«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7447 тіркелген, 2012 жылғы 26 мамырдағы № 154-156 (26973-26975) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінде:
7,8,9 - тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«7. «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес нотариус жеке тұлғалардың iс-әрекетке қабiлеттiлiгiн және мәмiлелерге қатысушы заңды тұлғалардың құқықтық қабiлеттiлiгiн анықтайды.
Жеке тұлғаның әрекетке қабілеттілігі оның жеке басын куәландыратын құжаттарын берген сәттен, сондай-ақ әңгімелесу барысында көзбен шолу және БНАЖ арқылы «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында анықталады.
Заңды тұлғаның, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдіктің, филиалдың (өкілдіктің) құқық қабілеттілігі БНАЖ арқылы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорынан анықталады.
Заңды тұлғаның бірінші басшысының өкілеттіктері БНАЖ арқылы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында және оны лауазымына тағайындау туралы бұйрығымен (шешімі) тексеріледі.
Заңды тұлға, сондай-ақ филиалдың (өкілдіктің) басшысының өкілеттілігі оның басшысының немесе осыған оның құрылтай құжаттарымен уәкілетті өзге тұлғаның қолы қойылған, осы ұйымның мөрімен бекітілген сенімхат бойынша анықталады.
Жеке тұлға өкілінің өкілеттілігі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша тексеріледі (бұдан әрі – ҚР АК).
Нотариус БНАЖ арқылы Қазақстан Республикасындағы нотариус куәландырған сенімхаттарды беру фактісін тексереді.
8. Ата-аналардың өздерінің кәмелетке толмаған балаларының мүдделерін білдіру жөніндегі өкілеттіктері баланың тууы туралы куәлігі бойынша, қамқоршылыққа алынушыға (қорғаншылыққа алынушыға) қатысты қамқоршының (қорғаншының) өкілеттілігі - қамқоршы және қорғаншы органдардың шешімімен анықталады. Ата-аналардың, қамқоршының (қорғаншының) жеке басы осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде белгіленеді, сондай-ақ БНАЖ арқылы «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында және «АХАЖ» тіркеу пункті» ақпараттық жүйесімен салыстырылады. Нотариус неке туралы мәліметті БНАЖ арқылы «АХАЖ» тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінде тексереді.
9. Нотариус куәландыратын мәмілелерге, өтінішке және басқа да құжаттарға қатысушылар нотариустың қатысуымен қол қояды, онда тегін, атын, әкесінің атын (бұдан әрі – тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)) өз қолымен жазып қояды.»;
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«22. Мұрагерлік құқық, меншік құқығы, азаматтың тірі екендігі және белгілі жерде орналасу фактісін, жеке және заңды тұлғалардың басқа жеке және заңды тұлғаларға өтініштер беруін, құжаттардың сақтауға қабылданғанын куәландырған кезде тиісті куәліктер беріледі.»;
28, 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Өсиеттер, өсиеттердің телнұсқалары мен көшірмелері туралы мәліметтер мұрагерлерге тек өсиет қалдырушы қайтыс болғаннан кейін қайтыс болғаны туралы куәлікті тапсырған кезде беріледі. Өсиетте көрсетілген мұрагерлер қайтыс болған жағдайда өсиеттің телнұсқасы олардың одан кейін мұрасын иеленетін мұрагерлеріне өсиет қалдырушының және қайтыс болған мұрагердің қайтыс болғаны туралы куәліктері, сондай-ақ мұрагерлікті қабылдауға негіз болып табылатын құжаттарды ұсынған жағдайда беріледі.
29. Қайтыс болу фактісі, мұрагерлікті қабылдауға негіз болатын туысқандық қатынастар нотариусқа ұсынылған құжаттар бойынша анықталады. Егер нотариусқа берілген құжаттарды Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары берген жағдайда БНАЖ арқылы «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында, «АХАЖ» тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінде мәліметтер тексеріледі.»;
31, 32, 33, 34 -тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«31. Нотариаттық іс-әрекет жасау кезінде нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулы шығарады (бұдан әрі - қаулы).
Нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулыда мыналар көрсетіледі:
1) қаулы шығарған күні;
2) нотариустың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), мемлекеттік нотариаттық кеңсенің атауы, лицензияның нөмірі мен берілген күні;
3) нотариаттық іс-әрекет жасауға келген тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), оның тұрғылықты жері (немесе заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері), өтініш жасаған күні;
4) қаулы шығарған нотариаттық іс-әрекеттің атауы;
5) нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартудың себептері (заңнамаға сілтемесімен);
6) бас тартуға шағымданудың тәртібі мен мерзімдері.
Қаулы екі данада жасалынып, нотариустың қолы және мөрімен расталады және шығыс құжаттарды тіркеу кітабында тіркеледі. Бір данасы нотариаттық іс-әрекетті жасаудан бас тартылған тұлғаға беріледі немесе жолданады. Қаулы тапсырылған тұлғаның қолы қойылған қаулының екінші данасы немесе нотариаттық іс-әрекетті жасаудан бас тартылған тұлғаға пошта арқылы жолданғаны туралы белгісімен нотариустың ісінде қалдырылады.
32. Егер нотариус жіберілген қатенің салдарынан өзінің жасаған нотариаттық іс-әрекеті қолданыстағы заңнамаға қайшы келгенін анықтаса, онда ол нотариаттық іс-әрекетті жасауға оған жүгінген тараптарға (тұлғаларға) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нотариаттық іс-әрекеттің күшін жою (бұзу) бойынша шараларды қабылдау үшін хабарлауға міндетті, ал нотариаттық іс-әрекеттің күшін жою (бұзу) мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органына бұл туралы тиісті шараларды қабылдау үшін дереу хабарлауы қажет.
33. Нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде нотариус «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 100-104 -баптарына сәйкес басқа да мемлекеттің құқық нормаларын қолданады.
34. Жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді куәландырған кезде және мемлекеттік тіркелуге жататын куәліктерді берген кезде, нотариус БНАЖ арқылы «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорынан басшының, оны алмастырушының (белгіленген қызметтік міндеттерін бөлуге сәйкес) цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді алады.»;
37, 38, 39, 40 – тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«37. Мүлікті иеліктен айыру туралы шартты тараптар бұзған жағдайда нотариус шартты бұзу туралы келісімді куәландырады. Жылжымайтын мүлікті иеліктен айыру туралы шартты бұзған жағдайда, нотариус БНАЖ арқылы «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорынан жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді алады.
38. Шартты бұзу туралы келісімді нотариус қағаз және электронды нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде тіркейді және құқық белгілейтін құжат оның сақтауында болған жағдайда, мүліктің иесіне қайтарады, келісім данасының көшірмесі, сондай-ақ құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі шартқа қоса тігіледі.
Шартты бұзған кезде тараптар нотариусқа шарттың барлық даналарын қайтарады, бұл ретте нотариус шарттың барлық даналарында тізілім нөмірін және бұзу туралы келісімді куәландыру күнін көрсете отырып, бұзу туралы жазба, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде және БНАЖ электронды тізілімінде жазба жасайды.»;
39. Көрсетілген шарттарды бұзған кезде осы шарттарды куәландыру үшін өндірілген төлем тараптарға қайтарылмайды.
40. Егер сыйға тарту шартында сыйға тартушының, ол сыйды алушыдан кейін өмір сүрген жағдайда, сыйға тартудың күшін жою құқығы көзделген болса, нотариус сыйға тартушының жазбаша өтініші бойынша, БНАЖ арқылы «АХАЖ» тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінен сыйды алушының қайтыс болған фактісінің тіркелуін тексереді, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорынан жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді алады.
Сыйға тартушының сыйға тартудың күшін жою туралы өтініші екі данада жасалады, қолының түпнұсқалылығы нотариалды куәландырылады.
Өтініштің бір данасы мен сыйды алушының қайтыс болғаны туралы куәлік көшірмесі нотариустың істерінде сақталатын сыйға тарту шартының данасына қоса тіркеледі. Нотариус тіркеуші органға сыйға тартудың күші жойылғандығы туралы хабарламаны, сыйға тартушының сыйға тартудың күшін жою туралы өтінішінің екінші данасына тіркеп, сыйға тартушыға береді.
Нотариус сыйға тарту шартының барлық даналарында, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде, БНАЖ электрондық тізілімінде, күнін, қолын қою арқылы, сыйға тартудың күші жойылғаны туралы белгі жасайды.»;
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«43. Меншік иесінің ортақ бірлескен немесе үлестік меншік құқығындағы мүлікті иеліктен айыру, барлық қатысушылардың келісімімен жүргізіледі.
Нотариаттық куәландыруды немесе мемлекеттік тіркеуді талап ететін мәмілелерді жасау кезінде, нотариус ортақ меншіктің басқа қатысушыларының мәмілелерді жасауға берген келісімі туралы нотариалды куәландыруға жататын өтінішін талап етеді.»;
46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«46. Үлестік меншік құқығында үлесін иеліктен алу кезінде нотариус ҚР АК 216 және 501-баптарының нормаларын басшылыққа алады.
