1. Алматы облысының аумағындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жер пайдаланушылары мен меншік иелерінің жер учаскелерін алып қоймай, ені екі километрден кем емес күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимі осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.
2. "Алматы облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысына (Ж.Ы. Умаров) осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемесіне күзет аймағының шекарасын арнайы белгілермен белгілеу ұсынылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Серікжан Іслямұлы Бескемпіровке жүктелсін.
5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы облысының әкімі | А. Баталов |
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағындағы табиғатты пайдалану режимі
1. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (бұдан әрі-ұлттық парк) күзет аймағында жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі.2. Ұлттық парктің күзет аймағында:
1) жаңа елді мекендер құруға және бар елді мекендерді кеңейтуге;
2) ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілерді орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгізуге;
3) жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін зәрлі улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивті нысандарын енгізуге;
4) атмосфера және ашық су көздері мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндіруге;
6) әуесқойлық (спорттық) және кәсіпшілік аң аулауға;
7) радиоактивті материалдар мен өнеркәсіп қалдықтарын көмуге;
8) ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертетін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектілер салуға);
9) жабайы жануарлар мен жабайы өсімдіктердің бөтен түрлерін жерсіндіруге;
10) ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін басқа да қызметке тыйым салынады.
3. Ұлттық парктің күзет аймағында оның экологиялық жүйесіне келеңсіз әсер етпейтін шаруашылық қызметтердің әр алуан түрлері жүзеге асуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметі;
2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет;
3) туристік және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсіпшілік және әуесқой (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерін сөндіру жөнінде жердегі және авияциялық жұмыстарды жүргізу;
7) бүлінген жерлерді рекультивациялау;
8) орман және өзге де өсімдік қауымдастықтарын қалпына келтіру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;
10) жер учаскелерін туристер болатын жерлерді жайластыру, өсімдіктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлерін жасанды жолмен көбейту, өсіру, өндіру үшін питомниктер салу, ұлттық парк қызметкерлерінің тұруы үшін қызметтік үй-жайлар (кардондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерін беру үшін пайдалану.
4. Ұлттық парктің күзет аймағында "Алматы облысының аумағындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы" облыс әкімдігі қаулысының қосымшасындағы 3-тармағының аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ ұлттық парктің өзге де объектілеріне қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс.