Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Созақ аудандық мәслихатының 22.09.2023 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуірдегі Заңына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Созақ аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Созақ аудандық мәслихатының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі № 349 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5797 тіркелген, 2020 жылғы 18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. "Созақ ауданының мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімді "Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы шешімді оны ресми жарияланғаннан кейін Созақ ауданының мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы | Б. Байғараев |
Аудандық мәслихат хатшысы | Б. Байғараев |
Созақ аудандық мәслихатының 2021 жылғы 9 наурыздағы № 13 шешімімен бекітілген |
Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Түркістан облысы Созақ аудандық мәслихатының 23.11.2022 № 142 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы (бұдан әрi – Қағида) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Созақ ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы (бұдан әрi-уәкiлеттi ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бiр терезе" қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия - өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Созақ ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөрiс деңгейi - "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментi" республикалық мемлекеттiк мекемесi есептейтiн, мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;
4) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірдегі қиын жағдай - азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – "Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;
8) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағиданың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидада белгіленген тәртіпте көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні - көп балалы аналарға, оның ішінде:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған - 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 9 мамыр - Жеңіс Күні:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне - 327 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне - 327 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) - 6,19 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге - 33 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне - 33 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне - 33 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне - 33 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына -- 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға - 6,19 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға - 7,55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 21 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 4,59 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 4,59 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 4,59 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 4,59 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамның зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың зайыбына (жұбайына) - 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға - 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 30 тамыз-Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандарына - 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 25 қазан - Республика күні:
жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына - 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен, табиғи зілзаланың немесе өрт орын алған мекен-жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға), біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көрсетіледі:
қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - бір рет 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) - бір рет 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Әлеуметтік көмекке өтініш жасау мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде.
2) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектеулі азаматтар (отбасы):
өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулары бар адамдарға:
адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне - ай сайын 24 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар адамдарға:
серуендеуге арналған мүгедек қоларбасына - бір рет 62 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бөлмеге арналған мүгедек қоларбасына - бір рет 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
мүгедектігі бар балаларға арналған қоларбаға - бір рет 51 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
ересектерге арналған көпфункционалды әмбебап қоларбаға - бір рет 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
балаларға арналған көпфункционалды әмбебап қоларбаға - бір рет 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
электр жетегі бар әмбебап қоларбаға - бір рет 240 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға шипажай-курорттық емделуге - бір рет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
80 жастан асқан жалғызілікті қарт адамдарға - ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) аз қамтылған отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, жергілікті өкілді органдармен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшерінен аспаса - бір рет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) балаларының қарауынсыз қалған көпбалалы аналарға - бір рет 28 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органмен бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Созақ ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
12. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен қайтаруға жатады.
3-тарау. Қорытынды ереже
13. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.