"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 425 Бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының (бұдан әрі – ТЖМ арнаулы оқу орны) ақпараттық жүйелері мен интернет-ресурстарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 5-1-бабының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және ТЖМ арнаулы оқу орнындағы ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстардың мазмұны мен жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
2. Ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстарды ТЖМ арнаулы оқу орны білім беру қызметін тиімді ұйымдастыру және бақылау, сондай-ақ ТЖМ арнаулы оқу орнының оқу, ғылыми, тәрбие үрдістеріндегі және инновациялық қызметтегі тәжірибесін тарату және жетістіктерін танымал ету мақсатында пайдаланады.
3. Осы Талаптарда мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
2) білім беру порталы – пайдаланушыларға ішкі білім беру ресурстарына бірыңғай авторландырылған дербестендірілген қолжетімдікті қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
3) динамикалық ақпарат – бұл ақпарат уақытша сипаттамадағы ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының ағымдағы қызметін көрсетеді (перспективті дамуы, өзекті оқиғалар, басым бағыттар);
4) интернет-ресурс – бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылған (мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрдегі) ақпарат;
5) статистикалық ақпарат – тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие, ТЖМ арнаулы оқу орнының ішкі қызметін көрсететін ақпарат (нормативтік құқықтық актілер, ТЖМ арнаулы оқу орнының құрылымы, жарғысы);
6) электронды-кітапханалық жүйе – білім беру процесінде пайдаланылатын, тақырыптық және мақсатты белгілері бойынша бірлескен, қосымша сервистермен жабдықталған, құжаттарды іздеу және олармен жұмыс істеуді жеңілдететін және өзге де нормативтік құқықтық актілердің барлық талаптарына сәйкес келетін электронды құжаттар жиынтығы;
7) электрондық журнал – ТЖМ арнаулы оқу орнында білім алушылардың үлгерімін бақылауды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.
2-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының ақпараттық жүйелеріне қойылатын талаптар
4. ТЖМ арнаулы оқу орнының ақпараттық жүйесіне мыналар кіреді:
1) білім беру порталы;
2) электронды-кітапханалық жүйе.
5. Білім беру порталына мыналар кіреді:
1) академиялық күнтізбе;
2) сабақтар кестесі;
3) электрондық журнал.
6. Білім беру порталы білім беру бағдарламаларын, жұмыс оқу жоспарларын, оқу-әдістемелік кешендерді, ғылыми-әдістемелік құжаттарды, білім алушылардың академиялық рейтингісін, білім беру мониторингін қамтиды.
7. ТЖМ арнаулы оқу орнының білім беру порталына тек авторландырылған қолданушылар: білім алушылар, профессорлық-оқытушылық құрам және әкімшілік-басқару персоналы кіре алады.
8. Білім беру порталында қолданушыларды авторландыруды және аутентификациялауды ТЖМ арнаулы оқу орнының басшысы айқындайтын тиісті бөлімше логиндар мен парольдарды құру арқылы жүргізеді
9. Электрондық журналда білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау (ағымдық үлгерімінің, аралық бақылау мен рейтингтік бақылаудың-рұқсаттың орташа бағасы) аралық және қорытынды аттестаттау бағалары туралы ақпарат және олардың электрондық ведомосы болады.
10. Электрондық журналды оқу сабақтарының кестесіне сәйкес профессор-оқытушылар құрамы толтырады.
11. Электрондық журналдың жұмыс істеуін және толтырылуын бақылауды ТЖМ арнаулы оқу орнының білім беру сапасын мониторингтеу және бақылау (бағалау) бөлімшесі жүзеге асырады.
12. Электрондық журналға баға қою ағымдағы оқу кезеңі ішінде жүзеге асырылады.
13. Электрондық журналға қойылған бағаларды түзетуге жол берілмейді.
14. Білім беру порталының сервері бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту, техникалық жұмыстар немесе басқа күтпеген жағдайларды қоспағанда, үзіліссіз тәулік бойы жұмыс істейді және қолжетімді.
15. Сервердің техникалық қолдауын, тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыруды ақпараттық жүйелер мен технологияларды енгізуді жүзеге асыратын ТЖМ арнаулы оқу орнының бөлімшесі қамтамасыз етеді.
16. ТЖМ арнаулы оқу орнының электрондық-кітапхана жүйесі кітапхана процестерін кешенді автоматтандыруды және электрондық каталогтарды, сондай-ақ толық мәтінді деректер базасын құруды көздейді.
17. ТЖМ арнаулы оқу орнының электрондық-кітапхана жүйесі келесі негізгі модульдерді қамтиды:
1) әкімшілік;
2) жинақтау;
3) каталогтау;
4) оқырман іздеуі;
5) мақалалар картотекасы;
6) пайдаланушылар картотекасы;
7) кітап беру.
18. Электрондық кітапхана жүйесіне әкімшілік ету ТЖМ арнаулы оқу орнының кітапханасына жүктеледі.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының интернет-ресурстарына қойылатын талаптар
19. ТЖМ арнаулы оқу орнының интернет-ресурстарына мыналар кіреді:
1) ТЖМ арнаулы оқу орны туралы жалпы ақпарат, құрылымдық бөлімшелердің тізбесі, ТЖМ арнаулы оқу орнының және оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары туралы мәлімет;
2) халықаралық ынтымақтастық, білім беру бағдарламалары, ғылыми қызмет, оқу-тәрбие жұмысы туралы бөлім, диссертациялық кеңестің (ол болған кезде) қызметі туралы мәліметтер;
3) статистикалық және аналитикалық деректер;
4) білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілер;
5) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер;
6) білім беру порталына, электронды кітапханаға, қашықтықтан білім беру порталына, ресми сайттарға, серіктес ұйымның сайттарына сілтемелер;
7) ТЖМ арнаулы оқу орнында оқуға кандидаттарға арналған ақпарат;
8) байланыс ақпараты;
9) ТЖМ арнаулы оқу орны бастығының блогы;
10) жаңалықтар таспасы;
11) ғылыми конференциялар, семинарлар мен тренингтер, оқу-әдістемелік жиындар, ресми сапарлар мен кездесулер кестесі;
12) профессорлық-оқытушы құрамының және курсанттарының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі туралы ақпарат;
20. ТЖМ арнаулы оқу орны өткізетін халықаралық іс-шаралар, форумдар, семинарлар, конференциялар, жарыстар, оқу-әдістемелік жиындар туралы ақпарат жоспарланған өткізу күніне дейін жарты жылдан кешіктірілмей интернет-ресурстарда орналастырылады.
21. Интернет-ресурстарда орналастырылатын динамикалық ақпарат жаңа ақпараттың келіп түсуіне қарай кезең-кезеңімен жаңартылып тұрады.
22. ТЖМ арнаулы оқу орындарының интернет-ресурстарында орналастырылатын статистикалық ақпараттар тоқсан сайын жаңартылып отырады.
23. ТЖМ арнаулы оқу орнының интернет-ресурстарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, сондай-ақ оқу орнының ресми символикасы мен логотипі орналастырылады.
24. Интернет-ресурстар ТЖМ арнаулы оқу орнының жарғысына сәйкес оның қызметіне қатысты ақпаратты, меншікті ақпараттық ресурстарға, сондай-ақ құқық иеленушілермен жасалған шарттар мен келісімдер негізінде басқа да ұйымдардың ресми сайттар мен арнаулы оқу орнының білім беру порталдарындағы ресурстарға сілтемелерді қамтиды.
25. Интернет-ресурстарда орналастырылатын ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады.