Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімдігінің 30.12.2020 № 853 қаулысымен (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
ЗҚАИ-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет Кодексінің 56-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 4-тармағының 14) тармақшасына, "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына сәйкес, Риддер қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің келесі санаттары үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылсын:
1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға, мүгедек балаларға;
3) көп балалы отбасылардың балаларына;
4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға.
2. Тегін тамақтандыру мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне мынадай растайтын құжаттарды ұсынған кезде ұйымдастырылады:
1) ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың еркін нысандағы жазбаша өтініші;
2) отбасыларда тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қорғаншылықты (қамқорлықты), патронаттық тәрбиені бекіту туралы анықтаманың көшірмесі;
3) мүгедек балалар үшін мүгедектігі туралы анықтама немесе даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның медициналық қорытындысының көшірмесі;
4) көп балалы отбасылардың балалары үшін туу туралы куәлігінің көшірмесі;
5) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін өтініш берушінің (отбасының) "Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға жататынын растайтын анықтама;
6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін алынған табысы туралы анықтама (жұмыс істейтін ата-аналарының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жалақысы, кәсіпкерлік қызметтен және басқа қызмет түрлерінен түсетін кірістер, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі кірістер). Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиелену кезеңінде тегін тамақтау құқығы жыл сайын осы қаулының 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес құжаттарды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ұсыну арқылы расталуы тиіс.
Қаланың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға шығындарды қаржыландыру тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
3. "Риддер қаласының білім беру бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің Риддер қаласының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жолданылуын;
3) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулының Риддер қаласы әкімінің интернет - ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Әкімдік қаулысының орындалуын бақылау Риддер қаласы әкімінің орынбасары Д.Б. Дүйсембаевқа жүктелсін.
5. Осы әкімдік қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап баратын тәрбиеленушілерге қолданылады.
Риддер қаласының әкімі | Ж. Мұратов |