"Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің азаматтық қызметшілері, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдарының қызметкерлері, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары мен шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Каржы және бухгалтерлік есеп секторы:
1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағазы және оның электрондық түрдегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Кеңсесі бастығының орынбасары - бас бухгалтер Е.К. Арпабаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы |
Ә.Жақсыбеков |
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2017 жылғы 15 мамырдағы № 17-01-38.27 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің азаматтық қызметшілері, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдарының қызметкерлері, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеудің қағидалары мен шарттары
1. Осы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің азаматтық қызметшілері, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдарының қызметкерлері, қазыналық кәсіпорындарының қызметкерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеудің осы қағидалары мен шарттары (бұдан әрі - Қағидалар) "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4-тармағының 3) тармақшасын іске асыру мақсатында әзірленді және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің азаматтық қызметшілері, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдарының қызметкерлері, қазыналық қәсіпорындарының қызметкерлері (бұдан әрі - ұйымдар) үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу тәртібі мен шарттарын реттейді.
2. Мамандық бойынша жұмыс өтіліне ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ұйымдарда сол мамандығы бойынша жұмыс істеген барлық уақыты есептеледі, сондай-ақ:
1) сол мамандық бойынша мемлекеттік қызметте болған уақыты;
2) теріс себептер бойынша қызметтен босатылған адамдардан басқа, офицерлік құрамдағы адамдардың, прапорщиктердің, мичмандардың, мерзімнен тыс қызметтегі әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының және бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Қарулы күштерінде, ішкі, шекара әскерлерінде, басқару және азаматтық қорғаныс бөлімшелерінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің органдарында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қүзет қызметінде, Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінде және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында, Қазақстан Республикасының әскери-тергеу органдары мен Ұлттық ұланында, нақты әскери қызмет өткерген;
3) жүктілікке және бала (балалар) тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты демалыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген бала күтімі бойынша еңбекақысы сақталмайтын демалыс;
4) егер қызметкер жіберер алдында мемлекеттік мекемеде мамандық бойынша жұмыс істесе және көшіп келу уақытын есептемегенде, шетелден оралған күннен бастап екі ай ішінде мемлекеттік мекемеге жұмысқа шықса, шетелде жұмыс істеген;
5) егер қызметкер курстарға түскенге дейін мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе және оны аяқтаған соң мемлекеттік мекемеге қайтып оралса, мемлекеттік мекемелердің жолдамасы бойынша жұмыстан қол үзіп кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілгін арттыру бойынша курстарда оқыған;
6) заңсыз жұмыстан босатылған және кейіннен жұмысына қайта орналасқан кезде мәжбүрліктен бос болған;
7) қызмет саласына қарамастан істеген сәйкес мамандықтар бойынша лауазымдарда еңбек еткендегі жұмыс істеген;
8) педагогикалық мамандықтар бойынша лауазымдарда білім салсында жұмыс істеген;
9) ғылыми ұйымдардағы ғылыми жұмыс істеген;
10) Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Мемлекеттік банкі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйесіндегі жұмыс уақыты;
11) Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдарының өкілеттіктерін жүзеге асырған;
12) атқарушы орғандардың басшысы және олардың орынбасары лауазымдағы жұмыс істеген уақыты қосылады.
3. Осы Қағидаларға сәйкес есептелетін мамандық бойынша жұмыс өтілі күнтізбелік есептеу бойынша саналады.
4. Қызметкердің лауазымдық жалақысы көтерілген жағдайда, еңбек өтілін ескере отырып, лауазымдық жалақыны есептеу ол көтерілген күннен бастап жүзеге асырылады.
5. Құрамын ұйымның бастығы бекітетін еңбек өтілін белгілеу жөніндегі ұйымның біліктілік (аттестаттау) комиссиясы жұмысқа қабылдау кезінде мамандық бойынша жұмыс өтілін және мамандықтардың сәйкестігін белгілейді.
6. Мамандық бойынша жұмыс өтілін белгілеу туралы біліктілік (аттестаттау) комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың түпнұсқасы кадр қызметіне, хаттаманың көшірмесі бухгалтерияға беріледі.
7. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес мынадай құжаттардың кез-келгені қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады:
1) еңбек кітапшасы;
2) жұмыс беруші күні мен оны тоқтату негіздемесі туралы белгі қойған еңбек шарты;
3) жұмыс берушінің еңбек шартын жасасу және оның тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын актілерінен көшірмелер;
4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомостарынан үзінді көшірмелер;
5) жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен (ол бар болса) расталған қызметтік тізім (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметті туралы мәліметтер тізімі);
6) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;
7) әлеуметтік төлемдер жүргізілгені туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;
8) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер бар архив анықтамасы.