Қазақстан Республикасының "Босқындар туралы" Заңы 6-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Т. Дуйсенова |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2022 жылғы 5 мамырдағы № 149 Бұйрығына қосымша |
Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құру және оның қызметі тәртібін айқындайды.
2. Комиссия тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
3. Комиссиялар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
4. Комиссияның құрамы облыс (республикалық маңызы бар қала және астана) әкімінің өкімімен бекітіледі.
5. Комиссия төраға, төраға орынбасары, хатшы және Комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан құралады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
6. Комиссияның құрамына ішкі істер органдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілдері кіреді.
7. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган (бұдан әрі – ХЖҚЖО) басшысы Комиссия төрағасы болып табылады.
8. Комиссия төрағасының орынбасары Комиссияның бірінші отырысында оның мүшелері арасынан көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы сайланады.
9. Комиссияның жұмыс органының функциялары ХЖҚЖО-ға жүктеледі.
10. Комиссия отырысын комиссия төрағасы, ол болмаған кезде төрағаның орынбасары өткізеді.
11. Комиссия отырыстары босқындар, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдардың өтініштері келіп түсуіне қарай өткізіледі.
12. Комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда, комиссия отырысы заңды болып табылады.
Комиссия отырысы өткізілген соң бір күн мерзімде келесі:
1) босқын мәртебесін беру туралы;
2) босқын мәртебесін ұзарту туралы;
3) босқын мәртебесінен айыру туралы;
1) босқын мәртебесін тоқтату туралы шешімдер қабылданады.
13. Комиссия шешiмдерi қарапайым көпшілік дауыс арқылы ашық дауыс беру жолымен қабылданады және оған қатысушы комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым бөлiгi дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
14. Комиссия отырыстарының нәтижелерi бойынша хаттама жасалады, оған төраға және қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.
15. Комиссия шешiмі ұсынымдық сипатта болады.
16. Комиссия мүшесінің ерекше пікірі жазбаша түрде баяндалады және отырыс хаттамасына қоса беріледі.
3-тарау. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары
17. Комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес босқындардың іс материалдарын алқалы түрде қарау және босқын мәртебесін ұзарту, тоқтатудан айыру туралы шешім шығару;
2) босқындар, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдарды нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қатері төнген елдің шекарасына жіберуге немесе елден шығаруға жол бермеу.
18. Комиссияның негізгі функцияларына мыналар жатады:
1) босқындар, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдардың материалдарын қарау;
2) талап етілетін ақпаратты алу үшін мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан ұйымдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан халықаралық ұйымдарға сұрау жолдау;
3) өз отырыстарына босқындар, сондай-ақ пана іздеп жүрген адамдарды, меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан халықаралық ұйымдардың өкілдерін шақыру және тыңдау;
4) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату туралы тиісті шешім дайындау.