Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.09.2017 № 173 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы
30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарушы шетелдік ұйымдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдарды жасауды тапсырған кезде оларға қойылатын талаптарды қоса алғанда, оларды таңдау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк | |
Төрағасы | Г. Марченко |
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 222 қаулысымен бекітілген |
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін
басқарушы шетелдік ұйымдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы
қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдарды
жасауды тапсырған кезде оларға қойылатын талаптарды қоса
алғанда, оларды таңдау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарушы шетелдік ұйымдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдарды жасауды тапсырған кезде оларға қойылатын талаптарды қоса алғанда, оларды таңдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – Қор) зейнетақы активтерін басқарушы шетелдік ұйымдарға Қордың зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдарды жасауды тапсырған кезде оларға қойылатын талаптарды қоса алғанда, оларды таңдаудың тәртібін реттейді.
2. Қордың зейнетақы активтерінің бір бөлігі:
1) басқаруды шоғырландырумен байланысты тәуекелдер деңгейін басқаруды әртараптандыру арқылы төмендету;
2) сыртқы басқарушының тәжірибесін, талдамалық материалдарын, зерттеулері мен техникалық ресурстарын пайдаланудың арқасында Қордың зейнетақы активтерінің кірістілігін ұлғайту;
3) активтерді басқару, қызметкерлерді оқыту саласында қосымша сараптама алу;
4) ішкі басқаруда тәжірибе жинақталмаған активтердің жаңа кластарын пайдалану мүмкіндігі үшін сыртқы басқаруға беріледі.
3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аймақтық мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінде шоғырландырылған портфель;
2) активтерді активтік басқару – бұл кірістілік ауытқуы өзгермелілігінің мақсатты мәні (tracking error) 0.5 пайыздан асатын басқару түрі;
3) активтерді пассивтік басқару – бұл кірістілік ауытқуы өзгермелілігінің мақсатты мәні (tracking error) 0.5 пайыздан аспайтын басқару түрі. Пассивтік басқару кезінде сыртқы басқарудағы портфельдің кірістілігі шамамен эталондық портфельдің кірістілігіне тең болады;
4) активтерді сыртқы басқару – активтерді клиенттердің активтерін сенімгерлік басқаруға маманданған және қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын шетелдік ұйымға сенімгерлік басқаруға беру жүргізілетін активтерді басқару түрі;
5) активтерді сыртқы транзиттік басқару – бұл сыртқы транзиттік басқарушының бір сыртқы басқарушыдан басқасына аударуға арналған активтердің белгілі бір құрылымының уақытша портфелін берілетін активтердің трансформациясымен қатар жүретін тәуекелдер мен шығасыларды барынша азайту мақсатында 6 (алты) айға дейінгі мерзімге қалыптастыруының және қолдау көрсетуінің техникалық функциясы;
6) ақпараттық коэффициент (information ratio) – тарихи жоғары кірістіліктің тәуекелдің тарихи деңгейіне (кірістілік ауытқуының өзгермелілігіне) қатысы;
7) ауқымды мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінен шығатын портфель;
8) бас ұйым – еншілес ұйымдар акцияларының бақылау пакетіне ие шетелдік ұйым;
9) жоғары кірістілік деңгейі – кірістіліктің нақты жеткен деңгейі мен эталондық портфель кірістілігі деңгейінің арасындағы айырма;
10) институционалдық инвестор – қаржы активтерін ұстаушы рөліндегі және қаржы активтерін инвестициялау жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
11) кірістілік ауытқуының өзгермелілігі (tracking error) – портфельдің нарықтық тәуекелінің эталондық портфельге қатысы бойынша портфель кірістілігінің эталондық портфель кірістілігінен ауытқуының өзгермелілігін көрсететін негізгі көрсеткіш;
12) мамандандырылған мандат – басқару стильдерін әртараптандыру және сыртқы басқарушылар арасындағы теріс корреляция мақсатында берілетін мандат;
