Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №19-1/252 "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11434 тіркелген) сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 26 маусымдағы №11-3 "Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларын белгілеу туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4867 тіркелген, 2017 жылы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) келесі толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген шешіммен белгіленген Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларында:
мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:
"8-1. Батыс Қазақстан облысының әкімшілік шекаралары шегінде орналасқан су объектілерінде шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу және оларды пайдалану Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы №354 "Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11197 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Халықтың қауіпсіздігін және шағын көлемді кемелердің өтуін қамтамасыз ету үшін су пайдалануды оқшау немесе бірлесіп жүзеге асыратын су пайдаланушы келесі жұмыстарды ұйымдастырады:
1) адамдардың шомылу аймағынан тысқарыда шағын көлемді кемелердің өтуі үшін қадалармен және ашық түсті қалқыма белгілермен қоршалған, "ДӘЛІЗ АЙМАҒЫНДА ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!" деген ескерту және шектеу белгілері бар, ені кем дегенде 10 метр және ұзындығы кем дегенде 100 метр дәліз жарақтайды;
2) халықтың шомылу аймағын "ҚАЛҚЫМА БЕЛГІЛЕРДЕН ТЫСҚАРЫДА ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!", "ХАЛЫҚТЫҢ ШОМЫЛУ АЙМАҒЫНДА ШАҒЫН КӨЛЕМДІ КЕМЕЛЕРДЕ ЖҮЗУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!" деген ескерту және шектеу белгілері бар қадалармен және ашық түсті қалқыма белгілермен қоршайды.";
мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:
"19-1. Жергілікті атқарушы органмен бекітілген Батыс Қазақстан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарда қозғалтқыштарының қуаты 40 ат күші және одан жоғары шағын көлемді кемелерді пайдалануға шектеу салынады.".
2. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы (Е.Қалиев) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Н. Сергалиев |
Мәслихат хатшысы | М. Құлшар |