Ортақ үлестік меншіктің басқа қатысушыларын үлесінің сатылатыны туралы хабардар ету дәлелдемелері мыналар болып табылады:
1) ортақ үлестік меншік қатысушысының басымдықты сатып алу құқығынан бас тарту, қолтаңбасының түпнұсқалы екендігі нотариалды куәландырған өтініші;
2) қолтаңбасының түпнұсқалығы нотариалды куәландырылған, нотариусқа ортақ үлестік меншік қатысушыларын үлесті сату ниеті туралы хабардар ету үшін берілген үлесті сатушының өтініші, сондай-ақ осы өтініш ортақ үлестік меншік қатысушысына берілген пошталық немесе өзгедей хабарлама.»;
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«48. Жылжымайтын мүлікті иеліктен айыру шартын куәландырған кезде нотариус жер учаскесіне құқығын белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарын талап етеді және жер учаскесін меншіктенушінің (жерді пайдаланушының) оған тиісті құқықтарды иеліктен айыру жөніндегі өкілеттіктерін анықтайды.
Бұл ретте нотариус құқық иесі туралы және құқығын белгілеуші құжатында көрсетілген жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары туралы мәліметтерді құқық иесі болып табылатын жеке тұлғалардың жеке бастарын куәландыратын құжаттарымен, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» және «Заңды тұлға» мемлекеттік деректер қорының мәліметтерімен салыстырады.
Олар өзгерген жағдайда мәліметтері «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркелуі тиіс. Өзгерістерді тіркеу тіркеуші органның құқықтық белгілеуші құжатта тиісті жазба жасау арқылы жүргізіледі және қолтаңба және мөрмен бекітіледі.
Нотариус кондоминиум құрамында тұрған тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды иеліктен айырған кезде жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын талап етпейді.»;
56, 57-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«56. Құқық белгілейтін құжатта көрсетілген құқық иесі туралы мәліметтің, жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары туралы мәліметтері «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген жағдайды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы иелік ету сәтіндегі «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорында көрсетілетін мәліметтермен сәйкес келмеген куәліктерді беру, мұрагерлікке сенімгерлікпен басқару тағайындау туралы қаулы шығарылған кезде нотариус осындай өзгерiстердің тiркелгенiн тексереді.
57. Нотариус рента және өмiр бойы асырауда ұстау шарттарын ҚР АК 517-539-баптарына сәйкес куәландырады.»;
59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«59. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiктi иеліктен айырған несие берушінің талап ету құқығын басқаға берген кезде нотариус мыналарды:
1) мүлікті меншіктенуге тиесілі екендігін, несие берушінің құқығын (талабын) растайтын құжаттары;
2) жылжымалы мүлік кепілін тіркеу тізілімінен үзінді;
3) құрылыс салушының үлестік қатысу шарты бойынша толық есебі туралы, оның ішінде мүлікті меншіктенуге беру туралы құжатқа қол қоймағаны, құрылыс салушының иеліктен айыруға келісімі туралы мәліметтерді талап етеді.
Талап ету құқығын куәландыратын құжаттар талап етуді басқаға беру шартын куәландырғаны туралы белгісімен жаңа несие берушіге қайтарылады, оның көшірмесі нотариустың сақтауында қалдырылады.
Объектіні тапсыру актісіне қол қойғанға дейін және олар шарттың бағасын төлеген соң ғана құрылысқа үлестік қатысу шарты шеңберінде кредитордың талаптар құқығын басқаға беруіне жол беріледі.»;
84-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«84. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады.
Неке шарты міндетті түрде нотариалды куәландырылуға жатады және жазбаша түрде жасалады.
Неке шарты «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 39-43-баптарының нормаларына сәйкес жасалады.»;
88-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«88. Өсиеттi өсиет қалдырушының өзі жазады не өсиет қалдырушының айтуымен куәлардың қатысуы арқылы нотариус жазады.
Өсиетте оны жасаған жері, күні және уақыты көрсетіледі.
Өсиет куәнің қатысуымен жасалса, өсиеттің мәтіні мен тізілімде куәнің тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні мен жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, сондай-ақ тұрақты мекенжайы көрсетілуге тиіс. Өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған тұлғаға қатысты ұқсас мәліметтер өсиетте және тізілімде көрсетіледі.