13) мандат – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк (бұдан әрі – Ұлттық Банк) айқындайтын инвестициялық сипаттамалары бар портфель;
14) маржа шоты – бұл туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізу үшін биржалармен үлестес ұйым болып табылатын, туынды қаржы құралдарымен операциялар бойынша есеп айрысулардың шынайылығын, жеткізуді және жүргізуді қамтамасыз ететін клирингтік ұйымда ашылған шот;
15) сыртқы басқарушы – клиенттердің активтерін сенімгерлікпен басқаруға маманданған және қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын шетелдік ұйым;
16) сыртқы транзиттік басқарушы – клиенттердің активтерін транзиттік басқару қызметін көрсететін және қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын, Ұлттық Банкінің Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары баға ұсыныстарының салыстырмалы талдауы негізінде тағайындайтын шетелдік ұйым;
17) уәкілетті бөлімше – Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар бөлімшесі;
18) эталондық портфель – инвестордың стратегиялық мүдделерін көрсететін құралдар жиынтығы. Эталондық портфельдің кірістілігі активтерді басқару кірістілігін бағалау кезінде өлшем болады. Эталондық портфель ретінде әлемдік жетекші қаржы компаниялары не Ұлттық Банк әзірлеген және қадағалайтын индекстер пайдаланылады.
2. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы және сыртқы транзиттік
басқарудың негізгі талаптары
4. Қордың активтерін басқаруды сыртқы басқарушы да, сыртқы транзиттік басқарушы да жүзеге асырады.
5. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға Қордың зейнетақы активтерінің құрамына кіретін ақша және басқа активтер беріледі.
6. Қордың бір сыртқы басқарушыға сыртқы басқаруға берілетін зейнетақы активтерінің жалпы рұқсат етілген көлемі Қордың шетел валютасымен зейнетақы активтері портфелінің 10 (он) пайызынан аспайды.
7. Активтерді басқару түрі (активтік, пассивтік) және эталондық портфельдің өлшемдері Ұлттық Банктің Қордың зейнетақы активтерімен инвестициялық операцияларды жүзеге асыруы шеңберінде айқындалады.
8. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушыға белгіленген сыйақы және/немесе басқару нәтижесіне байланысты сыйақы Қордың сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға берілген зейнетақы активтерін инвестициялық басқару (бұдан әрі – инвестициялық басқару) шартында айқындалған тәртіппен төленеді.
3. Шешім қабылдау және Қордың зейнетақы активтерін сыртқы
немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру тәртібі
9. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру қажеттілігі туралы шешімді Ұлттық Банктің Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары қабылдайды.
10. Егер Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқаруды жүзеге асыратын сыртқы басқарушы Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында белгіленген критерийлерді қанағаттандырса, Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының шешімі бойынша оның кандидатурасы Ұлттық Банк Басқармасының қарауына Қағидалардың 11, 12, 13 және 14-тармақтарында көзделген рәсімдер жүргізілместен енгізіледі.
11. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банктің Интернет желісіндегі интернет-ресурсында сыртқы басқарушыны таңдау бойынша алда болатын тендер туралы ақпарат жариялайды, әлуетті сыртқы басқарушылардың тізімін жасайды, осы ақпаратты әлуетті сыртқы басқарушыларға жібереді. Алда болатын тендер туралы ақпаратта мыналар болады:
1) мандат түрінің сипаты және оның сипаттамалары (эталондық портфель, басқару мақсаты, инвестициялық шектеулер, мандаттың болжамды көлемі);
2) Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес сыртқы басқарушыдан сұратылатын шағын ақпарат және жауаптарды беру мерзімі;
3) әлуетті сыртқы басқарушыларға қойылатын талаптар;
4) Ұлттық Банктің тендер өткізуге жауапты тұлғалары туралы мәліметтер.
