аумақтық емхананың мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Параграф 2. Консультациялық-диагностикалық орталық
офтальмологиясының амбулаториялық-емхана бөлімшесі
20. Офтальмологияның амбулаториялық-емхана бөлімшесі облыстық офтальмологиялық аурухананың (орталықтың), облыстық (қалалық) көп бейінді аурухананың консультациялық-диагностикалық орталығының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
21. Амбулаторлық-емхана бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) консультациялық және диагнозды нақтылауға жіберілген науқастарды терең зерттеп-тексеру;
2) облыстық немесе республикалық деңгейдегі көз бөлімшесіне жоспарлы немесе шұғыл емдеуге жатқызуға және микрохирургиялық емдеуге жіберу;
4) қазіргі заманғы және тиімді микрохирургиялық операцияларды амбулаторлық жағдайда жасау және енгізу;
5) офтальмопатологияны диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы әдістерін клиникаға енгізу және олардың тиімділігін талдау;
6) еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беру;
7) офтальмопатология, оның ішінде балалардың офтальмопатологиясының профилактикасы бойынша санитариялық-ағарту жұмысы;
8) бекітілген нысандарға сәйкес есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізу, белгіленген тәртіппен қызметі туралы есепті ұсыну.
22. Консультациялық-диагностикалық орталықтың офтальмология бөлімшесі мынадай кабинеттер мен бөлімшелерді қамтиды:
1) көз консультациялық;
2) балалардың көруін сақтау;
3) глаукома;
4) көз тамырлық және онкопатология;
5) күндізгі стационар;
6) көздің амбулаторлық микрохирургиясы.
23. Көз консультациялық кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) дәрігерлер аудандық және қалалық емханаларға жіберген науқастарға консультация беру;
2) қазіргі заманғы әдістерді қолдана отырып, қажетті зертханалық, аспаптық және диагностикалық зерттеулердің көмегімен диагнозды нақтылау;
3) науқастарды іріктеу және стационарлық емдеуге жіберу;
4) науқасты МСАК немесе күндізгі стационар деңгейінде одан әрі емдеу жөнінде ұсыным беру;
24. Балалардың көруін сақтау кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) күрделі офтальмопатологиясы бар балаларды кешенді тексеріп-қарау және емдеу, хирургиялық емдеуге, протездеуге, көруді күрделі және әлеуметтік түзетуге жіберу;
2) қыликөзділігі және амблиопиясы бар, нашар көретін және нашар көретін балаларды мамандандырылған мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріне іріктеу;
3) көру мүшесінің туа біткен және тұқым қуалайтын патологиясы бар, шала туған рентинопатиясы бар, алыстан көрмейтін, көру нервісінің атрофиясы, ретинобластомасы және басқа да офтальмопотологиясы бар балаларды динамикалық бақылау;
4) балаларды диагностикалаудың, емдеу мен оңалтудың тиімді жаңа әдістерін енгізу;
5) балалардың көруін сақтау бойынша санитариялық-ағарту жұмысын ұйымдастыру және жүргізу;
6) емханалардың (балалар немесе аралас қабылдау) көз кабинеттерінің офтальмологтарына, мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің педиатрларына көз ауруларының және көру бұзылуларының профилактикасы, ерте анықтау, емдеу бойынша кеңестік көмек көрсету;
7) мамандандырылған балалар мекемелерінің көз кабинеттерінің офтальмологтарына әдістемелік көмек көрсету;
8) сырқаттанушылықты және емдеу тиімділігін талдау, медициналық-педагогикалық комиссияның жұмысына қатысу.
25. Глаукома кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) глаукома диагнозын нақтылау үшін кешенді тексеріп-қарау, глаукомамен ауыратын пациенттерге бекітілген хаттамаларға сәйкес ем тағайындау, диспансерлік байқау;
2) тиісті жабдығы болған кезде глаукоманы лазермен емдеу немесе науқасты ҚазКАҒЗИ-дің республикалық лазерлік орталығына жіберу;
3) глаукоманы диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін практикаға енгізу;
4) емханалардың офтальмологтары мен МСАК медицина қызметкерлеріне глаукома скринингін өткізуде ұйымдастыру-әдістемелік көмек;
5) амбулаториялық-емханадық көмек көрсететін ұйымдардың базасында көз тономериясы бойынша мейірбикелерді даярлауға қатысу;
6) "Глаукома науқастары мектебінің" жұмысын қоса алғанда, халық арасында глаукома мәселелері бойынша санитариялық-ағарту жұмысын ұйымдастыру.
