Ескерту. Күші жойылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.10.2018 № 536 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 46-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ф.Н. Жақыпова):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын;
3) осы бұйрықты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының назарына жеткізсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Қ. Орынхановқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің | |
міндетін атқарушы | М. Орынханов |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 19 қыркүйектегі № 426 бұйрығымен бекітілген |
Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 46-8) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Талаптар университеттік интернет-ресурстарының құрылымын, мазмұны мен таратылу өлшемдерін анықтайды.
3. Осы Талаптарда мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар қолданылады:
1) динамикалық ақпарат – уақытша сипатқа ие жоғары оқу орнының ағымдағы қызметін көрсететін ақпарат (перспективті даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар);
2) интернет-ресурстар – ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде қызмет ететін электронды ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара әрекетті қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылым;
3) статистикалық ақпарат – бұл тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие жоғары оқу орнының ішкі қызметін көрсететін ақпарат (нормативтік құқықтық актілер, жоғары оқу орнының құрылымы, ережесі);
4) электронды-кітапханалық жүйе – бұл білім беру процесінде пайдаланылатын, тақырыптық және мақсатты белгілер бойынша бірлескен, қосымша сервистермен жабдықталған, құжаттарды іздестіруді және олармен жұмыс істеуді жеңілдететін және ҚР МЖБС-ның барлық талаптары мен басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетін электронды құжаттар жиынтығы.
2. Интернет-ресурстарын ұйымдастыру
4. Университеттік интернет-ресурстар оқу процесінде, оқу, ғылыми және тәрбиелік процестер мен инновациялық қызметте ЖОО-ның жетістіктерін таныту және тәжірибені кеңейту мақсатында, маркетингтік зерттеулер жүргізу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
5. Әрбір білім алушы, оқытушылар және оларға теңестірілген тұлғалар университеттік интернет-ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігімен қамтылуы тиіс.
6. Университеттік интернет-ресурстар мыналарды қамтиды:
1) жоғары оқу орындары, құрылымдық бөлімшелері туралы жалпы ақпаратты, құрылымдық бөлімше басшыларымен байланыс жасау тетіктері;
2) халықаралық ынтымақтастық, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық, білім беру бағдарламалары туралы, ғылыми және халықаралық қызмет бөлімі;
3) статистикалық және талдау деректері;
4) білім саласындағы нормативтік құқықтық актілер;
5) білім беру порталына, электронды кітапханаға, қашықтықтан білім беру порталына (қашықтықтан білім беруді жүргізуге лицензиясы бар ұйымдар үшін), ресми сайттарға, әріптестік ұйым сайттарына сілтемелер;
6) байланыс ақпараты;
7) жоғары оқу орны басшысының блогы;
8) жаңалықтар тізбегі;
9) ғылыми конференциялардың, семинарлардың, ресми сапарлар мен кездесулердің кестесі;
10) білім сапасының менеджмент жүйесінің бөлімі.
7. Жоғары оқу орындарының халықаралық іс-шараларды, форумдарды, семинарларды, конференцияларды өткізетіні туралы ақпарат жоспарланған өткізу күніне дейін жарты жылдан кешіктірілмей университеттік интернет-ресурстарда орналастырылуы тиіс.
8. Университеттік интернет-ресурстарда орналастырылатын динамикалық ақпарат жаңа ақпараттың түскеніне қарай кезең-кезеңімен жаңартылуы тиіс.
9. Ресми сайттарға орналастырылатын статистикалық ақпараттар қажеттілігіне қарай жаңартылып отырады.
10. Университеттік интернет-ресурстарда жоғары оқу орындарының ресми рәміздері мен логотипі орналастырылады.
11. Университеттік интернет-ресурстар жоғары оқу орнының Жарғысына сәйкес ЖОО-ның қызметіне қатысты ақпаратты, дербес ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ құқық иеленуші тараптармен жасалған Келісімдер мен Шарттар негізінде басқа да ұйымдардың ресми сайттары мен ЖОО-ның білім беру порталындағы ресурстарды қамтуы мүмкін.
12. Университеттік интернет-ресурстарда ақпараттарды орналастыру мен жаңарту регламентін ЖОО-ның өзі анықтайды және төмендегілерді қамтиды:
1) университеттік интернет-ресурстарда жоғары оқу орны орналастыратын мәліметтердің толық тізбесі;
2) ЖОО-ның интернет-ресурстарының жұмыс істеуі үшін қолданылатын технологиялық және бағдарламалық құралдарға қойылатын талаптар;
3) орналастырылған университеттік интернет-ресурстарға пайдаланушылардың кіруі;
4) ақпараттарды жойылудан, оларды түрлендіруден және оқшаулаудан немесе осындай ақпаратқа қатысты басқа да заңсыз іс-әрекеттерден қорғау;
5) қайта қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында ақпаратты қосымша тасымалдаушы жабдықтарға көшіру;
6) университеттік интернет-ресурстарды әкімшілендіру.
13. Университеттік интернет-ресурстарда орналастырылатын ақпарат ең кемі екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы мүмкін.
14. Университеттік интернет-ресурстарға техникалық қолдау көрсетуді, тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыруды жоғары оқу орнының интернет-русурсын әкімшілендіруді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
15. Университеттік интернет-ресурстарға ақпаратты орналастыруға дайындықты жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
16. Университеттік интернет-ресурстарда білім және тәрбие қызметіне жатпайтын өзге де мәліметтерді орналастыруға жол берілмейді.