ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына және "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Инновациялық экожүйе және ғылыми-техникалық даму департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Цифрлық даму, инновациялар және | |
аэроғарыш өнеркәсібі министрінің | |
міндетін атқарушы | А. Жамбакин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 26 мамырдағы №187/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 27.03.2023 № 105/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына және "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және "Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акселерация – тәлімгерлік (менторлық), оқыту және сараптамалық қолдау арқылы қарқынды даму бағдарламасы;
2) бизнес-инкубатор – өндірістік үй-жайлар, жабдықтар, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қалыптастыру кезеңінде қолдау көрсету үшін құрылатын заңды тұлға;
3) бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеудегі өтінім беруші (бұдан әрі – өтінім беруші) – осы Қағидаларға сәйкес Ұлттық институттың қарауына бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсетуге өтінім берген заңды немесе жеке тұлға;
4) бизнес-инкубациялау – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне олардың жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде инновациялық жобаны (бұдан әрі – жоба) пысықтау шеңберінде үй-жайлар, жабдықтар беру, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету;
5) бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы – бизнес-инкубатор мен бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы арасында жасалатын бизнес-инкубациялау бойынша қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде осы Қағидаларға сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін алатын шағын кәсіпкерлік субъектісі;
6) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – инновациялық және технологиялық даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) конкурстық іріктеу – бизнес-инкубаторларды қолдау шеңберінде конкурстық тапсырмаға сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету үшін бизнес-инкубаторларды іріктеу;
8) өтінім – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қажетті құжаттары қоса берілген өтінім;
9) өтінімдерді электронды қабылдау және сүйемелдеудің автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – Портал) – бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтерді көрсетуге өтінімдерді қабылдау және сүйемелдеу бойынша автоматтандырылған жүйе;
10) ұлттық институт – бизнес-инкубациялау, стартаптарды акселерациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансферті бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға, инновациялық қызмет субъектілерінің кадрлық, басқарушылық және өндірістік әлеуетін күшейтуге қатысатын, сондай-ақ инновациялық қызмет субъектілеріне маркетингтік және өзге де іс-шаралар жүргізу, әлеуетті инвесторлар іздеу бойынша акселерация, бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсететін инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты (бұдан әрі – Ұлттық институт);
11) шарт – Қағидалар шеңберінде бизнес-инкубациялау процестерін қолдаудың конкурстық тапсырмасына сәйкес Ұлттық институт пен бизнес-инкубатор арасында жасалған бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету туралы шарт.
3. Мемлекет қаржыландыруды осы Қағидаларға сәйкес Ұлттық институт арқылы жүзеге асырады.
4. Ұлттық институттың қызметтеріне уәкілетті орган республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлейді.
5. Бизнес-инкубаторлардың шығыстарын қаржыландыру үшін көзделген қаражатты уәкілетті орган Ұлттық институтқа аударады.
2-тарау. Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету тәртібі
6. Ұлттық институт бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу мақсатында мыналарды жүзеге асырады:
1) уәкілетті органның, Ұлттық институттың интернет-ресурсында орналасқан Ұлттық институттың ішкі нормативтік актісімен реттелетін шекті соманы және қарсы міндеттемелерді көрсете отырып, бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеу;
2) конкурстық іріктеуден сәтті өткен бизнес-инкубатормен шарт жасасу және бұзу;
3) жасалған шартта көзделген талаптарда бизнес-инкубатордың қызметтеріне ақы төлеу;
4) қажет болған жағдайда бизнес-инкубаторлардың қызметіне ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау көрсету;
5) бизнес-инкубаторлар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту іс-шараларын ұйымдастыру;
6) бизнес-инкубаторлар желісін дамытуға жәрдемдесу және қатысу.
1-параграф. Конкурс жариялау және өтінімдерді қарау тәртібі
7. Ұлттық институт бұқаралық ақпарат құралдарында және Ұлттық институттың ресми интернет-ресурсында байланыс деректерін және өтінімдерді қабылдау кезеңін көрсете отырып, өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде бұрын бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеудің басталғаны туралы хабарлайды.
Өтінімдерді қабылдау мерзімін Ұлттық институт айқындайды және ол кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күнді құрайды.
8. Ұлттық институттың өтінімді қарауы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады, оның ішінде:
1) 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығына тексеру жүргізіледі;
2) келесі 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қаржылық-экономикалық және құқықтық сараптама жүзеге асырылады.
Сараптама мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:
қаржылық-экономикалық сараптама жоспарланған шығындардың негізділігін және Өтінім берушінің ағымдағы қаржылық жағдайын бағалау мақсатында жүргізіледі;
құқықтық сараптама ұсынылған құжаттар мазмұнының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін талдау, жобаның құқықтық тәуекелдерін бағалау мақсатында жүзеге асырылады.
Сараптаманы өткізу тәртібі Ұлттық институттың ішкі нормативтік құжаттарымен реттеледі.
Қаржылық-экономикалық, құқықтық сараптама нәтижелері бойынша Ұлттық институт өтінім берушіге анықталған ескертулер (олар болған жағдайда) туралы хабарлама жібереді. Құжаттардың толық пакетін ұсынбау және (немесе) ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі қайта қарау үшін кері қайтаруға негіз болып табылады.
Өтінім беруші хабарламада көрсетілген ескертулерді 5 (бес) жұмыс күні ішінде жояды. Өтінім берушінің өтінімдерді қарау мерзімі өтінім берушіге анықталған ескертулер туралы хабарлама жіберілген күннен бастап тоқтатылады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін ұсынылған өтінімдер тіркеуге және қарауға жатпайды.
9. Өтінім беруші өтінімді Ұлттық институтқа электрондық-цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық түрде немесе қағаз жеткізгіште алғаны туралы хабарламасы бар пошта жөнелтімдері арқылы немесе қолма-қол, қол қойылған, тігілген және нөмірленген түрде парақтардың санын көрсете отырып ұсынады. Процесті автоматтандыру кезінде өтінімдерді қабылдау тек электрондық нысанда жүзеге асырылады.
10. Өтінім беруші Ұлттық институтқа барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде көшірмесінде тіркеу күні мен нөмірі көрсетілген Ұлттық институттың кеңсесінде тіркелгені туралы белгі өтінімнің қағаз жеткізгіште қолма-қол қабылданғанының дәлелі болып табылады.
11. Өтінім беруші ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, негіздемелердің толықтығын, дұрыстығын қамтамасыз етеді.
12. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін өтінім беруші конкурсқа қатысу үшін қажетті, сондай-ақ осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген шарттарды қанағаттандыратын құжаттар тізбесімен бірге өзінің ресми интернет-ресурсында бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеудің басталғаны туралы хабарландыруға дейін Ұлттық институт жариялаған нысан бойынша өтінімді ұсынады.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізімі:
1) әкімшілік үй-жайды жалдау шарты немесе әкімшілік үй-жайға меншік құқығын растайтын құжат;
2) еңбек шарттары мен жоғары білім және бейіні бойынша біліктілігін арттыру туралы құжаттар;
3) ақша қаражатының болуы туралы құжат (анықтама) және "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген құжат;
4) жоғары оқу орнымен стартаптарды қолдау және дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
5) салық берешегінің жоқтығы туралы анықтама;
6) кредиторлық берешектің жоқтығы туралы анықтама;
7) инкубациялық бағдарламаны және (немесе) оның элементтерін іске асыру туралы растайтын материалдары бар есеп;
8) жобаларды инкубациялау және (немесе) акселерациялау әдіснамасы;
9) бизнес-инкубаторды/акселераторды дамыту жоспары;
10) бизнес-инкубациялауды жүзеге асырудың күнтізбелік жоспары;
11) бизнес-инкубациялауды жүзеге асыру шығындары анық ашылып жазылған шығыстар сметасы.
13. Бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеуге қатысуға үміткер өтінім берушілер мынадай шарттарға сәйкестіктерін:
1) Ұлттық институтпен жасалған Шарт бойынша бизнес инкубаторлардың қызметтеріне ақы төлеудің бүкіл кезеңіне қолданылатын меншік немесе уақытша пайдалану құқығымен расталған кемінде 200 (екі жүз) шаршы метр мөлшерінде осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету үшін жарамды әкімшілік үй-жайлардың болуын;
2) қолданылу мерзімі кемінде 1 (бір) жылға жасалған еңбек шарттарын және жоғары білім мен бейіні бойынша біліктілігін арттыру туралы құжаттарды қамтитын тиісті құжаттармен расталатын кемінде 2 (екі) білікті кадрдың болуын;
3) есеп беру мерзімі 1 (бір) жылдан кем емес ақша қаражатының бар екендігі туралы құжатпен (анықтамамен) және "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тиісті құжаттармен расталатын, мемлекеттік қолдаусыз кемінде 6 (алты) ай толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қаржылық ауқаттылығының болуын;
4) өтінім берген кезде қолданылу мерзімі кемінде 6 (алты) ай стартаптарды қолдау және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісіммен расталған жоғары оқу орнымен әріптестік қатынастардың болуын;
5) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешегінің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болмауын (Ұлттық институт конкурстық іріктеуге қатысуға үміткер бизнес-инкубатордың сәйкестігін тексеруді бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсы бойынша жүзеге асырады);
6) кредиттер бойынша ағымдағы мерзімі өткен берешектің болмауын (өтінім беруші өтінім берілген күнге дейін 15 (он бес) жұмыс күнінен ерте емес, кредиттік бюро берген ақпаратты Ұлттық институтқа ұсыну арқылы дербес растайды).
