Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31 бабына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, Мұғалжар ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мұғалжар ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 474 "Мұғалжар ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы" қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5773 тіркелген, 2018 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) келесідей өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Мұғалжар аудандық әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Мұғалжар ауданы әкімдігінің интернет – ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мұғалжар ауданының әкімі | А. Шериязданов |
Мұғалжар ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 2 қарашадағы № 305 қаулысына қосымша |
|
Мұғалжар ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 474 қаулысына қосымша |
Мұғалжар ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі және оларға ақшалай сыйақының мөлшері
1. Көтермелеудің түрлері
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен марапаттау;
3) ақшалай сыйақы беру.
2. Көтермелеудің тәртібі
2. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн Мұғалжар ауданы әкімдігімен құрылған қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия (бұдан әрi – Комиссия) қарайды.
3. Қылмыстың алдын алуға және жолын кесуге, қоғамдық тәртіпті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі ұсыныстарды Комиссияның қарауына Мұғалжар аудандық ПБ* бастығы енгізеді.
4. Комиссия қабылдаған шешім - көтермелеу үшін, ал Комиссия қабылдаған шешімге сәйкес шығарылған Ақтөбе облысы ПД* бастығының бұйрығы – көтермелеуге ақы төлеу үшін негіз болып табылады.
5. Көтермелеу түрiн, соның iшiнде ақшалай сыйақы мөлшерiн, көтермеленушінің қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн ескере отыра, Комиссия белгiлейдi.
3. Ақшалай сыйақының мөлшері
6. Ақшалай сыйақының мөлшерi комиссиямен белгiленеді және ол он есе айлық есептiк көрсеткiштен аспайды.
7. Ақшалай сыйақы төлеу облыстық бюджет қаражаты есебiнен Мұғалжар аудандық ПБ* жүргiзіледі.
8. Көтермелеуге ақы төлеуге арналған қаражат Ақтөбе облысы ПД* шығыстарының құрамында жеке бағдарламамен көзделедi.
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
* ПБ – Полиция бөлімі
* ПД – Полиция департаменті