БҰЙЫРАМЫН:
1. «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13317 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарында:
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«27. Қайта аттестаттау бастапқы аттестаттау өткен күннен бастап үш айдан кейін осы Қағидада айқындалған тәртіппен өткізіледі. Қайта аттестаттауды өткізген аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.»;
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«33. Қызметшілер азаматтық қызметте болған әрбір кейінгі үш жыл өткен соң, бірақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап алты айдан кейін аттестаттаудан өтеді.
Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
Бала күтімі бойынша демалыста жүрген қызметшілер қызметке шыққаннан соң алты айдан кейін аттестатталады.
Қызметшілерді аттестаттау олардың өтініштері негізінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін өткізіледі.»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарында:
мынадай мазмұндағы 20-3-тармақпен толықтырылсын:
«20-3. Педагог қызметкер және оларға теңестірілген тұлғалар біліктілік талаптарына сәйкес өтініші негізінде «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 2-тармағының 7) тармақшасы бойынша біліктілік санатын алу (растау) мақсатында мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтеді:
1) екінші біліктілік санатына:
жоғары оқу орнын «үздік» бітірген және кемінде бір жыл педагог қызметінің өтілі бар тұлғалар;
«Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын бітірген және кемінде бір жыл педагог қызметінің өтілі бар тұлғалар;
кәсіптік орта (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі) оқу орнын «үздік» бітірген және кемінде бір жыл педагог қызметінің өтілі бар тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде үш жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар;
деңгейлік курстар бойынша біліктілікті арттырудан өткен тұлғалар;
2) бірінші біліктілік санатына:
ЖОО-дан білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде 3 жыл педагогикалық жұмыс өтілі және магистр академиялық дәрежесі бар тұлғалар;
облыстық деңгейдегі кәсіби конкурстардың, педагогикалық олимпиадалардың жеңімпаздары болып табылатын екінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
қатысу нысандары әртүрлі (күндізгі, сырттай, қашықтан) облыстық деңгейдегі пән олимпиадаларының, шығармашылық, кәсіби конкурстардың, ғылыми және спорттық жарыстардың қатысушыларын даярлаған екінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
облыстық деңгейде өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтаған екінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
деңгейлік курстар бойынша біліктілікті арттырудан өткен екінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде төрт жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар;
3) жоғары біліктілік санатына:
қатысу нысандары әртүрлі (күндізгі, сырттай, қашықтан) облыстық деңгейдегі пән олимпиадаларының, шығармашылық, кәсіби конкурстардың, ғылыми және спорттық жарыстардың қатысушыларын немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушыларын даярлаған бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
қатысу нысандары әртүрлі (күндізгі, сырттай, қашықтан) облыстық деңгейдегі кәсіби конкурстардың, педагогикалық олимпиадалардың қатысушылары немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушылары болып табылатын бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
облыстық немесе республикалық немесе халықаралық деңгейде өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтаған бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
біліктілікті арттыру институтынан, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде төрт жыл педагогикалық жұмыс өтілі, бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
ЖОО-дан білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, магистр академиялық дәрежесі бар және кемінде төрт жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар тұлғалар;
деңгейлік бағдарламалар бойынша курстарда біліктілікті арттырудан өткен бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар;
өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан, кемінде бес жыл өндірістік жұмыс өтілі бар тұлғалар.»;
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21. Мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер педагог қызметкерлер екі кезеңде аттестаттаудан өтеді:
1) бірінші кезең – біліктілік тестілеу;
2) екінші кезең – қызмет қорытындыларын талдамалық жинақтау.
Тестілеу сұрақтарының саны 60-ты құрайды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу – 20 сұрақ;
2) педагогика және психология негіздері – 20 сұрақ;
3) пәндік білім негіздері – 20 сұрақ.
Тестілеудің жалпы уақыты жүз елу (150) минутты құрайтын математика, физика, химия бойынша пәндік білім негіздері бойынша тестіленетін педагог қызметкерлерді, сондай-ақ, арнайы, жалпы кәсіптік пәндердің оқытушыларын және өндірістік оқыту шеберлерін қоспағанда, жалпы тестілеу уақыты жүз жиырма (120) минутты құрайды.
Тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптар негізгі пән бойынша кемінде 70%, педагогика және психология негіздері бойынша - 50%, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша - 50% болса, оң деп есептеледі.
Тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен немесе дәлелді себептермен қатыспаған педагог қызметкерлер бірінші тестілеуден кейін екі айдан кешіктірмей қайта тестілеуден өтеді.
Дәлелді себептер мыналар болып табылады:
1) ұзақ уақыт бойы еңбекке жарамсыздық (2 айдан аспайтын);
2) жүктілік және бала туу, бала күту демалысында болу;
3) шетелде мамандық бойынша іссапарда болу.
Қайта тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен педагог қызметкерлер аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді.
Тестілеуден өткізу күні тестілеу рәсімін өткізуге кемінде 2 апта қалғанда педагог қызметкерге хабарланады.
Тестілеу жыл сайын 15 қазан мен 15 желтоқсан аралығында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, білім саласындағы уәкілетті орган, қарамағында білім ұйымдары бар салалық мемлекеттік органдар бекіткен кестеге сәйкес өткізіледі.
Өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан тұлғалар біліктілік тестілеуінен босатылады.»;
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;
«26. Өтініш берген біліктілік санатына сәйкестігіне аттестатталатын педагог қызметкерлердің қызмет қорытындысына талдауды сараптама топтары жүргізеді:
екінші біліктілік санатына – білім беру ұйымының деңгейінде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: әдістемелік бірлестіктердің, пәндік-циклдік комиссиялардың, кафедралардың өкілдері, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының тәжірибелі педагог қызметкерлері, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, ата-аналар қауымдастығының, жұмыс берушілердің өкілдері кіреді;
бірінші біліктілік санатына – аудан (қала) деңгейінде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің басшылары, ауданның (қаланың) тәжірибелі педагог қызметкерлері, біліктілікті арттыру жүйелері, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, ата-аналар қауымдастығының, жұмыс берушілердің өкілдері кіреді;
облыстық маңызы бар білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің бірінші біліктілік санатына және жоғары біліктілік санатына облыстық деңгейде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, әдістемелік кабинеттердің, біліктілікті арттыру жүйесінің, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері, жұмыс берушілер, облыстың тәжірибелі педагог қызметкерлері кіреді.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның сараптама тобының құрамына (республикалық ведомстволық ұйымдар үшін): әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, біліктілікті арттыру жүйесінің өкілдері, тәжірибелі педагогтер кіреді.».
2. Персоналды басқару қызметі (Ә. Шоқпаров) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына бір данада, мемлекеттік және орыс тілдерінде баспа және электронды түрде жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев