Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы мәслихатының 27.03.2024 № 119 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
ЗҚАИ-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 50-бабы 2-тармағына сәйкес, Ұлан ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ұлан аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 28 наурыздағы № 183 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізлімінде 5609 нөмірімен тіркелген, 2018 жылғы 19 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:
аталған шешімнің 1 қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | К. Кусаинов |
Ұлан аудандық мәслихат хатшысы | О. Сыдыков |
Қосымша 1 Ұлан аудандық мәслихатының 2020 жылғы "1" сәуірдегі № 351 шешіміне |
|
№ 1 қосымша Ұлан аудандық мәслихатының 2018 жылғы "28" наурыздағы № 183 шешімімен бекітілді |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары 1. Жалпы қағидалар
1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) Уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Ұлан ауданының бөлімі;
2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ұлан ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;
7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Ұлан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік – Ұлан ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдары мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.
3. Осы Қағидалар ауданның аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.
4. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлемдер түрінде көрсетiледi. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек қаржы жылына бір рет тағайындалады.
5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін қағидалардың негізінде жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеу тәртібі
6. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін Ұлан ауданының әкімдігімен белгіленеді және Ұлан аудандық мәслихатының шешімімен бекітіледі.
Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру, не әлеуметтік мәні бар аурудың болуы;
3) Ұлан аудандық мәслихатымен белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
7. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:
1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;
3) арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында жүрген кәмелетке толмағандар;
4) туғаннан үш жасқа дейінгі бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектелген балалар;
5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;
6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар;
7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;
8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікке ұшыраған адамдар;
9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;
11) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян алған адамдар (отбасылар);
13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар);
8. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.
9. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.
10. Табыстарын есептеусіз ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулездің белсенді түрімен ауыратын және амбулаториялық емделуде тұрған азаматтарға, жол жүрулеріне және қосымша азықтарына – 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде берілсін.
11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:
1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығару күні – 15 ақпан – басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге - 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға; "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көп балалы аналарға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
төрт және төрттен жоғары бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасылар, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру мекемелерінде, жоғарғы оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалар, кәмелетке толғаннан кейін оқу орнын аяқтаған уақытқа дейін (жиырма үш жасқа толғанға дейін) – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір:
1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға – 33,400 (отыз үш бүтін мыңнан төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш;
1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға – 33,400 (отыз үш бүтін мыңнан төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 33,400 (отыз үш бүтін мыңнан төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль АЭС-ындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдарға, сондай-ақ, ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына – 23,857 (жиырма үш бүтін мыңнан сегіз жүз елу жеті) айлық есептік көрсеткіш;
4) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына – 215,983 (екі жүз он бес бүтін мыңнан тоғыз жүз сексен үш) айлық есептік көрсеткіш;
әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдама құрамаларының адамдарына, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептеледі қалаларда болған адамдарға – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
екінші рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдері (күйеулері), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруға шалдығу, еңбекте мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерін қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған азаматтардың әйелдері (күйеулері) – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталғандарға – 35,998 (отыз бес бүтін мыңнан тоғыз жүз тоқсан сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін 6 айдан кем емес жұмыс істеген тұлғаларға, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталмағандарға – 15,299 (он бес бүтін мыңнан екі жүз тоқсан тоғыз) айлық есептік көрсеткіш;
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр – саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға – 4,294 (төрт бүтін мыңнан екі жүз тоқсан төрт) айлық есептік көрсеткіш;
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз – 16 жасқа дейінгі мүгедек бала асыраушы адамдарға – 4,771 (төрт бүтін мыңнан жеті жүз жетпіс бір) айлық есептік көрсеткіш.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Ұлан ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
13. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын және амбулаториялық емделуде тұрған азаматтарға ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулезге қарсы диспансердің бірінші басшысымен бекітілген диспансердің тізімі бойынша көрсетіледі.
14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін, өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік Қағидаларының 1 қосымшасына сәйкес, адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
3) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
4) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
Өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.
Табиғи зiлзаланың салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап алты ай ішінде береді.
15. Құжаттар салыстырып тексеру үшін, түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
16. Өмірлік қиын жағдай туындап, әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде, уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
17. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша, адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда, уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн, қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.
19. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.
20. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.
22. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде, әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
23. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.
24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;
2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн жергілікті өкілді органдар белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
25. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.
4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер
26. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болғанда;
2) алушы Ұлан ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткенде;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жібергенде;
4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіпте қайтаруға жатады.
5. Қорытынды қағида
28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингін және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.