Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облыстық мәслихатының 11.10.2013 N 190/22 шешімімен.
РҚАО ескертпесі:
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылар туралы" Кодексі 3-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңы 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Павлодар облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Павлодар облысы қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары бекітілсін.
2. Облыстық мәслихаттың (І сайланған ХХVІІ (кезектен тыс) сессиясы) 1999 жылғы 17 қыркүйектегі "Облыс қалалары мен елді мекендерін көріктен-дірудің ережелері туралы" шешімінің күші жойылған деп саналсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
4. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Сессия төрағасы А. Терентьев
Облыстық мәслихаттың хатшысы М. Көбенов
Павлодар облыстық мәслихатының
2012 жылғы 6 желтоқсандағы
N 120/11 шешімімен
бекітілді
Павлодар облысының қалалары мен елді мекендерінің
аумақтарын абаттандыру ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Павлодар облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының Су Кодексіне, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы", "Жеке тұрғын үй құрылысы туралы", "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар Павлодар облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыруды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды және тиісті аумақта орындалуға міндетті болып табылады.
2. Негізгі түсініктер
3. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:
1) уәкілетті орган – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік мекеме (бұдан әрі – ТҮКШ);
2) көгалдандыру екпелері – елді мекендердің шекараларында ортақ пайдаланатын жерлерде орналасқан орманды саябақтар, саябақтар, скверлер, бульварлар, желілік екпелер, үй жанындағы екпелер, көгалдар, гүлзарлар;
3) газон (гүлзар) – қалалық жер тізілімінде "газон" (гүлзар") ретінде айқындалған, айқын белгіленген шекаралары бар жер учаскесі;
4) тұрмыстық қатты қалдықтар (әрi қарай - ҚТҚ) – қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар;
5) қалдықтарды кәдеге жарату – қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану;
6) тротуар – жолдың жүргін бөлігімен қатарлас немесе одан газонмен бөлінген жаяу жүргіншінің қозғалуына арналған элементi;
7) шағын сәулеттiк нысандар – декаративті-материалды-көріктендіру қызметі бар кеңістікті ашуды ұйымдастыру үшін пайдаланылатын кішкене құрылғылар (су бұрқақтар, басқыштар, қоршаулар, құлыптас, стеллаж, шамдарар, киоскалар, жарнамалар және басқалар);
8) рекреациялық аймақтар – халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды, парктерді, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерін, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктерді, ландшафтық сәулет объектілерін, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды;
9) инсоляция – алаңды, үй-жайды, ғимаратты гигиеналық бағалауға арналған күн радиациясының нормаланатын көрсеткіші;
10) кондоминиум – жылжымайтын мүлікке меншік нысаны, үй-жай арқылы азаматтың, заңды тұлғаның, мемлекеттің жекелеген (жеке-жеке) меншігіне, ал жалпы мүлік олардың жалпы үлестік меншік құқығына жатады;
11) қоныстану аумағы – тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының жекелеген бөліктерін, басқа да объектілерді орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметі арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететіндей әсер етпейтін елді мекен аумағының бір бөлігі.
3. Жалпы талаптар
4. Елді мекендер қызмет көрсету объектілерімен жайластырылады және қолданыстағы стандарттардың талаптарына, нормаларға, сондай-ақ осы Қағиданың ережелеріне сәйкес адамның қауіпсіз тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған техникалық құралдармен жабдықталады.
5. Ғимарат, имарат, жеке тұрғын құрылыстарының аумақтарынан тұрмыстық қалдықтардың уақтылы шығарылуы жүзеге асырылады.
6. Жер учаскелерін пайдаланушылар арасындағы іргелес аумақтарды жинастыру осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
7. Ғимараттарға іргелес жатқан аумақтар абаттандырылады, көгалдандырылады, жарықтандырылады, қоршалады, ал өтпе жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарында қатты жабынды болуы керек.
8. Инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің аумақтары техникалық және эксплуатациялық сипаттамаларға сәйкес абаттандырылады.
9. Павлодар облысының елді мекендерінің аумақтарында:
1) су аққы желілерінің ластануын болдырмау мақсатында су аққы коллекторларына сыпырынды және тұрмыстық қоқыстарды тастауға;
2) белгіленбеген жерлерге, соның ішінде магистральдардың, көшелердің, жүру жолдары мен тротуарлардың өтпе жолдарына қоқыстар мен қарды шығаруға, тастауға;
3) хабарландыруларды, плакаттарды, үндеулерді, түрлі ақпараттық материалдарды осы мақсаттарға бөлінбеген жерлерге орналастыруға;
4) қалалар мен елді мекендердің аумақтарында қоқыстарды, жапырақтарды, ыдыстарды, өндірістік және басқа қалдықтарды өртеуге;
5) белгіленбеген орындарда көлік құралдарын жууға рұқсат етілмейді.
10. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын (парктер, саябақтар, саяжолдар, жасыл аймақтар. жағажайлар, зираттар) ағымдағы санитарлық жағынан ұстау жүзеге асырылады.
11. Рекреациялық аймақтың аумағында тікелей рекреациялық аймақтың қызмет етуімен байланысты емес әрекеттегі өнеркәсіптік, коммуналдық және қоймалық объектілерді және тұрғын үй-азаматтық тағайындауындағы құрылыстарды орналастыруға (салуға) және кеңейтуге рұқсат етілмейді.
12. Рекреациялық аймақта шаруашылық жүргізуші субъектілер өз объектілерін абаттандырады, сондай-ақ осы Қағидаларға, басқа да қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес санитарлық ұстауды жүзеге асырады.
4. Жер жұмыстарын жүргізу тәртібі
13. Жол жабындыларын, тротуарларды, газондарды және басқа да объектілерді, абаттандыру элементтері мен инженерлік имараттарды бұзуға байланысты жұмыстар жазбаша рұқсат қағазы (ордері) бар болған жағдайда жүзеге асырылады.
Құжаттар, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазын алу (ордерін) үшін берілген өтінім уәкілетті органмен өтінім берілген сәтінен бастап 7 жұмыс күні ішінде қарастырылады.
14. Жұмыс жүргiзу кезiнде зақым келтiрiлген объектiлер рұқсат қағазында (ордерде) көрсетiлген жөндеу мерзiмiнiң аяғына дейiн қайтадан қалпына келтiрiлуi қажет. Уәкілетті орган мерзімі өткен рұқсат қағаздары (ордері) бойынша жұмыстарды жүргізуге олардың мерзімін ұзартпай рұқсат етуге жол бермейді;
жұмыс басталғанға дейін:
- қауiптi аймақтың айналасы қажетті қоршаулармен қоршалып, ескерту белгiлерi қойылуы;
- жаяу жүргіншілер жүретін жерлерде қажетті құралдарды орнату және қазылған учаскелер түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етiлуi;
- нөсерлік кәріздердің үздіксіз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн шаралар қолданылуы;
- механизмдердің жұмыс істеу аймағында көгалдандыру екпелері болса, олардың сақталуына кепілдік беретін жабық қорғандармен қоршау орнатылуы;
- жолдар мен жаяу жүргіншілер жүретін жерлерді жабу қажеттілігі болған кезде, айналып өтетін жолдарға тиісті белгiлер қойылуы қажет.
15. Жөндеу жұмысына қажеттi материалдарды, ауыр салмақты бөліктер мен өзге де механизмдерді жеткізу жұмыс басталғанға дейін бір сөтке бұрын әкелiнуi тиiс. Оларды орналастыру орны көлiк пен жаяу жүргіншiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуді есепке ала отыра анықталады.
16. Жөндеу жұмыстары қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес, сондай-ақ рұқсат қағазында (ордерде) көрсетілген нұсқауға сәйкес жүргiзiледi.
17. Құрылыс материалдары олардың желмен ұшырылып, шашырамауын болдырмайтын шараларды қолдану арқылы сақталады. Көгалдандыру екпелерін, жер асты құдықтарының қақпақтарын, суаққы торларын, лотоктарды және тағы баскалар құрылыс материалдарымен, топырақпен жауып, бастырып тастауға жол берілмейді. Кейіннен ашуға мүмкіндік болатындай жағдай жасай отыра, оларды қорғау үшін тиісті ағаштан жасалған қалқандар және қорапшалар қолданылады.
18. Қайта қалпына келтiрiлген жұмыстардың орындалуын актi бойынша уәкілетті органның өкiлi қабылдап алады.
19. Жұмыс шартының бұзылуы, қайта жөндеу жұмыстарының сапасыз орындалуы немесе қайта жөндеу жұмыстарының мерзімдері бұзылған жағдайда уәкілетті орган мүдделі коммуналдық қызметтермен және басқа да субъектілермен бірлесіп басталған жұмыстарды тоқтатады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданады.
