«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 24 тамыздағы № 261 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7996 тіркелген, 2012 жылғы 6 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде № 802-806 (27877) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Агенттік – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі («Қазақстан Республикасының қаржы нарығын мемлекеттік реттеу жүйесін әрі қарай жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 12 сәуірдегі № 25 Жарлығымен таратылды);
2) ведомстволар – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті («Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 458 Жарлығымен таратылды), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті («Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 30 қаңтардағы № 744 Жарлығымен таратылды), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті («Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 30 қаңтардағы № 744 Жарлығымен таратылды);
3) кадр қызметі – Ұлттық Банктің кадрмен қамтамасыз ету бөлімшесі (филиалдарда – қызметкерлермен жұмыс жүргізу жөніндегі маман);
4) кадр резерві – конкурстан ойдағыдай өткен және Ұлттық Банктің кадр резервіне есептеу үшін конкурстық комиссия ұсынған адамдардың тізімі;
5) конкурс – Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына орналасу үшін жүргізілетін рәсімдер;
6) конкурсқа қатысушылар – конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін Ұлттық Банкке құжаттарын тапсырған адамдар;
7) конкурстық комиссия – Ұлттық Банктің алқалы органы, ол конкурсқа қатысушылар тапсырған құжаттарды қарайды, кандидаттармен әңгімелесу жүргізеді және Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына орналасуға кандидаттарды түпкілікті іріктеуді жүзеге асырады;
8) құжаттар – конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардың кадр қызметіне ұсынатын құжаттары;
9) мүдделі бөлімше – Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымы бар бөлімше;
10) талаптар – Ұлттық Банк қызметшісінің лауазымына орналасуға үміткер адамдарға олардың кәсіби дайындық деңгейін, құзыреттілігін және Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына сәйкестігін айқындау мақсатында Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес талаптар;
11) Ұлттық Банк – Ұлттық Банктің орталық аппараты, филиалдары және өкілдігі;
12) Ұлттық Банктің қызметкерлері – саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Ұлттық Банкте қызмет атқарып жүрген, еңбекақысы Ұлттық Банк бюджетінің (шығыстар сметасының) қаражаты есебінен төленетін адамдар;
13) Ұлттық Банктің қызметшілері – мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын, Ұлттық Банкте Ұлттық Банктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адамдар;
14) Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына орналасуға кандидаттар (бұдан әрі – кандидаттар) – конкурстық комиссияның шешімі негізінде сынаққа және әңгімелесуге жіберілген конкурсқа қатысушылар;
15) филиалдар – Ұлттық Банктің филиалдары.»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Ұлттық Банк қызметшісінің лауазымына конкурстан тыс мыналар орналасады:
1) Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына ауысу арқылы талаптарға сәйкес келетін Ұлттық Банк қызметкерлері;
2) кадр резервінде тұрған адамдар;
3) жоғары біліктілік деңгейі және кәсіби дайындығы бар адамдар:
шет тілін білетін (IELTS халықаралық сертификатының болуы – 6.5 төмен емес, TOEFL IBT – 120-дан 80, TCF 699-дан 400 (В2), СILS 1, HSK 11-ден 6-деңгей);
және (немесе) ғылыми дәрежесі бар;
және (немесе) шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған;
және (немесе) халықаралық бухгалтерлік немесе қаржылық сертификаттары бар;
және (немесе) ұлттық басқарушы холдингте, ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымдарында, даму институттарында Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымының функционалдық бағыттарына сәйкес келетін салаларда кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі бар;
және (немесе) мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарда кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі бар;
4) Ұлттық Банкте және оның ведомстволарында немесе Агенттікте кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі бар Ұлттық Банктің және оның ведомстволарының немесе Агенттіктің бұрынғы қызметкерлері (еңбек шарты теріс жағдайлар бойынша бұзылған адамдарды қоспағанда);
5) Ұлттық Банк Магистратурасының түлектері, дипломды алған күннен бастап жарты жыл ішінде.»;
9-тармақтың 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қабылдау және талаптарға сәйкестігін қарау;
4) кандидаттарды сынақтан өткізу;»;
16-тармақта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш. Конкурсқа қатысушы Ұлттық Банк қызметшісінің үштен аспайтын бос лауазымына өтініш беруге құқылы;»;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) нотариат куәландырған немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;»;
20, 21, 22, 23 және 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«20. Конкурсқа қатысушылардың құжаттарын конкурстық комиссия құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
21. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушыларды сынаққа жіберу туралы шешімді конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қабылдайды, ол конкурстық комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.
Сынаққа жіберілген кандидаттардың тізімдері Ұлттық Банктің ақпараттық стендінде көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерде орналастырылады.
22. Сынақтың мақсаты кандидаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының нақты лауазымның мамандығына сәйкес келетін салалардағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерін білуін бағалау болып табылады.
Кандидаттар сынаққа жіберу туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сынақтан өтеді.
23. Сынақтан өткен кезде шекті мәндерге тең немесе одан жоғары баға алған кандидаттар әңгімелесуге жіберіледі.
24. Кандидаттарды әңгімелесуге жіберу туралы шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған конкурстық комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімдері Ұлттық Банктің ақпараттық стендінде көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерде орналастырылады.»;
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«26. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттар одан сынақ аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өтеді. Кандидаттарға әңгімелесу уақыты, күні және өткізілетін орны туралы кадр қызметі электрондық почта және (немесе) телефон байланысының құралдары арқылы хабарлайды.»;
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«31. Конкурстық комиссия қорытынды отырысында кандидаттарды ұсынылған құжаттар, сынақ, әңгімелесу нәтижелері негізінде бағалайды және олардың арасынан Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына орналасу үшін іріктеуді жүзеге асырады.»;
39, 40, 41, 42 және 43-тармақтар алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
«3-1. Кадр резервін қалыптастыру
38-1. Конкурстық комиссия шешімінің негізінде әңгімелесуден сәтті өткен кандидаттар (әрбір бос лауазым үшін бір кандидаттан көп емес) кадр резервіне есептеледі.
38-2. Кадр резервіне есептелген кандидаттардың тізімдері конкурстық комиссияның қорытынды отырысының хаттамасында көрсетіледі.
38-3. Кадр резервіне есептелген кандидаттар конкурстық рәсімдерден қайтадан өтпестен бір жыл ішінде маңызы бірдей немесе одан төмен лауазымға тағайындала алады.
38-4. Кандидаттарды кадр резервінен шығару мынадай жағдайларда:
1) кадр резервіне есептелген кандидат кадр резервінен шығару туралы өтініш берген жағдайда;
2) кадр резервіне есептелген кандидат Ұлттық Банк қызметшісінің бос лауазымына орналасқан жағдайда;
3) Қағидалардың 38-3-тармағында көрсетілген мерзім аяқталған жағдайда жүзеге асырылады.
38-5. Ұлттық Банктің кадр резервін қалыптастыру және одан шығару жұмысы кадр қызметіне жүктеледі.».
2. Кадрмен қамтамасыз ету департаменті (Жантаева А.Ж.) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Н.Ж. Құсайыновқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Қ. Келімбетов