26. Көздің тамырлық және онкопатологиясы кабинеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) бар науқастарға консультациялық-диагностикалық және емдік көмек көрсету:
диабеттік, гипертониялық және гипотониялық ретинопатиясы;
жасына байланысты макулярлық дегенерациясы;
торқабықтар мен көру нерві қан айналымының жіті бұзылулары;
торқабықтардың, тамырлық қабықтар мен көру нервінің қабынған және дистрофиялық аурулары;
торқабықтардың және тамырлық қабықтардың туа біткен және тұқым қуалайтын ауытқулары;
көру мүшесі мен көз шарасының қатерсіз, қатерлі және жалған ісік аурулары;
эндокриндік офтальмопатиясы.
2) зерттеудің зертханалық, аспаптық және жоғары технологиялық әдістерінің көмегімен диагнозды нақтылау;
3) көз кабинеттерінің офтальмологтарына әдістемелік көмек.
27. Күндізгі стационар АОА деңгейінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың, облыстық офтальмологиялық аурухананың (орталықтың) консультациялық-диагностикалық орталығының, республикалық деңгейдегі облыстық (қалалық) көп бейінді аурухананың құрамында ұйымдастырылады. Күндізгі стационардың негізгі функциялары:
1) жағдайы тәулік бойы бақылауды және стационарда емдеуді қажет етпейтін ересектер мен балаларға мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсету;
2) диспансерлік науқастарға емдік және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізу;
3) аурудың диагнозы алғаш белгіленген науқастарға немесе созылмалы науқастарға аурудың ауырлық деңгейі өзгерген кезде барабар терапияны таңдау.
Күндізгі стационардың құрамына мыналар кіреді:
1) науқастарды қабылдауға арналған кабинет;
2) емшара кабинеті;
3) науқастарға арналған палаталар;
4) манипуляция кабинеті;
5) медперсонал кабинеті;
6) киім-кешекті, төсек жабдықтарын және шаруашылыққа қажетті заттарды сақтауға арналған үй-жай.
Күндізгі стационар функцияларын жүзеге асыру үшін медициналық ұйымның барлық клиникалық және қос клиникалық бөлімшелерін пайдаланады.
28. Көздің амбулаториялық микрохирургиясы бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) науқастарды амбулаториялық операцияға іріктеу;
2) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес амбулаториялық жағдайда көру мүшесіне жасалатын микрохирургиялық әрекеттер тізбесіне сәйкес офтальмомикрохирургиялық көмек көрсету;
3) операциядан кейінгі кезеңде науқастарды байқау және қажетті манипуляцияларды (таңу, тігістерді алу және басқа) орындау;
4) науқастарды операциядан кейінгі кезеңде режимге, ал оның сенімді адамдарын науқасқа күтім жасауға үйрету.
Параграф 3. Лазерлік офтальмологиялық бөлімше (кабинет)
29. Лазерлік офтальмологиялық бөлімше офтальмологиялық аурухананың консультациялық-диагностикалық орталығының, республикалық деңгейдегі облыстық (қалалық), көп бейінді аурухананың құрамында құрылады.
30. Бөлімшенің негізгі міндеттері мен функциялары:
1) қазіргі заманғы лазерлік технологияларды қолдана отырып, офтальмопатологиясы бар науқастарды емдеу;
2) лазерлік емдеудің инновациялық әдістерін практикаға енгізу;
3) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға лазерлік технологияларды қолдану мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік, үйлестіру және косультациялық көмек көрсету, дәрігерлерді қайта даярлауға және тақырыптық жетілдіруге қатысу;
4) жұмыстың нәтижелері мен есептілігін белгіленген тәртіппен талдау;
5) қызметкерлердің еңбегін қорғау, қауіпсіздік техникасы мен өндірістік санитария қағидаларын сақтау бойынша іс-шаралар өткізу.