Өсиет жасалған кезде ҚР АК 1050-бабының 4-тармағында көрсетілген тұлғалар куәгер бола алмайды.
Өсиетті нотариус өсиет қалдырушының сөзімен жазған кезде немесе нотариус қолымен жазса, жалпы қолданылатын техникалық құралды (жазу машинкасы, дербес компьютер) пайдаланады.
Өсиетке өсиет қалдырушы мен куәгер қол қояды (өсиетті куәгердің қатысуымен жасаған жағдайда).
Өсиетті нотариус өсиет қалдырушының сөзімен жазған кезде өсиет қалдырушы өсиетке қол қойғанға дейін оны нотариустың және куәгердің қатысуымен оқиды.»;
94-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«94. Нотариус өсиеттік бас тартуды, міндеттерді жүктеуді, мұрагерді қосымша тағайындауды, өсиет орындаушыны тағайындауды қамтитын талаптардың өсиетке енгізілуі мүмкіндігін өсиет қалдырушыға түсіндіреді.»;
105-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«105. Автокөлік құралын басқару және иелік ету құқығына сенімхат автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорты) болған кезде куәландырылады.»;
111-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«111. Нотариус шаруашылық серіктестіктердің құрылтай құжаттарын: құрылтай шартын және Жарғысын куәландырады.
Шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шартын қоспағанда, құрылтай шарты нотариатты куәландыруға жатады.»;
113-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«113. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына сенімхаттың негізінде жұмыс істейтін олардың құрылтайшысы (-лары), қатысушы (-лары) немесе олардың өкілі (-дері) қол қояды.»;
118-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«118. Мұралық мүлік сақтауға берілген сенімгерлікпен басқарушы мұралық мүлікті ысырап еткені, иеліктен айырғаны немесе жасырып қалғаны үшін және мұрагерлерге келтірілген шығындар үшін жауапкершілігі жөнінде қолхат алына отырып, ескертіледі. Нотариус қол қойғанға дейін, қолхат сенімгерлік басқарушыны тағайындау туралы қаулыда баяндалады.»;
133-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«133. Өсиет бойынша мұраға құқығы туралы куәлікті бергенге дейін, өсиетті басқа нотариус куәландырған жағдайда, өсиет бойынша мұрагер өсиеттің сақталған жерінен өсиеттің өзгермегені және жойылмағаны туралы мәліметті нотариусқа ұсынады. Аталған мәліметтер күні қойылып, құзыретті тұлғаның қолымен және мөрімен бекітіліп, өсиетте өзінде және бөлек құжатта (өсиет мұрағатта сақталғанда) жазылуы тиіс.»;
138, 139-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«138. Мұраға құқық туралы куәлікті беру кезінде нотариус басқа мемлекеттік нотариаттық кеңселерден, нотариустардан немесе аумақтық нотариаттық палатадан мұраның ашылған жері бойынша мұрагерлік істің және өсиеттің бар/жоқтығы туралы ақпараттық анықтаманы сұратады.
Мұрагерлікті қабылдағаны не қабылдаудан бас тарту туралы өтінішті бірнеше нотариус қабылдаған жағдайда мұраға құқығы туралы куәлік мұрагерлердің таңдауы бойынша беріледі, мұрагерлер мұраға құқығы туралы куәлікті алғысы келетін нотариусқа мұрагерлік істі беру туралы өтініш алынады. Егер мұрагерлер арасында келісім болмаған болса, мұраға құқығы туралы куәлікті мұралық істі бірінші бастаған нотариус береді.
139. Егер мұрагерлер мұраны ресімдеу үшін қажетті құжаттарды нотариусқа көрсету мүмкіндігінен айырылса, нотариус оларды құзыретті органдардан талап ету жөнінде жәрдемдеседі. Егер тиісті органдарда аталған құжаттар сақталмаса, нотариус мүдделі адамдарға сотқа жүгіну тәртібін түсіндіреді. Егер өсиет мәтінінде мұрагерлердің өсиет қалдырушымен туыстық қатынасы көрсетілсе, бұл қатынастарды растайтын құжаттар талап етілуі қажет. Мұндай құжаттарды ұсыну мүмкін болмаған жағдайда, нотариус құжаттарды ұсынусыз өсиет бойынша мұрагерлік құқық туралы куәлік беруге құқылы. Мұндай жағдайда мұрагерлік құқық туралы куәлікте туыстық қатынасы көрсетілмейді.»;
143, 144-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«143. Мұралық мүліктің белгілі бір бөлігіне қатысты мұраға құқық туралы куәлік алған мұрагерлерге кейінірек бұрын берілген мұраға құқығы туралы куәлікте көрсетілмеген мүлікке мұрагерлік құқық туралы қосымша куәлік беріледі.
