"Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 12-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әкімшінің біліктілігін арттыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары - Қаржы министрі |
А. Смаилов |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары- Қаржы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 427 бұйрығымен бекітілген |
Әкімшінің біліктілігін арттыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әкімшінің біліктілігін арттыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабы 12-тармағына сәйкес әзірленді және әкімшінің біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер Заңға сәйкес қолданылады.
3. Әкімшінің біліктілігін арттыру әкімші ретінде ол өз функцияларын орындау үшін қажетті кәсіби білімдері мен машықтарын дамыту және кеңейту мақсатында жүзеге асырылады.
2-тарау. Біліктілігін арттыру тәртібі
4. Әкімші үш жылда бір рет біліктілігін арттырады.
Мерзімді есептеу әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне хабарлама енгізілген жылдан кейінгі жылдан басталады.
5. Әкімшінің біліктілігін арттыру жоғары экономикалық және заңгерлік білімі бар мамандарды даярлайтын білім беру ұйымдарымен немесе әкімшілердің біліктілігін арттыру саласында қызметті жүзеге асыратын ұйымдармен оқыту семинарлары және курстары түрінде жүргізіледі.
Әкімшінің біліктілігін арттыру оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану және жүргізу мәселелері жөнінде 120 (жүз жиырма) академиялық сағатты құрайды және:
1) оңалту және банкроттық мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістерді;
2) борышкердің қаржылық тұрақтылығын белгілеу жөніндегі ұсынымдарды;
3) әкімшінің қатысуымен өткен істер бойынша сот практикасын;
4) практиканы есепке алумен әдейі банкроттық белгілерін анықтау бойынша ұсынымдарды;
5) әкімші ретінде олар өз функцияларын орындау үшін қажетті кәсіби білімдері мен машықтарын дамытуға және кеңейтуге бағытталған әкімшілердің қызметімен байланысты басқа да мәселелерді қамтиды.
6. Әкімшінің біліктілігін арттыруды аяқтағаннан кейін әкімші біліктілікті арттыруды жүргізген ұйымда емтихан тапсырады.
Емтиханның нәтижелері біліктілікті арттыруды жүргізген ұйымда емтихан өткеннен кейін бір жыл ішінде сақтауға жатады.
7. Емтиханның қорытындысы бойынша білімін бағалаудың оң нәтижесі кезінде біліктілікті артыруды жүргізген ұйым әкімшіге біліктілігін арттырғандығы туралы сертификат береді.
Біліктілігін арттырғандығы туралы сертификатта:
1) біліктілігін арттыруды өткен әкімші туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) біліктілігін арттыруды жүргізген ұйымның атауы;
3) академиялық сағаттардың саны;
4) біліктілікті арттыру кезеңі;
5) сертификат нөмірі, қала, берілген күні;
6) біліктілігін арттыруды жүргізген ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және қолы, мөрі болуы тиіс.
8. Біліктілікті арттыру туралы сертификатты әкімші Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне біліктілікті арттыру аяқталған жыл ішінде ұсынады.