Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 04.11.2019 № 94 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің Үлгі қағидалары бекiтiлсiн.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Кенжеханұлына жүктелсiн.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қызылорда облысының әкімі | Қ. Көшербаев | ||||||||
|
Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің Үлгі қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің Үлгі қағидалары (бұдан әрі - Үлгі қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 6-бабына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымының ішкі тәртібінің қағидасын әзірлеу және бекіту үшін негіз болып табылады.
2. Үлгі қағидалар білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларын әзірлеу және бекіту кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
3. Білім беру ұйымының қызмет режимін ескере отырып (білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тәулік бойы болуы, олардың белгілі бір уақытта ғана болуы, оқу сабақтарының ауысымдылығы және білім беру ұйымының өзге де жұмыс ерекшелігіне қарай) білім беру ұйымының әкімшілігі білім беру ұйымының педагог және өзге де қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимін белгілейді.
4. Ішкі тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымының әкімшілігі білім беру ұйымының кызметкерлерінің, сонымен қатар, білім беру ұйымының білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасымен және білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің Үлгі қағидалармен жүктелген міндеттерді сақтауын қамтамасыз етеді.
2. Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесі
5. Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесі қағидаларында:
1) білім беру ұйымының әкімшілігі және педагогтарының білім алушылармен және тәрбиеленушілермен өзара қарым-қатынасы;
2) оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың тәртібі;
3) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білім алуы және өмірі мен денсаулығын сақтау, балалардың құқықтарын қорғау үшін жағдайлар;
4) білім беру ұйымдарының еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы жағдайлары;
5) білім беру ұйым қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
6) білім беру ұйымы жұмысының басталу және аяқталу уақыты, олардың арасындағы үзілістер;
7) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу сабақтарының ұзақтығы қамтылуы тиіс.
6. Білім беру ұйымының әкімшілігі қызметкерлердің, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, сонымен қатар, олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларына қолжетімділігін және таныстыруды қамтамасыз етеді.