31. Бөлімшенің құрамында мыналар болады:
1) науқастарды қабылдауға арналған кабинет;
2) лазерлік әрекеттерге арналған операция бөлімі;
3) ангиографиялық зерттеулер жүргізуге арналған кабинет.
32. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының перинаталдық орталықтарының жанынан ұйымдастырылатын лазерлік офтальмологиялық кабинет шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға және емдеуге арналады.
33. Перинаталдық орталық кабинетінің негізгі функциялары:
1) 34 аптаға жетпей, дене салмағы 2000 граммнан аз, гестация мерзімінде туған балаларды, сондай-ақ туғаннан соң 3-6 аптадан кейін жалпы соматикалық статусы ауырлаған шала туған балаларды тексеріп-қарау;
2) шала туған нәрестелердің ретинопатия скринингі, ретинопатия клиникасы байқалған кезде шала туған нәрестелерді одан әрі зерттеп-қарау;
3) ауруы анықталған сәтінен бастап 72 сағаттың ішінде шала туған нәрестелердің ретинопатиясының белсенді сатысында лазерлік емдеуді жүргізу;
4) торқабық қабатының клиникалық айқындалуы бар шала туған нәрестелердің ретинопатиясының ауыр нысандары анықталған кезде хирургиялық емдеуге Қаз КАҒЗИ-ға уақтылы жіберуді қамтамасыз ету.
Параграф 4. Ересектерге және (немесе) балаларға арналған
көз микрохирургиясы стационарлық бөлімшесі
34. Ересектерге және (немесе) балаларға арналған көз микрохирургиясының стационар бөлімшесі (бұдан әрі – Стационар бөлімшесі) тәулік бойы медициналық бақылауды қажет ететін науқастарды емдеуге арналған облыстық офтальмологиялық аурухананың (орталықтың), облыстық (қалалық) көп бейінді аурухананың құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
35. Стационар бөлімшесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес көру мүшесіне жасалатын міндетті микрохирургиялық әрекеттер тізбесіне сәйкес науқастарға мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық офтальмологиялық көмек көрсету. Ересектерге арналған бөлімшеде микрохирургиялық белсенділік кемінде 70 %, хирургиялық – кемінде 60 %, балаларға арналған бөлімшеде – тиісінше кемінде 60 және 50 % құрайды, хирургиялық белсенділікті есептеу операциялардың санына қарай жүргізіледі;
2) диагностиканың, емдеудің және офтальмопатология микрохирургиясының қазіргі заманғы әдістерін әзірлеу және клиникалық практикаға енгізу;
3) офтальмопатологиясы бар пациенттерді оңалтудың емдеуге жатқызу кезегін жүргізу;
4) еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүзеге асыру;
5) есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізу, бөлімшенің қызметі туралы есептерді ұсыну;
6) офтальмология саласында медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша медициналық ұйым персоналының біліктілігін арттыру үдерісіне қатысу.
Стационар бөлімшесінің құрамына мыналар кіреді:
1) қабылдау бөлімі;
2) науқастарға арналған палаталар;
3) аппарат бөлмесі;
4) манипуляция, емшара және таңу кабинеттері;
5) операциялық блок;
6) лазерлік кабинет;
7) бөлімше меңгерушісінің және дәрігерлердің, аға мейіргердің кабинеттері;
8) киім-кешекті, төсек жабдықтарын және шаруашылыққа қажетті заттарды сақтауға арналған;
9) науқастарға тамақ қабылдауға арналған үй-жайлар.
36. Облыстық (қалалық) офтальмологиялық және офтальмотравматологиялық шұғыл көмек орталығы (бұдан әрі – Орталық) облыстық офтальмологиялық аурухананың стационарының құрамында немесе облыстық (қалалық) көп бағдарлы аурухананың көз бөлімшесінің жанынан құрылады, орталықтың негізгі функциялары:
1) күйікпен, көз алмасының және көздің қосалқы аппаратының жарақаттары бар пациенттерге тәулік бойы мамандандырылған микрохирургиялық көмек;
2) көз алмасының тесіп өткен жараларын, аққабықтың контузиялық жыртылуларын, көздің қосалқы аппаратын бастапқы хирургиялық тазарту, көз жасы түтікшелерінің бүтіндігін қалпына келтіру;
3) мөлдір қабықтағы және конъюнктивиттік қуыстағы бөгде заттарды алу;
4) глаукоманың жіті ұстамасы, шұғыл көмекті қажет ететін көздік жіті асқынған, тамырлық және басқа да аурулары кезіндегі шұғыл көмек.
