Ескерту. Шешімнің бүкіл мәтін бойынша "мәслихат хатшысы", "мәслихат хатшысының", "мәслихат хатшысы", "мәслихат хатшысына", "мәслихаттың хатшысы", "мәслихат хатшысын", "мәслихатының хатшысы", "жаңа хатшыны", "мәслихаты хатшысының" деген сөздер тиісінше "мәслихат төрағасы", "мәслихат төрағасының", "мәслихат төрағасы", "мәслихат төрағасына", "мәслихаттың төрағасы", "мәслихат төрағасын", "мәслихатының төрағасы", "жаңа төрағаны", "мәслихаты төрағасының" деген сөздерімен ауыстырылды - Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 17.05.2023 № 3-5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 8, 9-баптарына және "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығына сәйкес Қордай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Қордай аудандық мәслихатының регламенті бекітілсін.
2. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау аудандық мәслихаттың әлеуметтік қоғамдық дамуы, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктері, қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз ету, экология, табиғатты пайдалану, әкімшілік-аумақтық құрылым, жер учаскесін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау, өнеркәсіп салаларын, энергетиканы, құрылысты, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. "Аудандық мәслихаттың Регламенті туралы" аудандық мәслихаттың 2012 жылғы 30 мамырдағы № 6-3 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың | |
хатшысы | Б. Әлімбет |
Қордай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 қаңтардағы № 26-2 шешімімен бекітілген |
Қордай аудандық мәслихатының регламенті
Ескерту. Регламент жаңа редакцияда – Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 14.02.2022 № 20-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
1. Жалпы ережелер
1. Қордай аудандық мәслихаттың осы регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабына сәйкес әзірленді және мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгізу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептер беру, депутаттардың сауалдарын, өкілеттіктерін қарау тәртібін, мәслихаттағы депутаттық бірлестіктердің қызметін ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру тәртібін, аппарат жұмысын ұйымдастыруды және басқа да рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерді белгілейді.
2. Қордай аудандық мәслихаты (жергілікті өкілді орган) ауданның халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган болып табылады. Мәслихаттың заңды тұлға құқығы болмайды.
3. Мәслихаттың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
2-тарау. Мәслихат сессиясын өткізу тәртібі
4. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдары бойынша оның қарауына жатқызылған мәселелер шешіледі.
Егер мәслихаттың сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, мәслихат сессиясы заңды болады. Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сессия жалпы отырыс нысанында өткізіледі, мәслихаттың техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, интернет - ресурстарда онлайн - трансляция ұйымдастырылады.
Сессия жұмысында мәслихат шешімі бойынша мәслихат белгілеген мерзімге, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын үзіліс жасалуы мүмкін. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.
Мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелерін мәслихат төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
Мәслихат сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жабық сессияларды өткізуге мәслихат төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімі бойынша жол беріледі.
Төтенше жағдай режимі жарияланған немесе төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою кезінде шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде сессия бейне-конференц байланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы өткізілуі мүмкін.
5. Жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясын осы мәслихат үшін айқындалған депутаттар санының кемінде төрттен үш бөлігі болған кезде мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күн мерзімнен кешіктірмей тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
6. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мәслихаттың бірінші сессиясын ашады және оны мәслихат төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға депутаттар ішінен мәслихат төрағасының кандидатурасын енгізуді ұсынады, ол бойынша ашық немесе жасырын дауыс беру жүргізіледі. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.
7. Мәслихат шешімдерді дауыс беру арқылы қабылдайды.
Дауыс беру:
1) бар болса, дауыстарды санаудың электрондық жүйесі пайдаланылып;
2) қол көтеру арқылы;
3) бюллетеньдер пайдаланылып жүзеге асырылады.
Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған кезде мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам кворумды қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде төрағалық етуші дауыс беруді мәслихаттың келесі отырысына ауыстырады.
Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда, мәслихаттың шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.
Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін мәслихат төрағасы немесе оны алмастыратын адам дауыс беруге қатысқандардың, "қолдап", "қарсы" дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып жария етеді. Деректер мәслихат отырысының хаттамасына енгізіледі.
Мәслихаттың бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу олар қабылданған кездегідей дауыс беру арқылы жүргізіледі.
8. Мәслихаттың кезекті сессиясы мәслихат төрағасының шешімімен жылына төрт реттен сиретпей шақырылады және оны мәслихат төрағасы жүргізеді.
Кезекті сессиялардың өткізілуін мәслихат сессияда жоспарлайды.
9. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын мәслихат төрағасы осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ тиісті аумақ әкімінің өтініші бойынша шақырады және жүргізеді.
Кезектен тыс сессияны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей кезектен тыс сессия шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
10. Мәслихат төрағасы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен оның өткізілетін орны, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы көрсетілген ақпаратты тиісті мәслихаттың ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы депутаттарды, халықты, әкімді хабардар етеді.
Ақпарат тиісті мәслихаттың интернет-ресурсында сессияға дейін кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын орналастырылуға тиіс.
Мәслихат төрағасы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және әкімге сессияға дейін кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын қағаз немесе электрондық түрде ұсынады.
11. Регламентте белгіленген тәртіппен мәслихаттың сессияларын, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және мәслихат депутаттарының депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты біліктілігін арттыру кезеңінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша, бірақ көрсетілген лауазымда бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде орташа жалақысы және жолдағы уақыты ескеріліп, мәслихаттың сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілігі арттырылатын мерзімге іссапар шығыстары өтеледі.
12. Сессияның күн тәртібін мәслихат төрағасы мәслихаттың жұмыс жоспарының, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттық фракция, депутаттық топтар мен депутаттар, тиісті аумақтың әкімі енгізетін мәселелердің негізінде мәслихат төрағасы қалыптастырады.
Сессияның күн тәртібіне ұсыныстарды мәслихат төрағасына жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық бірлестіктер ұсына алады.
Сессияның күн тәртібін талқылау кезінде ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін. Мәслихат сессияның күн тәртібін бекіту туралы шешім қабылдайды.
Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
13. Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін мәслихат төрағасы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын уақтылы әзірлейді және тиісті аумақтың әкімімен келісу бойынша бекітеді.
14. Мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша тиісті аумақтың әкімдері, жұмысы туралы ақпарат сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға мәслихат төрағасының шақыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуына жол беріледі.
Мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың сессияларына ауданның, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері, жұмысы сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға мәслихат төрағасының шақыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуына жол беріледі.
15. Мәслихаттың отырысына шақырылған адамдар үшін мәжіліс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған адамдардың мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, мәслихат сессиясының шешімдерін қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.
Шақырылған адам тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, мәслихат төрағасының шешімі немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша мәжіліс залынан шығарылуы мүмкін.
16. Мәслихаттың отырыстары мәслихат айқындаған уақытта өткізіледі.
Мәслихат төрағасы өз бастамасы немесе депутаттардың дәлелді ұсынысы бойынша үзіліс жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттардың қысқа мәлімдемелер мен хабарламалар жасауы үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
17. Мәслихат отырыстарында баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде және отырысты жүргізу тәртібі бойынша сөйлеу, кандидатураларды талқылау, дауыс беру, анықтамалар мен сұрақтар үшін сөз сөйлеу регламентін мәслихат айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, мәслихат төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Депутаттық сауалдар, түсіндірме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеу жарыссөздерде сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.
Жарыссөздер сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөздерді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде мәслихат төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететінін анықтайды.
18. Отырысты жүргізу тәртібі бойынша сөз депутатқа алдыңғы сөйлеп тұрған адамның сөзі аяқталған соң кезектен тыс беріледі. Мәслихат төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.
Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар мәслихат төрағасына беріледі және мәслихат отырысында жария етіледі.
