РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қантардағы Заңына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес, Меркі аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Меркі ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін, мүгедектерді, аналар мен балаларды әлеуметттік қорғау, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі.
Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы Р. Қыстауов |
Аудандықмәслихат хатшысыІ. Ахметжанов |
Меркі аудандық мәслихатының 2014 жылғы 24 маусымдағы № 30-6 шешімімен бекітілген |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі № 2247, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148, "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі № 39 Заңдарына, сондай-ақ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгі қағидалар) сәйкес әзірленді.2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
9) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы орган бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады
4. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері
7. Атаулы және мереке күндеріне берілетін бір реттік әлеуметтік көмек:9 мамырға:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге көлемінде;
- қоршаудағы кезеңінде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарына жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен әрі "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматттарға 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде;
- екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 50 000 (елу мың) теңге көлемінде;
- қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне (күйеулеріне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізген адамдардың "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезінде зақым алуының нәтижесінде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетіндерімен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екінші рет некеге тұрмаған әйелдеріне 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі ұшін бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған адамдарға 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде.
15 ақпанға:
-Ауғанстанда әскери міндетін өтеген әскери қызметшілерге және Ауғанстанда әскери міндетін өтеу кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде;
-Ауғаныстандағы ұрыс қимылдары кезенінде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 10 000 (он мың) теңге көлемінде;
- 1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға жұмысқа жіберілген жұмысшылар мен қызметшілерге 10 000 (он мың) теңге көлемінде;
26 сәуірге:
-1986-1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан және Чернобыль атом электростациясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдардың 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде;
-1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдардың 10 000 (он мың) теңге көлемінде;
29 тамызға:
- Азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радияциялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде.
8. Бір рет әлеуметтік көмек Меркі аудандық әкімдігі бекіткен тізім бойынша:
- түберкулез ауруымен ауыратын, амбулаториялық ем алушыларға 30 000 (отыз мың) теңге көлемінде;
9. Өтініші бойынша бір рет әлеуметтік көмек:
- табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіргенде арнайы комиссия белгіленген 108 айлық есептік көрсеткіш шегінде көрсетіледі;
- жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспайтын санаттағы азаматтар(отбасылар) үшін әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда 30 000 (отыз мың) теңге көлемінде көрсетіледі.
Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде мұқтаж азаматтар бір ай ішінде уәкілетті органға өтініш береді.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Меркі аудандық әкімдігі бекіткен тізім бойынша көрсетіледі.11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органга өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) Жеке басын куәландыратын құжатты;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
3) Үлгілік қағидаларға 1-ші қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
12. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органга жібереді.
15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
16. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
17. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
18. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
19. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылдаған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
20. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылдаған шешім туралы (бас тартқан жағдайда- негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
21. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
22. Әлеуметтік көмектен бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған.
23. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Меркі ауданының бюджетіне көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер
24. Әлеуметтік көмек:1) алушы қайтыс болған;
2) алушы Меркі ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталғанда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
25. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.