«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау мен қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 10 шілдедегі Заңының 1-бабының 45-тармағына және 83-тармағының 5) тармақшасына сәйкес келтіру мақсатында БҰЙЫРАМЫЗ:
«Жерді пайдалану мен қорғау, геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 28 наурыздағы № 70-ОД және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда Министрінің 2011 жылғы 1 сәуірдегі № 82 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 6943 тіркелген, 2011 жылғы 8 маусымдағы № 240-243 (26641) «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған) мынадай өзгертулер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген геодезиялық және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерінде:
6-тармағы келесі редакцияда жазылсын:
«6. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырушы бақылау субъектілерін екінші кезеңде тиісті тәуекел тобына жатқызылған субъектілерге мынадай баллдар беріледі:
геодезиялық жұмыстарды және (немесе) картографиялық жұмыстарды өндіруге геодезия және картография саласында хабарлама бермей жүзеге асыру – 5 балл;
геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, меншікті немесе жалға алынған салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығының не зауыттық нөмірі көрсетілген салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар, құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың болмауы – 5 балл;
штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болмауы – 5 балл;
Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорға аэроғарыштық түсірімдердің, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың материалдарын ұсынбау – 5 балл;
мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыс жасайтын субъектілерде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсатының болмауы – 5 балл;»;
8-тармақтың 4) тармақшасы келесі редакцияда жазылсын:
«4) тұтынушылар тарапынан арыздар, геодезия және картография саласында анықталған бұзушылықтар туралы мемлекеттік органдардың өтініштері болған жағдайда.»;
келесі мазмұндағы 9 және 10-тармақтармен толықтырылсын:
«9. Әрбір тексерілетін субъектіге бақылау ісі жүргізіледі, онда тексерістерді тағайындау туралы актілердің, тексеріс бойынша тексеру парақтарының, нұсқамалардың көшірмелері, тексеріс нәтижелері мен геодезия және картография саласында талаптарын орындау бойынша жүргізілетін іс-шаралар туралы мәліметтер тігіледі.
10. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты (қайта ұйымдастыру тәртібімен құрылған заңды тұлғаларды және қайта ұйымдастырылған заңды тұлғалардың құқықтық мирасқорларын қоспағанда) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл бойы жоспарлы тексерулер жүргізуге тыйым салынады.»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген геодезия және картографиялық қызметке қатысты жеке кәсіпкерлік саласындағы Тексеру парағында:
«Талаптардың тізбесі» бағанында:
1-ші жол келесі редакцияда жазылсын:
«Геодезиялық жұмыстар және (немесе) картографиялық жұмыстар өндірісін бастау үшін геодезия және картография саласындағы хабарлама болуын растау»;
2-ші жол келесі редакцияда жазылсын:
«1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, меншікті немесе жалға алынған салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар және құрал-саймандар жиынтығының не зауыттық нөмірі көрсетілген салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар, құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың болуы;
2) штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болуы.».
2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің геодезия, картография және геодезиялық бақылау департаменті (Д.Б. Тажединов) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми жариялануын және Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының орынбасары Б.Ә. Смағұловқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың он төртінші абзацын қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы
Жер ресурстарын басқару Экономикалық даму және
агенттігі төрағасы сауда министрі
______________ Қ. Отаров ___________ Е. Досаев