3-тарау. Мәслихат актілерін қабылдау тәртібі
19. Егер Заңда өзгеше белгіленбесе, мәслихат өз құзыретінің мәселелері бойынша мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
20. Шешімдердің жобаларын мәслихат аппаратының басшысы мәслихат төрағасына береді.
Мәслихаттың төрағасы қарауға қабылданған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдармен қоса тұрақты комиссияларға қарау және ұсыныстар дайындау үшін жолдайды. Бір мезгілде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары деңгейіндегі тұрақты комиссиялардың біріне мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды, сессияға қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау мен талдауды жүргізу тапсырылуы мүмкін.
Тиісті аумақтың бюджеті туралы шешімнің жобасын дайындау осы Регламенттің 29-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда, жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиядан депутаттар тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті жергілікті атқарушы органның ұсынуы бойынша мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.
21. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, мәслихаттың нормативтік құқықтық шешімдері әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.
22. Сессия мәселесін дайындауға қатысатын тұрақты комиссиялар арасында келіспеушіліктер болған кезде комиссиялардың төрағалары және мәслихат төрағасы оларды жою бойынша шаралар қабылдайды, қалған келіспеушіліктер мәслихат депутаттарының назарына жеткізіледі.
23. Сессияда мәселені қараған кезде шешімдердің жобаларына жауапты комиссияның (жұмыс тобының) немесе депутаттық фракцияның негізгі баяндамасы, ал қажет болған жағдайда мәселені қарауға қатысатын басқа да комиссиялардың (жұмыс топтарының) немесе депутаттық фракциялардың қосымша баяндамасы тыңдалады.
Шешімдердің жобаларына жауапты комиссияның (жұмыс тобының) немемсе депутаттық фракцияның баяндамасында шешімдердің жобаларына енгізілген және қабылданбаған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.
Қосымша баяндаманың ережелерімен немесе шешімнің жобалары бойынша қорытындылармен келіспейтін тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелері өз пікірлерін қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөздер басталғанға дейін баяндай алады.
24. Шешімнің жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргізіледі. Шешімдердің жобаларына түзетулер ұсынылып отырған өзгерістер немесе толықтырулар нақты тұжырымдалып, олардың шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетіліп, жазбаша түрде беріледі. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.
Рәсімдік мәселелер бойынша мәслихаттың шешімдері жеке шешім қабылдамай, отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы хаттамамен қабылданады және отырыс хаттамасында тіркеледі.
Мына: отырысты жүргізу тәртібі, мәселелерді талқылау кезектілігі, жарыссөздерді тоқтату, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту, дауыс беру тәсілдері, кворумды куәландыру және дауыстарды қайта санау, қаралатын мәселелер бойынша бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс беруге оралу туралы мәселелер рәсімдік болып табылады.
25. Мәслихат сессиясы күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бір мәселе бойынша шешімдердің бірнеше нұсқасы енгізілген кезде олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға беріледі.
Шешімдердің енгізілген барлық жобалары дауысқа салынады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсіміне кіріседі.
26. Мәслихат шешімінің жобасына түзетулер болған кезде дауыс беру мынадай ретпен жүзеге асырылады:
1) мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ол қабылданбаған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;
2) негізге алынған жобаға енгізілмеген түзетулер кезекпен дауысқа салынады;
3) сессия шешімі қабылданған түзетулер ескеріліп, тұтастай дауысқа салынады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.
27. Түзетулер жеке-жеке дауысқа салынады, оларға дауыс берудің ретін мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам айқындайды. Өзара қайшы келетін түзетулер бойынша дауыс берерден бұрын соңғысын төрағалық етуші оқиды. Түзету авторларының олардың мәні бойынша түсінік беріп немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсыныспен сөз сөйлеуіне жол беріледі.
Мәслихат шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіппен енгізіледі.
Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірілмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.