12. Сыртқы басқарушыларды таңдауды уәкілетті бөлімше жүзеге асырады.
13. Әлуетті сыртқы басқарушылар Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес сұратылатын ақпаратқа жауаптарды электрондық түрде және/немесе қағаз тасымалдағышта алда болатын тендер туралы ақпаратта белгіленген мерзімде, Интернет желісінде сыртқы басқарушыны таңдау бойынша алда тендер жүргізу туралы ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсында жариялаған күннен бастап 1 (бір) айдан кешіктірмей ұсынады.
14. Уәкілетті бөлімше Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында белгіленген сыртқы басқарушыларды таңдаудың міндетті критерийлерін ескере отырып, келіп түскен барлық ұсыныстарға салыстырмалы талдау жүргізеді.
Егер сыртқы басқарушы міндетті критерийлерді қанағаттандырған жағдайда, ұсыныс одан әрі қаралады және Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдау үшін бағалау критерийлері бойынша салыстырмалы талдау жүргізіледі.
Сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау критерийлерінің кестесіне сәйкес бағалау тәртібі Қағидалардың 3-қосымшасында келтірілген.
15. Қордың бір сыртқы басқарушыға берілетін зейнетақы активтерінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан асатын мандаттар үшін міндетті критерийлер мыналар:
1) Қордың зейнетақы активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесінің, оның кемінде 5 (бес) жылы мандаттың жарияланған түрі бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы.
Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында барлық ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса, онда осы аймақтық мандаттар бойынша жұмыс тәжірибесі кемінде 5 (бес) жылды құрайды;
2) басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 25 (жиырма бес) миллиард АҚШ доллары баламасындағы жиынтық активтерінің болуы;
3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушыда қарастырылып отырған мандат түрі бойынша клиенттердің жиынтық активтері 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында ауқымды мандатты қамтудың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса, осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса, онда аймақтық мандаттар бойынша активтердің мөлшері 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
16. Қордың бір сыртқы басқарушыға берілетін зейнетақы активтерінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан аспайтын мамандандырылған мандаттар үшін міндетті критерийлер мыналар:
1) Қордың зейнетақы активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесінің, оның кемінде 3 (үш) жылы мандаттың жарияланған түрі бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы.
Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында барлық ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса, онда осы аймақтық мандаттар бойынша жұмыс тәжірибесі кемінде 3 (үш) жылды құрайды;
2) басқарудағы активтердің мөлшері: басқаруында клиенттердің жиынтық активтерінің мөлшері кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ долларын құрайтын баламалы құралдар мандаттары бойынша сыртқы басқарушыларды қоспағанда, сыртқы басқарушының басқаруындағы клиенттердің жиынтық активтері 3 (үш) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс;
3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушыда мандаттың қарастырылып отырған түрі бойынша 150 (бір жүз елу) миллион АҚШ доллары баламасынан кем емес клиенттердің жиынтық активтері болуы тиіс.
Егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланса, ал тендер қатысушысының басқаруында ауқымды мандатты қамтудың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса, онда аймақтық мандаттар бойынша активтердің мөлшері кемінде 150 (бір жүз елу) миллион АҚШ доллары баламасынан кем болмауы тиіс.
Мамандандырылған мандат қолданыла бастағаннан кейін бір сыртқы басқарушыға оның басқару нәтижелері бойынша 300 (үш жүз) миллион АҚШ долларынан асатын, бірақ Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген шектеуден аспайтын мөлшердегі зейнетақы активтері беріледі.
17. Ұлттық Банктің сыртқы басқарушының басқару нәтижелері мен сапасы туралы сұрату жібере отырып, оның клиенттеріне өтініш жасауына жол беріледі.
18. Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын талдау жөніндегі қорытындыны дайындау мерзімі сыртқы басқарушы сұратылған ақпаратты ұсынған күнінен бастап 2 (екі) айдан аспайды.
