"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 418-бабының 11-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 296 бұйрығымен бекітілген |
Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2017 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 418-бабының 11-1-тармағына сәйкес әзірленді және кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
1) ЕАЭО – Еуразиялық экономикалық одақ;
2) Комитет – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;
3) мемлекеттік кірістер органы – Комитет, сондай-ақ аумақтық мемлекеттік кірістер органдары;
4) тәуекелдерді басқару жүйесі – Кодекстің 51-тарауында айқындалған мақсаттарды іске асыру үшін мемлекеттік кірістер органдары жүргізетін іс-шаралар кешені;
5) тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары – кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдану мақсаттары үшін кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды бағалау жүргізілетін белгілер жиынтығы.
2-тарау. Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау тәртібі
3. Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тексерілетін тұлғаларды таңдау Кодекстің 452-бабымен көзделген мынадай тәуекел дәрежесі өлшемшарттарының негізінде жүзеге асырылады:
1) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары;
2) Комитет айқындайтын құпия ақпарат болып табылатын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары.
4. Кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тексерілетін тұлғаларды таңдау мақсатында тексерілетін тұлғалардың қызметі туралы ақпаратты жинау және өңдеу жүзеге асырылады.
Тексерілетін тұлғалардың қызметі туралы ақпаратты жинау және өңдеу Кодекстің 89-бабында көзделген талап қою мерзімі шегінде жүзеге асырылады.
Ақпарат көздері мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардан, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің немесе ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің құзыретті органдарынан алынған ақпараттық ресурстар болып табылады.
5. Кешенді көшпелі кедендік тексеруді саралап қолдану мақсатында тәуекел дәрежесінің өлшемдері негізінде тексерілетін тұлғаларды тәуекелдің төмен, орта немесе жоғары деңгейінің санаттарына жатқызу жолымен санаттау жүзеге асырылады.
6. Кешенді көшпелі кедендік тексеруді тағайындау үшін тексерілетін тұлғаларды таңдау кешенді көшпелі кедендік тексерулерді жүргізудің жарты жылдықтың алдындағы жарты жылдық ішінде тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған тұлғалар қатарынан жүзеге асырылады.
7. Комитетпен тексерілетін тұлғаларды таңдау қорытындысы бойынша кеден ісі саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын кешенді көшпелі кедендік тексерулердің жартыжылдық кестесі жасалады және бекітіледі.