28. Жоспарлардың, аумақты әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердің, аумақты басқару схемаларының жобалары және мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша түсіндірме жазбасы мен тиесілігіне қарай келісу бұрыштамалары бар қазақ және орыс тілдеріндегі шешімдердің жобалары барлық қажетті материалдарымен қоса мәслихатқа кезекті сессияға дейін кемінде үш апта қалғанда енгізіледі.
Жергілікті өкілді органдардың жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін шешімдерінің жобалары әкімінің оң қорытындысы болған кезде ғана мәслихаттардың қарауына енгізілуі мүмкін.
29. Тиісті аумақ бюджетінің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Мәслихат не мәслихат төрағасы бюджеттің жобасын қарау жөніндегі мәслихаттың уақытша комиссиясын құрады, оның құрамына мәслихат аппаратының жұмыскерлері, жергілікті атқарушы органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының өкілдері қосылуы мүмкін.
Мәслихат төрағасы бюджет жобасы түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тиісті комиссияларға бюджет жобасы бойынша қорытынды дайындау үшін қажетті мерзімдерді көрсетіп, тапсырма жібереді.
Тұрақты комиссиялар мәслихаттың уақытша комиссиясының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен, есеп-қисаптармен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстар тұжырымдайды және оларды ұсыныстарды жинақтау мен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша қорытынды дайындауды жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган сессия басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын барлық қажетті материалдармен қоса мәслихат төрағасына ұсынады.
Аудандық бюджетті облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей тиісті мәслихат бекітеді. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті бекіту туралы аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешіміне қол қойылған күннен бастап қаржы жылының соңына дейін бекітеді.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының жеке шешімдерімен бекітуге жол беріледі.
30. Мәслихаттың кезекті сессиясына тиісті жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелер енгізілген кезде материалдарды ұсыну бюджет заңнамасында көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
31. Тиісті аумақтың бюджеті нақтыланған кезде мәслихаттың кезектен тыс сессиясында оны шақыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тұрақты (уақытша) комиссияларда бюджет жобасын қарау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
4-тарау. Есептерді тыңдау тәртібі
32. Мәслихат жергілікті бюджеттің, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуын бақылауды тиісті аумақ әкімінің есептерін тыңдау жолымен жүзеге асырады.
33. Мәслихат отырысында депутаттар алдында тиісті аумақ әкімінің жыл сайынғы есебін тыңдау күн тәртібі бойынша мәслихат төрағасының не оны алмастыратын адамның қысқаша кіріспе сөзінен басталады.
Мәслихат төрағасының не оны алмастыратын адамның сөзінен кейін сөз тиісті аумақтың әкіміне беріледі.
Әкімнің баяндамасында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірлерді дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Есеп беруден кейін депутаттар сұрақтар қоюға және оларға жауаптар алуға, өз пікірін айтуға құқылы.
Әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы тиісті сессиядан үш апта бұрын мәслихаттың қарауына енгізіледі.
34. Отырыс аяқталғаннан кейін мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам:
1) әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) есебін бекіту туралы;
2) есепті қабылдамау және оны қайта тыңдау қажеттігі туралы мәселені дауыс беруге қояды.
Әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) есебін қайта тыңдау қабылданбаған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.
Әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) пысықталған есебі қабылданбаған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей мәслихатқа енгізіледі.
35. Мыналар:
1) жоспарлардың, аумақты экономикалық және әлеуметтік дамыту бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы әкім ұсынған есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасауы мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасау Заңның 39-3-бабына сәйкес жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасымен расталады.
36. Мәслихат мәслихат төрағасының, тұрақты комиссиялар төрағаларының және мәслихаттың өзге де органдарының есептерін тыңдайды.
Мәслихат төрағасы жылына бір реттен сиретпей мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттық сауалдар мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
Мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының төрағалары жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы жылына бір реттен сиретпей мәслихаттың кезекті сессияларында есеп береді.
37. Мәслихат жылына бір реттен сиретпей халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
38. Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының есебімен тұрғындарды мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам, не тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы жылына бір реттен сиретпей жергілікті қоғамдастықтың жиындарында таныстырады.
Мәслихат төрағасын не оны алмастыратын адамды, не тұрақты комиссиялардың төрағасын тұрғындар алдында тыңдау күн тәртібі бойынша тиісті аумақ әкімінің қысқаша кіріспе сөзімен басталады.
Тиісті аумақтың әкімінен кейін сөз мәслихат төрағасына, не оны алмастыратын адамға, не тұрақты комиссиялардың төрағасына беріледі.
Есеп беруден кейін тұрғындар сұрақтар қоюға және оларға жауап алуға, өз пікірін айтуға құқылы, олар хаттамаға енгізіледі.
Есеп беру кездесулерінің хаттамаларын мәслихат аппаратының басшысы дайындайды және оған мәслихат төрағасы не оны алмастыратын адам, не тұрақты комиссияның төрағасы қол қояды.
5-тарау. Депутаттық сауалдарды қарау тәртібі
40. Мәслихат депутаты мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүгінеді.
41. Сессия басталғанға дейін енгізілетін депутаттық сауалдар мәслихат төрағасына беріледі және оларды сессияның күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешілген жағдайда оның отырысында қаралады. Мәслихат төрағасы депутаттық сауалдың көшірмесін оны алғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей ол жолданған органға немесе лауазымды адамға жібереді. Сессияны өткізу барысында енгізілетін депутаттық сауалдар төрағалық етушіге отырыста беріледі.
42. Сессияда қаралуға тиіс басқа мәселелерге байланысты емес депутаттық сауал күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізіледі не сессия жұмысының соңында бұл үшін арнайы бөлінген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртібін депутаттық сауалдармен және сұрақтармен жұмыс істеу үшін уақыт резерві көзделетіндей етіп айқындайды. Сессияда шешілуге тиіс басқа мәселелермен байланысты депутаттық сауалдар күн тәртібіне енгізілмейді және төрағалық етуші оларды сессияда тиісті мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейін жария етеді.
43. Мәслихат депутаттық сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Депутаттық сауалдарды енгізген депутаттар сессияның күн тәртібі бекітілгенге дейін оларды кері қайтарып ала алады. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін депутаттық сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Депутаттық сауалдар сессияның хаттамасына қоса беріледі.
44. Депутаттық сауалға жауап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша нысанда ұсынылады, оған осы Регламенттің 40-тармағында көрсетілген адамдар немесе атына депутаттық сауал жіберілген мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қояды.
Депутатқа депутаттық сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге мүмкіндік беріледі. Прокурорға жолданған депутаттық сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға байланысты болмауға тиіс.
6-тарау. Мәслихаттың лауазымды адамдары, тұрақты комиссиялары және өзге де органдары, мәслихаттың депутаттық бірлестіктері
1-параграф. Мәслихат төрағасы
45. Мәслихаттың бірінші сессиясында депутаттар тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылатын мәслихат төрағасының лауазымына кандидатуралар ұсынады.
Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгі бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, кандидат мәслихат төрағасы лауазымына сайланды деп есептеледі.
Егер мәслихат төрағасының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылған болса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайта сайлау өткізіледі.
Мәслихат төрағасы мәслихат өкілеттігі мерзіміне сайланады.
Мәслихат төрағасы өкілеттіктерін Заңға, осы Регламентке және мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
46. Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихаттың сессиясында кезекті шақырылымның бүкіл мерзіміне айқындалатын мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.
47. Егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезінде депутаттардың дауысы тең бөлінген жағдайда, мәслихат төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
48. Мәслихат төрағасының мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқығы жоқ. Мәслихат төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде жаңа төрағаны сайлау Заңда және осы Регламентте белгіленген тәртіппен өткізіледі.
2-параграф. Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары
49. Мәслихат өз өкілеттігінің мерзіміне бірінші сессияда депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде функцияларды жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың мүшелерін депутаттар қатарынан ашық дауыс беру арқылы мәслихат сайлайды.
Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамын мәслихат төрағасының ұсынысы бойынша мәслихат айқындайды.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
50. Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен, осы Регламентпен және мәслихат регламентімен айқындалады.
51. Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында мәслихат не мәслихаттың төрағасы уақытша комиссияларды құра алады. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын оны құрған кезде мәслихат не мәслихаттың төрағасы айқындайды.
52. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихат шешімі бойынша жария тыңдаулар өткізе алады.
Жария тыңдаулар тұрақты комиссиялардың депутаттар, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтар қатысатын кеңейтілген отырыстары нысанында осы комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
Жария тыңдаулар өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары тартылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария тыңдаулар өткізілгенге дейін бір ай бұрын алдағы жария тыңдаулардың тақырыбын, өткізілетін күні мен уақытын халықтың назарына жеткізеді.
Жария тыңдауларға тұрақты комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Жария тыңдауларда басқа тұрақты комиссиялардан мәслихат депутаттары қатыса алады.
Жария тыңдауларда тұрақты комиссияның депутаты сөз сөйлегеннен кейін сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді.
Сөз сөйлеу қорытындылары бойынша комиссия депутатының баяндамасына келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер жария тыңдаулар хаттамасына енгізіледі.
Жария тыңдаулардың хаттамасын мәслихат аппаратының қызметкері дайындайды және жария тыңдауларда төрағалық еткен депутат қол қояды.
53. Қаралатын мәселелер "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттігіне қарай шақырылады және мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледі.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы, ал бірнеше тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілген жағдайда, тиісті комиссиялардың төрағалары қол қояды.
3-параграф. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы
54. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасын мәслихат сессиясында ашық дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен депутаттардың арасынан мәслихат сайлайды және қызметтен босатады.
Егер мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына екеуден артық кандидатура ұсынылып, олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
Егер комиссия отырысында дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
55. Егер осы Регламенттің 60-тармағында өзгеше көзделмесе, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы болмаған кезде, мәслихат төрағасының шешімі бойынша оның өкілеттіктерін мәслихаттың басқа тұрақты комиссиясының төрағасы немесе мәслихаттың осы тұрақты комиссиясының мүшесі болып табылатын депутат уақытша жүзеге асырады.
56. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Регламентке және мәслихат шешіміне сәйкес жүзеге асырады.
4-параграф. Мәслихаттың есеп комиссиясы
61. Мәслихат не мәслихаттың төрағасы уақытша, оның ішінде есеп комиссияларын құруға құқылы. Есеп комиссияның құрамын, міндеттері мен өкілеттік мерзімдерін мәслихат айқындайды.
Мәслихат есеп комиссиясының тақ саннан тұратын құрамын ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан сайлайды.
Мәслихат осы комиссияның құрамына мәслихат аппаратының, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың жұмыскерлерін қосуға құқылы.
62. Ашық дауыс беру өткізілген кезде есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.
Есеп комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
Ашық дауыс беру басталар алдында мәслихат төрағасы дауысқа түсетін ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқып береді.
63. Мәслихат төрағасын сайлау үшін жасырын дауыс беру өткізілуі мүмкін. Мәслихат төрағасының шешімі бойынша жасырын дауыс беру өзге де мәселелер бойынша өткізілуі мүмкін.
Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізудің тәртібін есеп комиссиясы белгілейді және оны есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды.
Бюллетеньдер беру тікелей дауыс беру алдында жүргізіледі, олар есеп комиссиясы белгілеген нысан бойынша оның бақылауымен отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде дайындалады, оларға есеп комиссиясының төрағасы қол қояды.
Әрбір депутатқа есеп комиссиясының төрағасы қол қойған бір бюллетень беріледі. Бюллетеньдердің жалпы саны мәслихат депутаттарының тізімдік құрамының санынан аспауға тиіс.
Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер мәслихат депутаттарына олар депутат куәлігін көрсеткен кезде беріледі.
Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер есептеу кезінде есепке алынбайды.
Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде бір лауазымға біреуден артық кандидатура белгіленген бюллетеньдер де жарамсыз деп есептеледі. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньде қосымша жазылған тектер есепке алынбайды. Біреуден артық шешім жобасы белгіленген бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі.
Толтырылмаған бюллетеньдер және барлық кандидаттардың тектері белгіленбеген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.
Есеп комиссиясы дауыс беруге арналған жәшікті дауыс беру аяқталғаннан кейін ашуға тиіс. Жәшікті дауыс беру аяқталғанға дейін ашуға тыйым салынады.
Есеп комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған есеп комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.
Мәслихаттың шешімі бойынша өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда, қайта дауыс беру өткізіледі.
Дауыс беру кезінде болмаған мәслихат депутатының кейін дауыс беруге құқығы жоқ.
5-параграф. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер
64. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құра алады. Мәслихат төрағасы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды. Депутаттың бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
65. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
66. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері:
1) мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізе алады;
2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айта алады;
3) мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсына алады;
4) депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұрата алады.
67. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына қатысады, сондай-ақ мәслихаттың кемінде үш депутатын біріктіреді. Депутаттық топ мәслихаттың кемінде бес депутатынан тұрады.
6-тарау. Депутаттық этика қағидалары
68. Мәслихат депутаттарының депутаттық этика қағидалары олар депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде де, одан тыс жерлерде де басшылыққа алуға тиіс мінез-құлық нормаларын айқындайды.
Мәслихат депутаттары:
1) бір-біріне және мәслихат сессияларының, мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға тиіс;
2) өздері сөз сөйлегенде мәслихат депутаттарының және басқа да тұлғалардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс;
3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға тиіс;
4) мәслихаттың, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс;
5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге тиіс.
69. Бұқаралық іс-шараларды өткізген кезде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлегенде, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметіне пікір білдіргенде депутат дәлелденген, тексерілген фактілерді ғана пайдалануға тиіс.
70. Депутат мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасағанда өзінің депутаттық мәртебесінің артықшылығын жеке мүддесі үшін пайдаланбауға тиіс.
71. Мәслихат депутаты өзіне депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде белгілі болған мәліметтерді, егер бұл мәліметтер сессиялардың, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен мәслихаттың өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария ете алмайды.
72. Мәслихат атынан өкілдік етуге арнайы өкілеттігі жоқ мәслихат депутаты мемлекеттік органдармен және ұйымдармен тек қана өз атынан байланысқа түсе алады.
73. Мәслихат депутатына Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық этика қағидаларын бұзғаны үшін мінеу және (немесе) жария кешiрiм сұрауға мәжбүр ету түріндегі жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
7-тарау. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру
74. Мәслихат депутаттары біліктілікті арттырудан өтеді. Мәслихаттар депутаттарының біліктілікті арттырудан өту кезеңділігі сайланған депутаттың өкілеттігінің алғашқы екі жылы ішінде бес жылда бір рет болады.
75. Мәслихат депутаттары біліктілігін арттыруға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдары мен олардың филиалдарына жіберіледі.
76. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру ұзақтығы кемінде 40 академиялық сағатты құрайды.
77. Біліктілікті арттыруды табысты аяқтаған депутаттарға біліктілікті арттыруды аяқтағанын растайтын қағаз немесе электрондық түрдегі сертификат беріледі.
78. Мәслихат аппараты мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлайды.
9-тарау. Мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру
79. Мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мәслихат аппараты құрылады.
Мәслихат аппараты жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме болып табылады.
Мәслихат аппараты туралы ережені мәслихат бекітеді.
80. Мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген штат санының лимиті мен бөлінген қаражат шегінде мәслихат аппаратының құрылымын бекітеді, оны ұстауға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.
81. Мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәслихаттың өкілеттік мерзімі аяқталғанда, мәслихат өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің қызметі тоқтатылмайды.