БҰЙЫРАМЫН:
1. "Iшкi сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылы 28 қыркүйекте жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Iшкi сауда қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автодүкен – сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы;
2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
3) арзандатылған тауар – кемшілігінің болуына не кемшілігінің жойылуына байланысты төмендетілген бағамен өткізілетін тауар;
4) асхана – тұтынушылар өзіне өзі қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру объектісі;
5) аутлет орталық – елеулі жеңілдіктермен (жиырмадан тоқсан пайызға дейін) бірыңғай тауар белгісімен немесе маркасымен айналымға шығарылған өнімдер шығарылымының алдыңғы маусымының азық–түлік емес тауарлар тобын (киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар және басқалар) сатуды жүзеге асыратын сауда объектісі;
6) әмбебап сауда базары – әртүрлі сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда орындары бар сауда базары;
7) баға – тауар құнының ақшалай мәні;
8) бар – тұтынушыларға тіске басар, десерттер және кондитерлік бұйымдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
9) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
10) гипермаркет – бірнеше сауда қызметі субъектілері ұсынған, атаулары (бірліктері) он бес мыннан бастап және одан да көп арнайы немесе тауарлардың аралас ассортиментін өткізетін, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін көтерме-бөлшек сауда объектісі;
11) дәмхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес тағамдардың ассортиментін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
12) дискаунт орталық – бір немесе бірнеше сауда қызметі субъектілері ұсынған эконом сыныбының, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін сауда объектісі; күнделікті сұраныстағы нарықтық бағадан төмен бағадағы азық–түлік тауарлырының (жалпы көлемнен жиырма пайыз тез бұзылатын азық–түлікті есепке алмағанда, негізінен "құрғақ" немесе терең мұздатылған өнім) және азық-түлік емес (жалпы көлемнен сексен пайыз тамақ өнімдері тұрмыстық химия және қосалқы тауарлар) ассортименті аз болады;
13) дүкен – сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделi құрылыс немесе оның бөлiгi;
14) дүңгiршек – бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы және үй-жайлары жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс;
15) жаппай сату – тиiсiнше сападағы тауарларды төмендетілген бағамен өткізу;
16) жарамдылық мерзiмi – аяқталғаннан кейiн тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi;
17) жылжымалы сөре – арнайы бөлінген орынға орналастырылатын, сауда орнын білдіретін тасымалды уақытша құрылыс (конструкция);
18) қоғамдық тамақтандыру – тамақ өнімдерін өндірумен, қайта өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;
19) көтерме сауда – жеке, отбасылық, үй iшiнде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейiннен сатуға немесе өзге мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
20) көшпелi сауда – мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлiк құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын мобильді жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс iстейтiн бөлшек сауда желiсiнен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда;
21) мамандандырылған дүкен – ассортиментінің көлемі жиырма бес мың атауға (бірлікке) дейін болатын арнайы ассортименті бар (құрылыс мататериалдары, тұрмыстық электротехника, жиһаз және тағы басқа), сауда желісіне кіретін немесе кірмейтін, аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда қызметінің көптеген субъектілері ұсынған сауда объектісі;
22) мамандандырылған сауда базары – сауда базарының жалпы санынан олардың жетпіс және одан да көп пайызы бір сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары;
23) мейрамхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдерін қоса алғанда, дайындалуы күрделі тағамдар ассортиментін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
24) сақтау мерзімі – белгіленген сақтау шарттары сақталған кезде тауар (жұмыс нәтижесі) осы уақыт кезеңі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарда және (немесе) шартта көрсетілген сапасын, қасиеттерін және сипаттамаларын сақтайтын уақыт кезеңі;
25) сатушы – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметiн жүзеге асырушы сауда қызметiнiң субъектiсі;
26) сатып алушы – тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
27) сауда ақпараты – тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшелiктерiмен таныстыру мақсатында сатушыға жеткiзiлетiн мәліметтер;
28) сауда базары – аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшауланған мүліктік кешен;
29) сауда желiсi – сауда базарларын қоспағанда, ортақ басқарудағы және бiрыңғай коммерциялық белгi және дараландырудың өзге де құралдары аясында пайдаланылатын екi және одан да көп сауда объектiлерiнiң жиынтығы;
30) сауда залы – сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негiзгi бөлiгi;
31) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;
32) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган – сауда қызметі саласында мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
33) сауда мүкаммалы – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;
34) сауда объектiсi – арнайы құрал-жабдықпен жарақтандырылған, тауарлар сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
35) сауда-ойын-сауық орталығы – ассортиментінің көлемі жиырма бес мыңан бастап одан көп атауды (бірлікті) қамтитын тауарларды, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтерін (фуд-корт, сұлулық салондары, ойын-сауық, кино театрлар және басқалар) қамтитын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңы бар сауда қызметінің көптеген субъектілері ұсынған сауда объектісі;
36) сауда орталығы – ассортиментінің көлемі жиырма бес мыңнан бастап одан көп атауды (бірлікті) қамтитын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңы бар сауда қызметінің көптеген субъектілері ұсынған сауда объектісі;
37) сауда орны – тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;
38) сауда үйi – бiртұтас басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өз аумағы шекарасының шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген күрделi стационарлық құрылыс;
39) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық біріктірілуінің) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыстырылмаған
уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
40) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланыстырылған және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық біріктірілген) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй жай);
41) супермаркет – ассортиментінің көлемі бір мыңнан жиырма бес мыңға дейінгі атауды (бірлікті) қамтитын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңы бар тауардың арнайы немесе аралас ассортиментін өткізетін сауда қызметінің көптеген субъектілері ұсынған сауда объектісі;
42) тауар – айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбасқа арналған кез келген еңбек өнiмi;
43) тауардың ассортименті – қандай болмасын бiр немесе жиынтық белгiлері бойынша бiрiктiрiлген тауарлар жиыны;
44) тауарлар сыныбы – функционалдық мақсаттағы ұқсастығы бар тауарлар жиынтығы;
45) тауарлық көршiлiк – шикi және дайын өнiмдердi бiрге сақтауды және өткізуді, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететiн бөгде иiстердiң сiңуiн болдырмайтын шарттар;
46) тауар сапасы – тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы;
47) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi – қатаң регламенттелетiн мерзімдерде тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi;
48) үйдің қасындағы дүкен – негізінен сауда желілеріне кірмейтін бес мың атауға (бірлікке) дейін күнделікті қажетті тауарлардың арнай ассортиментін өткізетін сауда қызметінің бір субъектісі беретін сауда объектісі;
49) шағын маркет – сауда қымзетінің бір немесе бірнеше субъектілері ұсынған, атауы (бірлігі) он мыңға дейінгі арнайы немесе аралас тауарлардың ассортиментін өткізетін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда объектісі;
50) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жинамалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қоры үшін алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын құрылыс;
51) iшкі сауда – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі;
52) электрондық сауда – ақпараттық техногиялар арқылы жүзеге асырылатын тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет.";
14-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"Егер тұтынушы сатып алған тауар пайдалануда болса немесе онда кемшілік болса және (немесе) кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол туралы ақпарат беріледі.
Арзандатылған тауар сатылған жағдайда кемшіліктің болуы болса және (немесе) кемшіліктің жойылғаны туралы мәліметтер тауарды сатып алу (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатта бақылау (тауарлық) чегі не кіріс кассалық ордерге түбіртек, жыртпалы талонға түбіртек, тиісінше ресімделген техникалық паспорт, тауардың (жұмыстың, қызметтің) атауы, құны, сатып алу күні, сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжатта көрсетілуге тиіс.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Тауардың бағасын сауда қызметiнiң субъектiлерi дербес айқындайды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағалары Заңның 9-бабына сәйкес реттеледі.
Бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес тауарды сатушы (дайындаушы) сатады, ал тұтынушы сатып ала алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатушы (дайындаушы, орындаушы) фото-, бейнетүсірілімді қолдануға қатысты тұтынушылардың мүмкіндігін шектемейді.";
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрық алынған күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына баспа және электронды түрде жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Ұлттық экономика министрінің | |
міндетін атқарушы | М. Құсайынов |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
__________________ Ж. Қасымбек
2016 жылғы "_____" ____________
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_________________ Б. Сұлтанов
2016 жылғы "____" _____________