20. Жұмысты жүргізу, соның ішінде қайта қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі уәкілетті органның келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
5. Елдi мекендердiң iшкi көлiк жүйесi
21. Қозғалыс қауiпсiздiгiмен қамтамасыз ету және оны ұйымдастыруды жақсарту жөніндегі негізгі іс-шараларға мыналар жатады:
- жол тегiстiгiн сақтау, ойықтар, шұңқырлар, жарықтар пайда болған жерлердегі ақауларды, басқа да деформацияларды жою;
- автомобиль дөңгелегі iлiнiсінің қажетті коэффициентін қамтамасыз ететін жол жабындысының кедiр-бұдырлығынан сақтау;
- жол жиегін бекiту, жолжабындысы жиегінің ашылып қалмауын қадағалау, суды жол жиегінен бұруды қамтамасыз ету, жол жиегінде су, шұңқыр, iз тағы басқа ойлы-қырлы жерлердi болдырмау;
- жол бойы ұзындығының дұрыс көрінуін қамтамасыз ету, оның iшiнде жолдың ойма жермен өтетiн бөлiгiнде, жол түйісінде, темiржол және трамвай өткелдерiнде;
- қозғалыстың ұйымдастырылуын жақсарту және оның қауiпсiздiгiн арттыру.
22. Елді мекендердің көшелері және жолдарына көлік құралдарының шығуы тиісті санитарлық жағдайда жүзеге асырылады.
23. Көшелердің ластануын алдын алу үшiн көлiкпен тасымалданатын сусымалы және басқа жүктер мұқият жабылуы тиіс.
24. Көшелерде көлiк қозғалысын шектеуге немесе жабуға, қозғалыс маршрутының өзгеру қажеттілігіне байланысты атқарылатын жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қала тұрғындарына хабарландырыла отыра, уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.
25. Жақсартылған жабындылары бар көшелер мен алаңдарда жерасты құрылысын салу немесе қайта жүргiзу мүмкiндігіне қарай жабық әдiспен, жолдың бетiне зақым келтiрiлмей жүргiзiлуi тиiс.
26. Орамдардың ішінде, абаттандырылмаған көшелер мен алаңдарда, сондай-ақ жерасты құрылыстарын салу және қайта жайластыру кезінде ашық әдiспен жол салуға рұқсат беріледі.
27. Жерді қазу кезінде жобада көрсетілмеген жерасты коммуникациясы анықталған болса, онда жұмысты орындаушы бұл туралы уәкілетті органды және мүдделі субъектілерді хабардар етеді, осы жер асты коммуникацияларының кәсіпорындары – баланс ұстаушылармен келісім алғанға дейін жұмысты тоқтатады.
28. Жер жұмыстары жүргізілгеннен кейін қазылған орындар уәкілетті органның келісімі бойынша жұмыс аяқталған соң ұсатылмайтын материалдармен (қазылған жер құм, қиыршық тас) қайта жабылады.
29. Көшенің жүру бөлігіндегі қазылған жерді жабуды қалпына келтіру жүретін жолдың барлық еніне және құрылыс механизмдерi жүргізілген жұмыс аймағында орындалады. Абаттандыру элементтерi мен бүлінген жер бетiн қайта қалпына келтіру топырақ себу бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейiн жүргiзiлуі тиiс.
30. Жұмыстар жүргiзiлетiн жерлерге ақпараттық хабарламалар жазылған тақтайлар орнатылуы қажет.
6. Елдi мекендердiң iшiндегi жерасты және жер
бетiндегi инженерлiк коммуникациялар жүйесi
31. Елдi мекендердiң абаттандырылуын қорғау үшiн инженерлiк коммуникациялар объектілері, инженерлік желілердiң және имараттардың техникалық жағдайы төменде көрсетілгендерді қамтамасыз ететін қызмет көрсетуші кәсiпорындардың тұрақты бақылауында болады:
- аумақта су тасқынына жол бермеу;
- күзететiн және бөлiнiп берiлген аймақтардың санитарлық жағдайын бақылау;
- люктардың қақпақтарының жөнделу жағдайы және орналасуы, құдықтар мен камералардың, жол жабындысының деңгейiнде жауын суының кәріздері торларының жабылуын;
- қыс мезгiлiнде олардың орналасқан жерiн жедел анықтау үшiн құдықтарға белгiлер салу;
- пайдалану, қайта жабу және монтаждау ережелерiн орындамау салдарынан iстен шығуы мүмкiн жерасты жолдарының қатты немесе құмды жабындысының жай-күйіне мониторинг жүргізу.
32. Үстiңгi және жерасты суларын бұруға арналған құбырлар, құдықтар мен каналдарды жинау және тазарту, жауын суларының коллекторларын, жауын суларынан қабылдағыштарды тазалау қажетiне қарай, жазғы кезеңде төрт рет, қысқы кезеңде бір рет тазалануы тиiс.
33. Жауын кәріздерінен, жауын суларының қабылдағыштарынан қатты қалдықтар қажетiне қарай тазаланып, сол мезгілде ұйымдастырылған қоқыс тастайтын жерге шығарылуы қажет.
34. Өнеркәсiптік кәсiпорындардың алаңдарына жиналған атмосфера суы кәріздерге жіберілуі тиiс. Бұл суларды нөсерлiк желіге ағызуға тыйым салынады. Су құбырлары, жылу торабында болатын апатты жою арқылы нөсерлік кәріздерде қысқы кезеңде жиналған суды кәріздерге жіберуге тыйым салынады.
35. Күзгі кезеңде суық түсер алдында суағар желiсінiң торларын жауып, бекiту керек.
36. Қолданыстағы жерасты коммуникацияларын қайта жөндеу кезiнде оларды жолдың жүру бөлігінің астынан шығаруды ескерген жөн.
7. Елдi мекендердің аумақтарын жарықтандыру
37. Елдi мекендердің аумақтарына жарық сыртқы жарық қондырғыларын орнату арқылы беріледі. Сыртқы жарық қондырғыларына:
- электр жабдықтау құрылғысы, қоректендiретiн желi, қоректендiру пункттерi, таратушы желiлер;
- қорғау құрылғысы және жерге қосылған электр желiсi;
- басқару қондырғысы;
- тiреуiштер, арқанды салпыншақтардың тiректерi жатады.
38. Тiректер техникалық құжаттар анықталған жерде орналасады.
39. Ғимараттардың жанында орналасқан енi тар жүретін орындар, тротуарлар мен алаңдар ыңғайлы түрде қол жеткізілетін болса, оларды ғимарат қабырғасына орналасқан шамшырақтар арқылы жарықтандыруға болады.
40. Сыртқы жарықтандыру құрылғыларын қалпында сақтауға және қызмет көрсетуге мынадай iс-шаралар жатады:
- шамдарды және қатардан шыққан шамдардағы шашыратқыштарды ауыстыруды, шамдарды тазалауды, жарықтандырғыш деңгейлерін өлшеуді қоса алғанда, сыртқы жарықтандыру құрылғыларының техникалық жарамды жағдайын ұстау, мұнда сандық және сапалық көрсеткіштер орнатылған параметрлерге сәйкес келеді;
- сыртқы жарықтандыру құрылғылары жұмысының реттелетін тәртібін, уақтылы қосуды бақылау, ішінара немесе жартылай сөндіруді бақылауды, жанбайтын шамдарды анықтауды және уәкілетті органның келісімі бойынша оларды жедел жоюды қамтамасыз ету.
41. Шамшырақтардың жану пайызын және сыртқы жарықтандыру құрылғысының жай-күйін анықтау үшiн уәкілетті органмен бақылау тексерiстерiн жүргізедi.
42. Сыртқы жарықтандыру құрылғысының жай-күйіне байланысты металл тiректер, тiреуiштер мен басқа да элементтер үш жылда бiр рет сырланып тұрады.
43. Жарнамаларды, стендiлерді, витриналарды жарықтандыру кезінде жарық беру құралдары жарықтандырылған сәуле бейнесінің қарап тұрған адамның көзiне түспейтіндей жағдайда орналастыру қажет.
44. Жаяу жүргіншілердің, жүргiзушiнiң көзiне сәуле тура түспеуi үшiн жарықтандырғыш құралдарына қорғау бұрышын немесе арнайы экрандау торларын орнатуды ескеру қажет.
8. Табиғи су айдындары
45. Табиғи су айдындарының жанында елдi мекендер орналасса, олардың жағаларында жағажайлар мен жағалаулар жасалады.
46. Серуендейтiн аллеяларда көгалдандыру екпелері аллеяның iшкi жағына орналасады.
47. Оңтүстiкке қараған жағалауларда көлеңкелi учаскелер жасалады. Газондар мен гүл өсiретiн жерлерге бөлiнедi.
48. Баспалдақтың шығар жерi өте биiк болған жағдайда, ол жерге алаң жасалуы қажет.
49. Жағажай аумағы сумен жабдықтау көздерiн санитарлық қорғау аймағынан тыс және су ағынының ең төмен жерiн ластау мүмкiндiгiнен қашық жерде болу керек.
50. Жағажайларда құтқару станциялары, тамақтандырудың сауда пунктері, киім ауыстыру кабиналары, дәретханалар, қоқыс жинайтын жәшіктер орналасады. Су ішуге арналған фонтандар болса, "Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаға, топыраққа және олардың қауіпсіздігіне, қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтарын күтіп-ұстауға, адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың" санитарлық қағидаларына сәйкес болуы қажет.
51. Барынша қолайлы инсоляция бар жағажайлар неғұрлым күн көп түсетiн оңтүстiк, оңтүстiк-батыс, оңтүстiк-шығыс баурайларына орналастырылады.
52. Су айдындарының, өзендердің, ағыстардың жағаларында:
- материалдарды, жабдықтарды арнайы бөлiнген шомылу құралдарын тиеуге арналған жерлерден басқа жерлерде сақтауға;
- қоқысты, балшықты, ластанған қарды, тазаланбаған өнеркәсiп және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды тастауға тыйым салынады;
- қыс мерзiмi аяқталған соң жағалау аймағы көң - қоқыстан тазаланып, су бассейнiнiң санитарлық жағдайын қамтамасыз ететiн іс-шаралар жүргiзiледi.
9. Елдi мекендердi сәулетті - көркем безендіру
53. Елдi мекендердi сырттай көркейту белгіленген тәртіппен бекiтiлген бас жоспарлар (бас жоспарлар сұлбалары), жоспарлаудың детальды жобасы мен аумақты салу жобасы бойынша iске асырылады.
54. Сырттай көркейту элементтерiн орналастыру кезінде олардың аумақтың бағытына сәйкес келуi, сондай-ақ архитектурамен және табиғи ортамен органикалық бiрлiгi қамтамасыз етіледі.
55. Аумақтың тұрғын жай бөлiгiн көркейтудiң жоспарлы элементтері ересек адамдардың демалатын жерінен, спорт және шаруашылық алаңдарынан, сондай-ақ көлiк жолынан алыстау орналасқан балаларға арналған ойын алаңынан тұруы.
56. Балалар алаңының жабындысы сол жерге қойылған жабдықтарға байланысты болуы керек.
57. Базар аумақтарында, оның iшiнде шаруашылық, базар алаңдарында жауын суы мен ерiген су ағатын еңiстiгі бар қатты жабынды (асфальт, кесектас, тас төсеуіш), кәріздер, су құбырлары немесе жабық суағар жүйесi болуы керек.
58. Зираттың аумақтары қоршалуы тиіс және жүретін орындарда қатты жабындысы болуы керек.
59. Ғимарат қасбеттерін безендіру және оған іргелес аумақтарды абаттандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша жүзеге асырылады.
60. Қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жеке бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағаздарын беру жүзеге асырылады.
61. Көлiк тұрақтары жеке жабдықталған автомобиль тұратын қалтасы ескерiлген, жол жабындысы бар, жол таңбаларымен белгiленген алаңдарда орналасады. Тұрақтардың кіреберісінде тұрақтың атауы жазылған және жұмыс тәртібі бар маңдайша орналастырылуы қажет.
62. Киоск, ларек, павильон және басқа да уақытша ғимараттарды орналастыруға сәулет, қала құрылысы, құрылыс саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша ғана жол беріледі, ал пайдаланатын объектілер, соның ішінде азаматтардың қауіпсіздігін, эстетикалық жағын қоса алғанда, нормативтік және басқа да міндетті талаптарға сәйкес тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ететін тұрғын ғимараттар тиісті жағдайда ұсталынады.
63. Елді мекендер үшін қолданыстағы құрылыстың сәулетін бұзбайтын, сыртқы эстетикалық келбетті құруға арналған заманауи дизайнерлік шешімдерді қолдану арқылы декоративтік көгалдандыру екпелерін қолдану ұсынылады.
10. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын жинау
64. Тұрғындарға қызмет көрсететін сауда объектілері және басқа да пунктер, сондай-ақ оған іргелес жатқан аумақтар санитарлық жағдайда ұсталынады.
Контейнерлік алаңдарды қоспағанда, жалпы пайдаланымдағы жерлерде орналасқан ішкі үйлердің аумақтарында санитарлық тазалау жүргізуді облыстың ТҮКШ-да уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
65. Аула аумағының тазалығы күнделiктi жинастыру арқылы сақталады. Ауа райының жағдайына байланысты тротуарға су немесе құм шашылады, қардан тазартылып, үй жанындағы көшеттер, балалар алаңы, суағарлар мен кәріздер тазартылады.
66. Тұрғын жай аумақтарын және қоғамдық орындарды жинау күн сайын қажеттілігіне қарай күні бойы жүргiзiледi. Аумақтарды жинау жазғы және қысқы кезеңге бөлінеді.
67. Елді мекендердің аумақтарын жазғы кезеңде жинау жұмыстарына күнделікті сыпыру, суару, су аққы құдықтарын тазалау, сондай-ақ түнгі уақытта көшелердің өтпе жолдарының бөлігін, алаңдар мен тротуарларды жуу жатады.
68. Қысқы жинау жұмыстары тұрақты (қар түскен кезде) және мерзімді (қар жауған уақытында және қарды толық жинағаннан кейін) болып бөлінедi. Қар көп жауған кезде күрделi жинау өткізіледі.
69. Қысқы жинау екi кезектен тұрады. Бiрiншi кезекте орындалатын жұмыс жаяу жүргіншілер мен көлiк қозғалысының, әсiресе, жол өткелдерiнiң, магистральдi көшелердiң, автобус жолдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет. Екiншi кезектегi жұмысқа қар дуалдарын жасау, жолдан қарды тазалау, мұз жару, қарлы мұзды сырғанақтарды жою, қар жаумаған кезде көлiк жолын сыпыру жұмыстары жатады.