19. Уәкілетті бөлімше дайындаған, сыртқы басқару жөніндегі ұсыныстарды салыстырмалы талдаудан және сыртқы басқарушыны таңдау жөніндегі ұсынымдардан тұратын қорытынды Ұлттық Банктің Төрағасына немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарына қарауға ұсынылады, ол қарау нәтижесі бойынша сыртқы басқарушылардың неғұрлым тиімді ұсыныстарын (қысқа тізім – short list) бекітеді. Уәкілетті бөлімше қысқа тізімдегі – short list әлуетті сыртқы басқарушылармен ұсыныстың талаптарын жақсарту мақсатында келіссөздер жүргізеді.
20. Сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы неғұрлым нақты және дәл ақпарат алу үшін әлеуетті сыртқы басқарушылармен кездесулер жүргізуге жол беріледі.
21. Әрбір сыртқы басқарушы Ұлттық Банк пен сыртқы басқарушы арасында инвестициялық басқару шартын жасауды көздейтін Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен бекітіледі.
22. Ұлттық Банк Басқармасы не Төраға немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары сыртқы басқарушыны бекіткеннен кейін уәкілетті бөлімше тендердің әрбір қатысушысына тендердің қорытындысы туралы хабарлама ұсынады.
23. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы транзиттік басқаруға беру сыртқы транзиттік басқарушымен инвестициялық басқару шартына қол қойылғаннан кейін жүзеге асырылады.
24. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банк Басқармасының сыртқы басқарушыны бекіту туралы шешімінің негізінде сыртқы басқарушымен инвестициялық басқару шартын дайындау және жасау рәсімін жүргізеді және Қордың сыртқы басқарушысымен инвестициялық басқару шартының барлық талаптарының орындалуына одан әрі мониторингті және бақылауды жүзеге асырады.
4. Қордың сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерін
инвестициялық басқару шартының талаптары
25. Сыртқы басқарушымен Қордың сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерін инвестициялық басқару шартында (бұдан әрі - инвестициялық басқару шарты) мынадай талаптар болады:
1) Ұлттық Банктің сыртқы басқарушымен инвестициялық басқару шартын кез келген уақытта себептерін түсіндірместен, мерзімінен бұрын бұзу құқығы;
2) Ұлттық Банктің сыртқы басқарудағы Қордың зейнетақы активтердің бір бөлігін өзінің қалауы бойынша толықтыру/қайтарып алу құқығы;
3) мемлекеттік және тараптарға қолайлы тілдегі инвестициялық басқару шартына қол қою;
4) сыртқы басқарушының, оның Ұлттық қордың сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерін басқаруға жауапты қызметкерлерінің қозғалысы туралы ақпарат ұсынуы;
5) шот бойынша операцияларды тексеру, сондай-ақ сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы неғұрлым нақты және дәл ақпарат алу үшін сыртқы басқарушыға Ұлттық Банк, Қор мамандарының және тәуелсіз аудиторлардың келуі;
6) сыртқы басқарушымен үлестес ұйымдарды Қордың сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерімен мәмілелер бойынша брокерлер ретінде пайдалану мүмкіндігінің болмауы;
7) кірістілік ауытқуының күтілетін өзгермелілігінің (еxpected tracking error) белгіленген лимитін бұзғаны үшін сыртқы басқарушының жауапкершілігі туралы;
8) сыртқы басқарушы тарапынан болған ұқыпсыз қарау, міндеттемелерді қасақана орындамау немесе алаяқтық салдарынан Қорға келтірілуі мүмкін шығындар үшін жауапкершілік туралы;
9) Ұлттық Банктің және Қордың зейнетақы активтерін басқаруды және мониторингін жүзеге асыратын қызметкерлеріне консультация беру, оларды оқыту немесе тағылымдамадан өткізу;
10) инвестициялық басқару шарты бұзылған жағдайда сыртқы басқарушы портфель бойынша кастодиан банкпен (кастодиан банктермен) салыстырып тексерілген шартты бұзу күніндегі толық есептілікті ұсынады;
11) сыртқы басқарушы мынадай негізгі бағыттарға сәйкес есептілікті жүйелі түрде Ұлттық Банкке ұсынады:
алдыңғы жұмыс күні жасалған операциялар бойынша күн сайынғы есептілік;
алдыңғы жұмыс күніндегі портфельдің позициялары бойынша күн сайынғы есептілік;
портфельді бағалау (активтерді валюталардың сыныптары және түрлері бойынша бөлу, портфельдің есепті ай соңындағы құрамы, активтердің есепті ай соңындағы нарықтық құны);
портфельді басқару нәтижелерін талдау (қол жеткен кірістілік, эталондық портфельмен салыстырғанда портфель тәуекелінің көрсеткіштері және кірістілік ауытқуының өзгермелілік деңгейі (tracking error) бөлігінде портфельді басқару бойынша ай сайынғы және жалпы нәтижелер);
нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық есеп, сыртқы басқарушылардың сапары кезіндегі таныстырылымдар түрінде немесе телефон конференциялары арқылы ағымдағы стратегиялар мен басқару құрылымындағы ең маңызды өзгерістерін және портфельге олардың әсерін түсіндіру;
портфельдің кірістілігіне әр түрлі факторлардың үлесі (performance attribution report) мандаттың активтік түрі үшін, мерзімділігі – әрбір тоқсанның және жылдың соңына;
12) сыртқы басқарушы ай сайын әрбір айдың соңында инвестициялық басқару шартына сәйкес белгіленген мерзімдерге сәйкес сыртқы басқаруға берілген портфельдің құрамын кастодиан банктің (кастодиан банктердің) деректерімен салыстырып тексереді (reconciliation);
13) инвестициялық басқару шартына екі тараптың жазбаша келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі.
Ұлттық Банк сыртқы басқарушының ұсынысын ол осы тармақтың талаптарын инвестициялық басқару шартына енгізу жөніндегі шарттың осы тармақта көзделген растау талаптарымен келіскен кезде қарайды.
26. Инвестициялық басқару шартына Ұлттық Банктің тарапынан Ұлттық Банктің Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары қол қояды.
27. Қол қойылған инвестициялық басқару шартына сәйкес Ұлттық Банк Қордың зейнетақы активтерінің бір бөлігін Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (кастодиан банктердегі) сыртқы басқаруға арналған шоттарына ақшаны және/немесе бағалы қағаздарды аудару жолымен сыртқы басқаруға беруді жүзеге асырады.
28. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға беру кезінде активтерді бір түрден басқасына аудару бойынша өтпелі кезең (transition period) ескеріледі. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 30 (отыз) жұмыс күнінен аспайды.
29. Қордың зейнетақы активтерінің сыртқы басқаруға берілетін бір бөлігі Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (банктердегі) шоттарында және Қордың клирингтік ұйымындағы (ұйымдарындағы) маржа шоттарында Ұлттық Банктің рұқсатымен сақталады.
30. Инвестициялық басқару шартының талаптары мен шектеулері Ұлттық Банктің Қордың зейнетақы активтерімен инвестициялық операцияларды жүзеге асыруы шеңберінде белгіленген талаптар мен шектеулерге сәйкес келеді.
31. Қағидалардың 25-тармағының 4), 6), 7), 9), 11), 12) тармақшаларын қоспағанда, осы тарауда белгіленген талаптар сыртқы транзиттік басқарушы сыртқы транзиттік басқаруды жүзеге асырған кезде Ұлттық Банк пен сыртқы транзиттік басқарушы арасында туындайтын қатынастарға қолданылады.
