Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық мәслихатының 22.12.2020 № 57-745/VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
ЗҚАИ-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" № 512 қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" № 2314 қаулысына сәйкес, Үржар аудандық мәслихаты ШЕШТІ :
1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасы 1 қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Үржар аудандық мәслихаты шешімдерінің күші 2 қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | А. Зарипов |
Үржар аудандық мәслихатының хатшысы | К. Карашев |
Үржар аудандық мәслихатының | |
2019 жылғы 15 қарашадағы | |
№ 46-510/VI шешіміне | |
1 қосымша |
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасы 1. Жалпы ережелер
Осы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы (бұдан әрі-Қағида) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабы 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" (бұдан әрі - Ереже) қаулыларына сәйкес әзірленді.
1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасында пайдаланатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
3) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) уәкілетті орган – "Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын, жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар түріндегі үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге жинақталатын ақша;
6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
7) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер "Үржар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" ММ (бұдан әрі – уәкілетті орган) табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммуналдық қызметтерге тарифтерді, олардың өзгерістерін ұсынады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде қызмет көрсетушілер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормалары шегінде есепке алынады.
Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын ұй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.
5. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электронды үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – портал) тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.
6. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
7. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және (немесе) портал арқылы өтініш береді және Ереженің 4 тармағына сәйкес құжаттардың тізімін ұсынады.
8. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
9. Ереженің 4 тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
10. Портал арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.
11. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.
12. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.
13. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.
14. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
15. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
16. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.
17. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.
18. Тұрғын үй көмегі көрсетілмейтін отбасылар:
1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
2) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған;
3) егер ата-аналары ажырасқан болса және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап арыз бермеген;
4) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалар.
19. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
20. Тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, электр жүйесiмен, газбен қамтамасыз етуге, лифттерге қызмет көрсетуге арналған шығыстар өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескерiледi. Сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылу энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтерi үшiн шығыстар қызмет көрсету-шiлердiң тарифтерi бойынша ескерiледi.
21. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.
22. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.
23. Үйлерде орталықтандырылған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге төлем мөлшері электр энергиясына есептелген сомадан үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары және ыстық сумен қамтамасыз етуге белгіленген тарифтер шегінде есептеледі.
24. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
25. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:
1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен - жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;
2) өтініш берушінің үйінде ата - ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда, баланың ата - анасының табыстары есептеледі.
26. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.
Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.
27. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
3.Тұрғын үй көмегінің мөлшері және тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері
28. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
29. Отбасының шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесi отбасының жиынтық табысына қарай 15 % мөлшерiнде белгiленедi.
Тұрғын үй көмегін есептеген кезде, иелері өздері жылытатын тұрғын үйде (ғимаратта) отынның тас көмірден басқа түрлерін қолданса, олардың құны мен шығын нормасы тас көмірдің құнына балама есептеледі.
30. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:
1) алаң нормалары:
жалғыз тұратын азаматтар үшін – 18 ш.м.;
2 адамнан тұратын отбасы үшін – 27 ш.м.;
3 адамнан тұратын отбасы үшін – 36 ш.м.;
4 адамнан тұратын отбасы үшін - 45 ш.м.;
5 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін –54 ш.м.;
2) кондоминиумның ортақ мүлігін пайдалануға шығыстар – 1 ш.м. 30 тенге;
3) электр қуатын тұтыну нормалары:
жалғыз тұратын азаматтар үшін – 52 квт;
2 адамнан тұратын отбасы үшін – 72 квт;
3 адамнан тұратын отбасы үшін – 100 квт;
4 адамнан тұратын отбасы үшін - 120 квт;
5 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін –130 квт;
4) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 ш.м. көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.
4. Тұрғын үй көмегін төлеу
31. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.
5. Қорытынды ережелер
32. Осы Қағидалар мен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.
Үржар аудандық мәслихатының | |
2019 жылғы 15 қарашадағы | |
№ 46-510/VI шешіміне | |
2 қосымша |
Үржар аудандық мәслихаттың күші жойылды деп танылған шешімдерінің тізілімі
Үржар аудандық мәслихатының 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 29-342/V "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2015 жылдың 12 ақпанында 3682 нөмірімен тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 23 ақпанында және аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2015 жылдың 16 ақпанында жарияланған), соның ішінде:
1) Үржар аудандық мәслихатының 2015 жылғы 13 наурыздағы № 31-353/V "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 29-342/V шешімге өзгеріс енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3835 нөмірімен тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 28 тамызында және аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2015 жылдың 27 сәуірінде жарияланған);
2) Үржар аудандық мәслихатының 2016 жылғы 28 наурыздағы № 1-12/VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 29-342/V шешімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 4526 нөмірімен тіркелген, 2016 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасының нормативтық құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде және "Пульс времени/Уақыт тынысы" газетінің 2016 жылдың 26 мамырында жарияланған);
3) Үржар аудандық мәслихатының 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 32-341/VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 29-342/V шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 5-18-169 нөмірімен тіркелген, 2018 жылдың 22 қазанында Қазақстан Республикасының нормативтық құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде және "Пульс времени/Уақыт тынысы" газетінің 2016 жылдың 18 қазанында жарияланған).