Орталық құрылымына мыналар кіреді:
1) дәрігердің қабылдау кабинеті және аппарат бөлмесі;
2) операциялық микрохирургия бөлмесі;
3) таңу бөлмесі.
37. Шұғыл хирургиялық және жедел офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін науқастарды тұрғылықты жері бойынша офтальмологқа амбулаториялық емделуге, емдеуге жатқызуды қажет ететіндерді көз стационарына, қажет болған жағдайда (шұғыл түрде) ҚазКАҒЗИ-ға жібереді.
Параграф 5. Көруді байланыстық, күрделі және арнайы
түзету кабинеті
38. Көруді байланыстық түзету кабинеті облыстық офтальмологиялық аурухананың (орталықтың) консультациялық-диагностикалық орталығының, облыстық (қалалық) көп бейінді аурухананың, ҚазКАҒЗИ-дің құрамында шаруашылық-есептік негізде ұйымдастырылады.
39. Кабинеттің негізгі міндеттері мен функциялары:
1) дайын жұмсақ байланыс линзаларын талдау;
2) қатты және косметикалық байланыс линзаларын талдау және дайындау;
3) көзге салынған линзаға бейімделуін бақылау;
4) көруді түзетудің жаңа әдістерін меңгеру және практикаға енгізу;
5) санитариялық-ағарту жұмысы.
40. Көзді байланыстық түзету кабинетінің құрамында немесе дербес көруді күрделі және арнайы түзету кабинеті ұйымдастырылады, ол мыналарды жүзеге асырады:
1) көрудің күрделі оптикалық кемістіктері бар пациенттерге призматтық, сферопризматтық және изейкониялық түзету құралдарын таңдау және пациенттерге оларды пайдалануды үйрету;
2) тексеріп-қарау мен оптикалық түзетудің жаңа прогрессивтік әдістерін меңгеру және енгізу.
41. Көрудің күрделі және арнайы түзету кабинетінде алғаш келген науқастарды қабылдау офтальмолог-дәрігерлер мен оптометристердің жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
Параграф 6. Көзді жеке протездеу зертханасы
42. Көзді жеке протездеу зертханасы ҚазКАҒЗИ-дің, облыстық офтальмологиялық аурухананың консультациялық-диагностикалық орталығының, облыстық (қалалық) көп бейінді аурухананың құрамында шаруашылық-есеп негізінде ұйымдастырылады.
43. Зертхананың негізгі функциялары:
1) көз протездерін және эктопротездерді таңдау және дайындау;
2) стандарттық көз протездерін таңдау;
3) энуклеациядан кейін алғашқы протездеуді жүргізу;
4) балалар көз протездеуі;
5) айғақтар болғанда: туа біткен көз алмасының ауытқулары кезінде, сәулелік терапиядан, күйіктен, қабақтар мен конъюнктивиттік қуысқа жасалған пластикалық операциялардан кейінгі субатрофиялық және атрофиялық көздерді протездеуді жүргізу.
Параграф 7. Ұйымдастыру-әдістемелік кабинет
44. Ұйымдастыру-әдістемелік кабинет облыстық офтальмологиялық аурухананың (орталықтың), ҚазКАҒЗИ-дің құрылымдық бөлімшесі болып табылады, есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізуді, қызметі туралы есепті белгіленген тәртіппен ұсынуды жүзеге асырады. Оның құрамында (немесе дербес) медициналық статистика кабинеті ұйымдастырылады.
45. Ұйымдастыру-әдістемелік кабинет мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында офтальмологиялық бейіндегі аурулардың таралуын талдау;
2) әзірлік нысаналы бағдарламаларды, басқару құжаттарын әзірлеуге қатысу, медициналық көмек стандарттарын және Қазақстан Республикасының аумағында офтальмологиялық бейіндегі аурулардың профиилактикасын, диагностикалау мен емдеуді жетілдіру бойынша басқа да құжаттарды енгізу және қолдануды практикалық іске асыру;
3) офтальмологиялық бейіндегі аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қызметіне, оның ішінде статистикалық есеп пен есептілікті жүргізу бойынша ұйымдастыру-әдістемелік басшылықты қамтамасыз ету;
4) есепке алу және есеп беру статистикалық нысандарына мониторинг және талдау, құжаттаманы жүргізу жөніндегі бағдарламалық кешендердің жұмысын қамтамасыз ету, оның ішінде төсекпен қамтылу және қажеттілік, емдеуге жатқызудың негізділігі, орташа есеппен төсекте болу, жоспарланбаған қайталап түсу көрсеткіші (бір ауру бойынша бір ай ішінде) және т.б.;
5) МСАК көрсететін ұйымдармен сабақтастықты қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсетудің амбулаториялық және стационарлық деңгейлерінің диагноздарының айырмашылықтары жағдайларына мониторинг;
6) социологиялық сұраулар жүргізу, негізделген шағымдарды талдау;
7) қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, оның ішінде медициналық ақпараттық жүйелерді тәжірбиеге енгізу.
46. Облыстық (қалалық) көп бейінді ауруханада бұл функциялар сол ұйымның тиісті құрылымына жүктеледі.
Параграф 8. Тіндер трансплантологиялық зертханасы
47. Тіндер трансплантологиясы зертханасы ҚазКАҒЗИ құрамында ұйымдастырылады, оның қызметі "Адамнан адамға және жануарлардан адамға тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу, консервілеу, трансплантация жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 623 бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.
48. Тіндер трансплантологиялық зертханасының негізгі функциялары:
1) жалпыға бірдей медициналық өлшемдерге сәйкес донор мәйіттерді іріктеу және донор материалының донор мәйіттері мен реципиенттерін гемотрансфузиологиялық инфекцияға тексеруді қамтамасыз ету және бақылау;
2) дайындалған және берілген донорлық материалды алу, паспорттау, тіркеу және есепке алу;
3) консервілеу алдындағы тазарту және донор материалын консервілеу мен оның зарарсыздығын қамтамасыз ету және бақылау;
4) транспланттауға жарамсыз материалды кәдеге жаратуды қамтамасыз ету.
49. Офтальмолог дәрігер донор материалды ауыстырып қондыруды қажет ететін науқастардың консилиумына және оны транспланттауға айғақтар мен қарсы айғақтарды бағалауға қатысады, донор материалды транспланттауға жатқызылған науқастардың хирургиялық емдеу нәтижелерін бақылауды жүзеге асырады.
50. Тіндер трансплантологиясы зертханасының офтальмолог дәрігерінің міндетіне мыналар кіреді:
1) донор мәйіттің көз алмасын тексеріп-қарау;
2) зертханашылар мен санитарлардың тіндерді алуын бақылау;
3) консервіленген материалдардың сапасын экспресс-тестілеу сараптамасын жүргізу.
Параграф 9. "Құрмет белгісі" орденді Қазақ көз аурулары
ғылыми-зерттеу институты" АҚ
51. "Құрмет белгісі" орденді" Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты" АҚ (ҚазКАҒЗИ) – акционерлік қоғам, Қазақстан Республикасының заңнамасымен заңды тұлға болып табылады, тіркеу нөмірі, дербес теңгерімі, банктік есепшоттары, өзінің атауы жазылған мөрі, бланкілері және оның қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де деректемелері болады.