5. Сыртқы басқару нәтижелері және мониторинг
32. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға берген кезден бастап уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушы қызметінің күн сайынғы мониторингін жүргізеді: инвестициялық басқару шартында көрсетілген шектеулерге сәйкес келуі тексеріледі, сыртқы басқарушы жасайтын мәмілелердің мониторингі жүзеге асырылады, сыртқы басқарудағы портфель тәуекелінің және кірістілігінің көрсеткіштері бағаланады.
33. Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау Қағидалардың 4-қосымшасында келтірілген сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау көрсеткіштерінің және Ұлттық Банк пен Қордың мамандарына ұсынылған оқытудың және технологиялардың сапасы негізінде жүргізіледі.
34. Уәкілетті бөлімше жылына бір рет кезеңдікпен сыртқы басқарушымен кездесу өткізеді, онда сыртқы басқарушы басқару нәтижелері туралы, инвестициялық шектеулердің орындалуы туралы есеп береді, нарықтық ахуалға және оның портфель мен басқару стратегиясына ықтимал әсер етуіне баға береді.
35. Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау рәсімі Қағидалардың 4-қосымшасында келтірілген сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады және жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Ұлттық Банктің Басқармасы не Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары осы сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру туралы немесе оны тоқтату туралы тиісті шешім қабылдайды. Шешім сыртқы басқарушының 3 (үш) жылғы басқару кезеңіндегі нәтижелері негізінде қабылданады.
36. Сыртқы басқарушының өткен екі жылдық кезең үшін алған кумулятивтік үстеме кірістілігі теріс болған жағдайда және оның абсолюттік мәні тиісті мандат бойынша кірістіліктің ауытқу өзгермелілігі көрсеткішінің (tracking error) белгіленген лимитінің абсолюттік мәнінен асып кетсе, онда Ұлттық Банк Басқармасының қарауына осы сыртқы басқарушымен жасалған инвестициялық басқару шартын бұзу туралы мәселе шығарылады.
37. Егер сыртқы басқаруға берілетін Қағидалардың 6-тармағында белгіленген лимит жұмыс істеп тұрған екі сыртқы басқарушының қосылуына байланысты бұзылса, уәкілетті бөлімше Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының қарауына екі сыртқы басқарушының Қағидалардың 4-қосымшасында келтірілген сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау көрсеткіштеріне сәйкес төмен нәтиже көрсеткен біреуімен инвестициялық басқару шартын бұзу туралы мәселені енгізеді. Көрсетілген бұзушылық туындаған күнінен бастап 4 (төрт) айдың ішінде жойылады.
38. Сыртқы басқарушымен жасалған инвестициялық басқару шарты инвестициялық басқару шартына сәйкес:
1) сыртқы басқарушы эталондық портфельмен салыстырғанда сыртқы басқарудағы портфельді басқару бойынша үстеме кірістілікке қол жеткізбеген кезде;
2) инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған кезде;
3) Қордың Инвестициялық стратегиясы өзгерген кезде;
4) Ұлттық Банк Басқармасының не Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының шешімі бойынша бұзылады.
Сыртқы басқарушыдан сұратылатын ең аз ақпарат
1. Ұйымның қаралатын мандат түрі бойынша жұмыс тәжірибесі.
2. Соңғы 5 жылдағы клиенттердің басқарудағы активтері, оның ішінде:
1) басқарудағы жалпы активтер;
2) қаралатын мандат түрі бойынша активтер;
3) институционалдық клиенттердің активтері;
4) орталық банктердің активтері.
3. Сыртқы басқаруға берілген активтер үшін жауапты болатын портфельдік менеджерлер және клиенттермен байланыс жөніндегі менеджерлер туралы ақпарат.
4. Портфельдік менеджерлер мен талдаушылар арасында соңғы 5 жылда қызметкерлердің тұрақтамауы туралы ақпарат.
5. Инвестициялық үдерістің, портфельді басқару әдістерінің, нарықты зерттеудің толық сипаты, қаржылық ақпараттың пайдаланылатын көздері немесе қаржы құралдарын бағалаудың модельдері.