70. Жолдар мен тротуарлардағы қарлы-мұзды құралдармен күресу үшін құм-тұзды қосынды сепкіші пайдаланылады.
71. Жаяу жүргіншiлердiң қайғылы оқиғаларға тап болуын, әуе желілерінің, шамшырақтар мен көгалдандыру екпелерінің зақымдануын алдын алу мақсатында шатырлардағы, карниздердегі, суағар құбырларындағы қарлар сақтану шараларын міндетті сақтау арқылы имараттар мен ғимараттар иелерiнің, жалға алушылардың күшімен және құралдарымен жүйелі тазаланады.
72. Елдi мекендердiң аумақтарын қардан тазалау оны арнайы бөлiнген қар жинайтын орындарға (бос жерлерге, сайға) шығару, көлiк жүретiн жолдан көгалдандыру екпелерінің түбiне, өзен арнасына лақтыру арқылы жүзеге асырылады. Соңғысы қарға құмды тұзды немесе басқа химиялық қоспалар шашылмаған кезде жасалады. Өзен жағаларында қар жинайтын орындар жасалады. Қыс аяқталғаннан кейiн қар жиналған жерлерде қар тазалау жұмысы, сондай-ақ су бассейндерінiң санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргiзiледi.
73. Көшелерде, аулаларда және басқа көпшiлiк пайдаланатын жерлерде қоқыстарды, сауда лотоктарын, бос құтыларды, басқа да сауда жабдықтарын тастауға тыйым салынады.
74. Жағажай аумақтары мен демалыс аймақтары олардың жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң жиналады: жағалауды, киiм ауыстыратын орындарды, дәретханаларды, жасыл аймақтарды тазалау, бос ыдыстарды жуу және әжетханаларды дезинфекциялау жұмыстары жүргiзіледi. Күндізгі уақытта ағымдағы жинау өткізіледі. Жағажай аумағы, демалыс аймақтары құмның үстiңгi қабатын апта сайын қопсыту жолымен жыл сайын құм салу арқылы жиналады. Жағажайда, саябақтарда, демалыс аймақтарында сауда жасаған ұйымдар мен жеке кәсiпкерлер жиналған қоқысты рұқсат етілген үйіндіге шығарып, үнемi жинап отырады.
75. Кәріз желілері жоқ рыноктарда сауда орындарынан 25 метрден кем емес жерде сұйықтық өткізбейтін шұңқырлары бар қоғамдық әжетханалар орнатылады. Сыпырылған шұңқырға, екіден үші аспайтын көлемде толтыру бойынша уақытында тазаланады, дезинфекцияланады. Локальді тазарту қондырғысы өндіруші техникалық құжаттарға сәйкес жабдықталады.
76. Іргелес жатқан алаңы бар рыноктардың аумақтары, кооперативтік гараждар, шаруашылық қоралар, погребтер, саяжайлық қоғамдардың аумақтары және көгалдандыру екпелері бар бекітілген аумақтар мен кірме жолдар санитарлық жағдайда ұсталынады.
77. Теміржолдар, көпірлер, қиябеттер, үймелер, жол өтпелер, жол астындағы өтулер, оқшаулану аймақтары шегіндегі аумақты, осы имараттарды пайдаланатын кірме жолдарының теміржол ұйымдары және иелері жинастырады.
78. Барлық бұзылатын немесе демонтаж жасалынатын құрылыстар мен имараттар қоршалады, құрылыс қоқыстарынан жиналады, ал учаске рекультивацияға жатады.
79. Іргелес жатқан аумақтар шегінде, трамвай жолдарының, жол өтпелерінің санитарлық жағынан ұсталуын трамвай кәсіпорны жүзеге асырады.
11. Елді мекендердің қоныстану аумағындағы
қоқыстарды жинастыру және шығару
80. Елдi мекендердiң аумақтарындағы тұрмыстық қалдықтарды жинау, сақтау және олардың аумақтарынан қалдықтарды жою жүйесін таңдау абаттандыру деңгейiне, үйдiң қабаттылығына, құрылыстың салыну түрiне байланысты болып келеді және қоқыс құбыры бар немесе қоқыс құбыры жоқ үйлерде қоқыстарды жинау болып бөлiнедi. Қажеттілігіне қарай сұйық қалдықтарды жинау үшін қазылған шұңқыр орны болу қажет. Масаларды, тарақандар, тышқандарды жою үшін дезинфекция мен дератизация жасалуы қажет.
81. Тұрғын үйлерден, сауда және қоғамдық тамақтану, мәдениет кәсiпорындарынан, қоғамдық ұйымдар мен басқалардан қатты қалдықтар мамандандырылған кәсiпорындармен жасалған келiсiм шарт бойынша жоспарлы тұрақты негізде жиналады. Ірі габаритті қалдықтарды шығару өтінімдер бойынша жүзеге асырылады.
82. Тұрғын үй құрылыстарына арналған қоқыс жинау контейнерлері қатты жабындысы, міндетті қоршаулары және мамандырылған көлікке арналған кіребірес жолдарымен арнайы алаңдарда орнатылады. Қоқыс жинайтын алаң, ғимараттардан, балалар ойнайтын алаңдардан, демалыс және спротпен айналысатын орындардан арасы 25 метрден аспау керек, үш жақтан қоршалады. Қоршаудың биіктігі орнатылған контейнерден төмен болмауы қажет.
83. Қоқыс жинау контейнерлері мен аз қабатты құрылыстардың үй иелеріне арналған алаңдарды ұстауды меншік иелері және қоқыс шығару жөніндегі мамандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады.
Қоқыс салу құбыры жоқ жалпы пайдаланымдағы жерлерде және тұрғын құрылыстағы ішкіаулалық аумақтарда қоқыс жинау контейнерлері мен алаңдарды ұстауды қоқыс шығаратын мамандандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады.
Қоқыс салу құбыры бар тұрғын құрылыста қоқыс салу камераларын, қоқыс жинағыштарды және камерадан қалдықтарды шығару орындарына іргелес жатқан аумақтарды, сондай-ақ контейнерлерді орналастыруға арналған алаңдарды ұстауды меншік иелері, кондоминум объектілерінің басқару органы жүзеге асырады.
Иелігінде ғимараттар, үй жайлар және аумақтар бар субъектілер үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды ұстауды және шығаруды қоқыс шығаратын кәсіпорындар немесе өздері жүзеге асырады.
Тұрмыстық мақсаттағы ірі габаритті заттар мен құрылыс материалдары бар контейнерлерді тиеуге рұқсат етілмейді, сұйық қалдықтарды төгуге, контейнерлермен және қоқыс салғыш камераларда қоқысты өртеуге рұқсат етілмейді.
84. Жалпы пайдаланымдағы орындарда мамандандырылған ұйымдар жеткілікті мөлшерде қоқыс жәшіктерді орнатады. Қоқыс жәшіктерін тазалау олардың шекті толтырылуы бойынша жүргізіледі.
85. Жануарларды өсірумен және ұстаумен айналысатын шаруашылық және кәсіпорындар иелері жануарларды қорада бағу кезеңінде, оларды ұстайтын аймақта көңді және басқа қалдықтарды кейіннен шығарумен санитарлық қызметпен келісілген орындарға қаттап тастауды қамтамасыз етеді.
86. Қалдықтардың шығарылуына бақылау жүргізуді санитарлық қызмет және уәкілетті орган жүзеге асырады. Шаруашылық субъектілері тексеру кезінде мамандандырылған ұйымдармен келісім-шарт болмаған жағдайда ұйымдастырылған қоқыс тастайтын жерге ҚТҚ шығаруды растайтын тиісті құжатын ұсынады.
87. Санитарлық нормаларды сақтаумен және санитарлық-қорғау аймақтары үшін талаптар арнайы бөлінген аумақтарда ұйымдастырылған қоқыс тастайтын жерлерде жүзеге асырылады.
12. Елді мекендердегі көгалдандыру екпелерін қорғау
88. Көгалдандыру екпелерін бағып-күту, оларды уақытында зиянкестерден, аурудан, арам шөптен қорғау жұмыстарын ұйымдастыруға мынадай iс-шаралар жатады:
1) қоқыстарды жинау, көгалдарды қию, шабу, тырнауышпен тазалау, құрғақ жапырақтарды жинау, арамшөптерді шөптеу, бұталарды қию;
2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту;
3) көктемгі-күзгі кезеңдерде көгалдандыру екпелерін суару;
4) өсіп жатқан жасыл қорға қосымша ағаштар мен бұталарды қалпына келтіріп отырғызу;
5) ағаштардың крондарын кесу, құрғақ бұтақтарды, жас бұтақтарды, сынған бұтақтарды кесу;
6) ескі ағаштарды жасарту;
7) ауру және қурап қалған ағаштарды жою;
8) көктемгі кезеңде шұңқырларды түзету, ашық жерлеріне топырақ себу, күзгі-қысқы кезеңде отырғызылған ағаштарды суару.
89. Көгалдандыру екпелері отырғызылған жалпы пайдаланымдағы және инженерлік коммуникациялар орналастырылған жерлерде:
1) санитарлық, өртке қарсы және басқа нормалардың бұзылуына;
2) газондардың үстінен жүруге, ағаштарға механикалық зақым келтіруге;
3) бау-бақша құралдары мен жабдықтарды бүлдіруге;
4) мал бағуға, топырақ пен құмды қазуға және шығаруға;
5) ағаштар мен бұталы өсімдіктерді рұқсатсыз шабуға;
6) көгалдандыру екпелеріне зиянды әсер келтіретін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген жаңа және қайта құрылған кәсіпорындарды, агрегаттарды және өзге объектілерді іске қосуға;
7) өз еркімен қоршауларды орнатуға тыйым салынады.
90. Көгалдандыру екпелерін сақтауға мүмкіндік болмаған жағдайда, Қағидаға сәйкес әрекет ететін жасыл қор жөніндегі комиссияның алқалық шешімі негізінде уәкілетті органның рұқсатын алу қажет. Комиссия құрамына экология, қала құрылысы, қоршаған ортаны қорғау, орман шаруашылығы және табиғи ресурстар саласындағы мамандар кіреді. Комиссия көгалдандыру екпелерін шығару кезінде:
1) жасыл қор объектілерінің шаң жібермейтін, желден қорғайтын, газға тұрақтылығы мен фитоцидті сапасын;
2) негізгі биометрикалық көрсеткіштерін: жасын, өсімдіктің биіктігін, діңгегінің диаметрін, ұшар басының ені мен тығыздылығын;
3) қалалық объектілердің декоративтік және эстетикалық рәсімделу әсерін;
4) олардың сауықтыру әсерін ескереді.
91. Инженерлік коммуникациялардың қорғауындағы аймақтардың шекараларындағы, мемлекеттік бағдарламалар бойынша объектілерді салуға ұсынылған жер телімдеріндегі көшеттерді және мемлекеттік мекемелер аумағында өсетін көгалдандыру екпелерін ескермегенде, көгалдандыру екпелерін құлатуға рұқсат алынған жағдайда тапсырыс беруші (өтініш беруші) жұмыстарды жасау кезінде тиісті бюджетке мыналардың құнын өтейді:
1) тапсырыс берушінің өтініші бойынша, тиісті линцензиясы бар, тәуелсіз бағалаушы анықтайтын құлатылған көгалдандыру екпелерін бағалау құнын;
2) осы қызметті жүзеге асыратын ұйым анықтайтын жаңа ағаштарды отырғызу және бір жыл бойы оларды күту құны.
Елді мекеннің аумағында адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушы көгалдандыру объектілерінің, сондай-ақ гүлзарлар мен газондардың сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғаны анықтайды, бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.
92. Жер учаскесін сату-сатып алу келiсiм шартын жасау немесе жердi жалға беру кезiнде учаскеде көгалдандыру екпелері болса, онда шартта немесе оның қосымшасында сатып алынатын (жалға берілетін) учаскедегі көгалдандыру екпелерінің болуы, олардың түрi, жасы, учаскелерде өскен ағаштардың және бұталар мен көгалдарда орналасқан алаңдардың саны көрсетiлуi тиiс.
93. Шартта сатып алушының (жалға алушының) көшеттерді сақтау жауапкершiлiгi ескеріледі. Шабу қажет болған жағдайда сатып алушы (арендатор) тәуелсіз нарықшының бағалау сәтінде оның түріне және нақты жағдайына тәуелділігінде шабылған ағаш құнын бюджетке толық қалпына келтіруді компенсациялайды.
94. Жұмыстарды жүргізу барысында:
- көгалдандыру екпелерінің зақымдануынан қоршау;
- жолдарға, тротуарларға, өткелдерге, алаңдарға, шұңқырларға асфальт төсеген кезде газон шөбін жұлу немесе темір торлар орнатудан кейін қажетіне қарай жер қалдыру;
- жолдарды, тротуарларды салу және қайта жаңарту кезінде көгалдандыру екпелері орналасқан аймақтарда тiк белгiлердi өзгертуге болмайды, олардың жоғарғы бетiн көтеру немесе төмендету жұмыстары жүргізілсе, онда жобаларда көгалдандыру екпелерінің дұрыс өсу жағдайын сақтау үшін құрылғы орнатуды ескеру қажет;
- салынып жатқан объектiлерге кірме жолдарын салу кезінде көшеттердiң орындарын ескеру қажет және көгалдандыру екпелері қоршауларының бұзылуына жол бермеу керек.
95. Жасыл қордың сақталуына және көгалдандыру екпелерінің күтіп ұсталуына бақылау жүргізу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жоспарлы (көктем мен күзде) және кезектен тыс тексерулерін (қатты қар, жауын жауғанда, жел қаққанда) өткізу жолымен жүзеге асырылады.
13. Осы Қағидаларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
96. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылады.