"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12-бабының 6-1) тармақшасына және 41-бабының 6-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 8 сәуірдегі № 161/306 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 5653 болып тіркелген, 2009 жылғы 5 мамырдағы № 158-159 (25556) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының сайлау комиссиялары өңірлердегі сайлаушылардың қажеттілігіне байланысты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің (бұдан әрі - есептен шығару куәліктері) әрбір түрінің қажетті санын белгілейді және оларды Қазақстан Республикасының сайлаушы - азаматтарының бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы бойынша сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызы есебінен дайындауды қамтамасыз етеді, бұл туралы шешім қабылданған кезден бастап бір күн мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына хабарлайды.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне дейін жиырма күннен кешіктірмей, тиісті аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссияларына бөледі және береді.
Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары дауыс беру күніне дейін он алты күннен кешіктірмей есептен шығару куәліктерін учаскелік сайлау комиссияларына береді бөледі және.
Өңірлерде қосымша есептен шығару куәліктерінің қажеттігі туындаған жағдайда облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша себептерін жазбаша түрде көрсете отырып, дауыс беру күніне дейін үш күннен кешіктірмей, есептен шығару куәліктерін қосымша дайындау туралы шешім қабылдайды.
Бір мезгілде бірнеше сайлау өткізілген жағдайда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың әрбір түрі бойынша есептен шығару куәлігінің әр түрлі түсін белгілейді.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
5. Учаскелік сайлау комиссиясына келіп түскен өтініш бойынша есептен шығару куәлігін толтыруды комиссияның төрағасы немесе мүшесі сайлаушының қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізеді.
Есептен шығару куәлігінде бес таңбалы сериялық нөмірі болады және мынадай деректемелер қамтылуға тиіс:
1) сайлаушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
2) сайлаушының туған күні, жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН);
3) сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні, нөмірі және оны берген органның атауы;
4) сайлаушының тұрғылықты жері тіркелген мекенжайы;
5) сайлаушы тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың тізіміне енгізілген сайлау учаскесінің нөмірі және оның орналасқан жері;
6) сайлау атауы. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде есептен шығару куәлігінде облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың депутатын сайлау жөніндегі тиісті сайлау округі көрсетіледі;
7) есептен шығару куәлігінің берілген күні;
8) учаскелік сайлау комиссиясының мөрі;
9) есептен шығару куәлігін берген учаскелік сайлау комиссиясы мүшесінің қолы.".
2. Орталық сайлау комиссиясы аппаратының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімі осы қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы |
Б. Имашев |