6. Активтерді активтік басқару кезінде туындаған активтік нарық тәуекелінің үлгісін жасау, мониторингі және басқару қалай жүзеге асырылады (егер қаралатын мандат түрі активтерді активтік басқаруға жататын болса)?
7. Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы.
8. Соңғы 5 жылдағы ұқсас немесе жақын эталондық портфель және мандат түрі бар портфельді басқарудың тарихи нәтижесі.
9. Бухгалтерлік және талдамалық есептілікте қолданылатын кірістілікті, тәуекелді есептеу үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің сипаты.
10. Ішкі корпоративтік этиканың сипаты.
11. Инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған жағдайда, сыртқы басқарушының Ұлттық Банктің алдындағы жауапкершілігі.
12. Клиентті сыртқы басқарушының қателерінен қорғау үшін сақтандырудың қандай түрлері пайдаланылады?
13. Бас ұйымның кредиттік рейтингі (егер бар болса), сыртқы басқарушының оның бас ұйымына сыртқы басқарушымен жасалған инвестициялық басқару шартының талаптарын сыртқы басқарушы орындамаған кезде зиянды өтеу туралы кепілдік беру мүмкіндігі не тікелей бас ұйыммен инвестициялық басқару шартына қол қою мүмкіндігі не Ұлттық Банк, сыртқы басқарушы және оның бас ұйымы арасында үшжақты инвестициялық басқару шарты түрінде.
14. Клиенттер үшін ұсынылатын тренингтің талаптары.
15. Басқару үшін комиссияның болжамды деңгейі туралы ақпарат.
16. Сыртқы басқарушының қаржылық есептілігінің соңғы қаржылық жылдағы аудиторлық қорытындысы.
Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын
салыстырмалы талдауға арналған бағалау критерийлері
Критерийлер | Критерийдің маңыздылығы (пайызбен) | |
1. | Портфельді басқарудың тарихи нәтижелері (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде көрсеткіштердің тиісті мандаттың қамтылуына қарай нормасы белгіленеді) | 35 |
үстеме кірістіліктің соңғы 3-5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер үстеме кірістілік көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіштің 5 жылдық кезеңге қатысты нормасы белгіленеді) | 40 | |
ақпараттық коэффициенттің соңғы 3-5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер ақпараттық коэффициенттің көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіштің 5 жылдық кезеңге қатысты нормасы белгіленеді) | 60 | |
2. | Активтер | 10 |
осы мандат түрі бойынша активтер көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты пайызы (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде аймақтық мандаттар бойынша активтердің көлемі пайдаланылады. Бұл мәннің тиісті мандаттың қамтылуына байланысты нормасы белгіленеді) | 65 | |
институционалдық инвесторлардың активтері көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты пайызы | 35 | |
3. | Команда | 15 |
тиісті мандат бойынша активтерді басқаруға жауапты портфельдік менеджерлердің және талдаушылардың орташа жұмыс тәжірибесі | 50 | |
компания бойынша жалпы алғанда портфельдік менеджерлер мен талдаушылардың арасында мамандардың тұрақтамауының төмен болуы | 50 | |
4. | Кредиттік мәртебе | 5 |
егер бас ұйымның кепілдігі болса не инвестициялық басқару шартына бас ұйым қол қойса, онда бас ұйымның кредиттік рейтингісі (S&P немесе Moody's), олай болмаған жағдайда шетелдік ұйымның кредиттік рейтингісі (S&P немесе Moody's) | ||
5. | Басқару үшін төленетін комиссияның деңгейі | 20 |
Базалық комиссияның деңгейі | 90 | |
Net new high basis since inception қағидатын қабылдау | 10 | |
6. | Сервис | 8 |
Ұлттық Банктің/Қордың мамандарын оқыту | 70 | |
күн сайынғы есептілік | 30 | |
7. | Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы | 2 |
8. | Инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған жағдайда Ұлттық Банк алдында жауапкершілік қабылдау | 5 |
Сыртқы басқарушының ұсыныстарын бағалау критерийлерінің
кестесіне сәйкес бағалау тәртібі
1. Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдауға арналған бағалау критерийлерінде (бұдан әрі – Кесте) келтірілген, тиісті үлестері бар барлық көрсеткіштер сомасы сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау болып табылады.
