Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа ала отырып, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау қағидалары мен шарттары бекітілсін.
2. "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (М. Ғ. Қуаншалиев) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Б. Бадашевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | А. Көлгінов |
2016 жылғы 15 сәуірдегі № 127 Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген |
Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар
автомобиль жолдарын сыныптау қағидалары мен шарттары
1. Жалпы ережелер
1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын сыныптау қағидалары мен шарттары "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген.2. Сыныптау қағидалары мен шарттары
2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын сыныптау жол қозғалысының геометриялық параметрлері мен есептік қарқындылығына байланысты автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылады.3. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына республиканың әкімшілік орталықтарын облыс және аудан орталықтарымен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңызы бар жолдармен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады;
4. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына аудан орталықтарын ауылдық елді мекендермен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады.
5. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолы пайдалануға қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы орган облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесі, олардың атаулары мен индекстеріне енгізу үшін автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісуге енгізеді.
Облыстық жергілікті атқарушы орган уәкілетті органнан келісуді алғаннан кейін, автомобиль жолдарының тізбесіне автомобиль жолын қосады.