Қосымша куәлік берілген кезде нотариус бұрын берілген куәлікке қосылған құжаттарды қайтадан талап етпейді.
144. Кәмелетке толмаған немесе әрекет қабілеті жоқ адамға мұраға құқық туралы куәлік беру кезінде (заң бойынша да, өсиет бойынша да) нотариус оның мүліктік мүдделерін қорғау үшін мұрагердің тұратын жеріндегі қамқоршы және қорғаншы органға хабарлайды.»;
148-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«148. Жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік берген кезде нотариус мыналарды:
1) неке қию туралы куәлігін;
2) жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарын;
3) автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін (техникалық төлқұжаты);
4) жұбайлар мүлкінің құрамы мен мөлшерін растайтын өзге де құжаттарды талап етеді.»;
154, 155-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«154. Егер қайтыс болған жұбайдың мұрагерлері нотариусқа өздері келсе, оларға нотариус осы Ереженің 150-бабында аталған жағдайлар туралы ауызша түрде хабарлайды, бұл жөнінде жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру жөніндегі көзі тірі жұбайлардың өтінішіне мұрагердің қолы қойылып, белгі соғылады.
155. Көзі тірі жұбайына жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске құқық туралы куәлік берген кезде нотариус осы Ереженің 148-тармағында аталған құжаттардан басқа жұбайының қайтыс болу туралы куәлігін талап етеді.»;
157-тармақ алып тасталсын;
175-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«175. Егер құжаттағы азаматтың қолының дұрыстығын нотариус немесе нотариаттық іс-әрекет жасауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлға куәландырған жағдайда, азамат берген құжаттың көшірмесінің және одан алынған үзінділердің дұрыстығы куәландырылады.»;
189, 190, 191, 192, 193, 194, 195, 196, 197, 198-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«189. Заңнамада көзделген жағдайларда нотариус ақшаларды борышкерден депозит жағдайында, ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау жағдайында қабылдайды. Ақшаларды депозит жағдайында енгізу немесе бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау міндеттемені орындау болып табылады. Нотариус ақша түскені туралы кредиторға хабарлайды және оның талабы бойынша оған тиесілі ақшаны береді.
190. Нотариус ақшаны борышкердің өтінішінің негізінде депозит жағдайында қабылдайды, қолының түпнұсқалылығы нотариаттық куәландырылады. Нотариустың депозит жағдайында борышкерден тиесілі ақшаны қабылдауы туралы борышкердің өтініші Кіріс құжаттарын тіркеу журналында ол түскен күні тіркеледі. Нотариус ақшаны депозит жағдайында қабылдай отыра, жарна негізін. Яғни кредитордың құқықтары және борышкердің міндеттері туындау негізін тексереді. Міндеттемлерді растайтын құжаттың көшірмесі нотариустың істерінде қалады.
191. Нақты депозиттік операциялардың құжаттарымен бірге нотариустың депозиттік жағдайда ақшаны қабылдауымен байланысты барлық құжаттар, депозиттік жағдайда ақшаны енгізу үшін негіздердің, нотарусқа өтініш жасаушы тұлғаның депозитке қарызды енгізумен міндеттемені орындау құқығының, нотариустың депозиттік шотына ақша қаражатын аудару туралы банк құжатының болуын растайтын құжаттар қоса орналастырылады.
192. Нотариус ақшаның депозиттік жағдайда қабылданғаны туралы кредиторға тапсырысты хатпен хабарлама жібереді. Хабарламаны табыстағаны туралы хабарлама нақты депозиттттік операцияларда сақталады. Хабарламаны жөнелткені үшін шығысты борышкер көтереді.
Егер борышкер кредитордың мекен-жайын және/немесе орналасқан жерін көрсетпесе немесе көрсетілген мекен-жайда кредитор болмаса, нотариус борышкерге, кредиторға ақша жарнасы туралы хабарлау борышкердің міндеті болып табылатындығы туралы жазбаша ескертеді.
193. Ақшаны депозиттік жағдайда қабылдауды нотариус кредитор - жеке тұлға үшін міндеттеме туындаған сәтте оның орналасқан жері, ал кредитор - заңды тұлға үшін оның мемлекеттік тіркелген орны бойынша ақша міндеттемесін орындау орны бойынша жүргізеді.
194. Нотариус банкте ағымды шот ашады. Шоттың ашылу және қызмет көрсету шығындарын нотариусқа жүгінген борышкер төлейді.
195. Борышкерден ақша қабылдағаннан кейін нотариус борышкерге ақша қабылдағаны туралы акті береді, онда:
1) күні;
2) нотариустың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), лицензияның нөмірі және күні, ақшаны қабылдаған мемлекеттік нотариаттық кеңсенің атауы;
3) борышкер мен кредитордың тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, туған жылы және тұратын жері;
4) соның негізінде міндеттеме пайда болған құжаттың атауы;
5) қабылданған ақшаның сомасы (банкте берілген құжат негізінде көрсетіледі);
6) тізілім нөмірі, нотариусқа төленген сомасы, нотариустың мөрі және қолы көрсетіледі.
196. Депозиттегі ақша депоненттің өтініші бойынша беріледі, қолдың түпнұсқалылығы нотариаттық түрде куәландырылады. Заңды тұлғаларға ақша қолма-қол ақшасыз тәсілмен олардың шотына аударылады. Жеке тұлғаларға ақшалар қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен беріледі.
197. Нотариус нотариус депозитіне салынған ақшаны борышқорға қайтаруға келісімі туралы өтінішіндегі тұлғаның қолының түпнұсқалылығын куәландырады.
198. Нотариустың депозиттік шотындағы ақша нотариустің табысы болып табылмайды.»;
210, 211 - тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«210. Нотариус дәлелдемелерді қамтамасыз ету орны және уақыты туралы барлық мүдделі тұлғаларға хабарлайды, олардың келмеуі дәлелдемелерді қамтамасыз ету әрекеттерін орындауға кедергі болмайды. Мүдделі тұлғаларға хабарламай дәлелдемелерді қамтамасыз ету, кейінге қалдырғысы келмейтін не нәтижесінде істе кімнің қатысатыны алдын ала анықталмаған жағдайда мүмкін.
Бұл ретте, сұрау хаттамасында не жазбаша және айғақтық дәлелдемелерді қарау хаттамасында мүдделі тұлғаларға хабарламау себептері көрсетіледі.
211. Нотариус хаттама толтырады, онда:
1) сауалдың күні, уақыты және орны;
2) нотариустың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), лицензияның нөмірі және күні, жауап алған мемлекеттік нотариаттық кеңсенің атауы;
3) жауап алуға қатысқан тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған жылы, тұратын жері, жеке сәйкестендіру нөмірі;
4) куәгердің тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған жылы, тұратын жері, жеке сәйкестендіру нөмірі;
5) жалған айғақтар берген және жауап беруден бас тартқаны үшін жауапкершілікті ескерту туралы нұсқау;
6) куәгерлердің жауаптарының мазмұны (қойылған сұрақтар және оның жауаптары) көрсетіледі.
Хаттаманың әрбір бетіне сұралушы қол қояды, ал соңғы бетте сауалнамаға қатысушылар және нотариус қол қояды.»;
Мынадай редакцияда «Суррогат ана болу шарты» 24 - тараумен толықтырылсын:
214-216 – тармақтармен толықтырылсын:
«214. Суррогат ана болу шарты «Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 54-59-баптарының ережесіне сәйкес жасалады және куәландырылады.
215. Егер суррогатты ана некеде тұрған жағдайда, онда жұбайының осындай шарт жасасуға және суррогат ананың сурагатты ана бағдарламасына қатысуына келісімі талап етіледі, онда нотариус қолдың түпнұсқалылығын куәландырады. Егер суррогат ана некеде тұрмаса, онда ол туралы өтініш алынады, онда нотариус қолдың түпнұсқалығын куәландырады.
216. Нотариус суррогат ана шартын жасасу және куәландыру кезінде ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) неке қатынастарын тексереді. Ерлі-зайыптылар некеге тұру туралы куәлікті ұсынады, оның көшірмесі нотариустың істерінде қалады, сондай-ақ медициналық ұйымның қосымша репродукциялық әдістерді және технологияларды осы үшін балалы болғысы келетін адамдардың не донарлық банктің биоматериалдарын қолдануы туралы толық және жан-жақты ақпаратпен қорытынды ұсынады. Қортындының бір данасы түпнұсқада суррогат ананың нотариаттық куәландырылған шартына қоса тіркеледі және мәміле жасалған жерде сақталады.».
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды;
3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Б.Ж. Әбдірайымға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Әділет министрі Б. Имашев