2. Қандай да болмасын көрсеткіш Кестеге енгізілмес бұрын, төмендегі формула пайдаланыла отырып, көрсеткіштің қаралатын критерийдегі ең жақсы көрсеткішке қатысты нормасы белгіленеді:
Басқарушының нормасы белгіленген көрсеткіші = Басқарушының көрсеткіші/барлық сыртқы басқарушылар бойынша көрсеткіштің ең жоғары мәні.
3. Егер сыртқы басқарушы мандаттың жарияланған түрі бойынша активтерді басқа мандаттың шеңберінде басқарса, онда осы активтерді басқарудың тарихи нәтижелерін басқа мандаттың шеңберінде бағалау жүзеге асырылады.
4. Бас ұйымның және/немесе сыртқы басқарушының кредиттік рейтингісін бағалау кезінде мынадай көрсеткіштер жүйесі пайдаланылады:
Кредиттік рейтинг (S&P) | Көрсеткіш |
AAA | 1 |
AA+ | 0,8 |
AA | 0,7 |
AA- | 0,6 |
A+ | 0,5 |
A | 0,4 |
A- | 0,3 |
ВВВ+ | 0,2 |
ВВВ | 0,1 |
ВВВ-дан төмен | 0 |
5. Ұлттық Банктің мамандарын оқытуды бағалау кезінде көрсеткіштердің мынадай жүйесі пайдаланылады:
Тренинг талаптары | Көрсеткіш |
Сыртқы басқарушы ұшу, тұру, тамақтану ақысын төлейді | 1 |
Сыртқы басқарушы тұру, тамақтану ақысын төлейді | 0.5 |
Сыртқы басқарушы тұру ақысын төлейді | 0.2 |
Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау
көрсеткіштері
Сыртқы басқарушының жұмысын бағалау кезінде субъективтілікті болдырмау үшін сыртқы басқарушыларды сандық және сапалық көрсеткіштерге сәйкес бағалау және балл қою негізгі мақсат болып табылады.
Сандық көрсеткіштер:
Ақпараттық коэффициент (Information ratio)
Пайыздар | Ақпараттық коэффициент (Information ratio) |
>1 | 3 балл |
0,5 - 1 | 2 балл |
0 - 0,5 | 1 балл |
0 | 0 балл |
(-) 0,5- 0 | (-) 1 балл |
(-) 1 - (-) 0,5 | (-) 2 балл |
<(-) 1 | (-) 3 балл |
Сапалық көрсеткіштер:
1) қызметкерлерді жылжыту (Staff turnover);
Пайыздар | Қызметкерлерді жылжыту (Staff turnover) |
> 30 | (-) 0,5 балл |
5 - 30 | (-) 0,25 балл |
0 - 5 | 0 балл |
2) операциялық тәуекел (Operational risk).
операциялық қате салдарынан инвестициялық шектеулерді бұзудың әрбір фактісі үшін бағадан 0,2 балл алынады;
есептілікті көрсетілген мерзімде жүйелі түрде ұсынбаған жағдайда бағадан 0,2 балл алынады.
3) іскерлік этиканы сақтау (compliance with a Code of Business Ethics).
сыртқы басқарушының іскерлік этиканы бұзуының әрбір фактісі үшін бағадан 0,5 балл алынады;
инвестициялық басқару шартына сәйкес Ұлттық Банктің тапсырмаларын жүйелі түрде уақтылы орындамаған жағдайда, бағадан 0,5 балл алынады.