БҰЙЫРАМЫН:
1. "Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 25 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19962 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Экология, геология және табиғи | |
ресурстар министрі | М. Мирзагалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 77-9) тармақшасына сәйкес әзірленді және балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері – облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары;
2) алып қою квотасы – балық аулаушылар мен балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің аккредиттелген республикалық қауымдастығы жануарлар дүниесін пайдаланушылар арасында бөлетін балықтар мен басқа да су жануарларын алып қою лимитінің бөлігі;
3) алып қою лимиті – балықтардың және басқа да су жануарларының табиғи өсімін молайту мен саны сақталатын, оларды алып қоюдың жол берілетін шекті көлемі;
4) балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесі – заңсыз шығарылған балықтар мен басқа да су жануарларын уақтылы анықтау және олардың өткізілуін болғызбау мақсатында ауланған, сатып алынған, қолдан өсірілген балық немесе басқа да су жануарлары туралы ақпаратты жинауға және өңдеуге, оларды көтерме саудада өткізуге, экспорттауға және импорттауға арналған ақпараттық жүйе;
5) жеке кабинет – бұл тек авторландырылған пайдаланушыға қолжетімді, пайдаланушының қажетті функционалға қолжетімділігін қамтитын ақпараттық жүйенің бөлімі;
6) балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама – балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шығу тегінің және оларды балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде аулаудың не балық өсіру шаруашылықтарында өсірудің заңдылығын растайтын, уәкілетті орган белгілеген құжат;
7) ведомство – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті;
8) жануарлар дүниесін пайдаланушылар – Заңға сәйкес жануарлар дүниесін пайдалану құқығы берілген жеке және заңды тұлғалар;
9) жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат – жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесін пайдалануға, сондай-ақ ауланған жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде аңшылық және балық аулау трофейлерін әкетуге және өткізуге құқық беретін, белгіленген нысандағы құжат;
10) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.
2-тарау. Балық және басқа су жануарлары мемлекеттік мониторингін жүргізу тәртібі
3. Балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингін осы Қағидаларға сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.
Балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингі балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Жануарлар дүниесін пайдаланушылардың, ведомствоның, аумақтық бөлімшелердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің, балық аулаушылар мен балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің аккредиттелген республикалық қауымдастығы (бұдан әрі – Қауымдастық) өкілдерінің балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге арналған жеке кабинеттері болады.
4. Балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесіне жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен балық және басқа да су жануарларын аулау лимиттерінің көлемі туралы ақпаратты енгізуді ведомство тиісті бұйрық бекітілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде балықтарды және басқа да су жануарларын алып қою лимиттерін түзету мүмкіндігімен жүзеге асырады.
5. Қауымдастық "Жануарлар дүниесі объектілерін алып қою квоталарын бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-04/149 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10865 болып тіркелген) Жануарлар дүниесі объектілерін алып қою квоталарын бөлу қағидаларында белгіленген тәртіппен бекітілген алып қою лимиттері негізінде жануарлар дүниесін пайдаланушылар арасында балық және басқа су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде бөледі.
6. Жануарлар дүниесін пайдаланушы пайдалану түріне қарай аулау, сатып алу немесе өткізу кезінен бастап күнтізбелік үш күн ішінде ауланған, сатып алынған, қолдан өсірілген балық немесе басқа да су жануарлары, олардың көтерме және бөлшек саудада сатылуы, сондай-ақ балық және балық өнімдерінің түрлер бөлінісінде экспорты мен импортының көлемі туралы деректерді балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді жүзеге асырады.
7. Көтерме және бөлшек сауданы жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға балықтар мен басқа да су жануарларын өткізу кезінде өткізетін тұлға бір мезгілде сатып алушыға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 304 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14117 болып тіркелген) нысан бойынша балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтаманы береді.
8. Жануарлар дүниесін пайдаланушы балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде кәсіпшілік журналды жүргізеді.
9. Жергілікті атқарушы органдар балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсаттардың журналын жүргізеді.
10. Жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін ветеринариялық қызметтердің қызметкерлері тиісті облыстың әкімшілік шекаралары шегінде балықтарды және басқа да су жануарларын өткізу, тасымалдау үшін өтініш берушінің өтініші бойынша белгіленген мерзімдерде балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде балықтың қайда ауланғаны туралы анықтама берілгені туралы мәліметтер болған кезде ғана ветеринариялық анықтама береді.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері балықтарды және басқа да су жануарларын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету үшін тасымалданатын балықтың және басқа да су жануарларының шығу тегі мен көлемін растайтын ақпараттық жүйеде мәліметтер болған кезде ветеринариялық сертификат береді.
11. Аумақтық бөлімшелер балықтардың және басқа да су жануарларының мониторингінің ақпараттық жүйесінде балықтың қайдан ауланғаны туралы берілген анықтамалардың журналын жүргізеді.
12. Аумақтық бөлімшелер тұрақты негізде балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде жануарлар дүниесін пайдаланушылардың ауланған, сатып алынған, жасанды өсірілген, экспортталған немесе импортталған балық немесе басқа да су жануарлары, оның көтерме және бөлшек саудада өткізілуі және ветеринариялық қызметтер енгізген орны ауыстырылатын балық және басқа да су жануарлары көлемдері туралы деректерін салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
13. Жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсаттар және балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтамалар жөніндегі мәліметтер "Электрондық лицензиялау" ақпараттық жүйесінен балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесіне түседі.
14. Ведомство және жергілікті атқарушы органдар ұсынылған мәліметтер негізінде балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингі шеңберінде ұсынылған ақпаратқа талдау және қорыту жүргізеді.
15. Балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесіне олар туралы мәліметтер енгізілмеген балықтар мен басқа да су жануарларын өткізу Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
16. Қажет болған жағдайда балық пен басқа да су жануарларына мемлекеттік мониторинг нәтижелерін ведомство Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасына сәйкес шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына және мемлекеттік кіріс органдарына жолдайды.
17. Осы Қағидалардың талаптарын сақтамағаны үшін жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін ветеринариялық бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің, аумақтық бөлімшелерінің, ветеринариялық қызметтердің лауазымды адамдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.