52. ҚазКАҒЗИ мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) диагностиканың, офтальмомикрохирургияның, лазермен емдеудің, эксперименттік, клиникалық және статистикалық зерттеулердің жоғары технологиялық әдістерінің негізінде офтальмология саласындағы ғылыми және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарды жүргізу;
2) стационарлық және стационарды алмастыратын технологияларды пайдалана отырып, диагностика мен емдеудің клиникалық нұсқаулықтары мен кезеңдік хаттамаларына сәйкес ересектер мен балаларға жоғары мамандандырылған және мамандандырылған офтальмологиялық медициналық көмек көрсету;
3) осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес Республикалық деңгейде көру мүшелеріне жасалатын міндетті микрохирургиялық әрекеттер тізбесіне сәйкес көз микрохирургиясының қазіргі заманғы технологияларын қолдана отырып, науқастарды операциялық емдеу. Ересектерге арналған бөлімшедегі микрохирургиялық белсенділік кемінде 90 %, хирургиялық – кемінде 80 %, балаларға арналған бөлімшеде - тиісінше кемінде 80 % және 70 % құрауы тиіс;
4) офтальмопатологияны диагностикалау мен емдеудің жаңа технологияларын әзірлеу, оларды практикалық денсаулық сақтауға енгізу;
5) сырқаттанушылықты талдау және оны төмендету бойынша кешенді профилактикалық шараларды әзірлеу, Қазақстан Республикасындағы офтальмологиялық ауруларды анықтау жөніндегі скринигілік бағдарламаларды әзірлеуге, енгізуге, мониторингіне қатысу;
6) көз ауруларын емдеу, офтальмомикрохирургияны дамыту және офтальмопатология профилактикасы мәселелері бойынша стратегияны және нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге қатысу;
7) офтальмологиялық науқастарға медициналық көмек көрсететін барлық меншік нысанындағы денсаулық сақтау ұйымдарын аккредиттеуге қатысу;
8) медициналық ғылым мен практикалық денсаулық сақтау саласының жаңа жетістіктерін насихаттау мақсатында офтальмология мәселелері бойынша ақпараттық-білім беру материалдарын әзірлеу және дайындау, монографияларды, еңбектердің жинақтарын, әдістемелік ұсынымдарды және мерзімдік басылымдарды (журналдарды) басып шығару;
9) съездерді, симпозиумдарды, ғылыми конференцияларды, мастер-кластар мен кеңестерді (оның ішінде халықаралық) ұйымдастыруға, өткізуге және дайындау мен өткізуге қатысу;
10) жоғары және орта білімі бар медицина кадрларын оқытудың әртүрлі нысандарын (стационарлық, жүрмелі және қашықтықтан) пайдалана отырып, офтальмология бойынша біліктілігін арттыру және қайта даярлау циклдарын өткізу, резидентурада оқыту;
11) Қазақ офтальмология қоғамының жұмысына қатысу, офтальмопатология мәселелері бойынша халықтың хабардар болуын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс.
53. ҚазКАҒЗИ құрылымында мыналар ұйымдастырылады:
1) балалар мен ересектерге арналған стационарлық микрохирургиялық бөлімшелер;
2) консультациялық-диагностикалық орталық, мынадай кабинеттерді қамтиды: консультациялық қабылдау, глаукома, тамырлық және көз онкопатологиясы, балалардың көруін сақтау, байланыстық көруді, күрделі және арнайы түзету, көзді протездеу, амбулаториялық хирургия, лазермен емдеу, күндізгі стационар;
3) функциялық диагностика және клиникалық кабинеттер, зертханалар;
4) ұйымдастыру-әдістемелік және статистикалық кабинет.
54. Құрылымды, штат кестесін, жекелеген құрылымдық бөлімшелердің қызметі туралы ережені, ҚазКА ҒЗИ қызметкерлерінің лауазымдық міндеттері мен сыйлықақы ставкаларын Директорлар кеңесі бекітеді.
Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар туралы Ережеге 1-қосымша |
Амбулаториялық жағдайда көру мүшесіне жасалатын
микрохирургиялық әрекеттер тізбесі
1. І және ІІ сатыдағы птеригиумды алып тастау.
2. Пингвекулдарды алып тастау.
3. Халязионды алып тастау.
4. Қабақ ксантелазмдарын алып тастау.
5. Шағын көлемді ісіктерді алып тастау.
6. Дұрыс өспеген кірпіктер диатермокоагуляциясы.
7. Қабақтың ішке қарай кіруін және сыртқа айналуын жою.
8. Конъюнктивтердің көптеген бөгде денелерін алып тастау.
9. Мейбомиялық бездерді тазарту.
10. Көз жасы жолдарына операциялар; көз жасы қабының флегмондарын ашу, көз жасы нүктелерін кеңейту, көз жасы нүктелерінің теріс айналуын жою, каналикулит кезіндегі операциялар, дакриоцисториностомия.
11. Қабақ пен конъюнктивтер ісіктерінің криодеструкциясы.
12. Көктемгі катар кезінде емізіктердің криодеструкциясы.
13. Криоретинопексия және криоциклопексия
14. Облыстық және қалалық деңгейлерде (тек ҚазКАҒЗИ-пен келісім бойынша) ФЭК-ті қоса алғанда ИОЛ-ды импланттай отырып, катаракта экстракциясы.
15. Гипотензиялық операциялар.
16. Қыликөзділік кезіндегі операциялар (резекция, рецессия, көзден тыс бұлшық еттердің біреуін алып тастау).
17. Блефаропластика.
18. Блефарорафия.
19. Қабақтарға косметикалық операциялар - қабақты тарту (беттің пластикалық хирургиясы бойынша мамандандыру болған жағдайда).
Балаларға операция наркозбен жасалады.
Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар туралы Ережеге 2-қосымша |
Ересектерге және/немесе балаларға арналған облыстық (қалалық)
көз микрохирургиясы бөлімшесінде көру мүшесіне жасалатын
міндетті микрохирургиялық әрекеттердің ТІЗБЕСІ
1. Балалардағы туа біткендерден басқа интраокулярлық линзаларды импланттациясы бар катарактаның интракапсулярлық және экстракапсулярлық экстракциясы.
2. Балалардағы туа біткендерден басқа, глаукома кезіндегі патогенетикалық бағдарланған операциялар.
3. Торқабықтардың ажырауы кезіндегі экстрасклералық операциялар.
4. Көз алмасын тесіп өткен жарақаттар кезіндегі, оның ішінде бөгде денелердің түсуіне байланысты операциялар.
5. Қабақтарға және көз жасы жолдарына операциялар.
6. Тамырлық реконструкциялық операциялар.
7. Көздің алдыңғы қиығына реконструкциялық операциялар.
8. Перфорация кезіндегі шұғыл жағдайларда емдеу мақсатында қабақты жабу.
9. Жергілікті тіндермен пластикасы бар және кемістіктерді тері транспланттарымен жабуға байланысты қабақтың ісіктері кезіндегі операциялар.
10. Трансплантациясыз 2-3-сатыдағы птеригиумды алып тастау.
11. Қыликөзділік кезіндегі операциялар.
Офтальмологиялық көмек көрсететін ұйымдар туралы Ережеге 3-қосымша |
Республикалық деңгейде көру мүшесіне жасалатын міндетті
микрохирургиялық әрекеттер ТІЗБЕСІ
1. Жасқа байланысты катарактаның және туа біткен, асқынған және интраокулярлық линзаларды имплантациясымен қайталанған катарактаның барлық түрлерінің интракапсулярлық және экстракапсулярлық экстракциясы.
2. Интраокулярлық линзаларды қайта импланттау.
3. Глаукома, оның ішінде туа біткен глаукома кезіндегі патогенетикалық бағдарланған операциялар.
4. Көру мүшесінің үйлескен патологиясы кезіндегі құрамдасқан әрекеттердің барлық түрлері.
5. Офтальмологияда тіндерді, оның ішінде аққабықты ауыстырып қондырудың барлық түрлері.
6. Торқабықтардың ажырауына, оның күшеюіне және бұрын жасалған операциялардың асқынуларына байланысты операциялар.
7. Шыны тәріздес денеге, оның ішінде оның ортаңғы және артқы бөлімдеріне жасалатын операциялар.
8. Рефракциялық операциялар.
9. Көзге, көзішілік терең тесіп өткен жарақаттар кезінде және көз шарасындағы бөгде денелер болғанда жасалатын операциялар.
10. Көру мүшесі жарақаттарының ауыр нәтижесі кезінде, көз шарасы ауруларының оптикалық-реконструкциялық және пластикалық операциялары.
11. Қабақтарға және көз жасы жолдарының күрделі реконструкциялық операциялары.
12. Тамырлы реконструкциялық операциялар.
13. Қыликөзділік кезінде жасалатын операциялар.
14. Функциялық тұрғыда көретін бір көзге жасалатын операциялардың барлық түрлері (екі көздің көру өткірлігі 0,05д және одан төмен не қайтымсыз соқырлық кезінде).