7) инкубациялық бағдарламаны және (немесе) оның элементтерін (тренингтер, семинарлар, стартаптар конкурстары және өзге де қызметтер) өткізу тәжірибесінің болуын растайтын материалдары бар есеп қоса беріледі;
8) жобаларды инкубациялау және (немесе) акселерациялау әдіснамасының болуын (оқыту семинарлар, дәрістер, практикалық сабақтар және тағы консультациялар жоспарын қамтитын білім беру бағдарламасы);
9) бизнес-инкубаторды/акселераторды дамытудың 2 (екі) жылға арналған жоспарының болуын;
10) бизнес-инкубациялау өткізудің күнтізбелік жоспарын;
11) шығындар сметасына сәйкес шығыстары таратып жазылып көрсетілген шығындар.
14. Өтінімнің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша Ұлттық институт осы Қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде көрсетілген электрондық мекенжайға өтінім берушіге конкурстық іріктеу кезеңіне жіберу туралы хат жібереді не осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген шарттарға сәйкессіздіктер анықталған кезде өтінім берушіге өтінімнің қабылданбауы және анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жіберіледі.
15. Өтініштерді қарау және қаржыландыруды беру туралы шешім қабылдау тәртібі ұлттық мекеменің актісімен реттеледі.
2-параграф. Бизнес-инкубаторлардың қызметіне ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау көрсету
16. Ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау мыналарды қамтиды:
1) бизнес-инкубациялау тәжірибесін қолдану және инновациялық жобаларды, стартаптарды акселерациялау бойынша консультациялық көмек көрсету;
2) бизнес-инкубатордың жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубатордың проблемалық аймақтары мен өсу нүктелерін диагностикалау;
4) бизнес-инкубатор қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жәрдем көрсету;
5) инновациялық жобаларды, стартаптарды іріктеуге және инкубациялауға жәрдем көрсету.
3-тарау. Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау тәртібі
17. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша жеңімпаз деп танылған бизнес-инкубатор Ұлттық институттың оң шешім қабылдаған күнінен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Ұлттық институтпен шарт жасасады.
18. Уәкілетті орган және Ұлттық институттың интернет-ресурсында орналасқан Ұлттық институттың актісімен реттелетін берілген инновациялық гранттар мен жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
19. Шарт жасасқан бизнес-инкубатор жасалған шартқа сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсетеді, сондай-ақ осындай қызметтер көрсеткені үшін ақы алады.
20. Қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша бизнес-инкубаторлар қызметтеріне ақы төлеуді осы Қағидаларға сәйкес Ұлттық институт жүзеге асырады.
21. Бизнес-инкубатор қызметтерінің құнын айқындау кезінде мынадай шығыстар ескеріледі:
1) инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – үй-жайларды жалға беру;
2) бизнес-инкубатор қызметкерлерінің жалақысы (салықтарды, алымдарды және онымен байланысты басқа да міндетті төлемдерді қоса алғанда);
3) маркетингтік шығындар;
4) іссапар шығыстары;
5) бизнес-инкубациялау бойынша іс-шараларды іске асыру үшін үшінші тұлғалар және (немесе) бірлесіп орындаушылар орындайтын жұмыстар және (немесе) көрсетілетін қызметтер Қызмет көрсету шартына сәйкес айқындалады.
Таңдауды растайтын мынадай құжаттар мен негіздемелер қоса беріледі: негізгі және балама коммерциялық ұсыныстар (2 дана көлемінде), алдын ала шарттар, сілтемелер қоса беріледі. Жалақы деңгейін растайтын құжаттар: статистикалық деректер, скриншоттар және ұқсас дағдылары бар мамандарға арналған ұсыныстар орналастырылған интернет-ресурстарға сілтемелер.
22. Бизнес-инкубаторлардың қызметі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша, оның ішінде республикалық және/немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.